Хадис

Әһл-сүннет пен шиғаның уақытша некеге көзқарасы: Құран, сүннет және ғалымдар пікірі. Оқырман назарына

Кутуб ситтә, 12-том, 908-тарау · 9 хадис · № 5652–5660

НЕКЕ БӨЛІМІ

Хадистер

1. Кітаптағы түсіндірмелер әдетте ықшам. Алайда уақытша неке жайында діндар жастарды жаңылыстыру әрекеттері көбейгендіктен, бұл мәселеге кеңірек тоқталуды жөн көрдік. Оқырманның көкейінде тууы мүмкін сұрақтарға жауап беру үшін негізгі тақырыпқа жанама қатысты деректерді де келтірдік. Мәселенің қысқаша мазмұны төменде «Уақытша неке жайында қысқаша мазмұндама» деген тақырыппен берілді. Кейінгі бөлімдерде осы мазмұндамадағы пікірлерді дереккөздерге сүйеніп тарқатамыз.

2. Мәселені сүнни және шиғаның дереккөздері бойынша қарастырдық. Шиға дереккөздеріндегі көзқарасты «Шиға дереккөздеріндегі уақытша неке» деген бөлімде жеке талдадық. Келтірілген пікірлер мен дәйексөздердің қайдан алынғаны тақырып соңындағы сілтемелерде көрсетілді. Пайдаланылған еңбектер де таныстырылды. Шиға дереккөздері жеке берілді.

Уақытша неке жайында қысқаша мазмұндама

Бүгінде дін ұстанғанымен, оны жеткілікті білмейтін жастардың арасында уақытша некені заңды етіп көрсетіп, оны қабылдатқысы келетіндер бар. Уақытша неке – исламға дейінгі араб қоғамында тараған зина түрлерінің бірі. Алла елшісі (с.а.с.) қоғамды өзгерткенде, әдеттерді біртіндеп түзету жолын ұстанған. Сондықтан уақытша некеге де бірден тыйым салмай, бір кезде рұқсат еткен. Ақырында, Мекке азат етілгенде оған үзілді-кесілді тыйым салып, қияметке дейін харам екенін білдірген.

Алла елшісінің (с.а.с.) тыйымын естімей қалған кейбір сахабалардың арасында уақытша неке ол дүние салғаннан кейін де сирек кездескен. Одан хабардар болған Омар (р.а.) Алла елшісінің тыйымын еске салып, оны жұртқа жариялады. Омардың бұл шешіміне бірде-бір сахаба қарсы шықпаған. Сөйтіп, алғашқы буын ғалымдары уақытша некені харам деп бірауыздан ұйғарған.

Автор шиғаның бір тобының Омарға (р.а.) қарсы ұстанымы уақытша некені жай рұқсат етілген амалдан діни міндетке, сенім қағидасына, тіпті өздерін танытатын белгіге айналдыруына ықпал еткенін айтады. Оның бағалауынша, бұл көзқарас дәйекті дәлелден гөрі сезімге берілген жорамалдар мен алдын ала қалыптасқан пайымдарға сүйенген.

Жастар бұл мәселені сенімді дереккөздерге үңіліп бағалауы керек. Өйткені дініміз ер мен әйелдің қарым-қатынасына айрықша мән береді, ал бұл мәселеге немқұрайды қараудың дүниеде де, ақыретте де салдары ауыр.

Некенің мағынасы мен маңызы

Неке – адам өміріндегі маңызды белестердің бірі. Дініміздің оған айрықша мән беруі некенің атқаратын қызметі мен көтеретін мағынасына байланысты. Қай неке адал, қай неке харам екенін Алла белгілеген шариғатқа қарап ажыратамыз.

1. Адал неке адамға Алланың мүлкін Оның үкіміне сай пайдалануға жол ашады. Бүкіл жаратылыс Аллаға тиесілі. Сондықтан ер мен әйелдің арасындағы қатынас та Алла қойған шарттарға сай болуы керек. Дініміз ер мен әйелдің адал етілмеген жыныстық қатынасын «зина» деп атайды1. Зинаға ауыр жаза белгіленуі оның осы дүние мен ақыреттегі салдарының қаншалықты ауыр екенін көрсетеді. Аллаға әрі ақыретке сенген адам неке мәселесіне мұқият қарап, күмәнді жағдайлардан сақтанады.

Кейінірек талданатын аятта адал жарлар мен қол астындағы күңдерден өзгесі харам екені айтылған. Әһл-сүннет ғалымдары осы аятқа сүйеніп, жыныстық қатынасты адал ететін екі негізді атаған:

1. Ерлі-зайыптыларды бір-біріне мұрагер ететін неке.

2. «Милк әл-йәмин», яғни сол замандағы құқық бойынша күңнің иелікте болуы2.

Әһл-сүннет ғалымдары уақытша некені харам деп бірауыздан ұйғарған. Өйткені мұндай некеде ерлі-зайыптылар бір-біріне мұрагер болмайды. Ал шиғаның бірқатар ғалымы жоғарыдағы екі негізге «мұрагерліксіз некені», яғни уақытша некені қосқан3. «Шиға да бір мәзһаб, олай болса олардың ұстанымын қолдана аламыз» деу орынсыз. Әһл-сүннет мәзһабтары арасында пікір алшақтығы бар мәселеде тығырыққа тірелген адам сол пікірлердің бірін ұстана алады. Ғалымдар бірауыздан ұйғарған үкімнен өмірге қатер төнетін зәру жағдайда ғана шегінуге рұқсат етілген. Бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Әйелдермен уақытша некелесу харам. Алланың харам еткенін халал санаған әрі кісі өлтірген адамнан өзге кісіні өлтірген адамнан асқан Алла дұшпанын білмеймін...»4, – деген.

2. Некенің қоғамдық мәні де бар. Екі жастың бас қосуы олардың отбасы мен туған-туысын құдандалы етіп, жақындастырады. Баласын жылдар бойы бағып, өсірген ата-ана үшін оның шаңырақ көтергенін көру – үлкен қуаныш. Құранда күңдермен некелесу жөнінде بِإِذْنِ أَهْلِهِنَّ «қожайындарының алдынан өтіп»5 деген шарт айтылған. Ал Алла елшісі (с.а.с.): «Қамқоршысының рұқсатынсыз тұрмысқа шыққан әйелдің некесі жарамсыз»6, – деген. «Әл-Мухаллада» бұл хадис: «Әйел қамқоршысының рұқсатынсыз тұрмысқа шықпайды. Рұқсатсыз тұрмысқа шықса, некесі жарамсыз, некесі жарамсыз, некесі жарамсыз»7, – деп берілген. Абдурраззақтың «әл-Мусаннафында» Омардың осындай некелерді жарамсыз деп тапқан бірнеше мысалы келтіріледі8. Риуаяттарда қамқоршысыз неке қиюға сахабалардың ішінде Әли (р.а.) ең қатты қарсылық білдіргені9, ал Ибн Аббас (р.а.) қамқоршысының рұқсатынсыз өзіне неке қиған әйелді зинақор санағаны10 айтылады. Омар да әйелдің қамқоршысының, отбасындағы сөзі өтімді бір кісінің не билеушінің рұқсатымен тұрмысқа шығуын талап еткен11. Алла елшісінен жеткен кей хадисте: «Қамқоршы мен екі куәгер болмаса, неке жарамды болмайды»12, – делінген. Бір риуаятта Ибн Аббас некеге қатысатын тараптар қатарында сөз салушыны, қамқоршыны және екі куәгерді атаған13.

Қамқоршының рұқсатымен қиылған неке елге жарияланады. Сол үшін той жасап, даф қағуға, ән айтуға рұқсат берілген14. Кей риуаяттарда екі куәгермен ғана қиылған некенің «жасырын неке» деп танылып, жарамсыз етілгені15 айтылады. Имам Мәлик мұндайда куәгерлерді де, неке қидырғандарды да жазалау керек деген16. Алла елшісінен жеткен бір риуаятта: «Жасырын неке жарамайды. Некеде дафтың үні естілсін не қонақасы әзірленген ошақтың түтіні көрінсін», – делінген. Осы хадисті келтірген имам Мәлик Омар ибн Абдулазиздің Әйюб ибн Шурахбилге: «Қасыңдағыларға неке қиылғанда даф қағуды тапсыр. Өйткені даф некені зинадан айырады»17, – деп хат жолдағанын қосады. Тағы бір хадисте: «Әйел басқа әйелге неке қимайды және өзіне де өзі неке қимайды. Өзіне өзі неке қиған әйел – зинақор»18, – делінген. Әбу Һурайра да «зинақор әйелді» өзіне өзі неке қиған әйел деп түсіндірген19. Имам Мәлик некенің жария болуына айрықша мән берген: ол жария етілсе, куәгер болмаса да жарамды деп санаған20.

Ер мен әйелдің өзара жасырын келісіміне ғана құрылған уақытша некеде осы мақсаттар аяқсыз қалады. Кейін келтірілетін шиғаның дереккөздерінде де мұндай некенің қызға және оның отбасына таңба түсіретіні айтылады. Баласын жылдар бойы мәпелеп өсірген ата-ана қызының өздерінен жасырып уақытша некеге тұрғанын естісе, мұның жүректеріне салатын жарасы аз ба?

Ақылға, ар-ожданға, адамның табиғи болмысына жүгінген жан шариғат мұндай жасырын қатынасты заңды санамайтынына күмәнданбайды.

3. Үйленудегі басты мақсаттардың бірі – ұрпақ жалғастыру. Бұрынғы үлкендер үйлену тойы жаңа шаңырақта дүниеге келетін ұрпақты қарсы алуға арналған деп түсінген. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.): «Үйленіңдер, көбейіңдер. Өзге үмбеттер алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін», – деген сөзімен үндес. Тағы бір риуаятта: «Сүйіспеншілігі мол әрі бала тууға қабілетті әйелдерге үйленіңдер, бала сүйе алмайтын әйелдерге үйленбеңдер», – делінген.

Уақытша некенің көздейтіні – нәпсі қалауына ерік беру. Мұнда некенің ұрпақ жалғастыру, отбасын құру, адамды адамға жақындастыру секілді мақсаттары ескерусіз қалады.

Бұдан ең көп зиян көретін – әйел. Төленген ақының өтеуіне ол ер адамның қалауын қанағаттандыратын жанға айналады. Мұндай қатынас оған жар, ана және мұрагер болудың, сүйеніш пен қамқорлық көрудің кепілдігін бермейді. Бала туған күннің өзінде оның тегіне қатысты мәселе туындауы мүмкін. Ана мен балаға мұнан ауыр қасірет бар ма?

Әлсіз адамның хақы оңай желінеді. Ислам әйелдер мен қорғансыз жандардың хақысын қорғауға мән береді. Некені жұртқа жариялау, кемінде екі куәгер қатыстыру, той жасау, қамқоршының рұқсатын алу, мәһір төлеу және әйелдің нәпақасын қамтамасыз ету сияқты шарттар алдымен әйелдің құқығын қорғауға бағытталған. Олар сақталса, әйелді алдап, оның хақысын жеуге жол берілмейді.

Ал Алланы, Оның елшісін, періштелерді немесе әулиелерді куә етіп, жұрттан жасырып қиылған уақытша неке нені көздейді? Мұндайда діни міндетті орындап жүрмін деп сенген қыздардың аңғалдығы өзгенің нәпсісіне қызмет етеді.

Уақытша неке

«Неке нәпсі қалауын қанағаттандырумен қатар, тек некемен жүзеге асатын өзге мақсаттар үшін адал етілген. Уақытша неке нәпсі қалауын өтейді, бірақ әлгі мақсаттарға жеткізбейді. Сондықтан ол адал неке саналмайды», – дейді Қасани.

«Мұтға» сөзі пайда көру, игілікке кенелу мағынасындағы «тәмәттуғ» сөзімен түбірлес. Мұтға некесі – нақты белгіленген не «пәленше келгенге дейін» дегендей, аяқталатын күні белгісіз мерзімге қиылатын неке. Мұнда әдеттегі некедегі бала сүю, ерлі-зайыптылық жақындық пен мұрагерлік секілді мақсаттар көзделмейді. Тек уақытша пайда көзделетіндіктен, ол «мұтға» деп аталған21. Белгіленген мерзім біткенде мұндай неке талақсыз аяқталады22. Мұнда кәдімгі некедегідей мұрагерлік, нәпақа және ғиддат үкімдері жүрмейді23. Келісілген уақытта әйелмен жақындасудың өтеуіне төленетін ақы ғана белгіленеді.

Уақытша некенің басты белгісі – белгілі бір мерзімге қиылуы. Кәдімгі адал некеде аяқталатын мерзім көрсетілмейді. Ғалымдар мына сұрақты қарастырған: біреу некені мерзімсіз қиып, іштей уақытша болсын деп ниет етсе, үкімі қандай? Әл-Қадидың жеткізуінше, ғалымдар мұндай некені жарамды санаған. Өйткені уақытша неке екі тараптың хабардар болуымен әрі келісімімен белгілі бір мерзімге қиылады. Имам Мәлик іштей мерзім белгілеп некелесуді адамгершілікке сай көрмеген. Әузағи өзгеше пікір білдіріп: «Бұл – мұтға некесі, одан қайыр жоқ», – деген24.

Айнидің айтуынша, мерзімді адам ғұмырынан асырып, мәселен, екі жүз жылға белгілесе, талақсыз ажырау немесе мұрагерлікке жол жабылу сияқты салдарлар туындамайтындықтан, ондай неке жарамды бола ма деген сұрақ қойылған. Ғалымдардың көпшілігі мұндай некеге де рұқсат бермеген.25

Сонымен, шиғаның кейбір ғалымдарын қоспағанда, ислам ғалымдары уақытша некені харам деп бірауыздан ұйғарған26.

Уақытша неке туралы сүннетте не айтылған?

Уақытша некенің фиқһтағы үкімін қысқаша баяндадық. Енді «Сүннетте не айтылған?» дегенде, «Исламда фиқһ пен сүннет бір-бірінен бөлек пе?» деген сұрақ тууы мүмкін.

