وَعَنْ قَبِيصَةَ بْنِ ذُؤَيْبٍ قَالَ: سَأَلَ رَجُلٌ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ أُخْتَيْنِ مَمْلُوكَتَيْنِ؛ هَلْ يُجْمَعُ بَيْنَهُمَا؟ قَالَ: أَحَلَّتْهُمَا آيَةٌ، وَحَرَّمَتْهُمَا آيَةٌ؛ وَأَمَّا أَنَا فَلَا أُحِبُّ أَنْ أَصْنَعَ ذَلِكَ. فَخَرَجَ مِنْ عِنْدِهِ، فَلَقِيَ رَجُلًا مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَسَأَلَهُ عَنْ ذَلِكَ. فَقَالَ: أَمَّا أَنَا فَلَوْ كَانَ لِي مِنَ الْأَمْرِ شَىْءٌ لَمْ أَجِدْ أَحَدًا فَعَلَ ذَلِكَ إِلَّا جَعَلْتُهُ نَكَالًا. قَالَ ابْنُ شِهَابٍ رَحِمَهُ اللَّهُ: أُرَاهُ عَلِيَّ بْنَ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. قَالَ مَالِكٌ: وَبَلَغَنِي عَنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مِثْلُ ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. الْآيَةُ الَّتِي أَحَلَّتْهُمَا هِيَ: وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ؛ وَالْآيَةُ الَّتِي حَرَّمَتْهُمَا: وَأَنْ تَجْمَعُوا بَيْنَ الْأُخْتَيْنِ.
Қабиса ибн Зуәйб былай жеткізеді: «Бір кісі Османнан (р.а.): “Апалы-сіңлілі екі күңмен қатар қосылуға бола ма?” – деп сұрады. Осман: “Бір аят екеуін адал етсе, бір аят харам етті. Өз басым бұлай істеуді құптамаймын”, – деді. Әлгі кісі одан шығып, Алла елшісінің (с.а.с.) бір сахабасына жолықты да, мұны одан да сұрады. Ол: “Билік қолымда болып, осылай істеген кісіні көрсем, өзгеге сабақ боларлық жаза берер едім”, – деді».
Ибн Шиһаб: «Бұл сөзді Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) айтқан деп ойлаймын», – дейді. Имам Мәлік: «Зубәйірден (р.а.) де осындай сөз жеткен», – деген.1
Түсіндірме
1. Жоғарыдағы бес риуаят өзара жақын туыс екі әйелді бір ердің қатар некелеуін сөз етеді. Апалы-сіңлілі әйелдер, әйел мен оның әкесінің әпке-қарындасы немесе шешесінің әпке-сіңлісі бір ердің некесінде қатар бола алмайды. Ғалымдар бұл тыйымға бірауыздан келіскен. Бір топ харижи өзгеше пікір айтқанымен, ғалымдар оны қабылдамаған. Әйелі қайтыс болса немесе екеуі ажырасса, ер адам оның әпке-сіңлісіне, әке не ана жағынан әпкесіне немесе жиеніне үйлене алады. Бұл тыйым некенің жалғасып тұрғанына байланысты.
2. Исламды қабылдамай тұрып апалы-сіңлілі екі әйелмен некелескен адам мұсылман болған соң біреуіне талақ беруі керек. Шафиғи, Мәлік және Ахмад ибн Ханбал ер адамның бірін өзі таңдайтынын айтқан. Әбу Ханифа бірінші некелескен әйелімен қалатынын айтқан.
3. № 5685 риуаятқа сүйенген ғалымдар әйелдің әкесінің әке немесе ана жағынан әпкесін де осы үкімге жатқызған. Мұндай некенің тыйылу себебі – жақын туыстар арасындағы байланыстың үзілу қаупі. Ибн Хиббан келтірген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Осылай етсеңдер, туыстық байланысты үзесіңдер», – деген. № 5687 риуаятта апалы-сіңлілі екі күңмен қатар қосылу мәселесі көтерілген. Кей түсіндірмешілер Осман (р.а.) рұқсат білдіреді деп атаған аятты وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ النِّسَاءِ إِلَّا مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ «Һәм өзгелердің адал жарлары да сендер үшін харам. Алайда соғыс жағдайында тұтқынға түскен, күңдеріңнің жөні бөлек.»2 деген аят деп түсінген. Тыйым салған аят – وَأَنْ تَجْمَعُوا بَيْنَ الْأُخْتَيْنِ «апалы-сіңлілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді.»3 деген аят.
Осман (р.а.) екі аяттың үкіміне тоқталып, өзінің «Мен бұлай істеуді құптамаймын» деген ұстанымын білдірді. Ол дәлелдер әртүрлі болғандықтан сақтық танытқан немесе тыйымды ұстануды жөн көрген болуы мүмкін. Сұраған кісі кесімді жауап ала алмай, басқа сахабаға барды. Ол билігі болса, осылай істегенге өзгелерге сабақ боларлық жаза беретінін айтты. Мұндағы жаза хад жазасына жатпайды. Үкімді басқаша жорыған кісі зина жасаған болып саналмайтынына ғалымдар келіскен. Ибн Абдилбар Қабисаның сахабаның атын атамауын оның халифа Абдулмәлік ибн Маруанмен араласқанымен байланыстырады. Оның айтуынша, сол кездегі Омайя әулеті Әлидің (р.а.) есімін, әсіресе Османнан (р.а.) өзгеше пікір айтқан жағдайда, атағанды жақтырмаған.