Хадис

Неке рүкіндері. Неке шартының жасалуы

Кутуб ситтә, 12-том, 907-тарау · 7 хадис · № 5645–5651

НЕКЕ БӨЛІМІ

Хадистер

5645
Кутуб ситтә, № 5645 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كُنَّا نَغْزُو مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَلَيْسَ مَعَنَا نِسَاءٌ، فَقُلْنَا: أَنَخْتَصِي؟ فَنَهَانَا عَنْ ذَلِكَ، ثُمَّ رَخَّصَ لَنَا أَنْ نَسْتَمْتِعَ. فَكَانَ أَحَدُنَا يَنْكِحُ الْمَرْأَةَ بِالثَّوْبِ إِلَى أَجَلٍ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жорыққа шықтық. Жанымызда әйелдер жоқ еді. “Өзімізді піштіруге бола ма?” – деп сұрадық. Ол бізге бұлай істеуге тыйым салды. Содан кейін уақытша некеге рұқсат берді. Сөйтіп, арамыздан біреу әйелге киім беріп, онымен белгілі бір мерзімге некелесетін».1

Түсіндірме

1. Мұнда ер адамның жыныс бездерін алдыруы, яғни піштірілуі туралы сөз болып отыр. Мұндай әрекет әдетте еркек малға жасалады. Дініміз адамның табиғи жаратылысын өзгертуге тыйым салғандықтан, оны адамға қолдануға рұқсат бермейді.

2. Риуаятта уақытша некеге берілген рұқсат жаһилият дәуірінен қалған мұтға некесіне қатысты. Шарапқа кезең-кезеңімен тыйым салынғаны секілді, оған да әуелде бірден тыйым салынбаған. Кейін мәңгілікке харам етілген. Мұндай некенің мерзімі келісім кезінде белгіленеді. Әйелге өзі разы болатын ақы төленеді. Бұл мерзім бірнеше сағатқа да, бірнеше жылға да созылуы мүмкін. Мерзімі біткенде, екеуі талақсыз-ақ ажырайды және бір-біріне мұрагер болмайды. Мұнда кәдімгі некедегі мәһір, талақ және мұрагерлік үкімдері жүрмейді.

Әһл-сүннет ғалымдары мұндай некені харам деп бірауыздан ұйғарған. Шиғаның кейбір өкілдері ғана оны жарамды санаған. Алғашқы кезде берілген рұқсатқа сүйенген сахабалардың пікіріне және уақытша неке жайындағы дәлелдерге № 5651 хадистен кейін кеңінен тоқталамыз.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Мәида», 9 және «Неке», 6, 8; Мүслим, «Неке», 38 (1404).
5646
Кутуб ситтә, № 5646 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ سَلَمَةَ بْنِ الْأَكْوَعِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: رَخَّصَ النَّبِيُّ ﷺ عَامَ أَوْطَاسٍ فِي الْمُتْعَةِ ثَلَاثًا، ثُمَّ نَهَى عَنْهَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Сәләма ибн әл-Әкуағ (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) Әутас жорығы болған жылы уақытша некеге үш күнге рұқсат берді, содан кейін оған тыйым салды».1

