Хадис

Марқұмды жоқтап жылау және аза тұту. Жылауға рұқсат етілетін жағдайлар

Кутуб ситтә, 12-том, 873-тарау · 6 хадис · № 5423–5428

ӨЛІМ БӨЛІМІ

Хадистер

5423
Кутуб ситтә, № 5423 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دَخَلْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عَلَى أَبِي سَيْفٍ الْقَيْنِ، وَكَانَ ظِئْرًا لِإِبْرَاهِيمَ ابْنِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَأَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ابْنَهُ فَقَبَّلَهُ وَشَمَّهُ. ثُمَّ دَخَلْنَا عَلَيْهِ بَعْدَ ذَلِكَ وَإِبْرَاهِيمُ يَجُودُ بِنَفْسِهِ، فَجَعَلَتْ عَيْنَا رَسُولِ اللَّهِ ﷺ تَذْرِفَانِ، فَقَالَ عَبْدُ الرَّحْمَٰنِ بْنُ عَوْفٍ: وَأَنْتَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَقَالَ: يَا ابْنَ عَوْفٍ، إِنَّهَا رَحْمَةٌ. ثُمَّ أَتْبَعَهَا بِأُخْرَى، فَقَالَ: إِنَّ الْعَيْنَ تَدْمَعُ، وَالْقَلْبَ يَحْزَنُ، وَلَا نَقُولُ إِلَّا مَا يُرْضِي رَبَّنَا، وَإِنَّا بِفِرَاقِكَ يَا إِبْرَاهِيمُ لَمَحْزُونُونَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ. «جَادَ الْمَرِيضُ بِنَفْسِهِ»: إِذَا قَارَبَ الْمَوْتَ كَأَنَّهُ سَمَحَ بِخُرُوجِ رُوحِهِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге темірші Әбу Сәйфтің үйіне кірдік. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) ұлы Ибраһимнің сүт әкесі еді. Алла елшісі (с.а.с.) ұлын қолына алып, сүйіп, иіскеді. Кейін тағы келдік. Бұл жолы Ибраһим жан тапсырайын деп жатыр екен. Мұны көрген Алла елшісінің (с.а.с.) көзіне жас келді. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.): “Уа, Алла елшісі, сіз де жылайсыз ба?” – деп сұрады. Ол: “Уа, Ибн Ауф, бұл – мейірім”, – деді де, жылай берді. Содан соң: “Көзге жас толады, жүрек қайғырады. Біз Раббымызды разы ететін сөзді ғана айтамыз. Ибраһим, сенен айырылғанымызға қайғырамыз”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) ұлы Ибраһимнің сүт әкесі Әбу Сәйфтің есімі – Бара ибн Әус. Кәсібі – темір ұстасы. «Әл-қайн» сөзі «темір ұстасы» дегенді білдіреді. Ол жалпы қолөнер шеберлеріне де қолданылған. Ибраһимнің сүт анасы – Хаула бинт Мунзир.

2. Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) таңғалғаны – Алла елшісі (с.а.с.) марқұмды жоқтап, дауыстап жылауға тыйым салғанымен, өзінің көзіне жас алуы. Бір риуаятта ол: «Жылап-сықтаудан тыйған өзіңіз емес пе едіңіз?» – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) сонда: «Мен екі жөнсіз, жарасымсыз дауысқа тыйым салдым. Бірі – сауық-сайран мен шайтан сыбызғысының үні, екіншісі – қайғы үстінде бетін тырнап, үсті-басын жыртып, шайтанша зар салған дауыс», – деп жауап берген. Басқа риуаятта: «Аза тұтқан кезде марқұмда болмаған қасиеттерді тізіп, зар салуға тыйым салдым», – деген.

Ибн Хажардың түсіндіруінше, Алла елшісінің (с.а.с.) мысырлық күңі Мариядан туған ұлы Ибраһим һижраның сегізінші жылы зұлхижжа айында дүниеге келген. Уақидидің айтуынша, ол һижраның оныншы жылы рабиғул-әууәл айының он үшінші күні қайтыс болған. Ибн Хазм Ибраһимнің Алла елшісінен (с.а.с.) шамамен үш ай бұрын дүние салғанын айтады.

