وَعَنْ عَطَاءِ بْنِ يَسَارٍ قَالَ: لَقِيتُ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، فَقُلْتُ: «أَخْبِرْنِي عَنْ صِفَةِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي التَّوْرَاةِ». فَقَالَ: «أَجَلْ وَاللَّهِ، إِنَّهُ لَمَوْصُوفٌ فِي التَّوْرَاةِ بِبَعْضِ صِفَتِهِ فِي الْقُرْآنِ: ﴿يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِنَّا أَرْسَلْنَاكَ شَاهِدًا وَمُبَشِّرًا وَنَذِيرًا﴾، وَحِرْزًا لِلْأُمِّيِّينَ، أَنْتَ عَبْدِي وَرَسُولِي، سَمَّيْتُكَ الْمُتَوَكِّلَ. لَيْسَ بِفَظٍّ وَلَا غَلِيظٍ وَلَا صَخَّابٍ بِالْأَسْوَاقِ، وَلَا يَدْفَعُ بِالسَّيِّئَةِ السَّيِّئَةَ، وَلَكِنْ يَعْفُو وَيَغْفِرُ. وَلَنْ يَقْبِضَهُ اللَّهُ حَتَّى يُقِيمَ بِهِ الْمِلَّةَ الْعَوْجَاءَ بِأَنْ يَقُولُوا: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَيَفْتَحَ بِهِ أَعْيُنًا عُمْيًا، وَآذَانًا صُمًّا، وَقُلُوبًا غُلْفًا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Ата ибн Ясар былай дейді: «Абдулла ибн Амр ибн әл-Асқа (р.а.) жолығып: “Алла елшісінің (с.а.с.) Тәуратта аталған сипаттарын айтып берші”, – дедім. Ол: “Иә, Аллаға серт, Құрандағы кейбір сипаттары Тәуратта да бар. ﴿يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِنَّا أَرْسَلْنَاكَ شَاهِدًا وَمُبَشِّرًا وَنَذِيرًا﴾ ‘Уа, Пайғамбар! Біз сені куә болушы, сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік.’1 Тәуратта бұған қоса: ‘Сені оқи-жаза білмейтіндерге қорған етіп жібердік. Сен – Менің құлым әрі елшімсің. Мен сені Мүтәуәккил деп атадым. Ол дөрекі де, тасжүрек те емес, базарларда айғай салмайды. Жамандықты жамандықпен қайтармайды, кешіреді әрі ғафу етеді. Алла ол арқылы адамдарға Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоғын айтқызып, ауытқыған дінді түземейінше, соқыр көзді, керең құлақты, бітеу жүректерді ашпайынша, оның жанын алмайды’, – делінген”, – деді».2
Түсіндірме
1. Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас – сахабалардың көрнектілерінің бірі. Алла елшісінің көзі тірісінде, оның білуімен хадистерді жазып жүрген. Ол кітап иелерінен көп кітап алып оқыған, исраилият пен қасиетті кітаптардың мазмұнын жақсы білген. Сондықтан бұрынғы кітаптарда Алла елшісі туралы не айтылғаны одан сұралған. Ол сұраққа нақты мысалмен жауап берген. Тәураттағы сипаттаманың алғашқы бөлігі Құрандағы аятпен сәйкес келеді. Екінші бөлігіне мына аят үндес: ﴿فَبِمَا رَحْمَةٍ مِنَ اللَّهِ لِنْتَ لَهُمْ ۖ وَلَوْ كُنْتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لَانْفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ ۖ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاسْتَغْفِرْ لَهُمْ وَشَاوِرْهُمْ فِي الْأَمْرِ ۖ فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ﴾ «Сен Алланың рақымының арқасында ғана айналаңдағы адамдарға жұмсақ, биязы бола білдің. Егер дөрекі, тас жүрек болғаныңда, маңайыңдағылар сенен безіп, жан-жаққа тарап кетер еді. Ендеше, оларға кешіріммен қара һәм олар үшін кешірім тіле, әрі олармен әр істе кеңесіп отыр. Егер бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді.»3 Тәураттан келтірілген мәтіннің соңғы бөлігіне мына аят ұқсас: ﴿وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ۚ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ﴾ «Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды! Сен жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтар! Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің.»4