  1. 1Мүслим, «Неке», 18 (1405f). Бұхари «Неке», 31-тарауда бұл хабарды мұғаллақ түрде келтіреді.
5647
Кутуб ситтә, № 5647 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: إِنَّمَا كَانَتِ الْمُتْعَةُ فِي أَوَّلِ الْإِسْلَامِ كَانَ الرَّجُلُ يَقْدُمُ الْبَلْدَةَ، لَيْسَ لَهُ بِهَا مَعْرِفَةٌ، فَيَتَزَوَّجَ الْمَرْأَةَ بِقَدْرِ مَا يَرَى أَنَّهُ يُقِيمُ فَتَحْفَظُ لَهُ مَتَاعَهُ وَتُصْلِحُ لَهُ شَأْنَهُ. حَتَّى نَزَلَتْ: ﴿إِلَّا عَلَىٰ أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ﴾. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: فَكُلُّ فَرْجٍ سِوَاهُمَا فَهُوَ حَرَامٌ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Исламның алғашқы кезінде уақытша неке бар еді. Кісі ешкімді танымайтын мекенге барса, сол жерде шамамен қанша уақыт қаламын деп ойласа, сонша мерзімге бір әйелге үйленетін. Әйел оның дүние-мүлкін сақтап, шаруасын реттейтін. إِلَّا عَلَىٰ أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ “Тек адал жарлары мен қоластындағы күңдерінің жөні бөлек.”1 деген аят түскенге дейін осылай болды». [Аят түскен соң уақытша неке харам етілді.]

Ибн Аббас (р.а.): «Осы екеуінен өзге жыныстық қатынастың бәрі харам», – деген.2

Түсіндірме

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) уақытша некеге тыйым салғаны туралы хадистерді Омар (р.а.) тұсында естіген. Бұған дейін ол рұқсат жайындағы риуаяттарды білгенімен, рұқсаттың күші жойылғанынан бейхабар еді. Сондықтан сұрағандарға кейде рұқсат берген. Омар Алла елшісінің тыйымын еске салып, оны жұртқа жария еткен соң, Ибн Аббас бұрынғы пікірінен қайтып, уақытша некеге тыйым салынғанын айтқан. Оның райынан қайтқанын көптеген риуаят растайды. Сондықтан алғашқы пәтуасына ғана сүйеніп, Ибн Аббас уақытша некені адал санаған деу тарихи дерекке сай келмейді.

  1. 1«Мүминун» сүресі, 6-аят.
  2. 2Тирмизи, «Неке», 28 (1122).
5648
Кутуб ситтә, № 5648 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ الْحَنَفِيَّةِ: أَنَّ عَلِيًّا قَالَ لِابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ: إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَهَى عَنْ مُتْعَةِ النِّسَاءِ يَوْمَ خَيْبَرَ، وَعَنْ أَكْلِ لُحُومِ الْحُمُرِ الْإِنْسِيَّةِ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн әл-Ханафия жеткізеді: «Әли Ибн Аббасқа (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар жорығы күні әйелдермен уақытша некелесуге және үй есегінің етін жеуге тыйым салды”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Мағази», 38, «Неке», 31, «Забаих», 28, «Хиял», 3; Мүслим, «Неке», 29 (1407); Мәлік, «әл-Муатта», «Неке», 41 (2/542); Тирмизи, «Неке», 28 (1121); Нәсәи, «Неке», 71 (6/125–126).
5649
Кутуб ситтә, № 5649 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كُنَّا نَسْتَمْتِعُ بِالْقَبْضَةِ مِنَ التَّمْرِ وَالدَّقِيقِ الْأَيَّامَ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَأَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حَتَّى نَهَى عَنْهُ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي شَأْنِ عَمْرِو بْنِ حُرَيْثٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) мен Әбу Бәкірдің (р.а.) тұсында бір уыс құрма мен ұн беріп, бірнеше күнге уақытша некелесетінбіз. Бұл Омар (р.а.) Амр ибн Хурайс оқиғасына байланысты уақытша некеге тыйым салғанға дейін жалғасты».1

Түсіндірме

Алла елшісінің (с.а.с.) уақытша некеге тыйым салғанын естімей қалған Ибн Аббас қана емес. Кейбір сахабалар мен табиғиндер де бейхабар болған. Содан бұл әдет сирек те болса, Омардың тұсына дейін жалғасқанға ұқсайды. Кең тараса, тыйымды білгендер қарсы шығып, мәселе халифаларға ертерек жетер еді. Кей риуаяттарда оның Омар халифалығының орта шеніне дейін жалғасқаны айтылады. Амр ибн Хурайспен уақытша некелескен әйел жүкті болып, баласының тағдыры не боларын сұрап, Омарға келеді. Сонда Омар мұндай некенің әлі де кездесетінін біледі. Ол бұл мәселені құтбасында қозғап, Пайғамбардың тыйымын жұртқа қайта жариялайды. Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, сахабалардың ешқайсысы Омарға қарсы шықпаған, сөйтіп тыйым жөнінде ортақ ұйғарым қалыптасқан.

