Хадис

Кутуб ситтә, № 5828

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
946. Антты бұзу
Нөмірі
№ 5828 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
5828
Кутуб ситтә, № 5828 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَنَّ أَبَا بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ لَمْ يَكُنْ يَحْنُثُ قَطُّ فِي يَمِينٍ حَتَّى أَنْزَلَ اللَّهُ كَفَّارَةَ الْيَمِينِ، فَقَالَ: لَا أَحْلِفُ عَلَى يَمِينٍ فَرَأَيْتُ غَيْرَهَا خَيْرًا مِنْهَا إِلَّا أَتَيْتُ الَّذِي هُوَ خَيْرٌ وَكَفَّرْتُ عَنْ يَمِينِي. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Ұлы Раббымыз анттың кәффараты туралы аятты түсіргенге дейін Әбу Бәкір (р.а.) ешбір антын бұзған емес. Аят түскен соң ол: “Енді бір нәрсеге ант беріп, кейін оның керісінше істегенім қайырлырақ екенін көрсем, қайырлы істі жасаймын да, антымның кәффаратын өтеймін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы үш хадис бір істі жасауға немесе жасамауға ант бергеннен кейін сол антты орындау пайдадан гөрі зиян келтіретіні анықталса, одан бас тартуға үндейді.

Пайдасыз іске «ант беріп қойдым» деп табандаудың мәні жоқ. Анттың кәффаратын өтеп, зиянды істен бас тартқан дұрыс. Бұл үкімнің Құранда түсіндірілгені оның маңызын арттырады. Бұрын келтірілген аятты осы орайда тағы еске түсірейік: ﴿لَا يُؤَاخِذُكُمُ ٱللَّهُ بِٱللَّغْوِ فِىٓ أَيْمَٰنِكُمْ وَلَٰكِن يُؤَاخِذُكُم بِمَا عَقَّدتُّمُ ٱلْأَيْمَٰنَ فَكَفَّٰرَتُهُۥٓ إِطْعَامُ عَشَرَةِ مَسَٰكِينَ مِنْ أَوْسَطِ مَا تُطْعِمُونَ أَهْلِيكُمْ أَوْ كِسْوَتُهُمْ أَوْ تَحْرِيرُ رَقَبَةٍ فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَٰثَةِ أَيَّامٍ ذَٰلِكَ كَفَّٰرَةُ أَيْمَٰنِكُمْ إِذَا حَلَفْتُمْ وَٱحْفَظُوٓا۟ أَيْمَٰنَكُمْ كَذَٰلِكَ يُبَيِّنُ ٱللَّهُ لَكُمْ ءَايَٰتِهِۦ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ﴾ «Алла тағала сендерді аңдамай айтқан анттарың үшін жауапқа тартпайды. Алайда саналы түрде, ішкен анттарың үшін жауапқа тартады. Міне, осындай антты бұзсаңдар, оның өтеуі – өз бала-шағаларыңа беретін ас-ауқаттың орташа мөлшерінде он міскінді тамақтандыру немесе он пақырды киіндіру, я болмаса бір құлды азат ету. Бұған шамасы жетпеген кісі үш күн ораза ұстасын. Міне, анттарыңның бұзылған жағдайдағы өтеуі осы. Ендеше, анттарыңды бұзбаңдар! Алла шүкіршілік білдірерсіңдер деп, аяттарын сендерге осылай баяндайды»2. Құранда осы үкімді қуаттайтын тағы бір аят бар: ﴿وَلَا تَجْعَلُوا۟ ٱللَّهَ عُرْضَةً لِّأَيْمَٰنِكُمْ أَن تَبَرُّوا۟ وَتَتَّقُوا۟ وَتُصْلِحُوا۟ بَيْنَ ٱلنَّاسِ وَٱللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ﴾ «Алланың атымен берген анттарың жақсылық жасауларыңа, тақуалық шеңберінен шықпай әрекет етулеріңе және адамдардың арасын жарастыруларыңа кедергі болмасын. Алла – Сәмиғ, Алим»3.