Фиқһ сүннетке сүйенеді. Ал сүннеттің қамтитын аясы кең: онда Алла елшісінің (с.а.с.) жиырма үш жылдық пайғамбарлық ғұмырындағы сөздері мен істері қамтылған.

Сүннетте бір мәселе жайында әртүрлі сөздер мен әрекеттер кездесе ме? Иә. Сүннетте бір мәселеге қатысты түрлі жағдайларда айтылған сөздер мен жасалған істер жиі кездеседі. Уақытша неке жайындағы риуаяттарды дұрыс түсіну үшін осы ерекшелікке тоқталамыз.

Жағдай мен тыңдаушыға қарай өзгерген үкімдер және олардың біртіндеп орнығуы

Ислам VII ғасырдағы араб қоғамына келді. Ол жұрттың өз сенімі, ғибадаты, салт-дәстүрі мен әдеттері бар еді. Қате ұстанымды дұрыс деп өскен адамды одан айныту үшін, әуелі қатесін ұғындырып, әдетін біртіндеп өзгерту керек. Бір адамның бойына сіңген әдетті өзгерту қиын, ал тұтас қоғамды өзгерту одан да қиын. Автор бұған баспасөз, кітап, радио мен теледидарды кеңінен пайдаланған кеңестік қоғамның өз үлгісіндегі адамды қалыптастыра алмағанын мысал етеді. Ал Алла елшісі (с.а.с.) Раббысының жол көрсетуімен жаһилият қоғамын біртіндеп өзгерте алды. Біртіндеп тәрбиелеу – тыңдаушылардың жағдайын ескеріп, көздеген мақсатқа сатылап жету. Ислам әуелі иман негіздерін үйретіп, содан кейін амал үкімдерін баян етті. Он үш жылдық Мекке кезеңіндегі аяттар негізінен иманды түсіндірді. Иман мәселесінің өзі де сатылап түсіндірілді. Алғашқы сүрелерде Алла, жәннат пен тозақ, ақыреттегі жауапкершілік сөз болды. Пұтқа табыну мәселесі ең алғашқы уахиларда қозғалмағандықтан, меккеліктер Алла елшісін тыңдады, бір бөлігі исламды қабылдады. Пұттардың жалғандығы және пұтқа сенген күйінде өлген ата-бабаларының ақыры айтылғанда, бұрын мазақпен шектелген мүшріктер мұсылмандарды қудалай бастады27.

Ғибадат пен күнделікті қатынасқа, халал мен харамға қатысты үкімдер де біртіндеп келген. Хадис, тәпсір және сира еңбектерінде мұның мысалдары көп. Намаз, ораза, зекет сияқты әр парыздың орнығу тарихы бар28. Ішімдік туралы уахи Меккеде басталып, оны түпкілікті тыйған үкім Алла елшісінің ғұмырының соңына қарай келді. Айша (р.а.) алғашқы сүрелерде иман, қайта тірілу, жәннат пен тозақ туралы айтылып, күнделікті әдетке қатысты тыйымдардың кейін түскенін түсіндіреді: «Әуелден “Ішімдік ішпеңдер!” деген әмір түссе, жұрт “Ішімдікті ешқашан тастамаймыз!” дер еді. “Зина жасамаңдар!” деген әмір түссе, “Зинаны ешқашан тастамаймыз!” дер еді».29

Үкімнің біртіндеп орнығуына бисмилләнің жазылуы да мысал. Ибн Сағдтың риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) әуелде құрайыштар сияқты «Бисмикә Аллаһумма» деп жазған. ارْكَبُوا فِيهَا بِسْمِ اللَّهِ مَجْرَاهَا وَمُرْسَاهَا «Кемеге мініңдер! Оның жүйткіп жүзуі де, тоқтауы да Алланың атымен.»30 деген аят түскен соң, «Бисмиллә» деп жаза бастады. Содан кейін قُلِ ادْعُوا اللَّهَ أَوِ ادْعُوا الرَّحْمَٰنَ أَيًّا مَا تَدْعُوا فَلَهُ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَىٰ «Оларға: “Оған дұға еткендеріңде, қаласаңдар ‘Алла’ деп атаңдар, қаласаңдар ‘Рахман’ деп атаңдар. Қай есімін атап, дұға етсеңдер де, ең көркем есімдер Оған ғана тән!” – деп айт.»31 деген аят түсіп, «Бисмилләһир-рахман» деп жазды. Бұл да إِنَّهُ مِنْ سُلَيْمَانَ وَإِنَّهُ بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَٰنِ الرَّحِيمِ «Сүлейменнен екен және Рахман әрі Рахим Алланың атымен»32 деген аят түскенге дейін жалғасты. Содан бері «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп жазатын болды.33

Бисмиллә үш кезеңде түпкілікті қалпына келгенін көрдік. Ислам бұрынғы әдетті түзеткенде де, жаңа үкімді орнықтырғанда да оңайдан күрделіге, түсінікті нәрседен тереңірек пайымдауды қажет ететін мәселеге біртіндеп көшкен. Бұл қағиданы уақытша неке жайында ғана емес, өзге де мәселелерде ескерген жөн. Кейін келген аят не хадис бұрынғы үкімнің күшін жойса, оны нәсх дейміз. Күші жойылған үкім – мәнсух, ал оны өзгерткен үкім – насих. Кейінгі үкім белгілі болғанда, бұрынғысын негізге алу қате. Мәселен, бұрын бір бағытта жүретін жолдың бағыты кейін өзгерсе, бұрынғы тәртіпке сүйеніп, сол жолмен кері жүруге болмайды. Осы себепті діни үкімдерді түсіндіру мұжтаһид ғалымдарға тапсырылған. Мұжтаһидке қойылатын шарттардың бірі – аяттар мен хадистердің насихы мен мәнсухын білу34.

Уақытша некенің тарихы мен үкімі

Үкімдердің біртіндеп орнығуын ескеріп, енді уақытша некенің тарихын, оған әуелде берілген рұқсатты, кейінгі тыйымды, тыйымның қалай жарияланғанын және шиғаның осы мәселедегі ұстанымын қарастырамыз.

1. Уақытша неке – жаһилият дәуірінен қалған неке

Алла елшісінің (с.а.с.) жары әрі фиқһты терең білген Айша (р.а.) бір риуаятта жаһилият дәуіріндегі төрт неке түрін атаған35. Өзге риуаяттарды қосқанда, ол замандағы некенің түрі жетеуге жетеді36. Соның бірін ислам қабылдаған. Ол некеде қызға сөз салу, қамқоршының рұқсатын алу, мәһір белгілеу, нәпақа беру сияқты шарттар бар. Уақытша неке – жаһилият дәуірінен жалғасып келген өзге неке түрлерінің бірі. Мұның сол дәуірден қалғанына талас жоқ.

2. Алла елшісінің әуелде берген рұқсаты

Алла елшісі (с.а.с.) уақытша некеге бірден тыйым салмаған. Сол себепті кей риуаяттарда оған рұқсат берілгені айтылады. Тыйым жайындағы риуаяттарды елемей, алғашқы рұқсатты ғана негізге алып, исламда уақытша неке адал деген үкім шығару дінге қиянат болады. Рұқсат жайындағы хабарлар Ибн Мәсғуд, Жәбир, Сәләма ибн әл-Әкуағ, Ибн Аббас, Әсма бинт Әбу Бәкір, Мұғауия, Әбу Сағид әл-Худри және Амр ибн Хурайс (р.а.) секілді сахабалардан жеткен. Мұнда екі жайтты ескереміз.

1. Уақытша некеге рұқсат берілгенін жеткізген сахабалардың кейбірінен сол рұқсаттың кейін күші жойылғаны туралы да хабар жеткен.

2. Омар (р.а.) тыйымды жұртқа жария еткенде, бірде-бір сахаба қарсы пікір айтпаған. Сөйтіп, уақытша некенің харам екеніне ортақ ұйғарым қалыптасқан.

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жорыққа шықтық. Жанымызда әйелдер жоқ еді. “Өзімізді піштіруге бола ма?” – деп сұрадық. Ол бұған тыйым салды. Кейін бір киімнің өтеуіне әйелдермен белгілі мерзімге некелесуімізге рұқсат берді». Осы риуаятта Абдулла ибн Мәсғуд мына аятты оқығаны айтылады: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُحَرِّمُوا طَيِّبَاتِ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكُمْ وَلَا تَعْتَدُوا إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ «Уа, иман келтіргендер! Алланың сендер үшін адал еткен нығметтерін өздеріңе харам қылмаңдар және шектен шықпаңдар. Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді.»37 38 Мүслимде келген басқа нұсқада аятты Ибн Мәсғудтың өзі оқығаны анық айтылмаған. Демек, оны кейінгі рауилердің бірі оқыған болуы мүмкін. Бұл риуаяттан Ибн Мәсғудтың әуелде уақытша некеге рұқсат бергені аңғарылады. Ол бұл хабарды тыйымды естігенге дейін жеткізген болуы ықтимал39. Бәйһақи оның: «Уақытша некенің күші жойылды. Оны исламдағы талақ, мәһір, ғиддат және мұрагерлік үкімдері жойды»40, – дегенін келтіреді. Ал кей риуаятта Ибн Аббас (р.а.) уақытша некеге рұқсат бергенде, Әли (р.а.) оған: «Жаңылысып тұрғанға ұқсайсың. Алла елшісі (с.а.с.) әйелдермен уақытша некелесуге тыйым салды»41, – деп қарсы шыққан. Бәйһақидің бір риуаяты бойынша, Ибн Аббастың пәтуасына ілім иелері де қарсы шыққан. Біраз уақыт өз пікірінен қайтпаған Ибн Аббастың бұл ұстанымы кей ақындардың өлеңіне де арқау болған42. Ақырында Ибн Аббас райынан қайтқан. Тирмизи: «Алла елшісінің уақытша некені харам еткенін естігенде, ол пәтуасынан бас тартты»43, – дейді. Мұны хадис түсіндірушілері уақытша некеге рұқсат берген сахабалардың әуелде тыйымнан бейхабар болғанына дәлел еткен44. Ибн Аббас тыйымды білген соң: «Ол өлексе мен доңыздың еті сияқты харам»45, – деген.

Ибн Аббастың (р.а.) белгілі пәтуасын Хаттаби Сағид ибн Жубәйрден жеткізген. Сағид Ибн Аббастан: «Не істегеніңді, неге пәтуа бергеніңді білесің бе?» – деп сұрап, пәтуаны жұрттың қалай теріс пайдаланып жүргенін көрсететін өлеңді оқиды. Өлеңді тыңдаған Ибн Аббас: «إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ “Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға тиесіліміз және түбінде Оған қайтамыз”46. Аллаға ант етемін, пәтуаны ондай мақсатпен бергенім жоқ. Мұндай ой басыма да келмеген. Мен уақытша некеге Алла өлексе, қан және доңыз етін адал еткен зәру жағдайда ғана рұқсат бердім. Уақытша неке де өлексе, қан және доңыз еті сияқты харам», – дейді.

Осы риуаятты келтірген Хаттаби одан «Зәру жағдайда өлексе, қан және доңыз етін тұтынуға рұқсат берілгені сияқты, уақытша некеге де рұқсат беріледі» деген үкім шығаруға болмайтынын айтады. Ол мұның екі себебін көрсетеді.

1) Бұл – анық мәтінге сүйенбей, қияс арқылы шығарылған үкім болар еді. Алла елшісінен (с.а.с.) ашық үкім келген жерде қиясқа жүгінбейді. Уақытша некеге тыйым салған анық мәтін бар.

2) Уақытша некеге мұқтаждықты ашығумен салыстырудың өзі қате. Азық таппаған адамның өміріне қатер төнеді. Оған ажалдан аман қалу үшін харам асты жеуге рұқсат етілген. Ал уақытша неке нәпсі қалауына қатысты, одан адамның өміріне қатер төнбейді. Нәпсіге сабыр етуге болады, ораза арқылы да оны тыюға болады. Сондықтан аштық пен нәпсі қалауынан туған қажеттіліктің үкімі екі түрлі47.

Біздіңше, Ибн Аббас бұл пәтуаны ұзақ сапар, мұқтаждық не кедейлік себепті қиясқа жүгініп берген жоқ. Ол анық мәтін бар жерде қияс қолданылмайтынын жақсы білген. Ғалымдардың ортақ пікірінше, ол пәтуаны осы мәселедегі тыйымды білмей тұрғанда берген. «Ибн Аббас секілді ірі сахаба бір хадисті естімей қалуы мүмкін бе?» деген сұрақ тууы мүмкін. Мұндай жағдай Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) сияқты алғашқы сахабалардың да басынан өткен. Кейін оған мысал келтіреміз.

Ибн Аббастың (р.а.) тыйым жайындағы хадистерді естігеннен кейін айтқаны байқалатын бір риуаятында: «Исламның алғашқы кезінде уақытша некеге рұқсат етілді. Бір кісі сауда тауарымен48 ешкімді танымайтын елді мекенге барса, сонда қанша уақыт қаламын деп шамаласа, сонша мерзімге бір әйелмен некелесетін. Әйел сол уақыт ішінде оның дүние-мүлкін сақтап, шаруасын реттейтін. إِلَّا عَلَىٰ أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ “Алайда адал жарлары мен иеліктеріндегі күңдерінің жөні бөлек. Расында, олар жазғырылмайды.”49 деген аят түскенге дейін осылай болған», – делінген. Ибн Аббас сөзін: «Осы екеуінен басқасымен жыныстық қатынасқа түсу харам»50, – деп жалғаған. Оның бұл аятқа сүйеніп, уақытша некедегі әйелді адал жар деп есептемегені айтылады51.