3. Хадисте рұқсат етілген жылау мен аза тұтудың әдебі сөз болады. Алланың әміріне разы болып, тағдырға наразылық білдірмей, бақырып-шақырмай көзге жас алудың айыбы жоқ. Мұндай жас адамның мейірімі мен сүйіспеншілігінен туады.

4. Хадис баланы сүйіп, иіскеуге де шариғат рұқсат ететінін көрсетеді.

• Хадис баланы сүт анаға беруге, сырқат баланың халін білуге, жан тапсырар шағында қасында болуға және жақынға мейірім танытуға рұқсат екенін де білдіреді.

• Қайғыны іште сақтаған абзал. Оны білдірудің де айыбы жоқ.

• Алла елшісі (с.а.с.) айтқанын ұға алмайтын балаға тіл қату арқылы, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей, сөзін көпке ғибрат етуді қалаған. Бала кішкентай болғандықтан және жаны үзіліп жатқандықтан, айтылған сөзді ұға алмайтын еді. Алла елшісі (с.а.с.) осылай тіл қатып, өз жылауының бұрын айтылған тыйымға жатпайтынын жанындағыларға білдірген.

• Хадис сөзі мен ісі қабыспаған адамнан мұның мәнін сұрауға болатынын да көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 44 (1303). Мүслим, «Фадаил», 62 (2315). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 28 (3126).
5424
Кутуб ситтә, № 5424 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي مُلَيْكَةَ قَالَ: «تُوُفِّيَتْ بِنْتٌ لِعُثْمَانَ بْنِ عَفَّانَ بِمَكَّةَ، وَجِئْنَا لِنَشْهَدَهَا، وَحَضَرَهَا ابْنُ عُمَرَ وَابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، وَإِنِّي لَجَالِسٌ بَيْنَهُمَا، فَقَالَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ لِعَمْرِو بْنِ عُثْمَانَ وَهُوَ مُوَاجِهُهُ: أَلَا تَنْهَى عَنِ الْبُكَاءِ، فَإِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِنَّ الْمَيِّتَ لَيُعَذَّبُ بِبُكَاءِ أَهْلِهِ عَلَيْهِ؟ فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: قَدْ كَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ بَعْضَ ذَلِكَ. ثُمَّ حَدَّثَ ابْنُ عَبَّاسٍ فَقَالَ: صَدَرْتُ مَعَ عُمَرَ مِنْ مَكَّةَ، حَتَّى إِذَا كُنَّا بِالْبَيْدَاءِ إِذَا هُوَ بِرَكْبٍ تَحْتَ ظِلِّ سَمُرَةٍ، فَقَالَ: اذْهَبْ فَانْظُرْ مَنْ هَؤُلَاءِ الرَّكْبُ. فَنَظَرْتُ فَإِذَا هُوَ صُهَيْبٌ، فَأَخْبَرْتُهُ، فَقَالَ: ادْعُهُ لِي. فَرَجَعْتُ إِلَى صُهَيْبٍ فَقُلْتُ: ارْتَحِلْ فَالْحَقْ بِأَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ. فَلَمَّا أَنْ أُصِيبَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، دَخَلَ صُهَيْبٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَبْكِي وَيَقُولُ: وَا أَخَاهُ، وَا صَاحِبَاهُ! فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: يَا صُهَيْبُ، أَتَبْكِي عَلَيَّ؟ وَقَدْ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ الْمَيِّتَ لَيُعَذَّبُ بِبُكَاءِ أَهْلِهِ عَلَيْهِ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: فَلَمَّا مَاتَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ ذَكَرْتُ ذَلِكَ لِعَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَقَالَتْ: يَرْحَمُ اللَّهُ عُمَرَ. لَا وَاللَّهِ، مَا حَدَّثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ لَيُعَذِّبُ الْمُؤْمِنَ بِبُكَاءِ أَهْلِهِ عَلَيْهِ، وَلَكِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِنَّ اللَّهَ لَيَزِيدُ الْكَافِرَ عَذَابًا بِبُكَاءِ أَهْلِهِ عَلَيْهِ. ثُمَّ قَالَتْ: حَسْبُكُمُ الْقُرْآنُ: وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ أُخْرَىٰ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عِنْدَ ذَلِكَ: وَاللَّهُ هُوَ أَضْحَكَ وَأَبْكَى. قَالَ ابْنُ أَبِي مُلَيْكَةَ: وَاللَّهِ مَا قَالَ ابْنُ عُمَرَ شَيْئًا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ. «الْوِزْرُ»: الْإِثْمُ وَالذَّنْبُ. «الْوَازِرَةُ»: النَّفْسُ الْمُذْنِبَةُ. وَالْمُرَادُ أَلَّا يَحْمِلَ أَحَدٌ مِنَ الْمُذْنِبِينَ ذَنْبَ غَيْرِهِ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Убайдулла ибн Әбу Муләйка былай дейді: «Осман ибн Аффанның (р.а.) бір қызы Меккеде дүниеден өтті. Жаназасына қатысуға бардық. Ибн Омар мен Ибн Аббас (р.а.) та сонда болды. Мен екеуінің ортасында отырдым. Абдулла ибн Омар қарсы алдында отырған Амр ибн Османға: “Жылауға неге тыйым салмайсың? Алла елшісі (с.а.с.) ‘Марқұм жақындарының өзін жоқтап жылағанынан азап шегеді’ деген”, – деді. Сонда Ибн Аббас (р.а.): “Омар (р.а.) мұның бір бөлігін айтқан еді”, – деп, сөзін былай жалғады: “Омармен бірге Меккеден шықтым. Әл-Байдаға жеткенде, ол сәмура ағашының саясындағы бір топ жолаушыны көріп: ‘Барып қарашы, олар кімдер екен?’ – деді. Барсам, Суһайб екен. Қайтып келіп, Омарға хабарладым. ‘Маған шақырып кел’, – деді. Суһайбқа қайта барып: ‘Аттан да, мүміндердің әміршісіне қосыл’, – дедім.