  1. 1Мүслим, «Неке», 16 (1405).
5650
Кутуб ситтә, № 5650 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الشِّغَارِ، وَهُوَ أَنْ يُزَوِّجَ الرَّجُلُ ابْنَتَهُ أَوْ أُخْتَهُ مِنَ الرَّجُلِ عَلَى أَنْ يُزَوِّجَهُ ابْنَتَهُ أَوْ أُخْتَهُ، وَلَيْسَ بَيْنَهُمَا صَدَاقٌ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) шиғар некесіне тыйым салды. Шиғар дегеніміз – бір адам басқа біреуге өз қызын не қарындасын тұрмысқа беріп, есесіне оның қызын не қарындасын алуы және екеуінің де мәһір төлемеуі».1

Түсіндірме

1. Шиғар – жаһилият дәуіріндегі неке түрі. Қамқоршылар өз қарауындағы қыздарды бір-біріне мәһірсіз тұрмысқа берген. Хадистегі шиғардың анықтамасын Алла елшісінің өзі айтқан ба, әлде риуаят жеткізушілері қосқан ба деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Дініміз шиғарға тыйым салған, өйткені мәһір – әйелдің хақысы, оны төлеу – ердің міндеті. Қаффал бұл некенің жарамсыз болуын қамқоршының: «Сен қызыңды маған некелемейінше, менің қызымның некесі саған бекітілмейді», – дегендей шарт қоюынан көрген. Имам Ғазали мұны былай сипаттайды: «Бір адам: “Сен де қызыңды маған некелеуің шартымен қызымды саған некеледім. Әрқайсысымен ерлі-зайыпты болу құқығы екіншісінің мәһірі болады. Қызымның некесі қашан қиылса, сенің қызыңның некесі де сол кезде қиылады”, – дейді». Мұндай келісімде екі қыз да өз хақысынан айырылады. Ал қамқоршылар әр әйелге өз мәһірін толық берсе, екі жақтың бір-бірінен қыз алуына тыйым жоқ.

Ханафилер мұндай неке жарамды деп санаған, бірақ мәһір міндеті жойылмайды. Әйел өзімен жағдайлас әйелдерге берілетін мөлшердегі мәһірге, яғни мәһір мислге, хақылы.

Имам Шафиғи мен бірқатар ғалым шиғар некесін жарамсыз деп танып, оған бұзылған неке шарттарының үкімі жүретінін айтқан.

Имам Әузағи ханафилерге жақын пікір айтқан: «Неке түні өтпесе, неке бұзылады да, мәһір белгіленіп, қайта қиылады. Неке түні өтіп қойса, неке жарамды, ал мәһір мислді төлеу уәжіп».

2. Хадисте қыздар мен қарындастар аталғанымен, ғалымдар бұл үкім жиендерге және қамқорлықтағы басқа әйелдерге де қатысты деген.