Риуаяттарда Ибн Аббастың осы пікірге келмей тұрып, уақытша некеге қатаң қарсы шыққан Абдулла ибн Зубәйрмен сөз таластырғаны айтылады. Абдулла құтбасында оған қарсы сөйлегенде, Ибн Аббас: «Менің өтірік айтқан-айтпағанымды анаңнан сұра», – дейді. Мәселені анасы Әсма бинт Әбу Бәкірге айтқанда, ол Алла елшісінің тұсында мұндай некеге рұқсат етілгенін растайды. Риуаяттың жалғасында Ибн Аббастың: «Уақытша некеден туған құрайыштардың аттарын атай аламын»52, – дегені айтылады. Ибн Хажар осыны: «Бірқатар имам уақытша некені мұбах санаған осы пікірде Ибн Аббастың жалғыз қалғанын анық айтады. Бұл – көпке мәлім, ортақ ұстанымнан өзгеше сирек пікірдің бірі»53, – деп түйіндейді.

Фахреддин әр-Рази Ибн Аббастан бұл жөнінде үш пікір жеткенін айтады: мұтғаға жалпы рұқсат етіледі, оған зәру жағдайда ғана рұқсат етіледі және оның рұқсат үкімі жойылған54. Сондықтан тыйымды естімей тұрып берген алғашқы пәтуасын негізге алып, Ибн Аббасты уақытша некені жақтаған адам етіп көрсету оның сөзін бұрмалау болады.

Ибн Аббас пен Абдулла ибн Зубәйрдің екі мұтға, яғни тәмәттуғ қажылығы мен уақытша неке жөнінде таласқаны Жәбирге (р.а.) жеткенде, ол: «Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде екеуін де жасадық. Кейін Омар екеуіне де тыйым салды. Содан кейін оларға қайта оралмадық»55, – деген. Тағы бір риуаятта Жәбир: «Алла елшісі мен Әбу Бәкірдің тұсында бір уыс құрма не ұн беріп, бірнеше күнге уақытша некелесетінбіз. Бұл Омардың Амр ибн Хурайс оқиғасынан кейін оған тыйым салғанына дейін жалғасты»56, – дейді. Әбу Сағид әл-Худриден жеткен хабарда бір тостаған қуырылған дән ұны берілгені айтылады57. Тахауи Жәбир сияқты сахабалардың Омар тыйымды жариялағанша мұндай некені жалғастырғанын Алла елшісінің тыйымын әлі естімегенімен түсіндіреді58.

Рұқсат жайындағы хабарды жеткізген Жәбирдің өзі кейін тыйым салынғанын да ашық айтады. Ибн Хажар: «Жәбирдің “уақытша некелесетінбіз” деген сөзі барлық сахабаға қатысты болса, “содан кейін оған қайта оралмадық” деген сөзі де барлығына қатысты. Демек, уақытша некеден бас тарту жөнінде ортақ ұйғарым қалыптасты», – деген59.

Жәбирдің Әбу Бәкір Сыддық тұсында да уақытша неке жалғаса бергені туралы сөзін Ибн әл-Араби былай түсіндірген: «Әбу Бәкірдің тұсында ел діннен шығу бүлігімен күресіп, шариғат үкімдерін таратуға уақыт таба алмады. Бүлік басылып, халифа мен мұсылмандар бұл ауыртпалықтан арылған соң, әуелі діннің негізгі мәселелерін реттеп, кейін жеке үкімдерге көңіл бөлді. Солардың қатарында уақытша некеге салынған белгілі тыйымды да қолданысқа енгізді. Мұғауия мен Амр ибн Хурайстың ісі бірінші болып Омардың назарын аударды. Алла елшісінің тыйымынан бейхабар әлгі екеуі әйелдермен уақытша некелескен еді. Омар оларға мұны істеуге тыйым салды»60.

Сәләма ибн әл-Әкуағтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Әйел мен ер адам өзара келіссе, бірге болатын мерзімі – үш түн. Қаласа, мерзімді ұзартады, қаласа, айырылады», – деген. Сәләма: «Бұл рұқсат тек бізге, сахабаларға, берілді ме, әлде барлық адамға қатысты ма, білмеймін», – дейді. Осы риуаяттан кейін Бұхари: «Әли мұның мәнін ашып берді: уақытша неке үкімінің күші жойылған», – деп қосады61.

Сәләма бұл хадисте жалпыға бірдей рұқсат айтпаған. Өзінің кейінгі тыйымды білмегені аңғарылады. Бұхари Әлидің сөзін қосу арқылы Сәләманың күмәнін сейілтіп, өзінің де ұстанымын білдірген.

3. Уақытша некеге берілген рұқсаттың күшін жою

Әуелгі рұқсат пен кейінгі тыйым анық айтылған риуаяттар көбіне Сәбра ибн Мағбад әл-Жуһаниден (р.а.) жеткен. Мүслим оның хадисін тоғыз түрлі иснадпен келтіреді. Үкімі мен мағынасы ортақ болғанымен, кей нұсқада қосымша дерек бар. Бірқатарында Сәбра өзінің де уақытша некелескенін айтады62. Тағы бір риуаятта ол: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, адамдар! Мен сендерге әйелдермен уақытша некелесуге рұқсат берген едім. Енді Алла оны қиямет күніне дейін харам етті. Араларыңнан біреу осындай некеде болса, әйелді босатсын. Оларға бергендеріңнен ештеңе қайтарып алмаңдар”63, – деді», – деп жеткізеді. Басқа нұсқада Сәбра: «Содан кейін Алла елшісі уақытша некеге қатаң тыйым салып, ол жайында ауыр сөздер айтты»64, – дейді. Бұл риуаят бұрынғы рұқсаттың күші жойылғанын анық көрсетеді.

Әлиден (р.а.) де уақытша некеге тыйым салынғаны туралы риуаяттар жеткен. Мүслим келтірген бір нұсқада: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар алынған күні уақытша некеге және үй есегінің етін жеуге тыйым салды»65, – делінген. Тағы бір нұсқада Әли бұл мәселеде кеңшілік танытқан Ибн Аббасқа: «Асықпа, Ибн Аббас. Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар күні уақытша некеге де, үй есегінің етін жеуге де тыйым салды»66, – деген. Бәйһақи жеткізген бір риуаятта Әли уақытша некеге әуелде белгілі шартпен рұқсат берілгенін, кейін неке, талақ, ғиддат және ерлі-зайыптылардың мұрагерлігі туралы үкімдер түскенде оның күші толық жойылғанын айтқан67.

Мекке алынған кезде уақытша некеге тыйым салынғанын сахих риуаяттар растаса, Әли неге Хайбарда салынған тыйымды ғана айтқан? Бұл сұраққа Әлидің үш күнге ғана берілген қысқа рұқсатты естімеген болуы ықтимал деген жауап берілген68.

Ибн Хазм Әлиден келген хабарларды былай бағалаған: «Бұл мәселе жайындағы хадис Әлиден бірнеше жолмен сахих жеткен. Куфалықтар оны жоққа шығаруға келмейтіндей көпшілікке мәлім, санап түгесу қиын бірнеше жолмен риуаят еткен»69.

Уақытша некеге қай уақытта, қай жерде тыйым салынды?

Алла елшісінің (с.а.с.) уақытша некеге тыйымды қай жерде, қай уақытта салғаны риуаяттарда әртүрлі беріледі. Алты оқиға аталады.

1) Сәбра ибн Мағбадтан жеткен риуаяттарда тыйым Мекке азат етілген кезде салынған70.

2) Әлиден жеткен риуаяттарда тыйым Хайбар алынған кезде салынған71.

3) Сәләма ибн әл-Әкуағтың риуаятында Әутас жорығы кезінде үш күнге рұқсат беріліп, артынша тыйым салынған72.

4) Хасан Басридің бір мүрсәл риуаятында уақытша неке тек қаза ұмрасы кезінде болғаны, оған дейін де, одан кейін де тыйым салынғаны айтылады. Бұл риуаят екі себеппен қабылданбаған.

a) Риуаят мүрсәл, яғни Хасан Басри оны қай сахабадан алғанын атамаған. Оның мұндай хабарлары әлсіз саналған, өйткені кейбірін жеткізушіні жеткілікті тексермей қабылдаған73.

ә) Бұл хабар уақытша некенің Хайбар сапарында харам етілгенін көрсететін сахих риуаяттарға қайшы74. Ибн Хажар: «Бұл риуаятты рас деп алсақ, Хасан Басри қаза ұмрасы деп Хайбар сапарын меңзеген болуы ықтимал. Екеуі бір жылы болған. Меккенің алынуы мен Әутас жорығы да бір жылы өткен»75, – деп түсіндірген.

5) Әбу Һурайрадан жеткен бір риуаят бойынша, уақытша неке Тәбук сапарында харам етілген76. Бұл хабар тыйымның Мекке немесе Хайбар алынған кезде салынғанын баяндайтын сахих риуаяттарға қайшы. Хадис ғалымдары оның жеткізілу жолын өте әлсіз деп таныған.

6) Әбу Дәуіт Сәбра ибн Мағбадтан уақытша некенің Қоштасу қажылығында харам етілгені туралы хабар келтіреді77. Ал Сәбрадан жеткен өзге нұсқаларда тыйым Мекке алынғанда салынған делінеді. Олар кеңірек мәлім әрі сахихтығы басым. Хадис түсіндірушілерінің пайымдауынша, Қоштасу қажылығы туралы риуаят расталса, Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде жариялаған тыйымды қажылықта қайталаған болуы мүмкін. Қажылыққа бұған дейін кей үкімді естімеген көптеген мұсылман жиналған. Алла елшісі осы мүмкіндікті пайдаланып, діннің маңызды үкімдерін жұртқа қайта жеткізген78.

Тыйымның қай уақытта салынғаны туралы хабарлардың әртүрлі келуі ғалымдарды бірнеше түсіндірме ұсынуға жетелеген.

• Мауарди уақытша некеге тыйымның қай жерде салынғаны жөнінде екі пікір келтіреді.

1) Тыйым оны естімегендер де біліп, елге кең тарауы үшін қайталанған. Өйткені әр сапарға алдыңғы сапарға қатыспағандар да шыққан.

2) Уақытша некеге бірнеше рет рұқсат беріліп, кейін тыйым салынған болуы мүмкін. Түпкілікті тыйымда «қияметке дейін харам» делінуі де содан. Бұл сөз бұрынғы тыйымдардан кейін қайта рұқсат берілуі мүмкін болғанын, ал соңғы тыйымнан кейін рұқсаттың қайтып берілмейтінін білдіреді.

Осы екі түсіндірменің екіншісі негізге алынған79.

• Нәуәуидің пікірінше, уақытша некеге екі рет рұқсат беріліп, екі рет тыйым салынған. Ол Мүслимге жазған түсіндірмесінде тарауды «Уақытша некеге әуелде рұқсат беріліп, кейін оның күші жойылғаны, содан соң қайта рұқсат беріліп, түбінде қияметке дейін харам етілгені»80 деп атаған. Осы тарауда әл-Қадидың түсіндірмесін толық келтіріп, содан кейін өз пікірін айтқан.

Нәуәуи былай дейді: «Дұрыс пікір бойынша, уақытша некеге екі рет рұқсат беріліп, екі рет тыйым салынған. Ол Хайбарға дейін адал еді, Хайбар күні харам етілді. Мекке алынғанда қайта рұқсат берілді. Әутас күні де сол кезеңге жатады, өйткені екі оқиға бір-біріне өте жақын. Үш күн өткен соң, оған қияметке дейін тыйым салынды. Сондықтан “рұқсат Хайбарға дейін ғана болды, түпкілікті тыйым Хайбар күні салынды, ал Мекке алынғанда бұрынғы тыйым қайталанды, онда әуелі рұқсат берілген жоқ” деуге болмайды. Өйткені Мүслимдегі Мекке алынған кезде рұқсат етілгенін айтатын риуаяттар бұл жайды анық жеткізеді. Рұқсаттың қайталануына бөгет болатын негіз де жоқ»81.

• Мәзири тыйымның уақыты жайындағы түрлі риуаятты былай түсіндіреді: «Исламның алғашқы кезінде уақытша некеге рұқсат берілген. Кейін Мүслим жеткізген сахих хадистерден оның күші жойылғанын білеміз. Ғалымдар оның харам екеніне бірауыздан келіскен. Бұған қарсы топ бастапқы рұқсат жайындағы хадистерге сүйенеді. Олардың күші жойылғандықтан, олар уақытша некеге рұқсаттың дәлелі бола алмайды». Мәзири уақытша некені құптағандардың فَمَا اسْتَمْتَعْتُمْ بِهِ مِنْهُنَّ فَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ فَرِيضَةً «Ендеше, аталмыш әйелдермен көңіл қосып, қызығын көргілерің келсе, ақыларын беріңдер, бұл сендер үшін парыз.»82 деген аятқа да жүгінгенін айтады. Олар осы аяттың Ибн Мәсғудқа телінетін оқылуындағы «белгілі бір мерзімге дейін» деген қосымшаға сүйенген. Мәзиридің айтуынша, бұл – шәз қырағат. Шәз қырағатпен Құран мәтіні бекітілмейді, дерек сенімді саналмайды және оның үкіміне амал жасалмайды. Ол ойын былай жалғаған: «Сахих Мүслимде бұл жайында әртүрлі риуаят бар. Кей адам оларды бір-біріне қайшы көріп, хадистердің сахихтығына күмән келтіруі мүмкін. Алайда Алла елшісінің (с.а.с.) екі бөлек уақытта тыйым салғаны рас болса, қайшылық жоқ. Екінші тыйым алғашқысын бекіту немесе оны естімегендерге жеткізу үшін айтылған. Кей рауи алғашқы тыйымды, ал кейбірі екіншісін естіген. Әркім естігенін жеткізіп, естіген уақытын атаған».83

• Зурқани «әл-Истизкарға» сілтеме жасап, Ибн Мәсғуд пен Әлиден (р.а.) мына хабар жеткенін айтады: уақытша некені адал санайтындар сүйенген аяттың үкімі талақ, ғиддат және мұрагерлік үкімдері келгенде жойылған84. Бұл риуаятты Бәйһақидің «әс-Сунанынан» тауып, жоғарыда уақытша некеге берілген рұқсаттың қалай жойылғанын баяндағанда келтірдік. Әбу Һурайра бұл хабарды мәрфуғ, яғни Алла елшісінің сөзі ретінде жеткізген85.

