Хадис

Кутуб ситтә, № 5700

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
913. Некенің бұзылуына негіз болатын және болмайтын жағдайлар
Нөмірі
№ 5700 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5700
Кутуб ситтә, № 5700 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: إِذَا أَسْلَمَتِ النَّصْرَانِيَّةُ تَحْتَ الذِّمِّيِّ قَبْلَ زَوْجِهَا بِسَاعَةٍ حَرُمَتْ عَلَيْهِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Зыммидің, яғни ислам елінде келісіммен тұратын мұсылман емес адамның некесіндегі христиан әйел күйеуінен тіпті бір сәт бұрын исламды қабылдаса, әйел енді оған адал жар болмайды».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят ерлі-зайыптылардың бірі исламды қабылдағанда некесінің үкімі қандай болатыны жайындағы бірнеше пікірдің бірін білдіреді. Бұл мәселеге қатысты аятта былай делінген: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا جَآءَكُمُ ٱلْمُؤْمِنَٰتُ مُهَٰجِرَٰتٍ فَٱمْتَحِنُوهُنَّ ٱللَّهُ أَعْلَمُ بِإِيمَٰنِهِنَّ فَإِنْ عَلِمْتُمُوهُنَّ مُؤْمِنَٰتٍ فَلَا تَرْجِعُوهُنَّ إِلَى ٱلْكُفَّارِ لَا هُنَّ حِلٌّ لَّهُمْ وَلَا هُمْ يَحِلُّونَ لَهُنَّ وَءَاتُوهُم مَّآ أَنفَقُوا۟ وَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ أَن تَنكِحُوهُنَّ إِذَآ ءَاتَيْتُمُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ وَلَا تُمْسِكُوا۟ بِعِصَمِ ٱلْكَوَافِرِ وَسْـَٔلُوا۟ مَآ أَنفَقْتُمْ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге мүмін әйелдер һижрет етіп келсе, оларды сынап көріңдер. Алла олардың иманын бәрінен жақсы білуші! Егер олардың шынымен мүмін екендігіне анық көз жеткізсеңдер, онда оларды кәпірлерге кері қайтармаңдар. Бұдан былай олар кәпір күйеулеріне адал емес, кәпір күйеулері де олар үшін адал жар бола алмайды. Һәм сол күйеулерінің оларға берген мәһірлерін қайтарып беріңдер. Ал сендер тиісті мәһірлерін беру арқылы олармен некелесетін болсаңдар, күнәға қалмайсыңдар. Әрі кәпір-мүшрік әйелдерді некелеріңде ұстамаңдар. Оларға жұмсағандарыңды қайтаруды талап етіңдер»2

2. Бұхари сол тарауда осы риуаяттың жалғасы ретінде Ибраһим әс-Саиғтан жеткен мына хабарды келтіреді: «Зыммилерден бір әйел күйеуінен бұрын мұсылман болса, кейін күйеуі әйелдің ғиддаты аяқталмай тұрып исламды қабылдаса, ол әйел әлі де соның некесінде қала ма?» – деп Атадан сұраған екен. Ол: «Жоқ. Әйел қаласа, жаңа мәһір белгілеп, некелерін қайта қия алады», – деп жауап берген. Мүжәһид: «Ер адам әйелінің ғиддаты аяқталмай тұрып мұсылман болса, бұрынғы әйелімен некесін жалғастырады», – деген.

Хасан Басри мен Қатада исламды қабылдаған екі мәжуси жайында: «Олар бұрынғы некелерінде қалады. Егер біреуі исламды бұрын қабылдап, екіншісі некені жалғастыруға қарсылық білдірсе, ажырасады. Бұдан кейін ер адамның әйелге қатысты некелік хақы қалмайды», – деген.

3. Ибн Хажар Куфа фақиһтары – ханафилер, сондай-ақ Тауус, Сәури және Әбу Сәур секілді ғалымдар осы риуаяттағы Ибн Аббастың пікірін ұстанғанын айтады. Куфа ғалымдары мен оларға ергендер ер адам әйеліне исламды ұсынуға тиіс деген шарт қойған. Ибн Хажардың айтуынша, Шафиғи, Мәлик, Ахмад, Қатада, Исхақ және Әбу Убәйд секілді ғалымдар Мүжәһидтің пәтуасын негізге алған. Имам Шафиғи «Әйелдің ғиддаты біткенше күйеуі мұсылман болса, бұрынғы некелері жалғасады» деген пікіріне Әбу Суфиянның оқиғасын дәлел еткен. Мекке азат етілген түні Әбу Суфиян Мәрр әз-Заһранда исламды қабылдаған. Ол Меккеге келгенде әйелі Хинд бинт Уқба сақалынан ұстап, мұсылман болғаны үшін жазғырып, жақтырмағанын білдірген. Біраз уақыттан соң Хинд те мұсылман болған. Осы аралықта екеуі айырылыспаған, кейін некелерін жаңартпаған. Хаким ибн Хизам мен Икрима ибн Әбу Жәһилдің әйелдері секілді күйеулерінен бұрын мұсылман болған сахаба әйелдер де көп. Олардың неке қиынын жаңартқаны жайлы риуаят жоқ. Жорық тарихын жазғандар да бұл мәселеде қайшы пікір айтпаған. Алайда көпшілік ғалымдар бұл оқиғаларды ер адамның өзінен бұрын мұсылман болған әйелінің ғиддаты аяқталмай тұрып исламды қабылдаған жағдайына жатқызған.

  1. 1Бұхари, Талақ 20.
  2. 2«Мүмтахана» сүресі, 10-аят.