Хадис

Кутуб ситтә, № 5609

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
894. Түрлі мұғжизалар
Нөмірі
№ 5609 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5609
Кутуб ситтә, № 5609 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ عِفْرِيتًا مِنَ الْجِنِّ تَفَلَّتَ عَلَيَّ الْبَارِحَةَ لِيَقْطَعَ عَلَيَّ صَلَاتِي فَأَمْكَنَنِي اللَّهُ تَعَالَى مِنْهُ فَذَعَتُّهُ فَأَرَدْتُ أَنْ أَرْبِطَهُ إِلَى سَارِيَةٍ مِنْ سَوَارِي الْمَسْجِدِ حَتَّى تُصْبِحُوا وَتَنْظُرُوا إِلَيْهِ كُلُّكُمْ، فَذَكَرْتُ قَوْلَ أَخِي سُلَيْمَانَ: رَبِّ هَبْ لِي مُلْكًا لَا يَنْبَغِي لِأَحَدٍ مِنْ بَعْدِي. فَرَدَّهُ اللَّهُ خَاسِئًا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кеше түнде жындардың бір ифриті намазымды бұзбақ болып үстіме атылды. Алла маған одан үстем түсуге мүмкіндік берді. Мен оны алқымынан алдым. Таң атқанда бәрің көрсін деп, мешіттің бір бағанына байлап қоймақ болдым. Бірақ бауырым Сүлейманның (а.с.) رَبِّ هَبْ لِي مُلْكًا لَا يَنْبَغِي لِأَحَدٍ مِنْ بَعْدِي ‘Уа, Раббым! [...] маған менен кейін бірде-бір жанға нәсіп болмайтын шексіз билік нәсіп еткейсің!’1 деген сөзі есіме түсті. Алла оны қор қылып кері қайтарды”, – деді».2

Түсіндірме

1. Алла елшісіне ифриттің тап бергені бірнеше нұсқада жеткен. Абдурраззақ риуаятында оның мысық бейнесінде келгені айтылады. Мүслим нұсқасында: «Бетіме баспақ болып, қолына жалындаған от ұстап келді», – делінген. Нәсәи Айшадан (р.а.) жеткізген риуаятта: «Оны ұстап, жерге құлаттым да, қылғындырдым. Тіпті тілінің салқыны қолыма тиді», – делінеді.

2. Жындардың бар екені көптеген аят пен хадисте айтылған. Әһлі сүннет ғалымдары бұған бірауыздан келіседі. Алайда жындарға қатысты кейбір мәселеде пікір алшақтығы бар.

• Бақиллани мұғтазилалардың кейбірі жындарды нәзік, қарапайым денелер деп түсіндіргенін айтады. Риуаят соны растаса, мұндай пікір ақылға сыймайды деуге негіз жоқ деп санайды. Әбу Яғла ибн әл-Фәрра жындарды әртүрлі кейіпке ене алатын, бірнеше бөліктен құралған денелер деп сипаттайды. Оның айтуынша, олар нәзік те, тығыз да болуы мүмкін. Осы тұста ол жындарды тек нәзік денелер деп санайтын мұғтазилалармен келіспейді. Ибн әл-Фәрра «оларды денесінің нәзіктігінен көре алмаймыз» деген пікірді де қате санайды: «Дененің нәзіктігі оны көруге кедергі емес. Тіпті кейбір тығыз денелерді де Алла оларды қабылдайтын қабілет жаратпағандықтан көрмеуіміз мүмкін».

Бәйхақи жеткізген риуаят бойынша, имам Шафиғи: «Кім жындарды көрдім десе, оның куәлігін қабылдамаймыз. Өйткені жындарды пайғамбарлар ғана көре алады», – деген.

Ибн Хажар мұны былай түсіндіреді: «Бұл сөз жындарды жаратылған қалпында көрдім деген кісіге қатысты. Ал жынды бір жануардың кейпінде көрдім деген кісінің куәлігін осы себеппен кері қақпайды». Жындардың әртүрлі кейіпке енетіні жайында көп хабар жеткен. Кәләм ғалымдары бұл мәселе жөнінде әртүрлі пікір айтқан:

• Бір тобы: «Бұл қиялға көрінген елес қана. Ешбір нәрсе бастапқы кейпін өзгертпейді», – деген.

