عَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ حَلَفَ عَلَى يَمِينٍ مَصْبُورَةٍ كَاذِبًا فَلْيَتَبَوَّأْ بِوَجْهِهِ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Имран ибн Хусайн (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім [ант беруге міндеттелгенде] жалған ант етсе, сол антының кесірінен тозақтағы орнын әзірлегені”, – деді».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) бұл жерде соттағы немесе даулы істегі ант жайында айтқан. Мұндай ант бидің төрелігіне ықпал ететіндіктен, оны айтқан адам үлкен жауапкершілік арқалайды. Жалған ант еткен кісі тозақтағы орнын әзірлеген болады. Хадисте «соның себебінен» деп аударылған بِوَجْهِهِ сөзі «етбетімен» деген мағына да береді. Осы мағынада жалған ант еткен кісінің тозаққа етбетімен құлайтыны айтылған.
Хадистегі «ямин масбура» тіркесінің сөзбе-сөз мағынасы – «қамалған ант». Мұнда анттың өзі емес, ант беру үшін ұсталған адам меңзеледі. Мақсат – міндеттелген кісінің ант бергенде өтірік айтуы. Исламның сот дәстүрінде талап қоюшы өз сөзін дәлелдеуге, жауапкер ант беруге тиіс. Демек, даулы іске байланысты ұсталған адам өз басын арашалау үшін жалған ант беруі мүмкін. Аудармада осы мағына негізге алынды.
Бағауи «Шарх әс-суннада»: «Біреу басқа кісінің қолындағы затты өзімдікі десе немесе одан алашағы барын айтса, ал әлгі адам оны мойындамаса, талап иесі өз сөзін дәлелдеуі, жауапкер ант беруі керек. Хадис осыған дәлел», – дейді.
- 1Әбу Дәуіт, Әйман 1 (3242).