Хадис

Кутуб ситтә, № 5662

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
909. Куфу (ерлі-зайыптылардың теңдігі)
Нөмірі
№ 5662 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
5662
Кутуб ситтә, № 5662 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: حَجَمَ أَبُو هِنْدٍ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي يَافُوخِهِ فَسَمِعْتُهُ يَقُولُ: يَا بَنِي بَيَاضَةَ أَنْكِحُوا أَبَا هِنْدٍ وَانْكِحُوا إِلَيْهِ. وَقَالَ: إِنْ كَانَ فِي شَيْءٍ مِمَّا تَدَاوَوْنَ بِهِ خَيْرٌ فَالْحِجَامَةُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Әбу Һинд Алла елшісінің (с.а.с.) төбесінен хижама жасап, қан алды. Оның: “Уа, Бәну Баяда! Әбу Һиндке қыз беріңдер, өздерің де оның әулетінен қыз алыңдар”, – дегенін естідім. Ол тағы: “Емделуге қолданатын амалдарыңның бірінде қайыр болса, ол – хижама”, – деді».1

Түсіндірме

Әбу Һинд өзге жұрттан шыққан азат етілген құл болса да, Алла елшісі (с.а.с.) Бәну Баядаға онымен құда болуды бұйырған. Бұл – некедегі теңдіктің өлшемі дін деген пікірге дәлел. Ибн Омар, Ибн Мәсғуд және табиғин Мұхаммед ибн Сирин де осы пікірде болған. Ғалымдардың көбі дін, азаттық, тек және кәсіп жағынан теңдікті атаған. Кейбірі бұған айып-кемістіктен амандық пен дәулеттілікті қосып, шарт санын алтыға жеткізген.

Ғалымдардың көпшілігі теңдікте текті де ескерген. Әбу Ханифа: «Құрайыштықтар өзара тең, арабтар да өзара тең. Арабтардың өзге рулары құрайыштықтарға тең саналмайды. Арабтан өзге жұрт та арабқа тең саналмайды», – деген.

Суфиян әс-Сәури: «Азат етілген құл араб қызына үйленсе, некесі бұзылады», – деген. Бір риуаятта Ахмад ибн Ханбалдың да осылай айтқаны жеткен.

Имам Шафиғи ортақ бір тұжырым ұсынып, теңдігі жоқ екі адамның некесін харам санамаған. Шафиғилердің пікірінше, өзіне тең адаммен некелесу – қыз бен уәлиінің құқығы. Екеуі өз еркімен осы құқықтан бас тартса, өзгелердің оған қарсылық білдіруге құқығы жоқ.

Ғалымдар дін жағынан теңдікті ескеруге бірауыздан келіскен. Құранда мүміндерге мүшріктермен некелесуге тыйым салынған. Сондықтан ғалымдар бұл шартты алып тастауға болмайды, шарт сақталмаса, неке жарамсыз болады деп түсіндірген.

• Текті некедегі теңдіктің шарты ететін сахих хадис жоқ. Бәззарда Мұғаздан мәрфуғ түрде жеткен «Араб арабқа, мәуәли мәуәлиге тең» деген хадис әлсіз әрі сахих сүннетке қайшы. Алла елшісі (с.а.с.) құрайыштық Фатима бинт Қайсқа өзі азат еткен Зәйдтің ұлы Усамаға тұрмысқа шығуды ұсынған. Абдуррахман ибн Ауфтың қарындасы Һала Әбу Бәкір азат еткен Біләлдің жұбайы болған. Алла елшісі (с.а.с.) әкесінің қарындасынан туған Зейнеп бинт Жахшты өзі азат еткен Зәйдке некелеп берген. Әбу Хузайфа (р.а.) азат етілген Сәлимді бауыры Уәлид ибн Утбаның қызына үйлендірген. Сахих жинақтарда Миқдад ибн Амрдың құрайыштық Дубаға бинт Зубәйр ибн Абдулмутталибке үйленгені айтылады.2 Миқдад құрайыштан шықпаған, ол Меккеге сырттан келіп, құрайыштықтармен одақтасқан. Мұндай мысал көп.

Ендеше некедегі негізгі шарт – діни теңдік. Текті ескеру ерлі-зайыптылардың жарастығына әсер ететін ортаға, әдет-ғұрып пен дағдыға байланысты. Жоғарыдағы мысалдарда Мекке мен Мәдинада ұзақ тұрып, сол ортаның салтын бойына сіңірген кісілер сөз болды. Өзге тұстарда адам кімді жар ететінін, қызына кіммен құда болатынын өзі шешеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 27 (2102).
  2. 2Фатима бинт Қайс пен Усама туралы: Мүслим, «Талақ», 36 (1480). Миқдад пен Дубаға туралы: Бұхари, «Неке», 15 (5089).