1. Хадис ерлі-зайыптылардың жақындасу алдындағы әдебін белгілейді: Алланың атымен бастап, дұға ету. Дұғаның мәтіні риуаяттарда әртүрлі берілген. Абдурраззақтың «әл-Мусаннафында» Хасан Басриден жеткен мүрсәл риуаятта: «Ер адам жарына жақындағанда, бисмиллә айтып, былай дұға етсін: “Уа, Алла! Бізге нәсіп етер перзентті құтты қыл. Нәсіп еткеніңнен шайтанға үлес берме”. Осылай дұға етіп, әйелі жүкті болса, баланың салиқалы болуынан үміт етіледі», – делінген.
2. Бисмиллә айтылғанда бала қандай зияннан қорғалады? Ғалымдар бұл сұраққа түрлі жауап берген. Қади Ияд келтірген мына пікірге олар ортақ тоқтаған: «Хадисті тура мағынасында оқығанда солай көрінсе де, онда айтылған әдепті ұстанған бала кез келген зияннан үнемі қорғалады деп ешкім айтпаған». Өйткені басқа бір хадисте бірен-саранын қоспағанда, дүниеге келген нәрестенің қарнын шайтан түртіп өтетіні айтылған. Ғалымдар мұны да зиянның бір түрі деп түсінген.
Бұл жайында тағы мынадай пікірлер айтылған:
• Кейбір ғалымдар бисмилләнің берекетімен шайтан балаға үстемдік жүргізе алмайды деген. Олар Құрандағы إِنَّ عِبَادِي لَيْسَ لَكَ عَلَيْهِمْ سُلْطَانٌ إِلَّا مَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْغَاوِينَ «Менің құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сенің ықпалың тек өзіңе ерген азғындарға ғана жүреді»2 деген аятқа сүйенген. Бұған Хасан Басриден жеткен мүрсәл риуаятты да дәлел еткен.
• Кейбір ғалымдар мұны шайтан нәрестенің қарнын түрте алмайды деп түсіндірген. Ал бұл пікір жоғарыда келтірілген өзге хадистің ашық мазмұнына қайшы келгендіктен, қабылданбаған.
• Бір топ ғалым: «Шайтан баланың тәніне зиян келтірмейді», – деген.
• Тағы біреулері: «Балаға шайтанның соққысы тимейді», – деген.
• Ибн Дақиқ әл-Ид: «Мұны шайтан баланың дініне зиян келтіре алмайды деген мағынада да түсінуге болады», – деген. Алайда бұлай түсінсек, бала күнәдан мүлде пәк болады деген ұғым шығады. Сол себепті бұл пікір де қабылданбаған.
• Дәуиди: «Шайтан баланы күпірлікке жеткізетін діни бүлікке сала алмайды», – деген. Ол баланы күнәдан мүлде пәк санауға болмайтынын да айтқан.
• Кейбір ғалымдардың түсіндіруінше, шайтан ерлі-зайыптылардың жақындасуына араласа алмайды. Олар Мүжәһидтен жеткен: «Жақындасар кезде бисмиллә айтпаған адамның қатынасына шайтан араласады», – деген риуаятқа сүйенген. Ибн Хажар осы жорамалды ақиқатқа жақын санаған.
3. Ибн Аббастан жеткен риуаяттар әжетханада және жақындасу үстінде бисмиллә айтудың мәкрүһ екенін білдіреді. Мұны осы хадиске қайшы санағандар да болған. Алайда бұл хадисте бисмилләні жақындасардан бұрын айту көзделген.