Хадис

Кутуб ситтә, № 768

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
90. «Зүмәр» сүресі
Нөмірі
№ 768 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
768
Кутуб ситтә, № 768 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا نَزَلَتْ ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ عِنْدَ رَبِّكُمْ تَخْتَصِمُونَ. قَالَ الزُّبَيْرُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَتُكَرَّرُ عَلَيْنَا الْخُصُومَةُ بَعْدَ الَّذِي كَانَ بَيْنَنَا فِي الدُّنْيَا؟ قَالَ نَعَمْ. قَالَ: إِنَّ الْأَمْرَ إِذًا لَشَدِيدٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Зубәйір (р.а.) әкесінен жеткізеді: ﴿ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ عِندَ رَبِّكُمْ تَخْتَصِمُونَ﴾ «Содан кейін сендер қиямет күні Раббыларыңның құзырында бір-біріңмен дауласасыңдар»1 аяты түскен кезде: «Уа, Алла елшісі, дүниедегі дау-дамайымыз ақыретте тағы алдымызға келе ме?» – деп сұрадым. «Иә!» – деді. Мен (Зубәйір): «Олай болса, ісіміз қиын екен!» – дедім.2

Түсіндірме

Ибн Кәсир аятқа қатысты былай дейді: «Сендер бұл дүниеден міндетті түрде өтесіңдер, мұнда күмән жоқ. Ақыретте Алланың құзырында жиналып, фәни дүниеде таухид немесе ширк екеуінің қайсысын таңдаған болсаңдар, сол бойынша Аллаға есеп бересіңдер. Алла араларыңды ажыратып, ақиқатты паш етеді, себебі Ол – Фәттах (пенделері арасында әділ үкім айтып, тура жолдағы мен адасқанның ара-жігін ажыратушы), Алим (бәрін білуші). Нәтижеде, иманды, ықыласты, мууаххид (бір Аллаға сенген) мүміндерді құтқарады, ал кәпір, жоққа шығарушы, мүшрік және өтірікшілерді азаптайды. Сондай-ақ осы аят мүмін, кәпір және олардың араларындағы мәселелердің ақыреттегі есеп-қисабын айтқанмен, фәни дүниеде өзара қарама-қайшылыққа түскендердің бәрін қамтиды, өйткені аят олардың ақыретте де есеп айырысатынын айтып тұр».

Жағдайдың солай болатынын әзірет Зубәйірдің (р.а.) жоғарыдағы риуаяты да растап тұр. Бұл жайлы тәпсір кітаптарында басқа риуаяттар да бар.

  1. 1«Зүмәр» сүресі, 31-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Зүмәр» (№3236, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3234).