• Әбу Бәкір ибн әл-Арабидің түсіндірмесі Нәуәуидің пікіріне жақын. Ол уақытша некеге екі рет тыйым салынған деп пайымдайды: «Алла Тағала исламның алғашқы кезінде бұл мәселені қозғамады. Сол себепті жұрт бұрынғы әдетін жалғастыра берді. Кейін Хайбар жорығында оған тыйым салынды. Мұны Әлидің анық әрі сахих риуаяты растайды»86.

• Қуртуби: «Барлық риуаят уақытша некеге рұқсат берілген кезеңнің қысқа болғанын көрсетеді. Ол кейін харам етілген. Алғашқы да, кейінгі де ғалымдар оның харам екеніне бірауыздан келіскен. Рафизилердің кейбірі ғана қарсы пікір айтқан», – деген87.

• Заһири ғалымы Ибн Хазм: «Белгілі бір мерзімге қиылатын уақытша некеге рұқсат жоқ. Ол Алла елшісінің тұсында бір кезде адал еді. Кейін Алла Тағала Пайғамбары арқылы сол рұқсаттың күшін жойды. Уақытша неке қияметке дейін харам», – деген88.

• Әл-Хазими «Китаб әл-Иғтибарда» уақытша некеге тек сапар кезінде рұқсат етілгеніне назар аударған.

a) Исламның алғашқы кезеңінде бұл неке сапарға шыққандарға рұқсат етілген. Рұқсат туралы риуаяттардың ешқайсысында ол сапарда болмағандарға берілді деп айтылмайды.

ә) Оған бірнеше рет тыйым салынып, бірнеше рет рұқсат берілген. Алла елшісі (с.а.с.) ғұмырының соңында, Қоштасу қажылығында түпкілікті тыйым салған. Бұл үкім бұрынғы тыйымды қайталап қана қойған жоқ, оның мәңгілік екенін бекітті.

б) Мәзһаб имамдары да, өзге фиқһ ғалымдары да қазір мұндай некені мұбах деп санамайды. Шиғаның бір тобы ғана оны адал көреді89.

• Айни де әл-Хазимидің пікірін қайталаған90.

Тахауи уақытша неке жайындағы риуаяттарды былай түйіндейді: оған рұқсат бергендер сүйенген хабарлар дұрыс, бірақ олардағы үкімнің күші жойылған. Өйткені уақытша некеге Алла елшісінің (с.а.с.) өзі тыйым салған. Оның рұқсаты жайындағы хабарлар тыйымға дейінгі кезеңге жатады. Тыйымнан кейін мұндай неке харам болды. Мұның айқын дәлелі – Сәбра ибн Мағбадтың риуаяты. Әртүрлі жолмен жеткен осы хадис бастапқы рұқсатты да, кейінгі тыйымды да анық жеткізеді91.

4. Уақытша некеге тыйым салған риуаяттар

Осыған дейін тыйымға дейінгі рұқсатты да, одан кейінгі тыйымды да жеткізген хабарларды келтірдік. Енді тыйым анық айтылған және оны бұзған адамға қатаң ескерту жасалған риуаяттарға тоқталамыз.

Әбу Һурайрадан жеткен бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Талақ, ғиддат және мұрагерлік үкімдері уақытша некені харам етті», – деген92.

Әбу Зәрр (р.а.): «Екі мұтға, яғни тәмәттуғ қажылығы мен уақытша неке, тек бізге, сахабаларға, рұқсат етілді»93, – деген. Бәйһақи келтірген нұсқада: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге, сахабаларға, әйелдермен уақытша некелесуге үш күн ғана рұқсат берді, артынша оған тыйым салды»94, – делінген.

Бір адам Абдулла ибн Омардан (р.а.) уақытша неке жайында сұрады. Ол «Харам» дегенде, сұраушы Ибн Аббасты меңзеп95: «Бірақ пәленше оған рұқсат берген», – деді. Ибн Омар: «Аллаға ант етемін, Алла елшісінің (с.а.с.) Хайбар жорығында оған тыйым салғанын жұрттың бәрі біледі. Енді біз зинаға бармаймыз», – деп жауап берді96. Өзге бір риуаятта ол Ибн Аббастың рұқсат бергенін естігенде: «Субханалла! Ибн Аббас мұндай пәтуа береді деп ойламаппын», – дейді. Қасындағылар хабарды растаған соң: «Алла елшісі тірі кезінде Ибн Аббас әлі бала еді. Алла елшісі кейін бұған тыйым салды. Енді біз зинаға бармаймыз»97, – деген. Тағы бір риуаятта Ибн Омар: «Ер адамға ислам шартымен некелескен әйел ғана адал. Мұндай некеде мәһір бар, екеуі бір-біріне мұрагер болады. Әйелді белгілі мерзімге алуға болмайды. Некелескен соң ол оның жары болады. Бірі қайтыс болса, екіншісі мұрагер болады»98, – деген.

Абдулла ибн Зубәйр (р.а.) уақытша некеге қатаң қарсы шыққан. Мүслимнің риуаяты бойынша, ол құтбасында уақытша некеге рұқсат берген кісіге99 қарата: «Алла кей адамдардың көзін көр етпегені секілді, жүрегін де соқыр еткен екен. Уақытша некеге рұқсат беріп жүр!» – дейді. Әлгі кісі: «Сөзің тым өрескел. Өміріммен ант етемін, уақытша неке тақуалардың имамы болған Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында жасалған», – деп жауап береді. Ибн Зубәйр: «Олай болса, өзің жасап көр. Аллаға ант етемін, жасасаң, сені таспен атып жазалаймын»100, – дейді. Ғалымдар оның бұл қатаң ұстанымын уақытша некеге берілген рұқсаттың күші жойылғанын естігенімен, тыйымға шүбәсіз сенгенімен түсіндіреді101. Оқиғаның нақты уақыты риуаятта көрсетілмеген.

5. Омардың уақытша некеге салынған тыйымды жариялауы

Алдыңғы риуаяттарда Омардың (р.а.) уақытша некеге тыйымды жариялағаны және кей сахабалардың Алла елшісінің (с.а.с.) тыйымын сол кезде естігені айтылды. Жәбир мен Әбу Сағидтен жеткен хабар бойынша, бұл Омар халифалығының орта шенінде болған. Оған дейін мұндай некеге тұрғандар болған102. Сол кезде Куфаға келген Амр ибн Хурайс (р.а.) бір күңмен уақытша некелеседі. Әйел жүкті болып, жағдайын Омарға жеткізеді. Халифа бұдан тыйымды әлі естімегендердің барын біліп, оны құтбада жұртқа жария етеді. Ибн Мәжа келтірген риуаятта Омар: «Алла елшісі (с.а.с.) уақытша некеге үш күнге рұқсат берді де, кейін оған тыйым салды. Аллаға ант етемін, некеде болып көрген біреудің уақытша некелескенін естісем, ол Алла елшісінің тыйымнан кейін қайта рұқсат бергеніне төрт куәгер келтірмейінше, оны таспен атып жазалаймын», – деген103. Мәликтің «әл-Муаттасындағы» риуаятта Хаулә бинт Хакимнің Рабиға ибн Үмәйя уақытша некелескен әйелдің жүкті болғанын Омарға жеткізгені айтылады. Омар: «Бұл – уақытша неке. Тыйымды бұған дейін жариялағанымда, оны жасаған адамды таспен атып жазалар едім»104, – деген.

Омар тыйымды Алла елшісінен жеткен хадиске сүйеніп жариялаған

Ғалымдардың түсіндіруінше, Омар (р.а.) уақытша некеге өз ижтиһадымен тыйым салмаған. Ол Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен хадистегі тыйымды қайта жариялаған105. Құтбада: «Адамдарға не болған, Алла елшісінің тыйымына қарамастан, уақытша некелесіп жүр?»106 – деуі де соны көрсетеді. Бұл сөзден осындай оқиғалардың әлі кездесетінін оның сол кезде білгені аңғарылады.

Ғалымдар мұны кей сахабалардың Алла елшісінің (с.а.с.) тыйымын естімегенімен түсіндіреді. Ибн Хазм табиғиндерден Тауыс, Ата және Сағид ибн Жубәйр107 уақытша некеге рұқсат берген деген хабарларды атайды. Олардың да тыйымды білмегені аңғарылады. Табиғиндер сахабалардан кейін ғана өмір сүрген буын деген түсінік жаңсақ: олар Алла елшісін көрмесе де, сахабалардың замандасы болған. Аталған табиғиндердің Омар тыйымды жариялаған соң пәтуа бергені риуаяттарда анық айтылмайды. Сондықтан олар, кей сахабалар секілді, Омар тыйымды жариялағанға дейін оның күшінің жойылғанын білмей пәтуа берген болуы ықтимал.

Уақытша некенің харам екеніне Құраннан келтірілген дәлелдер

Әһл-сүннет ғалымдары уақытша некенің харам екеніне хадистермен бірге Құраннан да дәлел келтірген. Солардың негізгісі – «Мүминун» сүресінің 5–7-аяттары: وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ ۝ إِلَّا عَلَىٰ أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ ۝ فَمَنِ ابْتَغَىٰ وَرَاءَ ذَٰلِكَ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْعَادُونَ «Олар – абиырларын күнә атаулыдан барынша сақтайтындар. Тек адал жарлары мен қоластындағы күңдерінің жөні бөлек. Өйткені олар ол үшін жазғырылмайды. Ал кімде-кім одан ары асуды көксесе, міне, солар нағыз шектен шыққандар.» Бұл аяттарда жыныстық қатынас адал некедегі жарымен немесе сол кездегі құқық бойынша қол астындағы күңімен ғана рұқсат етілгені айтылады. Бұдан әрі асу шектен шығу деп аталған. Жассас бұл аятты уақытша некенің харам екеніне дәлел етіп: «Уақытша некелескен әйел адал жарға да, иеліктегі күңге де жатпайды», – дейді108. Ибн әл-Араби кей ғалымдардың осы аятты уақытша некенің тыйымына дәлел еткенін жеткізген. Ол бұл түсіндірмені әлсіз санағанымен, үмбеттің ортақ ұйғарымына сүйеніп, уақытша некені харам деген109. Сондай-ақ ол Ибн Аббастың (р.а.) да аятта айтылған екі жолдан өзге жыныстық қатынас түрлерінің бәрін харам санағанын жеткізген110.

Бірқатар ғалым осы аятқа сүйеніп, онда аталған екі жағдайдан өзге жолдармен, соның ішінде жануармен жыныстық қатынасқа түсу, өзін-өзі қанағаттандыру және әдейі құмарлықпен қарау арқылы нәпсі қалауына ерік беруді де уақытша неке сияқты харам санаған111.

Ислам ғалымдары уақытша некеге тыйымның тағы бір дәлелі ретінде وَلْيَسْتَعْفِفِ الَّذِينَ لَا يَجِدُونَ نِكَاحًا حَتَّىٰ يُغْنِيَهُمُ اللَّهُ مِنْ فَضْلِهِ «Ал қолының қысқалығынан үйлене алмағандар, Алла Өзінің шексіз шарапатымен оларды қажетті мал-мүлікпен қамтамасыз еткенге дейін, арсыздыққа бармай, арын таза сақтауға тырыссын.»112 деген аятты келтірген. Олардың пікірінше, уақытша некеге рұқсат етілгенде, үйленуге шамасы жетпегендерге арын сақтауға мұндай бұйрық берілмес еді113.

• Осы мәселеге мына аят та дәлел етілген: وَمَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ مِنْكُمْ طَوْلًا أَنْ يَنْكِحَ الْمُحْصَنَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ فَمِنْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ مِنْ فَتَيَاتِكُمُ الْمُؤْمِنَاتِ «Араларыңнан азат мүмін әйелдерді алуға дәулеті жетпегендер иеліктеріңдегі мүмін күңдерге үйлене алады.» Аяттың соңында ذَٰلِكَ لِمَنْ خَشِيَ الْعَنَتَ مِنْكُمْ وَأَنْ تَصْبِرُوا خَيْرٌ لَكُمْ «Күңдерге үйлену араларыңдағы нәпсіге бой алдырып зина жасап қоюдан қорыққандар үшін. Ал егер өздеріңе сенімді болып, сабырлылық танытсаңдар, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ.»114 делінген.

Ғалымдардың түсіндіруінше, уақытша некеге рұқсат етілгенде, зинадан қорқу, күңмен некелесуге мұқтаж болу немесе ондай некеден бас тартып, сабыр етуді құп көру туралы айтылмас еді115.

• Уақытша некені адал санайтын шиғаның кей ғалымдары فَمَا اسْتَمْتَعْتُمْ بِهِ مِنْهُنَّ فَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ فَرِيضَةً «Ендеше, аталмыш әйелдермен көңіл қосып, қызығын көргілерің келсе, ақыларын беріңдер, бұл сендер үшін парыз.»116 деген аятқа сүйенген. Әһл-сүннет ғалымдары бұл сөзді аяттың басы мен жалғасына байланыстыра түсіндірген. Олар аят уақытша некені адал ету үшін түсті деу қате екенін, мұндай риуаят сенімді сүнни дереккөздерде кездеспейтінін және оны Ибн Мәсғудқа немесе өзге сахабаға телуге негіз жоқ екенін айтады. Осы аятқа қатысты екі түсіндірмені келтірейік.

1) Шиғаның кей ғалымдары шығарған бұл үкім Құранның басқа аяттарына қайшы. Олардың біразын жоғарыда келтірдік.

2) Аятты басқа аяттар және хадистермен бірге қарастырғанда, мына үкім шығады: неке кезінде мәһір белгіленіп, ерлі-зайыптылар жақындасқаннан кейін ажырасса, мәһір толық төленеді. Жақындаспай тұрып ажырасса, белгіленген мәһірдің жартысы төленеді.

