Хадис

Кутуб ситтә, № 5740

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
923. Дүние-мүлікке қатысты нәзір
Нөмірі
№ 5740 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
5740
Кутуб ситтә, № 5740 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ مَالِكٍ: أَنَّهُ سُئِلَ عَنْ رَجُلٍ قَالَ: كُلُّ مَالِي صَدَقَةٌ فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى، فَقَالَ: يَجْعَلُ ثُلُثَهُ لِأَنَّ رَسُولَ اللَهِ ﷺ أَمَرَ أَبَا لُبَابَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حِينَ قَالَ: أَهْجُرُ دَارَ قَوْمِي الَّتِي أَصَبْتُ فِيهَا الذَّنْبَ وَأُجَاوِرُكَ وَأَنْخَلِعُ مِنْ مَالِي صَدَقَةً إِلَى اللَّهِ وَإِلَى رَسُولِهِ؟ فَقَالَ: يُجْزِيكَ مِنْ ذَلِكَ الثُّلُثُ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен «Бар мал-дүнием Алла жолында садақа болсын» деген кісі жайында сұралғанда, ол былай жауап берген: «Малының үштен бірін садақа етеді. Әбу Лубаба (р.а.): “Күнә істеген мекенімді тастап, сізге көрші болайын. Мал-дүниемді Алла мен Оның елшісі жолында садақа етейін бе?” – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Малыңның үштен бірін садақа еткенің жеткілікті”, – деген еді».1

Түсіндірме

Бар дүние-мүлкін Алла жолында жұмсауды нәзір еткен адам туралы ғалымдардың пікірі әртүрлі екені жоғарыда айтылды. Имам Мәлик пәтуасын Алла елшісінің (с.а.с.) Әбу Лубабаға (р.а.) берген жауабына негіздеген. Әбу Лубабаның кешірілуіне қатысты дереккөздерде екі себеп айтылады. Бір нұсқада ол Тәбук жорығына қатыспағанына өкініп, кешірілгені мәлім болғанға дейін өзін мешіт бағанына байлаған. Екінші нұсқада ол Хандақ оқиғасында сатқындық жасаған Бәну Құрайзаға үкімнің не болатынын ишаратпен білдіріп қойғанына өкініп, өзін мешіт бағанына байлаған. Ол он сегіз күн бойы байлауда қалады. Зәрулік туған кезде және намаз уақытында ғана қызы келіп, байлауын шешетін. Ол тамақ ішуден де бас тартқан. Ақыры есінен танып, есту және көру қабілетінен айырылып қала жаздағанда, кешірілгені жайында аят түскен.2

  1. 1Муатта, Нузур 16, (2, 481).
  2. 2«Тәубе» 102.