• Екінші тобы: «Олар кейпін өзгерте алады. Бұл өздерінің сондай қуаты бар деген сөз емес. Сиқыр тәрізді бір амал жасалғанда ғана олар бір кейіптен екіншісіне өтеді», – деген. Бұл пікір түптеп келгенде алдыңғы пікірге саяды. Осыған орай Ибн Әбу Шәйба сенімді иснадпен мына риуаятты жеткізген: «Омардың (р.а.) жанында ғайландар туралы сөз қозғалғанда, ол: “Олардың ешқайсысы Алла жаратқан кейпін өзгерте алмайды. Алайда сендердің араларыңда болғанындай, олардың да сиқыршылары бар. Сондайды көргенде азан шақырыңдар”, – деді».

3. Жындар мен шайтандардың бар екені анықталған соң, олардың шығу тегі жөнінде түрлі пікір айтылған. Бір пікір бойынша, бәрі Ібілістің ұрпағы, олардың кәпірі шайтан аталады. Екінші пікір бойынша, Ібілістің ұрпағы – шайтандар ғана. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен: «Кәпірін шайтан, ал қалғанын жын дейді», – деген сөз жын мен шайтанның тегі бір деген пікірді қуаттайды.

4. Ғалымдардың көбі жындарды адам сияқты шариғат алдында жауапты, яғни мүкәлләф деп санаған. Кейбірі: «Олар өз ісіне ерікті емес, сондықтан жауапқа тартылмайды», – деген. Оларды мүкәлләф деп санағандар Құранда шайтандардың айыпталуын, олардың кесірінен сақтану бұйырылғанын және оларға азап уәде етілгенін дәлел етеді. Өйткені бұл сипаттар әмірге қарсы шығып, тыйымды бұзған әрі солай істемеуге де мүмкіндігі болған жандарға қатысты. Мұны қуаттайтын аят пен хадис көп.

5. Жындарды мүкәлләф деп санаған ғалымдар арасында «Оларға өз араларынан пайғамбар жіберілген бе?» деген сұрақ туған. Даххак ибн Мұзахимнен жеткен хабарда былай делінген: «Жындарға өз араларынан пайғамбар жіберілген. Аятта жындар мен адамдарға өз араларынан елшілер жіберілгені айтылған. Жындарға жіберілген елшілерді адам десек, онда керісінше жындар адамдарға да елші болуы мүмкін деген қисын шығады. Ал бұл тұжырым жарамсыз болғандықтан, бастапқы жорамал да негізсіз.» Ол сүйенген аят мынадай: يَا مَعْشَرَ الْجِنِّ وَالْإِنسِ أَلَمْ يَأْتِكُمْ رُسُلٌ مِنْكُمْ يَقُصُّونَ عَلَيْكُمْ آيَاتِي وَيُنْذِرُونَكُمْ لِقَاءَ يَوْمِكُمْ هَٰذَا قَالُوا شَهِدْنَا عَلَىٰ أَنْفُسِنَا وَغَرَّتْهُمُ الْحَيَاةُ الدُّنْيَا وَشَهِدُوا عَلَىٰ أَنْفُسِهِمْ أَنَّهُمْ كَانُوا كَافِرِينَ «“Әй, жындар мен адамдар! Сендерге өз араларыңнан Менің аяттарымды оқып түсіндіретін, осы күндеріңе қауышатындықтарыңды алдын-ала айтып ескертетін елші пайғамбарлар келмеді ме?!” – дегенде, олар: “Өз-өзімізге қарсы куәлік етеміз!” – дейді. Дүниенің фәни тіршілігі оларды алдап соқты. Сөйтіп, олар өздерінің кәпір болғандығын растап, өз-өздеріне қарсы куәлікке жүрді.»3

Көпшілік ғалым жындарға өз араларынан пайғамбар жіберілмеген, олар адамнан шыққан пайғамбарларға еруге тиіс деп есептейді. Олар алдыңғы пікірге былай жауап береді: «Адамдарға пайғамбарларды Алла өз араларынан жіберген. Ал жындарды жер жүзіне таратқан. Сөйтіп, олар адамдарға жіберілген пайғамбарлардың сөзін тыңдап, естігенін өз қауымына жеткізген.» Бұған мына аятты дәлел етеді: قَالُوا يَا قَوْمَنَا إِنَّا سَمِعْنَا كِتَابًا أُنْزِلَ مِنْ بَعْدِ مُوسَىٰ مُصَدِّقًا لِمَا بَيْنَ يَدَيْهِ يَهْدِي إِلَى الْحَقِّ وَإِلَىٰ طَرِيقٍ مُسْتَقِيمٍ «Қауымдарына барып былай деп жар салды: “Уа, қауымымыз! Біз, шынында, Мұсадан кейін түсірілген, өзінен бұрынғы иләһи кітаптарды растаушы, ақиқатқа және тура жолға бастайтын кітапты тыңдап қайттық!”»4

