عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَرِضَ أَبُو طَالِبٍ فَجَاءَتْهُ قُرَيْشٌ وَجَاءَهُ النَّبِيُّ ﷺ، وَعِنْدَ أَبِي طَالِبٍ مَجْلِسُ رَجُلٍ. فَقَامَ أَبُو جَهْلٍ كَىْ يَمْنَعَهُ مِنَ الْجُلوسِ فيهِ. قَالَ: وَشَكَوْهُ إِلَى أَبِي طَالِبٍ فَقَالَ: يَا ابْنَ أَخِى مَا تُرِيدُ مِنْ قَوْمِكَ؟ قَالَ: أَرِيدُ مِنْهُمْ كَلِمَةً تَدِينُ لَهُمْ بِهَا الْعَرَبُ، وَتُؤَدِّى إِلَيْهِمْ الْعَجَمُ بِهَا الْجِزْيَةَ. قَالَ: كَلِمَةٌ وَاحِدَةٌ؟ قَالَ: كَلِمَةٌ وَاحِدَةٌ يَا عَمِّ؛ قُولُوا: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ. فَقَالُوا إِلهًا وَاحدًا: مَا سَمِعْنَا بِهَذَا فِي الْمِلَّةِ الْآخِرَةِ. إِنْ هَذَا إِلَّا اِخْتِلَاقٌ. قَالَ فَنَزَلَتْ: صٓ وَالْقُرْآنِ ذِى الذِّكْرِ. إِلَى قَوْلِهِ: إِنْ هَذَا إِلَّا اخْتِلَاقٌ)ـ1(«. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Әбу Талиб сырқаттанып қалғанда, құрайыштықтар да, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де оның көңілін сұрай барды. Әбу Талибтің қасында бір кісілік орын бар еді. Әбу Жәһил ол жерге Расулалланы (с.а.с.) отырғызбау үшін дереу орнынан қарғып тұрды. Құрайыштықтар Әбу Талибке Расулаллаға қатысты шағымданды. Сонда Әбу Талиб: «Уа, бауырымның ұлы! Қауымыңнан не қалайсың?» – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Олардан бір ауыз сөз қалаймын. Егер айтса, бүкіл арабтар сол сөз арқылы өздеріне бағынатын болады, барша жат жұрттықтар сол сөздің арқасында жизия төлейтін болады», – деді. Әбу Талиб бойын тіктеп: «Яғни бір ауыз сөз бе?!» – деп сұрады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Иә, көке, бір-ақ ауыз сөз: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ — “Алладан басқа тәңір жоқ” десін». «Бір Алла ма?! Біз соңғы дінде бұны естімедік, бұл – ойдан шығарылған нәрсе!» – деді. Осыған байланысты мына аяттар түсті:
1. Сад. Ақиқатты жар салатын һәм (оған қарсы болғандарды) ескертетін айрықша қадірлі де қасиетті Құранға серт! (Сен Алланың хақ дінін жаю үшін жіберілген ақырғы пайғамбарсың!)
2. Күпірлікте қасарысқандар тәкаппарлыққа салынуда һәм (Құранға) үнемі қарсы келуде.
3. Біз олардан бұрын (күпірлікте қасарысқан) қаншама нәсілдің көзін жойдық. Олар (қаһарымызға ұшырағанда) құлындағы дауыстары құраққа шығып медет тілеген еді. Алайда азаптан құтылатын заман әлдеқашан өткен-тін.
4. Мүшріктер ескертуші пайғамбардың өз араларынан шыққанына қайран қалып, аң-таң болысқан еді. Сөйтіп олар: «Бұл – нағыз сиқыршы әрі өтірікші!»
5. «Сонда ол мұншама құдайды жалғыз Құдай етіп қойды ма? Бұл расында да, өте таңғаларлық нәрсе!»– дейді.
6. Мүшріктердің алдыңғы қатарлылары (сені жаңа дінді насихаттаудан айныта алмайтындықтарына көздері жеткенде) өретүрегеліп бір-біріне: «Қане, кеттік, өз құдайларыңа табынудан танбаңдар. Бұл (яғни, бәрімізге бас болу) расында да, о бастан мұрат етілген нәрсе (яғни, Мұхаммедтің бұл дінді жаюдағы бар мақсаты бәрімізді билеп-төстеу)».
7. «Біз мұны (яғни, Құдай жалғыз дегенді) осы күнгі діндердің бірде-бірінен естіген емеспіз. Бұл бір ойдан шығарылған ертегі, басқа түк те емес!»
8. «О тоба! Арамыздан (басқа ешкімді таппағандай) бұл Кітап соған түсірілді ме?» – десіп кете барған еді. Жо-жоқ, (олар сенің дұрыс адам екеніңе кәміл сенеді), алайда олар (тек тәкаппарлықтары себепті) Менің ұлы жолдауыма (Кітабыма) күмәнмен қарауда. Анығында, олар Менің жан төзгісіз азабымды әлі татқан жоқ».1, 2
Бұл оқиға басқа риуаятта аздап басқаша айтылады:
«Әбу Талиб ауырып қалған кезде, араларында Әбу Жәһил де бар бір топ құрайыштықтар оған барып: «Бауырыңның ұлы құдайларымызға тіл тигізіп, қорлап жүр, мына-мына нәрселерді жасап жүр, былай-былай деп жүр. Оны қасыңа шақырып, істеп жүргендерінен тыймасаң болмайды», – деді. Әбу Талиб кісі жіберіп, Расулалланы шақыртты. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп, бөлмесіне кірді. Әбу Талиб пен Құрайыштықтар арасында бір кісілік орын бар еді. Әбу Жәһил ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Әбу Талибке жақын отырса көкесіне көбірек әсер етеді деп қорқып, дереу атып тұрып сол орынға барып отырды. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көкесінің қасынан орын таппаған соң, босағаға жақын отырды. Көкесі оған: «Уа, бауырымның ұлы! Бұл қауымың саған шағымданып жатыр? Айтуларына қарағанда, құдайларын қорлап, алай-былай деп жүр екенсің!» – дейді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қауымына «лә иләһә иллаллаһ» деген бір ауыз сөзді ғана айтуын ұсынған кезде, құрайыштықтар: «Бұны алдыңғы дінде (бір риуаятта басқа дінде) көрмедік!» – деп қарсы шығады.
Хадисті түсіндірушілердің барлығы дерлік «алдыңғы дін» немесе «басқа дін» сөзі христиандықты білдіретінін айтқан. Сондай-ақ «құрайыштықтардың өз дінін айтып жатқанын білдіреді» дегендер де болған. Яғни: «Бұл аталарымыздан үйренген дінде жоқ» дегілері келген. Риуаят мәтінінде аталмыш аяттардың соңғысынан да байқалғандай, «Сад» сүресінің осы алғашқы сегіз аяты олардың осы сөздеріне байланысты түскен.