Аяттағы «ендеше» сөзі бұл сөйлемді алдыңғы оймен байланыстырады. Сондықтан оны алдыңғы бөлігінен үзіп түсіндіру аяттың мағынасын бұрмалайды. Ибн Мәсғудқа телінген إِلَىٰ أَجَلٍ «белгілі бір мерзімге дейін» деген қосымша сенімді сүнни дереккөздерде кездеспейді. Ол күші жойылған қырағат ретінде жетті деп ұйғарғанның өзінде, кең тараған аяттармен бекіген үкімдерге қайшы келетіндіктен, оны негізге алмайды. Тіпті сол қосымшаны қабылдаған күннің өзінде «белгілі бір мерзімге дейін» деген тіркес неке шартына емес, ерлі-зайыптылардың жақындасуына қатысты оқылады. Бұл түсіндірмеде аят некелескен әйелмен жақындасқан жағдайда мәһірін толық беруді бұйырады. Мәһірді толық беру үшін келісілген мерзімнің аяқталуын күту керек деген түсінік осыдан тумайды. Дәстүрде мәһірдің үштен бірі алдын ала беріліп, қалғаны кейінге қалдырылған. Алайда оны кейінге қалдыру әйелдің келісіміне байланысты, міндет емес. Әйел жақындасқаннан кейін мәһірдің бәрін бірден талап ете алады. Келесі аятта азат әйелге үйленуге шамасы жетпеген кісіге күңмен некелесуге рұқсат берілген. Ал алдыңғы аятта уақытша неке меңзелсе, азат әйелмен некелесе алмаған кісіге сол жолды ұсынар еді. Онда күңмен некелесуге неліктен дәл осындай қатаң шарт қойылған деген сұрақ туар еді117.

Екінші түсіндірме басқа аяттарға сүйенетіндіктен, негіздірек. Онда шиғаның кей ғалымдары осы аяттан шығарған тұжырымға да жауап беріледі. Туси «Таһзиб әл-ахкамда» аяттағы «пайдалану» сөзі шариғатта жеке қолданылғанда уақытша некені меңзейді дейді. Сондай-ақ аяттағы «ақыларын беріңдер» дегенді дәлел етіп, кәдімгі некеде берілетін нәрсе «ақы» емес, «мәһір» деп аталатынын айтады118. Қасани бұған аяттың басы мен соңы шариғаттағы кәдімгі неке туралы деп жауап береді. Алла Тағала әуелі некелесуге тыйым салынған әйелдерді атаған. Содан кейін وَأُحِلَّ لَكُمْ مَا وَرَاءَ ذَٰلِكُمْ أَنْ تَبْتَغُوا بِأَمْوَالِكُمْ مُحْصِنِينَ غَيْرَ مُسَافِحِينَ «Ал енді аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен, мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді.» деген. Қасани аяттағы ар тазалығын сақтау мен зинадан тыйылуды некесі жоқ адамның зинаға бармауы деп түсіндіреді. Бұдан кейінгі аятта وَمَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ مِنْكُمْ طَوْلًا أَنْ يَنْكِحَ الْمُحْصَنَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ فَمِنْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ مِنْ فَتَيَاتِكُمُ الْمُؤْمِنَاتِ «Араларыңнан азат мүмін әйелдерді алуға дәулеті жетпегендер иеліктеріңдегі мүмін күңдерге үйлене алады.» деп, уақытша жалдау немесе мұтға туралы емес, некелесу жайында айтылған. Демек, мұндағы «пайдалану» некеде ерлі-зайыптылардың бір-бірімен жақындасуын білдіреді.

Қасани «ақы» сөзінің аятта «мәһір» мағынасында да қолданылатынын көрсетеді. Мәселен, فَانْكِحُوهُنَّ بِإِذْنِ أَهْلِهِنَّ وَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ «қожайындарының алдынан өтіп, мәһірлерін ғұрыпқа сай беру арқылы некелесіңдер.»119 деген аятта арабша «ақы» сөзімен мәһір меңзелген. Сондай-ақ يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِنَّا أَحْلَلْنَا لَكَ أَزْوَاجَكَ اللَّاتِي آتَيْتَ أُجُورَهُنَّ «Уа, ардақты Пайғамбар! Біз саған мәһірін берген әйелдеріңді […] адал еттік»120 деген аятта да «ақы» сөзі мәһір мағынасында келген. Некелесу кезінде белгіленетін төлемді мәһір, ал ерлі-зайыптылар жақындасқаннан кейін берілетін төлемді ақы деп атауға болатынын да түсіндіреді121.

Қасанидың түсіндірмесіне сүйенсек, осы аятты уақытша некеге рұқсаттың дәлелі деп оқуға негіз жоқ122.

6. Ғалымдардың ортақ ұйғарымы

• Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, Омар (р.а.) тыйымды жұртқа жариялағаннан кейін әһл-сүннет ғалымдары уақытша некенің харам екеніне бірауыздан келіскен123.

• Омар тыйымды көптеген сахаба тірі кезінде ашық жариялағанымен, оған сол кезде де, кейін де қарсы шыққан сахаба болмаған. Бұрын рұқсат бергендер өз пікірінен қайтқан. Тахауи: «Сахабалардың қарсы шықпауы олардың тыйым жөнінде Омармен келіскенін көрсетеді. Осы мәселедегі ортақ ұйғарым бұрынғы рұқсаттың күші жойылғанына дәлел», – дейді124.

• Әли (р.а.) уақытша некеге берілген рұқсаттың күші жойылғанын айтқан125.

• Жағфар ибн Мұхаммед уақытша неке жайында сұрағанда: «Бұл – зинаның өзі», – деген126.

• Ибн әл-Мунзир: «Алғашқыда кейбір сахабалар мен табиғиндер уақытша некеге рұқсат берген. Ал қазір рафизилердің бір тобынан басқа оған рұқсат берген ешкімді білмеймін. Алланың кітабы мен Елшісінің сүннетіне қайшы сөздің дәлелдік күші жоқ»127, – деген.

• Имам Мәлик уақытша некені харам санаған128.

• Имам Шафиғи оның рұқсат үкімі екі рет жойылғанын айтқан129.

• Ибн Журайж Басрада уақытша некеге рұқсат берілгені туралы он сегіз хадис жеткізгенімен, кейін пікірінен қайтып, оны харам деп таныған130.

• Бұхари осы тарауды «Алла елшісінің (с.а.с.) ақырында уақытша некеге тыйым салғаны»131 деп атаған. Ибн Хажар бұл атаудан Бұхаридің уақытша некеге әуелде рұқсат беріліп, кейін тыйым салынған деген ұстанымы аңғарылатынын айтқан132.

Уақытша некенің харам екеніне ғалымдар ортақ тоқтаған. Шиғаның бір тобы оны мұбах деп санайды. Исламда ижмағ – шариғат дәлелдерінің бірі. Ортақ ұйғарыммен бекіген үкімді өзгерту құқығы мұжтаһидке де берілмеген.

Уақытша некенің жарамдылығы мен оған белгіленген жаза

Ғалымдар Омар (р.а.) тыйымды жариялағаннан кейін уақытша неке қиылса, оған қандай үкім жүретінін де қарастырған. Нәуәуидің айтуынша, олар мұндай шартты әйелмен жақындасқанға дейін де, одан кейін де жарамсыз санаған. Имам Зуфар ғана: «Мерзім шарты жарамсыз, бірақ неке жарамды», – деген. Яғни ол мерзім шартын алып тастап, некені кәдімгі неке деп есептеген133. Тахауи оған Алла елшісінің (с.а.с.): «Уақытша некелескен әйелді босатыңдар», – деген хадисін дәлел етіп жауап берген. Тахауидің түсіндіруінше, бастапқы келісім некені мерзімсіз жалғастыруды міндеттемейді. Олай болғанда, екі жақ келіскен мерзім шарты жойылар еді. Тыйымға дейін бұл некеге рұқсат берілгендіктен, мерзім шарты сол кездегі келісімді бұзбайды. Хадистегі ажырасу туралы бұйрық уақытша некенің өзінен мерзімсіз некеде қалу құқығы тумайтынын көрсетеді. Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Мұхаммед осылай үкім берген134.

Уақытша некеге тағайындалатын жазаға қатысты ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Мұндай неке жарамсыз әрі харам болғандықтан, зинаға белгіленген хадд жазасы қолданыла ма деген сұрақ туған. Ғалымдар бұған сақтықпен қараған. Ибн Аббас (р.а.) әуелде бұл некеге рұқсат берген, ал алғашқы буын мұжтаһидтерінің біреуі қарсы болса да, ортақ ұйғарым орнықпайды. Кейін Ибн Аббас өз пікірінен қайтып, уақытша некені харам санаған. Алайда фиқһ негіздерін зерттеушілер арасында «пікір алшақтығынан кейін қалыптасқан ижмағ бұрынғы айырмашылықтың күшін жоя ма?» деген сауал талас тудырған. Бір топ ғалым бұрынғы пікір алшақтығы кейінгі ортақ ұйғарымға әсер етпейді десе, көпшілігі оның әсері сақталады деген. Әл-Қади Әбу Бәкір әл-Бақиллани де осы пікірді ұстанған135. Демек, уақытша некеге зина үшін белгіленген хадд жазасын қолдануда күмән бар. Алла елшісінің (с.а.с.): «Күмән болғанда хадд жазасын қолданбаңдар»136, – деген бұйрығы ауыр жаза тағайындауда сақтықты талап етеді. Осыған сүйенген ғалымдар мұндай некеге зинаға белгіленген хадд жазасын тағайындамаған, бірақ қатаң жаза қолдануға болады деген137.

Уақытша некенің адам мен қоғамға зияны

Шаһ Абдулазиз уақытша некенің балаға, отбасыға және қоғамға тигізетін зиянын атап, шариғатқа қайшы салдарларының бірнешеуін көрсетеді.

1) Балалардың қараусыз қалуы. Бір адамның балалары әр мекенде туса және өз қасында болмаса, әкесі оларға тәрбие беріп, нәпақасын тауып, жауапкершілігін атқара алмайды. Мұндайда еш кінәсі жоқ бала әке қамқорлығынан айырылады. Қыз балаға мұның зардабы одан ауыр болуы мүмкін.

2) Туыстардың білмей некелесуі. Әкесі уақытша некелескен әйелмен баласының да уақытша не тұрақты некеге тұруы, немесе керісінше жағдай болуы мүмкін. Сондай-ақ бір адамның өз қызы, немересі, қарындасы немесе жиені екенін білмей, некелесуге тыйым салынған жанмен жақындасу қаупі бар. Уақытша неке сапар үстінде әр мекенде қайталанса, одан туған балалар әкесін де, бір-бірін де танымай өсуі мүмкін. Арада жылдар өтіп, сол өлкеге әкесі, ағасы не ұлы қайта барғанда, өзі білмей жақын туысымен некелесуі ықтимал.

3) Мұраны бөлу қиындығы. Бірнеше рет уақытша некелескен адамның мұрагерлерінің саны, аты-жөні және мекені белгісіз болуы мүмкін. Уақытша некеден туған баланың әкесі мен бауырлары анықталмаса, оның да мұрасын бөлу қиындайды. Мұрагерлердің кім екені және мұра алуға құқығы анықталмайынша, үлестерін белгілеу мүмкін болмайды.

Шаһ Абдулазиз уақытша некенің зияны неке мен мұрагерлік үкімдеріне тікелей тиетінін айтады. Оның түсіндіруінше, Алла Тағала жыныстық қатынасты жарамды неке мен сол кездегі күң иелену құқығы аясында адал еткен. Мұндай шек баланың тегін айқындап, оны қорғауға және мұрагерлерді анықтауға мүмкіндік береді138.

Кей сахабалардың хадистерді кейін естуі

Жоғарыда кейбір ірі сахабалардың уақытша некеге тыйым салынғанын Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде естімегенін айттық. Олардың арасында Ибн Мәсғуд, Әли, Мұғауия және Әсма (р.а.) да аталады. Тыйым Омардың халифалығы кезінде жұртқа кеңінен жарияланды. Сахабалардың мұндай хадисті кейін естігені алғаш қарағанда таңдандыруы мүмкін. Алайда өзге мәселелерде де хадисті кейін білген жағдайлар кездескен.

Әбу Бәкір Сыддық, Омар Фаруқ, Осман Зиннурайн және Әли әл-Мұртаза (р.а.) бастаған сахабалардың кей хадисті Алла елшісі дүние салғаннан кейін естігеніне жинақтарда талай мысал бар. Осы төрт халифа – исламды алғашқы қабылдағандардың әрі Алла елшісіне ең жақын сахабалардың қатарында. Әбу Бәкір – оның бұрыннан келе жатқан досы, һижретте үңгірде де қасында болған серігі. Бұл оқиға Құранда да аталады139. Алла елшісі оған таңертең және кешке, күн сайын екі мәрте соғып тұрған140.

Омар Фаруқ (р.а.) – Алла елшісі (с.а.с.) парасаты мен пікіріне сенім артқан сахаба әрі оның қайын атасы. Омар Алла елшісінің қасында көбірек болып, айтқанын қалт жібермеуге тырысқан. Бұхари жеткізгендей, ол бір ансарлық көршісімен кезектесіп жүретін. Бірі күні бойы Алла елшісінің жанында болса, екіншісі егіншілік жұмысымен айналысатын. Кешке кездескенде, Алла елшісінен көрген-білгенін қасында болғаны екіншісіне жеткізетін. Ертеңінде олар орын алмасатын141.

Әбу Бәкір мен Омардың хадисті көбірек әрі тиянақты үйренуіне екеуінің Алла елшісіне уәзір іспетті жақын болуы142 да мүмкіндік берген. Риуаяттарда Алла елшісінің олармен жиі, кейде таң атқанша ақылдасқаны айтылады143.

Осман (р.а.) да Алла елшісі (с.а.с.) ерекше қадірлеген жақын сахабаларының бірі. Алла елшісінің екі қызын оған кезегімен тұрмысқа бергені олардың туыстығын әрі араларындағы жақындықты көрсетеді.

Әли (р.а.) Алла елшісінің тәрбиесінде өскен, бала кезінде алғаш иман келтірген, оның немере інісі әрі күйеу баласы болған. Әлидің өз айтуынша, ол Алла елшісімен күндіз бір рет, түнде бір рет жеке кездесіп тұрған144.

Алла елшісімен (с.а.с.) осынша жақын болған сахабалардың өзі кей хадистерді ол дүние салғаннан кейін естіген.