Ибн Хазм риуаяттарды саралай келіп, жындарға адамзаттан арнайы пайғамбар жіберілмегенін, алайда Мұхаммедтің (с.а.с.) елшілігі жындар мен адамдарға бірдей тарағанын айтады. Ибн Абдулбәрр былай дейді: «Алла елшісінің жындар мен адамдарға бірдей жіберілгеніне ғалымдар таласпайды. Бұл – оның басқа пайғамбарлардан артықшылықтарының бірі». Ибн Аббастан жеткен риуаят бойынша, ол «Ғафир» сүресіндегі وَلَقَدْ جَاءَكُمْ يُوسُفُ مِنْ قَبْلُ بِالْبَيِّنَاتِ «Бұдан бұрын Юсуф те сендерге ап-айқын дәлелдермен келген еді.»5 деген аят жайында: «Ол – жын пайғамбар, мынау – сол жайындағы хабар», – деген. Имам әл-Харамайн «әл-Иршад» еңбегінде христиандар жайында сөз қозғағанда: «Алла елшісінің (с.а.с.) жындар мен адамдарға бірдей жіберілгенін айтқанын анық білеміз», – дейді. Ибн Тәймия сахабалардан, табиғиндерден және мұсылман имамдарынан құралған сәләф ғалымдары бұл мәселеде бірауыздан келіскенін айтады. Ибн Хажар Алла елшісінің екі қауымға да жіберілгені жөнінде бірнеше хадис келтіріп, былай дейді: «Жындардың да шариғат алдында жауапты екені анық болса, таухидті мойындап, Исламның негіздерін ұстану оларға да міндеттелген деуге болады. Ал шариғаттың тармақ үкімдері жөнінде ғалымдар әртүрлі пікірде. Бұл мәселеде олар жындардың азығы болғандықтан, сүйек пен малдың тезегін тазалануға пайдалануға тыйым салған хадиске сүйенеді. Сол хадис мал тезегінің адамға арам, жынға адал екеніне дәлел болады».

6. Жындар ішіп-жей ме, үйлене ме? Бұл жөнінде де пікірлер әртүрлі. Біреулер жындар ішіп-жейді десе, басқалары ішіп-жемейді дейді. Соңғыларының айтуынша, шайтан тағамды шайнап, жұтпайды. Ол бұл қажетіне иіскеу тәрізді амалмен жетеді. Ал шайтанның сол қолымен ішіп-жейтіні, «бисмилла» айтпай тамақтанған кісінің асына ортақтасатыны жайлы риуаяттар олардың да адам сияқты ішіп-жейтініне негіз болған. Уәһб ибн Мұнәббиһтен жеткен хабар осы екі пікірді ұштастырады. Жындардың түрі көп, бір тобы ішіп-жейді, екіншісі ішіп-жемейді. Алла елшісіне телінген бір риуаятта: «Жындар үшке бөлінеді. Бір тобы қанатты, ауада ұшады. Екінші тобы жылан мен шаян кейпінде. Үшінші тобы есеп пен жазаны біледі.» – делінген. Олардың үйленетінін айтқан ғалымдар لَمْ يَطْمِثْهُنَّ إِنسٌ قَبْلَهُمْ وَلَا جَانٌّ «бұрын-соңды адам баласы да, жын да тимеген»6 және أَفَتَتَّخِذُونَهُ وَذُرِّيَّتَهُ أَوْلِيَاءَ مِنْ دُونِي وَهُمْ لَكُمْ عَدُوٌّ «Солай бола тұра, сендер Мені былай қойып, өздеріңе қас дұшпан болған сол шайтан мен оның үрім-бұтағын дос әрі кепіл тұтасыңдар ма?!»7 деген аяттарды дәлел етеді. Олар аятта ұрпақтың аталуы жындардың да үйленіп, көбейетінін анық білдіреді дейді.