  1. 1Бұхари, «Неке», 28, «Хиял», 3; Мүслим, «Неке», 57 (1415); Мәлік, «әл-Муатта», «Неке», 24 (2/535); Әбу Дәуіт, «Неке», 15 (2074); Тирмизи, «Неке», 29 (1124); Нәсәи, «Неке», 60–61 (6/111–112).
5651
Кутуб ситтә, № 5651 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ عُرْوَةَ قَالَ: أَخْبَرَتْنِي عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّ النِّكَاحَ كَانَ فِي الْجَاهِلِيَّةِ عَلَى أَرْبَعَةِ أَنْحَاءِ: فَنِكَاحٌ مِنْهَا نِكَاحُ النَّاسَ الْيَوْمَ، يَخْطُبُ الرَّجُلُ إِلَى الرَّجُلِ ابْنَتَهُ أَوْ وَلِيَّتَهُ فَيُصْدِقُهَا ثُمَّ يَنْكِحُهَا؛ وَنِكَاحٌ آخَرُ: كَانَ الرَّجُلُ يَقُولُ لِامْرَأَتِهِ إِذَا طَهُرَتْ مِنْ طَمْثِهَا: أَرْسِلِي إِلَى فُلَانٍ فَاسْتَبْضِعِي مِنْهُ، وَيَعْتَزِلُهَا زَوْجُهَا وَلَا يَمَسُّهَا أَبَدًا حَتَّى يَتَبَيَّنَ حَمْلُهَا مِنْ ذَلِكَ الرَّجُلِ الَّذِي تَسْتَبْضِعُ مِنْهُ. فَإِذَا تَبَيَّنَ حَمْلُهَا مِنْ ذَلِكَ الرَّجُلِ الَّذِي تَسْتَبْضِعُ مِنْهُ أَصَابَهَا زَوْجُهَا إِذَا أَحَبَّ، وَإِنَّمَا يُفْعَلُ ذَلِكَ رَغْبَةً فِي نَجَابَةِ الْوَلَدِ، فَكَانَ يُسَمَّى نِكَاحَ الِاسْتِبْضَاعِ؛ وَنِكَاحٌ آخَرُ: يَجْتَمِعُ الرَّهْطُ مَا دُونَ الْعَشْرَةِ فَيَدْخُلُونَ عَلَى الْمَرْأَةِ كُلُّهُمْ فَيُصِيبُونَهَا، فَإِذَا حَمَلَتْ وَوَضَعَتْ وَمَرَّتْ لَيَالٍ بَعْدَ أَنْ تَضَعَ أَرْسَلَتْ إِلَيْهِمْ، فَلَمْ يَسْتَطِعْ رَجُلٌ مِنْهُمْ أَنْ يَمْتَنِعَ حَتَّى يَجْتَمِعُوا عِنْدَهَا. فَتَقُولُ لَهُمْ: قَدْ عَرَفْتُمُ الَّذِي كَانَ مِنْ أَمْرِكُمْ؛ وَقَدْ وَلَدْتُ فَهُوَ ابْنَكَ يَا فُلَانُ، تُلْحِقُهُ بِمَنْ أَحَبَّتْ. فَلَا يَسْتَطِيعُ أَنْ يَمْتَنِعَ؛ وَنِكَاحٌ آخَرُ رَابِعٌ: يَجْتَمِعُ النَّاسُ الْكَثِيرُ فَيَدْخُلُونَ عَلَى الْمَرْأَةِ فَلَا تَمْتَنِعُ مِمَّنْ جَاءَهَا وَهُنَّ الْبَغَايَا كُنَّ يَنْصِبْنَ عَلَى أَبْوَابِهِنَّ الرَّايَاتِ عَلَمًا. فَمَنْ أَرَادَهُنَّ دَخَلَ عَلَيْهِنَّ، فَإِذَا حَمَلَتْ إِحْدَاهُنَّ وَوَضَعَتْ حَمْلَهَا جُمِعُوا لَهَا وَدَعَوْا لَهَا الْقَافَةَ. فَأَلْحَقُوا وَلَدَهَا بِالَّذِي يَرَوْنَ فَالْتَاطَ بِهِ وَدُعِيَ ابْنَهُ، لَا يَمْتَنِعُ مِنْهُ، فَلَمَّا بُعِثَ مُحَمَّدٌ ﷺ بِالْحَقِّ هَدَمَ نِكَاحَ الْجَاهِلِيَّةِ كُلَّهُ إِلَّا نِكَاحَ النَّاسِ الْيَوْمَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Уруә айтады: «Айша (р.а.) маған былай жеткізді: “Жаһилият дәуірінде төрт түрлі неке болған. Біріншісі – қазір жұрт ұстанып жүрген неке. Ер адам біреудің қызына немесе қамқорлығындағы әйелге сөз салады, оған мәһірін береді де, содан кейін онымен некелеседі.

