Хадис

Кутуб ситтә, № 5423

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
873. Марқұмды жоқтап жылау және аза тұту. Жылауға рұқсат етілетін жағдайлар
Нөмірі
№ 5423 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5423
Кутуб ситтә, № 5423 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دَخَلْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عَلَى أَبِي سَيْفٍ الْقَيْنِ، وَكَانَ ظِئْرًا لِإِبْرَاهِيمَ ابْنِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَأَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ابْنَهُ فَقَبَّلَهُ وَشَمَّهُ. ثُمَّ دَخَلْنَا عَلَيْهِ بَعْدَ ذَلِكَ وَإِبْرَاهِيمُ يَجُودُ بِنَفْسِهِ، فَجَعَلَتْ عَيْنَا رَسُولِ اللَّهِ ﷺ تَذْرِفَانِ، فَقَالَ عَبْدُ الرَّحْمَٰنِ بْنُ عَوْفٍ: وَأَنْتَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَقَالَ: يَا ابْنَ عَوْفٍ، إِنَّهَا رَحْمَةٌ. ثُمَّ أَتْبَعَهَا بِأُخْرَى، فَقَالَ: إِنَّ الْعَيْنَ تَدْمَعُ، وَالْقَلْبَ يَحْزَنُ، وَلَا نَقُولُ إِلَّا مَا يُرْضِي رَبَّنَا، وَإِنَّا بِفِرَاقِكَ يَا إِبْرَاهِيمُ لَمَحْزُونُونَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ. «جَادَ الْمَرِيضُ بِنَفْسِهِ»: إِذَا قَارَبَ الْمَوْتَ كَأَنَّهُ سَمَحَ بِخُرُوجِ رُوحِهِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге темірші Әбу Сәйфтің үйіне кірдік. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) ұлы Ибраһимнің сүт әкесі еді. Алла елшісі (с.а.с.) ұлын қолына алып, сүйіп, иіскеді. Кейін тағы келдік. Бұл жолы Ибраһим жан тапсырайын деп жатыр екен. Мұны көрген Алла елшісінің (с.а.с.) көзіне жас келді. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.): “Уа, Алла елшісі, сіз де жылайсыз ба?” – деп сұрады. Ол: “Уа, Ибн Ауф, бұл – мейірім”, – деді де, жылай берді. Содан соң: “Көзге жас толады, жүрек қайғырады. Біз Раббымызды разы ететін сөзді ғана айтамыз. Ибраһим, сенен айырылғанымызға қайғырамыз”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) ұлы Ибраһимнің сүт әкесі Әбу Сәйфтің есімі – Бара ибн Әус. Кәсібі – темір ұстасы. «Әл-қайн» сөзі «темір ұстасы» дегенді білдіреді. Ол жалпы қолөнер шеберлеріне де қолданылған. Ибраһимнің сүт анасы – Хаула бинт Мунзир.

2. Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) таңғалғаны – Алла елшісі (с.а.с.) марқұмды жоқтап, дауыстап жылауға тыйым салғанымен, өзінің көзіне жас алуы. Бір риуаятта ол: «Жылап-сықтаудан тыйған өзіңіз емес пе едіңіз?» – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) сонда: «Мен екі жөнсіз, жарасымсыз дауысқа тыйым салдым. Бірі – сауық-сайран мен шайтан сыбызғысының үні, екіншісі – қайғы үстінде бетін тырнап, үсті-басын жыртып, шайтанша зар салған дауыс», – деп жауап берген. Басқа риуаятта: «Аза тұтқан кезде марқұмда болмаған қасиеттерді тізіп, зар салуға тыйым салдым», – деген.

Ибн Хажардың түсіндіруінше, Алла елшісінің (с.а.с.) мысырлық күңі Мариядан туған ұлы Ибраһим һижраның сегізінші жылы зұлхижжа айында дүниеге келген. Уақидидің айтуынша, ол һижраның оныншы жылы рабиғул-әууәл айының он үшінші күні қайтыс болған. Ибн Хазм Ибраһимнің Алла елшісінен (с.а.с.) шамамен үш ай бұрын дүние салғанын айтады.

3. Хадисте рұқсат етілген жылау мен аза тұтудың әдебі сөз болады. Алланың әміріне разы болып, тағдырға наразылық білдірмей, бақырып-шақырмай көзге жас алудың айыбы жоқ. Мұндай жас адамның мейірімі мен сүйіспеншілігінен туады.

4. Хадис баланы сүйіп, иіскеуге де шариғат рұқсат ететінін көрсетеді.

• Хадис баланы сүт анаға беруге, сырқат баланың халін білуге, жан тапсырар шағында қасында болуға және жақынға мейірім танытуға рұқсат екенін де білдіреді.

• Қайғыны іште сақтаған абзал. Оны білдірудің де айыбы жоқ.

• Алла елшісі (с.а.с.) айтқанын ұға алмайтын балаға тіл қату арқылы, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей, сөзін көпке ғибрат етуді қалаған. Бала кішкентай болғандықтан және жаны үзіліп жатқандықтан, айтылған сөзді ұға алмайтын еді. Алла елшісі (с.а.с.) осылай тіл қатып, өз жылауының бұрын айтылған тыйымға жатпайтынын жанындағыларға білдірген.

• Хадис сөзі мен ісі қабыспаған адамнан мұның мәнін сұрауға болатынын да көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 44 (1303). Мүслим, «Фадаил», 62 (2315). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 28 (3126).