Омар (р.а.) қанжармен жараланғанда, Суһайб (р.а.) жылап кірді. ‘Аһ, бауырым! Аһ, серігім!’ – деп егіле жылады. Сонда Омар: ‘Суһайб, мені жоқтап жылап отырсың ба? Алла елшісі (с.а.с.) марқұм жақындарының өзін жоқтап жылағанынан азап шегетінін айтқан’, – деді”.

Ибн Аббас (р.а.) сөзін жалғап: “Омар дүниеден өткенде, мұны Айшаға (р.а.) айттым. Ол: ‘Алла Омарды рақымына алсын! Аллаға ант етемін, Алла елшісі (с.а.с.) мүмінге отбасының өзін жоқтап жылағаны үшін Алла азап береді деп айтқан жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) жақындары жоқтап жыласа, Алла кәпірдің азабын күшейтетінін айтты’, – деді”.

Айша (р.а.) сөзін жалғап: “Сендерге Құран жеткілікті. وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ أُخْرَىٰ ‘Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды’1”, – деді.

Осы тұста Ибн Аббас (р.а.) Құрандағы وَأَنَّهُ هُوَ أَضْحَكَ وَأَبْكَىٰ “Күлдіретін де, жылататын да – Өзі!”2 деген ойды еске салды. Күлу мен жылау – адамның еркіне бағына бермейтін табиғи құбылыстар.

Ибн Әбу Муләйка: “Аллаға ант етемін, Ибн Омар ләм-мим деген жоқ”, – дейді».3 Ол айтылған дәлелдерді иланымды көрген.

