وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: طَلَّقَ رَجُلٌ امْرَأَتَهُ ثَلَاثًا، فَتَزَوَّجَهَا رَجُلٌ ثُمَّ طَلَّقَهَا قَبْلَ الْمَسِيسِ، فَسُئِلَ النَّبِيُّ ﷺ عَنْ ذَلِكَ؟ فَقَالَ: لَا، حَتَّى يَذُوقَ الْآخَرُ عُسَيْلَتَهَا مَا ذَاقَ الْأَوَّلُ. أَخْرَجَهُ السِّتَةُ.
Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Бір кісі әйеліне үш талақ берді. Әйел басқа ерге тұрмысқа шықты. Екінші күйеуі де онымен жақындаспай тұрып ажырасты. Әйел алғашқы күйеуіне қайтқысы келгенде, Алла елшісінен (с.а.с.) осы жай сұралды. Ол: “Жоқ. Екінші күйеуі алғашқы күйеуі татқан ләззатты татпайынша, әйел алғашқы күйеуіне қайта алмайды”, – деді».1
Түсіндірме
Бұл хадис бірнеше нұсқамен жеткен. Толығырақ нұсқасында Рифаға әл-Қурази әйелімен ажырасқан соң, ол Абдуррахман ибн әз-Зубәйірге тұрмысқа шығады. Екінші күйеуі онымен жақындаса алмайды. Әйел алғашқы күйеуіне қайтқысы келіп, Алла елшісіне (с.а.с.) жағдайын бүкпей баяндайды. Оның ашық айтқанына кейбірі ыңғайсызданып, кейбірі мұны ұятсыздық деп санайды. Алла елшісі (с.а.с.) оны жымиып отырып, соңына дейін тыңдайды. Әйел: «Алғашқы күйеуім маған адал бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Екінші күйеуің сенің ләззатыңды, сен оның ләззатын татпайынша, алғашқы күйеуіңе адал болмайсың», – деп үкімді түсіндіреді.
Үш талақтан кейін бұрынғы ерлі-зайыптылардың қайта некелесуіне болады. Ол үшін әйел басқа ерге шынайы некемен тұрмысқа шығып, ерлі-зайыптылық қатынас болуы керек. Содан кейін ғана екінші некесі аяқталса, алғашқы күйеуіне қайта алады. Жоғарыдағы оқиғада екінші күйеуінің әйелімен жақындасуы болмағандықтан, әйел бұрынғы күйеуіне қайта алмаған. Бұл ажырасудың салмағын аңғартады. Мұндай шешімге келмес бұрын жан-жақты ойланған жөн.
Әйел алғашқы күйеуіне қайтуы үшін ғана басқа ермен уақытша некелессе, мұны «хулла» дейді. Исламда мұндай некеге тыйым салынған, өйткені неке тұрақты шаңырақ құру ниетімен қиылады. Ғалымдар уақытша мутға некесін бірауыздан харам санаған. Алла елшісі (с.а.с.) хулла жасағанға да, жасатқанға да Алланың лағынеті болсын деген. Хулла неке үкімін теріс пайдалануға жатады. Оны жаиз деген ғалымдар да болған.
2. Хадистегі «усәйлә» сөзі «асал» («бал») сөзінің кішірейтілген түрі. Мұнда жақындасудың ләззаты астарлап айтылған. Айшадан (р.а.) жеткен кей нұсқада оның жыныстық қатынасты білдіретіні түсіндірілген.
- 1Бұхари, «Киім», 6, «Куәлік», 3, «Талақ», 4, 7, 37 (5260), «Әдеп», 68. Мүслим, «Неке», 115 (1433). Мәлік, «Муатта», «Неке», 18 (2/531). Әбу Дәуіт, «Талақ», 49 (2309). Тирмизи, «Неке», 26 (1118). Нәсәи, «Талақ», 9–10 (6/146–147).