Әсіресе №5828 риуаят орындалуы зиянды антты бұзып, кәффарат өтеуге берілген рұқсаттың мұсылман қоғамына қаншалық жеңілдік әкелгенін көрсетеді. Уахи түскенге дейін Әбу Бәкір (р.а.) салдары зиянды болса да, әр антын орындайтын. Осыдан кейін зиянды істен бас тартып, кәффарат өтейтін болды. Бұл оның ар-ұжданына түскен ауыртпалықты жеңілдетті. Әбу Бәкір бұл сөзді Айшаға (р.а.) жала жабуға Мистахтың (р.а.) қатысқанын білген соң айтқан. Ол бұған дейін Мистахқа көмектесіп жүрген еді. Жайтты білгенде енді оған жәрдем бермеуге ант етті. Сонда мына аят түсті: ﴿وَلَا يَأْتَلِ أُو۟لُوا۟ ٱلْفَضْلِ مِنكُمْ وَٱلسَّعَةِ أَن يُؤْتُوٓا۟ أُو۟لِى ٱلْقُرْبَىٰ وَٱلْمَسَٰكِينَ وَٱلْمُهَٰجِرِينَ فِى سَبِيلِ ٱللَّهِ وَلْيَعْفُوا۟ وَلْيَصْفَحُوٓا۟ أَلَا تُحِبُّونَ أَن يَغْفِرَ ٱللَّهُ لَكُمْ وَٱللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Араларыңдағы игі жақсылар мен дәулетті жандар туған-туысқа, пақыр-міскіндерге және Алла жолында һижрет еткендерге қайыр-зекет бермеуге серт етпесін. Керісінше, ғафу етіп, кеңшілік жасасын. Әлде, Алланың өздеріңе кешірім жасағанын қаламайсыңдар ма? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді»4. Осы аят түскеннен кейін Әбу Бәкір Мистахқа қайта жәрдем бере бастады.

Екінші хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) мұндайда қалай әрекет еткені айтылады. Ол ант бергеннің өзінде зиянды істен бас тартып, қайырлысын істеген және бұзған антының кәффаратын өтеген. Бірінші хадисте Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне антты сылтауратып жамандық жасамауды, қайырлы істі таңдауды және ант бұзылғанда кәффарат өтеуді ұмытпауды бұйырған. «Бақара» сүресіндегі аяттың талабы анық: Алланың атымен берілген ант жақсылық жасауға, күнәдан сақтануға және адамдардың арасын жарастыруға кедергі болмауға тиіс.

Антында тұру адамның мінезін шыңдап, өзіне деген сенімін арттырады. Антында тұратын адамдар бір-біріне көбірек сеніп, берік ынтымақ құра алады. Бұл олардың бастама көтеруіне де серпін береді. Қоғамдық маңызы зор болғандықтан, ант мәселесі Құранда әр қырынан бірнеше рет қарастырылады. Мына аятта оның басқа бір қыры айтылады: ﴿لَّا يُؤَاخِذُكُمُ ٱللَّهُ بِٱللَّغْوِ فِىٓ أَيْمَٰنِكُمْ وَلَٰكِن يُؤَاخِذُكُم بِمَا كَسَبَتْ قُلُوبُكُمْ وَٱللَّهُ غَفُورٌ حَلِيمٌ﴾ «Алла сендерді байыбына бармай айтқан анттарың үшін жауапқа тартпайды. Алайда жүректерің тапқан, жалған анттарың үшін жауапқа тартады. Алла – Ғафур, Халим»5. Антта тұрудың маңызын мына аят та аңғартады: ﴿لِّلَّذِينَ يُؤْلُونَ مِن نِّسَآئِهِمْ تَرَبُّصُ أَرْبَعَةِ أَشْهُرٍ فَإِن فَآءُو فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Әйелдерімен төсек қатынасына түспеуге ант ішкен ер адамдарға төрт ай мұрсат беріледі. Егер олар осы мерзім ішінде олар райынан қайтып әйелдерімен қайта жақындасатын болса, күмәнсіз, Алла – Ғафур, Рахим»6.

  1. 1Бұхари, Әйман 1.
  2. 2Мәида, 89.
  3. 3«Бақара» 224.
  4. 4Нұр, 22.
  5. 5«Бақара» 225.
  6. 6«Бақара» 226.