Риуаяттарға қарағанда, Әбу Бәкір мен Омар жаңа хадис естігенде, кейде сақтық үшін екінші куәгерді талап еткен, ал Әли хадисті жеткізген адамға ант бергізген.

Әбу Бәкірден (р.а.) немересі қайтыс болғанда әжесіне мұрадан қанша үлес тиетіні сұралды. Бұл жайында Алла елшісінен (с.а.с.) ештеңе естімегенін айтқан ол бесін намазынан кейін жамағаттан: «Араларыңда әженің үлесі жайында Алла елшісінен бір сөз естігендерің бар ма?» – деп сұрады. Мұғира ибн Шуғба орнынан тұрып, Алла елшісінің әжеге мұраның алтыдан бірін белгілегенін айтты. Әбу Бәкір: «Бұған кім куәлік етеді?» – деп сұрағанда, Мұхаммед ибн Мәсләмә Мұғираның сөзін растады. Әбу Бәкір соған сүйеніп үкім шығарды145.

Омар (р.а.) үйге кіруге үш рет рұқсат сұрау туралы хадисті Әбу Мұса әл-Ашғариден алғаш естігенде: «Бұған куәгер әкел, әйтпесе жазаға тартамын», – дейді. Омардың ашуланғанынан өңі қуарып мешітке келген Әбу Мұсадан жұрт: «Саған не болды?» – деп сұрайды. Ол мән-жайды айтқанда: «Мұны бәріміз білеміз. Арамыздағы ең жасы барсын», – деп, Омарға Әбу Сағид әл-Худриді жібереді146. Омар Алла елшісі дүние салғаннан кейін оба жайлаған жерге кірмеу әрі одан шықпау147, мәжусилерге кітап иелерінің үкімін қолдану148 және мешіт салынатын жерді иесі разы болмайынша алмау149 туралы хадистерді де естіген. Мұғира ибн Шуғба жүкті әйелдің түсік тастауына себеп болған адамға Алла елшісінің ер не әйел құл беру туралы үкім шығарғанын жеткізді. Омар куәгер сұрағанда, Мұхаммед ибн Мәсләмә мұны растады150.

Әли (р.а.) былай деген: «Алла елшісінен (с.а.с.) хадис естісем, соған сай амал етіп, Алла нәсіп еткенше пайда алатынмын. Басқа біреу Алла елшісінен хадис жеткізсе, одан ант беруін сұрайтынмын. Ант бергенде ғана оның сөзін растайтынмын. Ал Әбу Бәкір хадис жеткізсе, ант сұрамайтынмын. Өйткені Әбу Бәкір – сыддық, яғни шыншыл еді»151.

Хадис түсіндірушілері жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның және өзге де ірі сахабалардың кей хадисті білмеуі қалыпты екенін, мұның олардың қадірін кемітпейтінін айтады. Ибн Баттал: «Мұндай жағдай Омардың басынан өтсе, өзге сахабалардың басынан өтуі әбден мүмкін», – деген152.

Уақытша некеге салынған тыйымды кей сахабалардың кейін естуі – осындай жағдайлардың бірі. Сахабалар бір мәселе жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) хадис білмесе, бұрынғы біліміне немесе өз ижтиһадына сүйеніп амал еткен. Сол мәселеге қатысты хадисті естігенде, бұрынғы ісін өзгертіп, сүннетке жүгінген. Мәселен, Омар әуелде қол саусақтарының атқаратын қызметі әртүрлі болғандықтан, олардың құны да әртүрлі болсын деген. Саусақтардың құны бірдей екені туралы хадисті естігенде, сол бойынша үкім шығарған153. Ақыл-есінен айырылған адамның жауапкершілігі туралы хадисті естігенде де, бұрынғы шешімінен қайтқан154. Ибн Омар тыйым салынған тағамдар туралы аятқа сүйеніп, тышқанның етін жеуге рұқсат берген еді. Алла елшісі тышқанды жиіркенішті, арам нәрселерге жатқызғанын естігенде, ол да пәтуасынан қайтқан155. Омар уақытша некенің харам етілгенін еске салған кезде, сахабалар қарсы шықпай, тыйымды ұстанған.

7. Шиға дереккөздеріндегі уақытша неке

Бұл бөлімде шиғаның «әл-Истибсар», «Мән лә йахдуруһ әл-фақиһ», «Таһзиб әл-ахкам» және «Фуруғ әл-Кафи» жинақтарына жүгінеміз. Ондағы хабарлар көбіне шиғаның күнәдан пәк санайтын имамдарына телінеді. Атап айтқанда, Әбу Абдулла – Жағфар әс-Садық (һижри 148 жылы дүние салған), Әбу Жағфар – Мұхаммед ибн Әли әл-Бақир (114 жылы), Әбу әл-Хасан – Әли ибн Мұса әр-Риза (203 жылы), ал мүміндердің әмірі – Әли (р.а.). Уақытша неке туралы риуаяттар шиға жинақтарында сүнни жинақтарынан әлдеқайда көп156.

Шиға ғалымдары мұтғаны белгілі бір ақыға, алдын ала белгіленген мерзімге қиылатын неке деп анықтайды157.

Некелескенде мерзім көрсетілуі тиіс. Мерзім көрсетілмесе, кәдімгі некенің үкімдері жүреді: жұбайлар талақ арқылы айырыла алады, бір-біріне мұрагер болады және ғиддат кезінде әйелге нәпақа беріледі158. Шиғада уақытша некеде мұрагерлік әдетте жүрмейді159. Кей ғалымдар оны шартта көрсетсе, ерлі-зайыптылар бір-біріне мұрагер бола алады деген. Ал екінші пікір бойынша, шартта көрсетілсе де, көрсетілмесе де, мұрагерлік жүрмейді. Мұны олар: «Әйел адал жар саналмайды, ақыға жалданған адам деп есептеледі»160, – деп түсіндірген.

Ақы өзара келісіммен белгіленеді. Ол бір уыс құрма, бір уыс бидай, бір дирхам ақша немесе соған ұқсас нәрсе болуы мүмкін161.

Шиғаның дереккөздерінде уақытша некеге куәгер қажет емес, Алла мен періштелердің куә болуы жеткілікті деген пікір бар162. Әһл-сүннет ғалымдары Алла мен Оның елшісін куә етіп қиылған неке жарамсыз деп есептеген. Олардың пайымынша, Алла елшісін осылай куә ету оған ғайыпты білу сипатын телиді әрі قُلْ لَا يَعْلَمُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ «Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі бірде-бір жан ғайыпты білмейді. Ғайыпты бір Алла ғана біледі.»163 деген аятқа қайшы келеді. Олар мұндай сөзді күпірлікке жатқызған164. Шиға ғалымдары кәдімгі некеде куәгер баланың тегін, мұрагерлікті, ал бір риуаят бойынша хадд жазасын айқындау үшін керек деген165. «Алла елшісінің тұсында куәгерсіз неке қиылмаған» деген уәжге Туси: «Бұл – абзал жолдың көрсетілуі. Некені куәгерсіз қиюға да рұқсат»166, – деп жауап берген.

Әһл-сүннет дереккөздерінде Омар тыйымды жариялағанға дейін, Алла елшісінің тыйымын естімей, уақытша некеге тұрған кей сахаба мен табиғиннің болғанын айттық. Олардың уақытша некеге көзқарасын шиға ғалымдарының ұстанымымен салыстырсақ, бірнеше айырма көрінеді.

1. Сүнни дереккөздерінде рұқсат та, тыйым да Алла елшісіне (с.а.с.) телінеді. Шиға жинақтарында Алла елшісінен жеткен хабар аз, көбіне өз имамдарының сөздері негізге алынады. Мәселен, «әл-Истибсарда» бұл мәселе бойынша тікелей Алла елшісіне телінген риуаят жоқтың қасы.

2. Сүнни дереккөздеріндегі рұқсат сапарға қатысты. Тұрғылықты жерінде жүрген адамға рұқсат етілгенін айтатын риуаят жоқ. Шиға жинақтарында сапардағы не тұрғылықты адам, үйленген не бойдақ адам үшін мұндай шарт қойылмайды167. Қуммидегі бір пәтуада: «Адам қаласа, тіпті өз елінде әйелімен бірге тұрып жатса да, уақытша некелесе алады», – делінген168.

3. Шиға жинақтарында бір әйелдің әртүрлі ер адаммен, ал бір ер адамның сол әйелмен қайта-қайта уақытша некелесе алатыны айтылады. Кулайнидегі бір риуаятты жеткізуші Әбу Жағфарға169: «Құрбаныңыз болайын! Бір адам әйелмен уақытша некелесіп, мерзімі біткен соң айырылса, ал әйел кейін басқа біреумен некелесіп, одан да айырылса, бұл үш рет қайталанғаннан кейін алғашқы ерімен қайта некелесе ала ма?» – деп сұрайды. Әбу Жағфар: «Иә, қанша рет қаласа, сонша рет. Бұл әйел азат әйелдің үкімінде емес. Ол ақыға жалданған, күңнің орнындағы адам»170, – деп жауап берген.

Автор шиғаның дереккөздерінде уақытша неке жайындағы кей пәтуалардың бір-біріне қайшы келетінін айтады. Мұндай қайшылықтарға әйелдің отбасылық жағдайы, ар тазалығы және ғиддат ұстауы жөніндегі риуаяттар мысал бола алады.

Кей риуаятта әйелдің күйеуіне адал болуы бұйырылған171, басқа бірінде еркек те, әйел де зинадан тыйылған172. Соған қарамастан уақытша неке жайындағы кей хабарда тұрмыстағы әйелмен де некелесуге кеңшілік танытылады. Әбу Абдулла: «Кәуашиф, дәуағи, бағаиа және зауат әл-азуаждан аулақ болыңдар», – деген. Олардың кім екені сұралғанда, ашық түрде зина жасайтын, елге белгілі әйелдерді кәуашиф, еркектерді өзіне шақырып, азғындығы белгілі болғандарды дәуағи, зинасымен танылғандарды бағаиа, ал сүннетке сай ажыраспаған әйелдерді зауат әл-азуаж деп түсіндірген173. Бұл тізімде тұрмыстағы әйелдер аталмаған. Бір адам уақытша некелеспек әйелдің тұрмыста болуы мүмкін деп күдіктеніп, анықтағанда оның күйеуі бары белгілі болғанын айтып, не істеу керек екенін сұраған. Әбу Абдулла: «Оны неге анықтайсың?»174 – деп жауап берген. Бір хабарда ол әйелдің тұрмыста бар-жоғын сұраудың қажеті жоқ екенін175, бұл жөнінде әйелдің өз сөзіне сену жеткілікті екенін айтқан176.

Екінші жағынан, кей риуаятта уақытша некелесетін әйелдің арлы болуы шарт делінген. Онда көркіне қарамастан, зинақор әйелмен уақытша некелесуге болмайтыны айтылады177. Әбу Абдуллаға бұл туралы сұрақ қойылғанда, ол: «Рұқсат етілген, бірақ арлы әйелмен некелес. Алла мүміндерді сипаттағанда وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ “Олар – абиырларын күнә атаулыдан барынша сақтайтындар.”178 деген. Дирхамыңды сеніп тапсырмайтын жанға арыңды да тапсырма»179, – деп жауап берген.

Шиға жинақтарында осы мәселеге қатысты біркелкі үкім жоқ. Кей риуаятта әйелдің арлы болуымен қатар, иманды болуы да талап етіледі. Өзге риуаяттарда яһуди және христиан әйелдерімен уақытша некелесуге болады, ал мәжуси әйелдермен болмайды делінген. Кей хабарда өзге әйел табылмаса, мәжуси әйелмен де уақытша некелесуге рұқсат берілген180.

Уақытша некеден соң ғиддат ретінде бір етеккір айналымы немесе қырық бес күн, кей пікірде төрт ай он күн181 белгіленген182. Автор мұны алдыңғы кеңшілікпен үйлестіру қиын екенін айтып, тұрмыстағы әйел жасырын некеден кейін ғиддатты қалай өтемек деп сұрайды.

Бір риуаятта уақытша некелесуге болмайтын әйелдер қатарында «зауат әл-азуаж» аталады. Бұл тіркес риуаятта «сүннетке сай ажыраспаған әйелдер» деп түсіндірілген183.

Шиға дереккөздеріндегі ескертулер

Автор шиға жинақтарында күйеуі бар әйелдің де «Алланың кітабы мен Елшісінің сүннеті бойынша» басқа ер адаммен уақытша некелесуіне рұқсат берілгенін сынға алады184. Некені қасиетті санайтын қандай дін немесе адам табиғатына сай қандай көзқарас бұлай үкім бермек? Осы мәселеде Абдулла ибн Үмәйр уақытша некеге рұқсат берген Әбу Жағфардан: «Өз әйелдерің, қыздарың, әпке-қарындастарың және немере қарындастарың уақытша некелессе, мұны құп көрер ме едің?» – деп сұраған. Риуаятта әйелдері мен немере қарындастары аталғанда Әбу Жағфардың теріс бұрылып кеткені айтылады185.

Өзге бір риуаятта Әбу әл-Хасан көмекшілеріне былай деп жазған: «Уақытша некеге әуес болмаңдар, сендерге сүннетті ұстану керек186. Қолдарыңда күңдерің және азат әйелдерің барда уақытша некемен айналыспаңдар. Әйтпесе олар сендерден теріс айналады, алшақтайды, осыған бұйырған адамға қарғыс айтып, бізге де лағынет оқиды»187.

Әбу Абдулладан: «Уақытша некені қойыңдар. Айыпты іс істеуден ұялмайсыңдар ма?» – деген сөз де жеткен.

Кулайни: «Бұл тыйым оның серіктері мен бауырлары арасындағы салиқалы адамдарға қатысты»188, – деп түсіндірген. Автор мұны осы істі таңдаулы кісі үшін айып санап, қарапайым жұртқа кеңшілік беру деп түсінеді. Әһл-сүннет ұстанымында айыпты іс кімге де айып.

