وَعَنْ زَيْدِ بْنِ خَالِدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: صَلَّى لَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الصُّبْحَ بِالْحُدَيْبِيَةِ فِي إِثْرِ سَمَاءٍ كَانَتْ مِنَ اللَّيْلِ. فَلَمَّا انْصَرَفَ أَقْبَلَ عَلَى النَّاسِ فَقَالَ: هَلْ تَدْرُونَ مَاذَا قَالَ رَبُّكُمْ؟ قَالُوا: اَللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ. قَالَ: قَالَ اللَّهُ: أَصْبَحَ مِنْ عِبَادِي مُؤْمِنٌ بِي وَكَافِرٌ؛ فَأَمَّا مَنْ قَالَ: مُطِرْنَا بِفَضْلِ اللَّهِ وَرَحْمَتِهِ فَذَلِكَ مُؤْمِنٌ بِي كَافِرٌ بِالْكَوْكَبِ؛ وَمَنْ قَالَ: مُطِرْنَا بِنَوْءٍ كَذَا وَكَذَا فَذَلِكَ كَافِرٌ بِي مُؤْمِنٌ بِالْكَوْكَبِ. أَخْرَجَهُ السِّتَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Зәйд ибн Халид (р.а.) былай деген: «Хұдайбияда түнде жаңбыр жауды. Таңертең Алла елшісі (с.а.с.) бізге таң намазын оқытты. Намаздан соң жұртқа бұрылып: “Раббыларыңның не дегенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Жұрт: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – деді. Ол: “Алла Тағала: ‘Бүгін құлдарымның бірі Маған иман келтіріп, бірі күпірлік етіп таң атырды. Кім «Алланың кеңшілігі мен рақымынан жаңбыр жауды» десе, ол Маған иман келтіріп, жұлдызға сенбеді. Кім «Жаңбыр пәлен жұлдыздың әсерінен жауды» десе, ол Маған күпірлік етіп, жұлдызға сенді’, – деді”, – деп жеткізді».1
Түсіндірме
1. Хадисте жаңбырды жұлдыз жаудырады деп сенудің күпірлікке апаратыны айтылады. Үкім жаңбырмен шектелмейді. Аллаға тән істі басқа нәрсеге теліп, одан тілеп, соған жалбарыну да осыған жатады.
Ғалымдар мұнда күпірліктің екі мағынасы болуы мүмкін екенін айтқан.
• Аллаға серік қосу. Жаңбырды жұлдыздың өзі жаудырады деп сену, Алладан басқаға жалбарыну – ширк.
• Нығметті мойындамау. Құран мен сүннет нығметтің Алладан екенін білдіреді. Мұны біле тұра нығметті басқаға телу – нығметке күпірлік ету.
- 1Бұхари, Азан 156, Истисқа 28, Мағази 35, Тәухид 35; Мүслим, Иман 125, (71); Муатта, Истисқа 4, (1, 192); Әбу Дәуіт, Тибб 22 (3906); Нәсәи, Истисқа 16, (3, 165).