  1. 1«Фатыр» сүресі, 18-аят.
  2. 2«Нәжм» сүресі, 43-аят.
  3. 3Бұхари, «Жанаиз», 33 (1286). Мүслим, «Жанаиз», 22 (928). Нәсәи, «Жанаиз», 15 (4/18–19).
5425
Кутуб ситтә, № 5425 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، وَذُكِرَ لَهَا أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ: «إِنَّ الْمَيِّتَ لَيُعَذَّبُ بِبُكَاءِ الْحَيِّ عَلَيْهِ. فَقَالَتْ: يَغْفِرُ اللَّهُ لِأَبِي عَبْدِ الرَّحْمَٰنِ، أَمَا إِنَّهُ لَمْ يَكْذِبْ، وَلَكِنَّهُ نَسِيَ أَوْ أَخْطَأَ. إِنَّمَا مَرَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى يَهُودِيَّةٍ يَبْكِي عَلَيْهَا أَهْلُهَا، فَقَالَ: إِنَّهَا لَيُبْكَى عَلَيْهَا وَإِنَّهَا لَتُعَذَّبُ فِي قَبْرِهَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айшаға (р.а.) Ибн Омардың (р.а.): «Тірі адамның жоқтап жылағанынан марқұм азап шегеді», – дегені жеткенде, ол: «Алла Әбу Абдуррахманды, яғни Ибн Омарды кешірсін! Ол өтірік айтқан жоқ, ұмытқан немесе жаңылған болар. Алла елшісі (с.а.с.) бір яһуди әйелдің жаназасына кезіккенде, жақындары оны жоқтап жылап жатты. Сонда: “Жақындары оны жоқтап жылап жатыр, ал ол қабірінде азап шегіп жатыр”, – деді», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Марқұмды жоқтап жылау туралы көптеген риуаят жеткен. Бір бөлігі жылауға тыйым салса, енді бір бөлігі рұқсат береді. Нәуәуидің айтуынша, ғалымдар бұл мәселеде әртүрлі пікір ұстанған. Дегенмен марқұмның азап шегуіне себеп болатын жылау – аза тұтып, бақырып-шақырып жылау, ал үнсіз көз жасын төгу марқұмға азап әкелмейді дегенге бәрі келіскен.

• Омар (р.а.) мен ұлы Абдулла секілді алғашқы буынның кей өкілдері марқұмды жоқтап жылау оған азап әкеледі деп санаған.

• Әбу Һурайра (р.а.) وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ أُخْرَىٰ «Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды.»2 деген аятқа сүйеніп, жақындарының аза тұтуы марқұмға азап әкелмейді деген. Шафиғи мәзһабының бірқатар ғалымы да осы пікірді ұстанған.

• Ғалымдардың көпшілігі бұл хадистерді түсіндіріп жоруды жөн көрген. Өйткені сырттай қарағанда, олар Құранның жалпы қағидасына қайшы келіп, күнәсіз адамға азап жүктелетінін білдіретіндей. Оларды түсіндіруде де түрлі пікір айтылған. Нәуәуидің айтуынша, ғалымдардың көпшілігі бұл хадистер: «Артымнан жоқтап жылаңдар», – деп өсиет қалдырғандарға қатысты деген. Арабтарда мұндай салт болғаны айтылады.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 33. Мүслим, «Жанаиз», 25 (931). Мәлік, «Муатта», «Жанаиз», 37 (1/234). Тирмизи, «Жанаиз», 25 (1004). Нәсәи, «Жанаиз», 15 (4/17).
  2. 2«Фатыр» сүресі, 18-аят.
5426
Кутуб ситтә, № 5426 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَاتَ مَيِّتٌ مِنْ آلِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَاجْتَمَعَ النِّسَاءُ يَبْكِينَ عَلَيْهِ، فَقَامَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَنْهَاهُنَّ وَيَطْرُدُهُنَّ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: دَعْهُنَّ يَا عُمَرُ، فَإِنَّ الْعَيْنَ دَامِعَةٌ، وَالْقَلْبَ مُصَابٌ، وَالْعَهْدَ قَرِيبٌ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) үй ішінен бір кісі дүниеден өтті. Әйелдер жиналып, оны жоқтап жылады. Омар (р.а.) оларды тыйып, таратып жібермек болды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Омар, қоя бер оларды. Көзде жас, жүректе қайғы бар. Қазаның болғанына көп уақыт өткен жоқ”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) марқұмды жоқтап жылауға рұқсат еткені айтылады. «Көзде жас» деген сөзге сүйенген ғалымдар бақырып-шақырмай жылауға болады деп үкім шығарған. Ет жақынынан айырылған адамның жүрегі сыздап, көз жасын тежеуге шамасы келмей қалады. Жүрекке түскен мұндай жараны уақыт қана емдейді. Уақыт өте келе ұмытуға бейім адам біртіндеп қалыпты тіршілігіне оралады, қабырғасын қайыстырған қайғысы да бәсеңдеп, көз жасы тыйылады. Ал жақынынан бүгін айырылған адамның көз жасын тыюы екіталай.