Шиғаның уақытша некеге рұқсат беру себептерінің бірі

Автор кей риуаяттардан шиғаның уақытша неке жөніндегі табандылығына сүнни ұстанымына қарсылық та әсер еткенін пайымдайды. Шиға дереккөздерінде де Әлидің (р.а.) Хайбар жорығында уақытша некеге әрі үй есегінің етін жеуге тыйым салынғанын айтқан хабары бар189. Туси оны тақияға жорып190: «Бұл риуаятты тақия деп түсінеміз, өйткені ол көпшілік мәзһабына сай. Ал уақытша некенің адалдығын білдіретін алдыңғы хабарлар Кітаптың ашық мазмұнына және ақиқат жолындағы топтың соларды ұстану туралы ортақ ұйғарымына сай. Сондықтан осы оқшау риуаятпен емес, алдыңғыларымен амал етіледі»191, – деген. Туси «Таһзиб әл-ахкамда» осы пікірін қайталап: «Имамдарымыздың жолы – уақытша некені мұбах санау. Мұны дәлелдеу үшін сөзді созудың қажеті жоқ»192, – деп қосқан.

Әбу Абдулладан: «Мүмін әйелмен уақытша некелеспе, оны қор қыласың», – деген хабар жеткен. Туси мұны былай түсіндіреді: «Бұл – мүрсәл риуаят, жеткізушілер тізбегі үзіліп қалған. Мұндай хабармен сахих риуаятқа қарсы уәж айтылмайды. Хабарды рас деп қабылдасақ та, ондағы сөз текті отбасынан шыққан әйелге қатысты. Онымен уақытша некелесу рұқсат саналғанымен, оның отбасына таңба түсіріп, өзін қор етеді»193.

Кей пәтуада: «Уақытша неке оны білген адамға адал, білмеген адамға харам»194, – делінген. Автор мұны да бұл мәселе бойынша біркелкі өлшемнің жоқтығына мысал етеді.

Әбу Абдулладан: «Алла мас қылатын ішімдіктің бәрін бізге харам етті. Оның өтеуіне уақытша некені адал етті»195, – деген пәтуа да жеткен. Кей риуаятта отбасы үшін айып болатыны себепті, бойжеткен қызбен әкесінің рұқсатынсыз уақытша некеге тұруға болмайтыны айтылады196. Өзге риуаятта қыз не әйел өзі келіссе, басқа адамның рұқсатынсыз да некелесе алады делінген197. Автор осы хабарлардың да бір-біріне қайшы екенін көрсетеді.

Құрайыштық бір адам былай әңгімелейді: «Көке қызымның малы көп еді. Ол маған: “Мені алғысы келетін ер адамдардың көп екенін білесің. Ешқайсысына тұрмысқа шықпадым. Саған да ерге деген құмарлықпен ұсыныс жасап отырған жоқпын. Алла Кітабында уақытша некені адал еткен, Елшісі де сүннетінде оны баян еткен екен. Ал Зуфар оны харам депті. Мен Аршының үстіндегі аса Құдіретті де Ұлы Аллаға әрі Оның елшісіне бойсұнып, Зуфарға қарсы шыққым келеді. Менімен уақытша некелес”, – деп хабар жіберді. Мен: “Әуелі Әбу Жағфармен ақылдасайын”, – дедім. Оған барып, мән-жайды жеткізгенде: “Некелес. Алла екеуіңді де рақымына алсын”, – деп жауап берді»198. Риуаяттағы «Зуфар» атауы Омарды меңзейді.

Автор бұл мысалды Омарға және сүнни ұстанымына қарсылықтың шиға ғалымдарымен қатар, кей қарапайым адамға да тарағанының белгісі деп түсіндіреді. Көптеген ғалым зинаға жатқызған осы әрекетті олар адал санап, тіпті «мүмін уақытша некелеспейінше, кемеліне жетпейді»199 деп, оған сенім қағидасының сипатын берген.

Автор Алла елшісіне (с.а.с.) телінген мына сөзді жалған санайды: «Миғражда Жәбірейіл (а.с.) келіп: “Уа, Мұхаммед! Алла Тағала: ‘Үмбетіңнен уақытша некеге тұрған әйелдерді кешірдім’, – деді”, – деді».200

Автордың пікірінше, Омарға қарсылық уақытша некені құлшылық дәрежесіне көтеруге дейін барған. Салих ибн Уқба айтады: «Әбу Жағфардан: “Уақытша неке үшін сауап бар ма?” – деп сұрадым. Ол: “Кім уақытша некеге Алланың разылығын көздеп, оны жоққа шығаратындарға қарсылық білдіру үшін барса, Алла сол жолда айтқан әр сөзіне сауап жазады. Әйелге қолын созғанында да сауап жазады. Жақындасса, күнәсін кешіреді. Жуынғанда шашынан өткен су мөлшеріндей кешірім етеді”, – деді. “Шашының саны мөлшерінде ме?” – деп қайта сұрадым. Ол: “Иә, шашының саны мөлшерінде”, – деді»201. Әли әс-Сибаи уақытша некені ұятты әрі қайырсыз санап, оған енді бармаймын деп Аллаға ант берген. Бұл туралы Әбу әл-Хасаннан сұрағанда, ол: «Аллаға бойсұнбаймын деп ант еткен екенсің. Аллаға ант етемін, бұны жасап, Оған бойсұнбасаң, қарсы келген боласың»202, – деген.

Ислам ғалымдарының арасында тараған: «Мұндағы мақсат – Әлиді сүю емес, Омарға өштік», – деген сөз ойға оралады. Автордың пайымынша, уақытша неке мәселесінде де осындай қарсылық үкімнің ақиқатын іздеуден басым түскен.

Әбу Жағфарға телінетін тағы бір риуаятта: «Алла нәпсі құмарын он бөлік етіп жаратты. Бәни Һашим мен оларды жақтағандарда тоғыз бөлігі ерлерге, бір бөлігі әйелдерге берілген. Ал Бәни Үмәйя мен оларды жақтағандарда тоғыз бөлігі әйелдерге, бір бөлігі ерлерге берілген», – делінген203. Бәни Үмәйя – шиғаның саяси қарсыласы болған Үмәйя әулеті. Бәни Һашим – Әли (р.а.) мен оның ұрпағы шыққан әулет.

Шиға ғалымдарының ұстанымы

Жоғарыда уақытша некені сүнни дереккөздер бойынша қарастырдық. Әһл-сүннет ғалымдары Алла елшісінің (с.а.с.) хадистеріне сүйенген. Ол әуелде уақытша некеге рұқсат берген, кейін тыйым салған. Түпкілікті тыйым Мекке азат етілгенде айтылып, Қоштасу қажылығында тағы еске салынған. Тыйымды естімеген кей сахаба мен табиғин бастапқы рұқсатқа сай амал еткен. Осы жағдайды білген Омар (р.а.) Алла елшісінің тыйымын жұртқа қайта жариялаған. Хадис түсіндірушілері Ибн Аббастың алғашқы пәтуасы толық ижмағ қалыптасты деуге күмән туғызғанын және шиғаның кей өкілдері уақытша некені адал санағанын да жасырмаған. Ал автор қарастырған шиға дереккөздерінде әһл-сүннет сүйенген сахих риуаяттарға сілтеме берілмейді. Ол Тусидің мына тұжырымын осы ұстанымның мысалы ретінде келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір кезде уақытша некені мұбах еткеніне мұсылмандар бірауыздан келіскен. Бұл – оның мұбах екеніне дәлел. Кейін тыйым салынғанына кесімді дәлел келтірілмеді. Сондықтан ондай дәлел табылғанша бұрынғы үкім, яғни рұқсат күшінде. Шариғатта да оны тыйған дәлел жоқ. Оның адал екеніне Алла Тағаланың мына сөзі де дәлел болады...» Осыдан кейін Туси жоғарыда келтірілген аяттарды өз пікіріне дәлел етеді204.

Сұрақ және жауап

Жоғарыдағы деректерді оқыған адамның көкейінде мынадай сұрақ тууы мүмкін: «Шиға өкілдері де Құран мен сүннетке сүйеніп дәлел келтірсе, неге пікірлер осыншама қайшы? Олардың айтқанының бәрі жалған ба? Сөздерінде ақиқат жоқ па?»

Бұл мәселені егжей-тегжейлі талдау ұзаққа созылар еді. Қысқаша айтқанда, әһлі сүннет шиға өкілдерін осы мәселеге қатысты хадистерді ойдан шығарды деп айыптамайды. Алла елшісінің (с.а.с.) мутғаға рұқсат бергенін де, сол пәтуаға сүйенген сахабалардың болғанын да мойындайды. Әһлі сүннет кітаптарындағы сахих риуаяттарда бұл ашық айтылған. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) Меккені азат еткен кезде және қоштасу қажылығында мутғаға тыйым салған. Сөйтіп, бұрынғы үкімнің күші жойылды. Пайғамбар (с.а.с.) дүние салғаннан кейін де тыйымнан бейхабар сахабалар, тіпті кейбір табиғиндер болған. Әһлі сүннеттің пайымдауынша, Омар (р.а.) тыйым салып, сахабалар мутғаны бірауыздан харам деп таныған кезде олардың ешқайсысы қарсы пікір білдірмеген.

Шиға мен әһлі сүннеттің хадисті қабылдау өлшемдері мына тұстарда ерекшеленеді:

1) Әһлі сүннет сахабаларды алаламай, бәрінің риуаятын қабылдайды. Шиға өкілдері әһлі бәйттен болған бірнеше сахабаның риуаятын ғана қабылдайды.

2) Рауиге қойылатын талаптардағы айырмашылық сахабалармен шектелмей, табиғиндер мен атбағут-табиғиндерге де қатысты. Әһлі сүннет ғалымдары да кез келген рауиден хадис ала бермейді. Рауидің діндар, иманды, шыншыл болуын және өзге де талаптарға сай келуін ескереді. Шиға өкілдерінде де мұндай шарттар бар. Алайда олар «мүмін» дегенде он екі имамның мәзһабын ұстанғандарды меңзейді. Әһлі сүннет ғалымдары рауиге «біздің мәзһабтан болуы керек» деген талап қоймайды.

3) Шиға өкілдері имамдарының сөзін, ісін және құптаған амалын хадис деп таниды. Бір сөз не іс кемінде бір имамнан жетпесе, оны хадис немесе сүннет деп қабылдамайды. Сондықтан олардың хадис жинақтарында он екі имамның сөздері молынан келтірілген. Әһлі сүннетте имамның сөзіне сөзсіз бағыну қағидасы жоқ. Олар пайғамбарлардан өзге әр адамның қателесуі мүмкін деп қарайды.

Уәлилер мен куәгерлер

5652
Кутуб ситтә, № 5652 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَيُّمَا امْرَأَةٍ نَكَحَتْ بِغَيْرِ إِذْنِ وَلِيِّهَا فَإِنَّ نِكَاحَهَا بَاطِلٌ، ثَلَاثَ مَرَّاتٍ. وَإِنْ دَخَلَ بِهَا فَالْمَهْرُ لَهَا بِمَا اسْتَحَلَّ مِنْ فَرْجِهَا. فَإِنِ اشْتَجَرُوا فَالسُّلْطَانُ وَلِيُّ مَنْ لَا وَلِيَّ لَهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қай әйел уәлиінің рұқсатынсыз некелессе, оның некесі жарамсыз”, – деп үш рет қайталады. Содан соң: “Егер ерлі-зайыптылық қатынас болған болса, сол жақындасуы үшін әйелге мәһір беріледі. Уәлилер өзара келісе алмаса, уәлиі жоқтың уәлиі – сұлтан”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 20 (2083). Тирмизи, «Неке», 14 (1102).
5653
Кутуб ситтә, № 5653 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ لَهُمَا، عَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لَا نِكَاحَ إِلَّا بِوَلِيٍّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Тирмизи келтірген Әбу Мұсаның (р.а.) риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Уәлисіз неке болмайды», – деген.1

Түсіндірме

1. Ханафи мәзһабында уәли азат әрі діни міндет жүктелген адам болуы керек. Уәлилік құқығы ретімен әке жағынан тарайтын ер туысқа (асабаға), анасына, туыстық жақындығына қарай зәуил-әрхамға, одан кейін мәуләл-муалатқа, ең соңында қазыға беріледі.

Осының әрқайсысы өз алдына егжей-тегжейлі түсіндіруді қажет етеді. Мұнда уәлилікке бірінші кезекте құқығы бар әке жағынан тарайтын ер туыстарға ғана тоқталамыз.

Асаба туыстары мұрагерлік және мұрадан шеттету тәртібіне қарай төрт дәрежеге бөлінеді:

1) Ұрпақтар: ұлдары және ұлдарынан тарайтын ер кіндікті ұрпақтары.

2) Ата-тек: әкесі, әкесінің әкесі және одан арғы аталары.

3) Әкеден тарайтын тармақ: ата-анасы бір ер бауырлары, әкесі бір ер бауырлары және осы ретпен олардың ер кіндікті ұрпақтары.

4) Атадан тарайтын тармақ: әкесінің ата-анасы бір ер бауырлары, әкесі бір ер бауырлары және осы ретпен олардың ер кіндікті ұрпақтары.

2. Хадисте некелесу үшін уәлидің рұқсатын шарт етіп, «қай әйел» деп жалпы айтылған. Демек, бұл үкім барлық әйелге қатысты.

3. Хадисте уәлилердің некеге рұқсат беру жөніндегі келіспеушілігі сөз болады. Дәрежесі тең екі уәлидің бірі некеге бұрын рұқсат берген болса, алғашқы келісім күшінде қалады. Ал дәрежелері әртүрлі уәлилердің арасында құқығы басымының сөзі өтеді.

4. «Уәлиі жоқтың уәлиі – сұлтан» деген сөз уәлиге мұқтаж жанның құқығын қорғау қағидасын білдіреді. Әйел уәлилерінің дауына байланысты тұрмысқа шыға алмай қалса немесе дау некесіне кедергі келтірсе, олардың уәлилік құқығы ескерілмей, ол құқық сұлтанға немесе оның өкілі қазыға өтеді. Ғалымдар: «Уәли әйелді тұрмысқа беруден бас тартса, ол әйел уәлиі жоқ адамның үкімінде болады. Сөйтіп, сұлтан оған уәли болады», – деген. Қалыпты жағдайда уәлиі бар әйелдің ісіне билік араласып, уәлидің құқығын алып қоя алмайды.

