Хадис

Кутуб ситтә, № 5610

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
895. НЕКЕ БӨЛІМІ
Нөмірі
№ 5610 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5610
Кутуб ситтә, № 5610 · тараудағы реті: 1

عَنْ عُرْوَةَ عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ لِي النَّبِيُّ ﷺ: أُرِيتُكِ فِي الْمَنَامِ ثَلَاثَ لَيَالٍ، جَاءَنِي بِكِ الْمَلَكُ فِي سَرَقَةٍ مِنْ حَرِيرٍ، يَقُولُ: هَذِهِ امْرَأَتُكَ، فَأَكْشِفُ عَنْهَا، فَإِذَا هِيَ أَنْتِ، فَأَقُولُ: إِنْ يَكُ هَذَا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ يُمْضِهِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Уруа Айшадан (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Сені түсімде үш түн көрдім. Періште сені жібек матаға орап әкеліп: ‘Бұл – сенің жұбайың’, – деді. Бетін ашып қарасам, сен екенсің. ‘Егер бұл Алладан болса, оны Алла жүзеге асырады’, – дедім”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) Айшаны (р.а.) некелеспей тұрып түсінде көргені айтылады. Осы нұсқада Айша жібек матаға оралып әкелінген. Өзге нұсқада: «Жәбірейіл алақанында менің бейнеммен түсті», – делінеді. Шарх ғалымдары екі риуаятты үйлестіріп, Жәбірейіл Айшаның бейнесін алақанындағы жібек матаға түсіріп әкелген болар деп жорамалдаған. Кей нұсқадағы «екі рет» деген сөзге сүйеніп, бір жолы Айшаның өзін, екінші жолы жібек матадағы бейнесін әкелген болуы мүмкін дегендер де бар.

2. Кейбір ғалымдар «ашты» деген сөзді жібек матаны ашты деп, енді біреулері Айшаның жүзін ашты деп түсіндірген. «Үйленуге ниетті адамға көруге рұқсат етілген жерін ғана ашқан» деген жорамал да бар. Басқалары сол кезде Айша әлі бала болғандықтан, әурет мәселесі туындамаған деп есептеген. Әйелді некеге дейін көру некеге қатысты пайда береді деген ғалымдар осы хадиске де сүйенген.

3. Қазы Ияд бұл түс пайғамбарлықтан кейін көрілген болуы мүмкін деп, Алла елшісінің сөзін үш түрлі түсіндіреді: «Біріншісі – ол Айшаның осы дүниеде де, ақыретте де жары болатынын немесе ақыретте ғана жары болатынын білгісі келген. Екіншісі – сөз сырттай күмәнге ұқсағанымен, шын мәнінде күмәнді білдірмейді. Бәләғат ілімінде мұны күмән сөзін анық сеніммен ұштастыру дейді. Үшіншісі – бұл аян сөзбе-сөз орындалатын түс пе, әлде жоруды қажет ететін түс пе деген сауал. Пайғамбарға екеуі де мүмкін».

Ғалымдардың көбі осы соңғы түсіндірмені қабылдаған.

  1. 1Бұхари, «Неке», 9, 35. «Тағбир», 20, 21. Мүслим, «Фадаил әс-сахаба», 79. Тирмизи, «Мәнәқиб» (3875).