  1. 1Нәсәи, «Жанаиз», 16 (4/19).
5427
Кутуб ситтә, № 5427 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَبَّلَ عُثْمَانَ بْنَ مَظْعُونٍ وَهُوَ مَيِّتٌ، وَعَيْنَاهُ تَذْرِفَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) дүние салған Осман ибн Мазғунды көзінен жас парлап тұрып сүйді».1

Түсіндірме

Осман ибн Мазғун (р.а.) – алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі, тақуа әрі мұжтаһид. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) сүт бауыры еді. Екі рет һижрет етіп, Бәдір шайқасына қатысты. Жаһилият дәуірінің өзінде ішімдіктен бас тартқан. Һижреттің отызыншы айында қайтыс болды. Мәдинада дүниеден өткен алғашқы мұһажир сахаба да сол еді. Ол дүние салғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Бізге қандай жақсы үлгі көрсетті!» – деп, сүйіспеншілігі мен құрметін білдіріп, марқұмды көз жасын төге тұрып сүйді.

Осы риуаятқа сүйеніп, ғалымдар дүние салған мұсылманды сүюге болады деген үкім шығарған.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 14 (989). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 40 (3163). Ибн Мәжа, «Жанаиз», 7 (1456).
5428
Кутуб ситтә, № 5428 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَنَتَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ شَهْرًا حِينَ قُتِلَ الْقُرَّاءُ، فَمَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ حَزِنَ حُزْنًا قَطُّ أَشَدَّ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Құрралар өлтірілгенде, Алла елшісі (с.а.с.) бір ай бойы құныт дұғасын оқыды. Оның басқа бір оқиғаға соншалық қайғырғанын көрген емеспін».1

Түсіндірме

«Құрралар өлтірілгенде» деген сөз Биғр Мағуна оқиғасына қатысты. Бұл туралы бұған дейін де айтқанбыз. Қысқаша мәні мынау: һижреттің төртінші жылы Қилаб тайпасынан Әбу Бәра Амир ибн Мәлик Алла елшісінен (с.а.с.) өз қауымына дінді үйрететін ұстаздар жіберуін сұрады. Алла елшісі олардың қауіпсіздігіне алаңдады. Бірақ Әбу Бәра амандықтарына кепілдік беріп, қайта-қайта өтінген соң, суффа сахабаларынан жетпіс адамды ұстаз етіп жіберді. Амир ибн Туфайл оларды Биғр Мағунада тұзаққа түсіріп, біреуінен басқасының бәрін өлтірді.

Жақын сахабаларының қазасы Алла елшісіне (с.а.с.) ауыр тиді. Бір ай бойы таң намазында осы қастандыққа барғандарға қарсы дұға оқыды.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 41, «Уитр», 7, «Жизя», 8, «Мағази», 38, «Дағуат», 59. Мүслим, «Мәсажид», 29 (677).