5. Некенің жарамды болуы үшін уәлидің болуы шарт па деген мәселеде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Көпшілік оны шарт санайды. Ибн әл-Мунзирдің «Бұл мәселеде өзгеше пікір айтқан бірде-бір сахабаны білмеймін» деген сөзі жеткен. Ал ханафилер уәлиді некенің жарамдылық шартына қоспайды. Олар Ибн Аббастан жеткен «Бұрын некеде болған әйелдің өзіне қатысты құқығы уәлиінікінен басым» деген хадиске және «Қыздың өзіне қатысты құқығы уәлиінікінен басым» деген тәрізді риуаяттарға сүйенеді. Кей ғалымдар хадисті әйелдің өз ісінде құқығы басым, сондықтан келісімінсіз уәлидің оны тұрмысқа беруге құқығы жоқ деп түсіндірген.

Некені әйелдің жақындарына да қатысты іс деп қараған жөн. Жоғарыда айтылғандай, уәлидің рұқсаты хадистерде де, Құран аятында да сөз болған. Көпшілік ғалым осы талапты ұстанған. Уәлиінің разылығы кейін қиындық туғанда әйелдің жақындарынан қолдау табуына сеп болады.

  1. 1Тирмизи, «Неке», 14 (1101). Әбу Дәуіт, «Неке», 20 (2085).
5654
Кутуб ситтә, № 5654 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Сәмура (р.а.)

وَعَنْ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَيُّمَا امْرَأَةٍ زَوَّجَهَا وَلِيَّانِ فَهِيَ لِلْأَوَّلِ مِنْهُمَا. وَأَيُّمَا رَجُلٍ بَاعَ بَيْعًا مِنْ رَجُلَيْنِ فَهُوَ لِلْأَوَّلِ مِنْهُمَا. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Сәмура (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Екі уәли бір әйелді екі адамға некелесе, алдымен қиылған неке күшінде қалады. Бір адам бір затты екі кісіге сатса, ол зат алғашқы сатып алушыға тиесілі”, – деді».1

Түсіндірме

Екі уәли бір әйелді екі бөлек кісіге некелесе, алдымен қиылған неке жарамды саналады. Екі неке бір уақытта қиылса немесе қайсысы бұрын қиылғанын анықтау мүмкін болмаса, екі келісім де жарамсыз болады.

Саудаға да осы үкім жүреді. Мәміленің қайсысы бұрын жасалғанын дәлелдеу мүмкін болмаса, екеуінің де күші жойылады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 22 (2088). Тирмизи, «Неке», 19 (1110). Нәсәи, «Сауда», 96 (7/314).
5655
Кутуб ситтә, № 5655 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَيُّمَا عَبْدٍ تَزَوَّجَ بِغَيْرِ إِذْنِ مَوَالِيهِ فَهُوَ عَاهِرٌ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қожайындарының рұқсатынсыз некелескен құл зина жасаған болып саналады”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 17 (2078). Тирмизи, «Неке», 20 (1111, 1112).
5656
Кутуб ситтә, № 5656 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: الْأَيِّمُ أَحَقُّ بِنَفْسِهَا مِنْ وَلِيِّهَا. وَالْبِكْرُ تُسْتَأْذَنُ فِي نَفْسِهَا، وَإِذْنُهَا صَمَاتُهَا. أَخْرَجَهُ السِّتَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Бұрын некеде болған әйелдің өзіне қатысты құқығы уәлиінікінен басым. Тұрмыс құрмаған қыздың өзінен рұқсат сұралады. Оның үнсіздігі – келісімі».1

Түсіндірме

1. Ғалымдар хадистегі «әййим» сөзін әртүрлі түсіндірген. Хижаз ғалымдары мен өзге де бірқатар ірі ғалым оны «бұрын некеде болған, қазір күйеуі жоқ әйел» деген мағынада қолданған. Олар өзге риуаяттарда «әййим» сөзінің орнына осы мағынаны білдіретін «сәййиб» сөзі келгенін дәлел етеді.

Куфа ғалымдары мен Зуфардың пікірінше, «әййим» деген сөз күйеуі жоқ әйелдің бәрін, тұрмыс құрмаған қызды да, бұрын некеде болған әйелді де қамтиды.

Осы мағыналарға сүйенген ғалымдар: «Балиғатқа жеткен қыз өз ісін өзі шешуге құқылы. Уәлиінің келісімінсіз тұрмыс құрса да, некесі жарамды», – деген. Шағби мен Зуһри де осындай үкім айтқан. Олардың пікірінше, уәлидің қатысуы некені толықтырады, бірақ оның жарамды болуының шарты саналмайды.

Әузағи, Әбу Юсуф пен имам Мұхаммедтің пікірінше, некенің жарамды болуы уәлидің рұқсатына байланысты.

Қазы былай дейді: «Ғалымдар “уәлиінен құқығы басым” деген сөзді талқылағанда, “Құқығы келісім беруде ғана басым ба, әлде неке келісімін өзі жасауда да басым ба?” – деп сұраған. Көпшілік ғалым құқығы келісім беруде ғана басым десе, өзге ғалымдар екеуінде де басым дейді». Алла елшісінің (с.а.с.) «өзіне қатысты құқығы басым» деген сөзін Әбу Ханифа мен Дәуіт әз-Заһири неке келісімін қоса алғанда, барлық мәселеде әйелдің құқығы басым деген мағынада түсінген. Бұл сөздің тағы бір ықтимал мағынасы бойынша, бұрын некеде болған әйел келісімін ауызша білдірмейінше, некеге тұрмауға құқылы. Некенің жарамдылығы үшін уәли шарт екенін білдіретін өзге хадистерді және «Уәлисіз неке болмайды» деген хадистің сахих екенін ескергенде, екінші мағына басым түседі. Сонда «құқығы басым» деген сөз екі жақтың да құқығы барын білдіреді. Некеге қатысты әйелдің де, уәлиінің де құқығы бар, бірақ әйелдің құқығы басым. Уәлиі оны өзіне тең адамға тұрмысқа бергісі келсе, ал әйел одан бас тартса, уәли әйелдің шешімімен санасуға тиіс. Әйел өзіне тең адамға тұрмысқа шыққысы келіп, уәлиі қарсы болса, уәлиден келісім беруі талап етіледі. Уәли сонда да қарсы тұрса, әйелді қазы некелестіреді. Осыдан әйел құқығының басымдығы көрінеді.2

2. Хадисте тұрмыс құрмаған қыздың үнсіздігі келісім саналады делінген. Яғни қыз келісімін ашық айтуға міндетті емес, үнсіз қалса да жеткілікті. Өйткені қыз мұндай мәселе жайында ашық айтуға ұялуы мүмкін.

Нәуәуи былай дейді: «Хадистің сыртқы мағынасы жалпыға ортақ. Үкімі барлық қыз бен уәлиге қатысты. Қыздың үнсіздігі қай жағдайда да жеткілікті. Дұрыс пікір – осы. Дегенмен шафиғилердің бір бөлігі былай деген: “Қыздың уәлиі әкесі не атасы болса, одан рұқсат сұрау мұстахаб. Бұл кезде қыздың үнсіздігі жеткілікті. Уәлиі өзге кісі болса, қыз келісімін ауызша білдіруі керек. Өйткені қыз әкесі мен атасынан өзге кісілерге қарағанда көбірек ұялады”. Көпшілік ұстанған дұрыс пікір бойынша, хадис үкімі жалпы және қыздың ұялатыны ескерілгендіктен, оның үнсіздігі кез келген уәли үшін жеткілікті. Бұрын некеде болған әйел келісімін ауызша айтуға тиіс дегенге ешкім таласпайды. Уәлиінің әкесі не өзге кісі болуы үкімді өзгертпейді. Өйткені ер адаммен жақындасып көрген әйелде мұндай мәселені айтуға қысылу бәсеңдейді. Пәктігін жарамды не жарамсыз некеде, күмәнді қатынаста немесе зина салдарынан жоғалтқаны үкімді өзгертпейді. Секіруден, саусақ салудан, ұзақ уақыт тұрмыс құрмаудан пәктігі бұзылса немесе артқы жолдан жыныстық қатынас жасалса, басым пікір бойынша, ол да бұрын некеде болған әйелдің үкімінде. Оны тұрмыс құрмаған қыздың үкімінде санағандар да бар».

  1. 1Мүслим, «Неке», 66 (1421). Мәлік, «Муатта», «Неке», 4 (2/524). Тирмизи, «Неке», 12 (1108). Әбу Дәуіт, «Неке», 26 (2098). Нәсәи, «Неке», 31, 32 (6/84).
  2. 2Нәуәуи, «Сахих Мүслимге түсіндірме», «Неке», № 1421 хадистің түсіндірмесі.
5657
Кутуб ситтә, № 5657 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تُنْكَحُ الْأَيِّمُ حَتَّىٰ تُسْتَأْمَرَ، وَلَا الْبِكْرُ حَتَّىٰ تُسْتَأْذَنَ. قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ كَيْفَ إِذْنُهَا؟ قَالَ: أَنْ تَسْكُتَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бұрын некеде болған әйелдің келісімін алмай, ал тұрмыс құрмаған қыздың рұқсатын сұрамай неке қиюға болмайды”, – деді. Сахабалар: “Уа, Алла елшісі, қыз рұқсатын қалай білдіреді?” – деп сұрады. Ол: “Үндемей қалуы – рұқсаты”, – деді».1

Бұл хадистің мағынасы алдыңғы риуаяттың түсіндірмесінде айтылды.

  1. 1Бұхари, «Неке», 41, «Хиял», 3. Мүслим, «Неке», 64 (1419). Тирмизи, «Неке», 17, 18 (1107, 1109). Әбу Дәуіт, «Неке», 24 (2092, 2093). Нәсәи, «Неке», 33 (6/85).
5658
Кутуб ситтә, № 5658 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّ جَارِيَةً بِكْرًا ذَكَرَتْ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ أَنَّ أَبَاهَا زَوَّجَهَا وَهِيَ كَارِهَةٌ. فَخَيَّرَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай жеткізеді: «Тұрмыс құрмаған бір қыз Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, әкесінің өзін қалауынсыз тұрмысқа бергенін айтты. Алла елшісі (с.а.с.) некені қабылдау-қабылдамауды қыздың өз таңдауына қалдырды».1

Түсіндірме

Хадис әкенің қызды еркінен тыс тұрмысқа беруіне тыйым салынғанын білдіреді. Әкесіне тыйым салынған бұл іс өзге уәлилерге де тыйым салынады.

• Ханафи ғалымдары осы хадиске сүйеніп, әкенің қызын мәжбүрлеп тұрмысқа беруін жаиз санамаған.

• Имам Шафиғи, Ахмад пен Исхақ әке балиғатқа жеткен, тұрмыс құрмаған қызын тұрмысқа беруге мәжбүрлей алады деп үкім айтқан. Олар «Бұрын некеде болған әйелдің өзіне қатысты құқығы уәлиінікінен басым» деген хадиске сүйенген. Олардың пайымдауынша, хадистің астарынан «Тұрмыс құрмаған қызға қатысты уәлиінің құқығы басым» деген мағына шығады.

Бұл тұжырымды әлсіз санаған ғалымдар өз дәлелдерін келтірген. Мұнда сол дәлелдерге кеңінен тоқталмаймыз.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 25 (2096).
5659
Кутуб ситтә, № 5659 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَنَّ فَتَاةً قَالَتْ، يَعْنِي لِلنَّبِيِّ ﷺ: إِنَّ أَبِي زَوَّجَنِي مِنِ ابْنِ أَخِيهِ لِيَرْفَعَ بِي خَسِيسَتَهُ، وَأَنَا كَارِهَةٌ. فَأَرْسَلَ النَّبِيُّ ﷺ إِلَى أَبِيهَا، فَجَاءَ، فَجَعَلَ الْأَمْرُ إِلَيْهَا. فَقَالَتْ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنِّي قَدْ أَجَزْتُ مَا صَنَعَ أَبِي، وَلَكِنْ أَرَدْتُ أَنْ أُعْلِمَ النِّسَاءَ أَنَّ لَيْسَ لِلْآبَاءِ مِنَ الْأَمْرِ شَىْءٌ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Бір қыз Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Әкем мені өз ер бауырының ұлына күйеуге берді. Мен арқылы өз абыройын көтергісі келді. Ал мен бұл некені қаламадым”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) қыздың әкесіне кісі жіберіп, шақыртты. Әкесі келген соң, шешімді қыздың өзіне қалдырды. Қыз: “Уа, Алла елшісі! Әкем қиған некеге келістім. Әйелдерге әкелерінің оларды некеге мәжбүрлеуге құқығы жоқ екенін білдіргім келді”, – деді».1

  1. 1Нәсәи, «Неке», 36 (6/87; № 3269). Ибн Мәжа, «Неке», 12 (1874).
5660
Кутуб ситтә, № 5660 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: آمِرُوا النِّسَاءَ فِي بَنَاتِهِنَّ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қыздары жайында аналарымен ақылдасыңдар», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

Хадисте қызды тұрмысқа берерде анасымен ақылдасу айтылған. Ғалымдар мұны міндетті амалға жатқызбай, мұстахаб санаған. Анасымен ақылдасу оның көңілін табуға, ерлі-зайыптылардың арасын жақындата түсуге сеп болады. Анасының разылығынсыз қызын ұзату ерлі-зайыптылардың арасына салқындық түсіруі мүмкін. Өйткені қыздар әдетте анасына жақын, оның сөзіне көбірек құлақ асады. Оның үстіне, некеден туындайтын міндетті атқаруға кедергі болатын немесе некені орынсыз ететін жайды анасы біліп, әкесі білмеуі мүмкін. Осы жайттарды ескеріп, ғалымдар әкеге қызын ұзатарда анасымен ақылдасуға кеңес берген. Бұл ретте қыздың заңды уәлиі – әкесі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 24 (2095).