Хадис

Кутуб ситтә, № 5739

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
923. Дүние-мүлікке қатысты нәзір
Нөмірі
№ 5739 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5739
Кутуб ситтә, № 5739 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّهَا قَالَتْ: مَنْ قَالَ مَالِي فِي رِتَاجِ الْكَعْبَةِ فَإِنَّهَا كَفَّارَةُ يَمِينٍ، وَمَنْ عَيَّنَ مَالَهُ صَدَقَةً لَزِمَهُ إِخْرَاجَهُ وَلَوْ كَانَ أَكْثَرَ مِنَ الْثُّلُثِ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ إِلَى قَوْلِهِ: «كَفَّارَةُ يَمِينٍ»، وَأَخْرَجَهُ بِطُولِهِ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Кім “Мал-дүнием Қағбаға құрбандық болсын” деп нәзір етсе, анттың кәффаратын өтейді. Ал садақаға берер мал-мүлкін нақты атаған болса, ол жалпы мүлкінің үштен бірінен асса да, соны садақа етуге міндетті».

Риуаяттың «анттың кәффаратын өтейді» деген жеріне дейінгі бөлігін Имам Мәлик «Муаттада» келтірген. Қалғанын Рәзин қосқан.1

Түсіндірме

«Муаттадағы» нұсқада Айшадан (р.а.) дүние-мүлкінің мөлшерін белгілемей, «Малым Қағбаға садақа болсын» деген адам жайында сұралады. Ол бар малын садақа етуге тиіс пе? Айша мұны шын мәнінде нәзір деп санамаған, өйткені адам малсыз қалуды өзіне міндеттеп тұр. Сондықтан ол анттың кәффаратын өтейді деген.

Имам Мәлик: «Ол малының үштен бірін садақа етеді», – деген. Зуһри мен Ибн әл-Мусайяб та осы пікірді ұстанған.

• Имам Шафиғи мен Ахмад анттың кәффараты өтеледі деген.

• Әбу Ханифа мұндай кісі малының бәрін садақа етіп, өзіне әуретін жауып, күн көруге жетерлік дүние ғана қалдырады деген.

  1. 1Муатта, Нузур 17, (2, 481).