Хадис

Кутуб ситтә, № 5419

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
872. Өлім және өлімге қатысты мәселелер
Нөмірі
№ 5419 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5419
Кутуб ситтә, № 5419 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «دَخَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى أَبِي سَلَمَةَ وَقَدْ شَقَّ بَصَرُهُ، فَأَغْمَضَهُ، ثُمَّ قَالَ: إِنَّ الرُّوحَ إِذَا قُبِضَ تَبِعَهُ الْبَصَرُ. فَضَجَّ نَاسٌ مِنْ أَهْلِهِ، فَقَالَ: لَا تَدْعُوا عَلَى أَنْفُسِكُمْ إِلَّا بِخَيْرٍ، فَإِنَّ الْمَلَائِكَةَ يُؤَمِّنُونَ عَلَى مَا تَقُولُونَ. ثُمَّ قَالَ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِأَبِي سَلَمَةَ، وَارْفَعْ دَرَجَتَهُ فِي الْمَهْدِيِّينَ، وَاخْلُفْهُ فِي عَقِبِهِ فِي الْغَابِرِينَ، وَاغْفِرْ لَنَا وَلَهُ يَا رَبَّ الْعَالَمِينَ، وَافْسَحْ لَهُ فِي قَبْرِهِ، وَنَوِّرْ لَهُ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Сәләманың (р.а.) қасына кіргенде, оның жанары бір нүктеге қадалып қалыпты. Көзін жұмдырып: “Жан алынғанда, жанар оның соңынан ілеседі”, – деді. Үй ішінен кейбіреулер дауыс салып жылады. Алла елшісі (с.а.с.): “Өздеріңе жақсылық қана тілеңдер. Өйткені періштелер айтқандарыңа ‘Әумин’ дейді”, – деді. Содан соң: “Уа, Алла, Әбу Сәләманы кешір! Тура жол тапқандардың арасында дәрежесін көтер! Артында қалған ұрпағына Өзің қамқор бол! Уа, әлемдердің Раббысы, бізді де, оны да кешір! Қабірін кеңейтіп, нұрға бөлей гөр!” – деп дұға етті».1

Түсіндірме

1. Хадис мәтініндегі شَقَّ بَصَرُهُ тіркесі марқұмның көздері ашылып, бір нүктеге қадалып қалғанын білдіреді. Марқұмның осындай қорқыныш ұялататын кейпін бүркеу үшін көзін қолмен сипап жұмдырады.

2. Хадисте жанардың қадалып қалуы денеден шыққан жанға қараумен түсіндіріледі.

3. «Артында қалған ұрпағына Өзің қамқор бол!» деген дұғаның мәні мынадай: «Уа, Алла, артында қалған жесірі мен жетім балаларына Өзің қамқор бол! Ризығын беріп, тәлім-тәрбиесін түзе, дендеріне саулық, өздеріне мейірім нәсіп ет!»

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 7 (920). Тирмизи, «Жанаиз», 7 (977). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 19, 21 (3115, 3118). Нәсәи, «Жанаиз», 3 (4/5).