7. Тағы бір талас жындарға сауап жазыла ма деген мәселеден туған. Сахабаға тірелетін бір риуаятта былай делінген: «Жәннаттықтар жәннатқа, тозақтықтар тозаққа кіргенде, Алла Тағала мүмін жындар мен адамзаттан өзге қауымдарға: “Топырақ болыңдар!” – дейді. Сонда кәпірлер يَا لَيْتَنِي كُنْتُ تُرَابًا “Шіркін, топырақ болғанымда ғой!”8 – дейді». Ал кейбірі: «Жынның алар сауабы – әуелі тозақтан құтылып, содан кейін топыраққа айналуы», – деген. Әбу Ханифадан да осыған ұқсас сөз жеткен. Алайда Шафиғи, Ахмад, Мәлик, Әузағи, Әбу Юсуф, имам Мұхаммед секілді көпшілік ғалым жындар да бойсұнғаны үшін сауап алады деп санаған. Бірі жоғарыда келтірілген «Әнғам» сүресінің 130-аятын дәлел етсе, басқалары أُولَٰئِكَ الَّذِينَ حَقَّ عَلَيْهِمُ الْقَوْلُ فِي أُمَمٍ قَدْ خَلَتْ مِنْ قَبْلِهِمْ مِنَ الْجِنِّ وَالْإِنسِ إِنَّهُمْ كَانُوا خَاسِرِينَ «Міне, солар – өздерінен бұрын өткен жындардан және адамдардан құралған қауымдарға қатысты шығарылған һәм жүзеге асырылған азап үкіміне әбден лайық болғандар. Расында, олар – оңбай зиянға ұшырағандар!»9 және وَلِكُلٍّ دَرَجَاتٌ مِمَّا عَمِلُوا وَمَا رَبُّكَ بِغَافِلٍ عَمَّا يَعْمَلُونَ «Әркімнің істеген жақсы-жаман істеріне қарай өзіндік дәрежесі болады. Раббың олардың не істеп жүргенінен бейхабар емес.»10 деген аяттарға сүйенген. Имам Мәлик жындар мен адамдарға да жаза әрі сауап барын «Рахман» сүресіндегі وَلِمَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ جَنَّتَانِ «Раббысының құзырында тұрудан қорыққан жанға екі бірдей жаннат бар.» деген аятпен дәлелдеген. Одан кейінгі فَبِأَيِّ آلَاءِ رَبِّكُمَا تُكَذِّبَانِ «Ендеше, Раббыларыңның қай нығметін жоққа шығарасыңдар?»11 деген аятта жындар мен адамдарға қосарлап үн қатылғанын айтқан. Бұл аяттар жындардың арасында да мүміндер барын аңғартады. Мүмін Раббысынан қорқатындықтан, олар үшін де жәннат бар.

8. Жындар жәннатта адамдармен бірге бола ма? Бұл жөнінде төрт түрлі пікір айтылған:

• Көпшілік ғалым оларды адамдармен бірге болады деп санаған.

• Имам Мәлик пен кейбір ғалым жындар жәннаттың шетінде болады деген.

• Кейбірі жындарды Ағраф иелерінің қатарына жатқызған.

• Енді бір ғалымдар бұл сұраққа жауап бермеген.

Жындарға қатысты бірқатар мәселе алдыңғы томда қарастырылғандықтан, оларды бұл жерде қайталамаймыз.12

  1. 1«Сад» сүресі, 35-аят.
  2. 2Бұхари, «Салат», 75. «Амал фис-салат», 10. «Бәд әл-халқ», 11. «Әнбия», 40. «Тәпсір», «Сад». Мүслим, «Мәсажид», 39 (541).
  3. 3«Әнғам» сүресі, 130-аят.
  4. 4«Ахқаф» сүресі, 30-аят.
  5. 5«Ғафир» сүресі, 34-аят.
  6. 6«Рахман» сүресі, 56-аят.
  7. 7«Кәһф» сүресі, 50-аят.
  8. 8«Нәбә» сүресі, 40-аят.
  9. 9«Ахқаф» сүресі, 18-аят.
  10. 10«Әнғам» сүресі, 132-аят.
  11. 11«Рахман» сүресі, 46–47-аяттар.
  12. 12Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситтә тәржүмесі және шархы», «Ақчағ» баспасы, 3-том, 229-бет.