Екінші түрі мынадай: әйелі етеккірден тазарған соң, ері оған: ‘Пәленшеге кісі жіберіп, одан бала көтер’, – дейтін. Содан кейін әйелінің әлгі ер адамнан жүкті болғаны анықталғанша, күйеуі одан аулақ жүріп, оған мүлде жақындамайтын. Әйелінің жүкті болғаны белгілі болғанда, қаласа, онымен қайта жақындасатын. Мұны текті ұрпақ сүю үшін істейтін. Осы неке истибдағ деп аталған.

Үшінші түрінде онға жетпейтін топ жиналып, бір әйелге барады да, бәрі онымен жақындасады. Әйел жүкті болып, босанғаннан кейін бірнеше күн өткенде, олардың бәріне хабар беретін. Ешқайсысы келуден бас тарта алмайтын. Бәрі жиналғанда әйел: ‘Не істегендерің өздеріңе мәлім. Міне, босандым. Пәленше, бұл сенің ұлың’, – деп, солардың ішінен қалағанының атын атайтын. Бала соның тегіне жазылатын, ал ол адам одан бас тарта алмайтын.

Төртінші түрінде көп еркек бір әйелге баратын. Әйел келгендердің ешқайсын кері қайтармайтын. Бұлар жезөкше әйелдер еді. Олар кімнің келгісі келсе де, кіре алатынының белгісі ретінде есіктеріне жалау ілетін. Солардың бірі жүкті болып, босанса, әлгі еркектердің бәрін жинап, адам ұқсастығына қарап тек анықтайтын білгірлерді шақыратын. Олар баланы өздері әкесі деп тапқан адамның тегіне қосатын. Содан бала сол адамның ұлы атанып, ол әкеліктен бас тарта алмайтын.

Мұхаммед (с.а.с.) ақиқатпен жіберілгенде, жаһилияттағы некенің барлық түрін жойып, жұрттың бүгін ұстанған некесін ғана қалдырды”».1

Түсіндірме

1. Хадистің мазмұны айқын. Тек «қафа» деп аталған білгірлерге тоқтала кетейік. Олар адам бойындағы ұқсастық белгілеріне қарап, баланың тегін анықтаған. Ибн әл-Асир «ән-Ниһаяда» олардың ізге қарап, оның иесін табатынын және адамның әкесіне не бауырына ұқсайтын тұстарын анықтайтынын жазады. «Қафа» – «қаиф» сөзінің көпше түрі. Ізден адамның кім екенін және ұқсастығынан оның тегін аңғару жаһилият дәуірінде қалыптасқан машық болған.

2. Ғалымдар өзге риуаяттарды да ескеріп, жаһилият дәуіріндегі некелерге бадал, хидн және мұтға некелерін қосқан. Сонда неке түрінің жалпы саны жетеуге жетеді.

Бүгінде осындай қатынастардың кейбірі ұшырасады. Ислам оларды зина санайды. Ел ішінде уақытша некені заңды неке ретінде танытуға, оның ішінде «азаматтық неке» деген атпен таратуға тырысатындар бар. Әсіресе діндар, білім іздеген жастарға осындай ойды сіңіруге ұмтылғандықтан, бұл мәселеге кеңірек тоқталамыз. Төменде діндар жастарымызды ескерту үшін 1991 жылдың жазында осы тақырыпта жазған мақаламыздың маңызды бөліктерін аздаған түзетумен ұсынамыз.

  1. 1Бұхари, «Неке», 36 (5127); Әбу Дәуіт, «Талақ», 33 (2272).