عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا خَطَبَ إِلَيْكُمْ مَنْ تَرْضَوْنَ دِينَهُ وَخُلُقَهُ فَزَوِّجُوهُ، إِلَّا تَفْعَلُوهُ تَكُنْ فِتْنَةٌ فِي الْأَرْضِ وَفَسَادٌ عَرِيضٌ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Діні мен мінезіне разы болған кісі қыздарыңды айттырса, оған некелеп беріңдер. Олай етпесеңдер, жер бетінде бүлік пен кең жайылған бұзақылық орын алады”, – деді».1
Түсіндірме
Хадис қызын не жақын туысын айттырған адамның діні мен мінезіне көңіл толса, соны таңдауға үндейді. «Олай етпесеңдер» деген сөз қызды діні мен мінезі жақсы адамға бермей, байлығы мен мансабы көңілден шығатын кісіні күтудің салдарын меңзейді. Мұндайда некесіз қатынас пен зина жайылады, тұрмыс құрмаған қыздар көбейеді, неке жасы кешігеді. Кеш үйленудің де келіспеушілік пен ұрпақтың азаюы секілді салдары бар. Қыз қаламаған адамға тұрмысқа шықса, одан опа көрмеуі мүмкін. Ажырасып кетсе, зардабын балалары да тартады. Бұдан жеке адамға да, қоғамға да зиян келеді.
Тиби: «Бұл хадис имам Мәліктің “Ерлі-зайыптылардың теңдігінде дін ғана ескеріледі” деген пікірін қуаттайды», – дейді.
Көпшілік ғалымдар былай деген: «Екі адам бас қосарда діні, азаттығы, тегі және кәсібі жағынан теңдігі ескеріледі. Мұсылман қыз кәпір ерге, салиха әйел пасық ерге, азат әйел құлға, текті әулеттің қызы тегі еленбеген адамға тұрмысқа шықпайды. Саудагердің не абыройлы кәсіп иесінің қызы теріс немесе мәкруһ кәсіп иесіне тұрмысқа шықпайды. Алайда теңдік болмағанына қарамастан, әйел мен уәлиі келіссе, қиылған неке жарамды».
- 1Тирмизи, «Неке», 3 (1084).