Хадис

Кутуб ситтә, № 5425

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
873. Марқұмды жоқтап жылау және аза тұту. Жылауға рұқсат етілетін жағдайлар
Нөмірі
№ 5425 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
5425
Кутуб ситтә, № 5425 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، وَذُكِرَ لَهَا أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ: «إِنَّ الْمَيِّتَ لَيُعَذَّبُ بِبُكَاءِ الْحَيِّ عَلَيْهِ. فَقَالَتْ: يَغْفِرُ اللَّهُ لِأَبِي عَبْدِ الرَّحْمَٰنِ، أَمَا إِنَّهُ لَمْ يَكْذِبْ، وَلَكِنَّهُ نَسِيَ أَوْ أَخْطَأَ. إِنَّمَا مَرَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى يَهُودِيَّةٍ يَبْكِي عَلَيْهَا أَهْلُهَا، فَقَالَ: إِنَّهَا لَيُبْكَى عَلَيْهَا وَإِنَّهَا لَتُعَذَّبُ فِي قَبْرِهَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айшаға (р.а.) Ибн Омардың (р.а.): «Тірі адамның жоқтап жылағанынан марқұм азап шегеді», – дегені жеткенде, ол: «Алла Әбу Абдуррахманды, яғни Ибн Омарды кешірсін! Ол өтірік айтқан жоқ, ұмытқан немесе жаңылған болар. Алла елшісі (с.а.с.) бір яһуди әйелдің жаназасына кезіккенде, жақындары оны жоқтап жылап жатты. Сонда: “Жақындары оны жоқтап жылап жатыр, ал ол қабірінде азап шегіп жатыр”, – деді», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Марқұмды жоқтап жылау туралы көптеген риуаят жеткен. Бір бөлігі жылауға тыйым салса, енді бір бөлігі рұқсат береді. Нәуәуидің айтуынша, ғалымдар бұл мәселеде әртүрлі пікір ұстанған. Дегенмен марқұмның азап шегуіне себеп болатын жылау – аза тұтып, бақырып-шақырып жылау, ал үнсіз көз жасын төгу марқұмға азап әкелмейді дегенге бәрі келіскен.

• Омар (р.а.) мен ұлы Абдулла секілді алғашқы буынның кей өкілдері марқұмды жоқтап жылау оған азап әкеледі деп санаған.

• Әбу Һурайра (р.а.) وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ أُخْرَىٰ «Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды.»2 деген аятқа сүйеніп, жақындарының аза тұтуы марқұмға азап әкелмейді деген. Шафиғи мәзһабының бірқатар ғалымы да осы пікірді ұстанған.

• Ғалымдардың көпшілігі бұл хадистерді түсіндіріп жоруды жөн көрген. Өйткені сырттай қарағанда, олар Құранның жалпы қағидасына қайшы келіп, күнәсіз адамға азап жүктелетінін білдіретіндей. Оларды түсіндіруде де түрлі пікір айтылған. Нәуәуидің айтуынша, ғалымдардың көпшілігі бұл хадистер: «Артымнан жоқтап жылаңдар», – деп өсиет қалдырғандарға қатысты деген. Арабтарда мұндай салт болғаны айтылады.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 33. Мүслим, «Жанаиз», 25 (931). Мәлік, «Муатта», «Жанаиз», 37 (1/234). Тирмизи, «Жанаиз», 25 (1004). Нәсәи, «Жанаиз», 15 (4/17).
  2. 2«Фатыр» сүресі, 18-аят.