وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: التَّؤَدَةُ فِي كُلِّ شَيْءٍ إِلَّا فِي عَمَلِ الْآخِرَةِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ақыретке қатысты амалдан өзге істе байыппен қимылдаған жақсы”, – деді».1
Түсіндірме
Кейбір хадистерде байыптылық жалпы мақталса, мұнда ақыретке қатысты амалдар бөлек аталған. Қади: «Ақыретке қатысты амалды соза беру құпталмайды. Аллаға жақындап, дәрежеңді көтеру үшін мұндай істе табандылық танытып, бар күшіңді сал», – деген. Тиби: «Дүние ісінің соңы қайырлы болары белгісіз, сондықтан асықпай, байыппен кіріскен жөн. Ақырет ісінің жөні басқа. Раббымыз ﴿فَٱسْتَبِقُوا۟ ٱلْخَيْرَٰتِ﴾ “Ендеше, жақсылықта жарысыңдар!”2, ﴿سَابِقُوٓا۟ إِلَىٰ مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا كَعَرْضِ ٱلسَّمَآءِ وَٱلْأَرْضِ أُعِدَّتْ لِلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ بِٱللَّهِ وَرُسُلِهِۦ﴾ “Раббыларыңнан болатын кешірім және Аллаға һәм елшілеріне шынымен иман келтіргендер үшін әзірленген, ені жеті қат көк пен жердің еніндей болған жұмақ үшін жарысыңдар!”3 деген», – дейді. Мұнауи осыған бір өнегелі кісінің оқиғасын мысал етеді: «Ол моншада отырып қызметшісін дереу шақырып: “Көйлегімді пәленшеге апарып бер”, – деді. Қызметшісі: “Моншадан шыққанша күте тұрсаңыз болмай ма?” – дегенде, ол: “Соны ойладым, бірақ ниетімнен айнып қалмайын дедім”, – деп жауап берді».
Кей ғалымдар қайырлы екені анық істі кідіріссіз орындаудың айыбы жоқ деген. Олар мына аятты дәлелге келтіреді: ﴿إِنَّهُمْ كَانُوا۟ يُسَٰرِعُونَ فِى ٱلْخَيْرَٰتِ وَيَدْعُونَنَا رَغَبًا وَرَهَبًا﴾ «Расында, олар жақсылық жасауда бір-бірімен асыға жарысатын, әрі үміт еткен, әрі қорыққан күйде Бізге жалбарынатын»4.
Әли әл-Қари мәселенің бір қырына назар аударады: «Алла бұйырған құлшылықты дер кезінде атқаруға ұмтылу мен құлшылықтың өзін асығыс орындаудың айырмасы үлкен. Біріншісі мақталады, екіншісі құпталмайды». Демек, құлшылыққа уақытында кірісіп, оны баппен орындауға тырысамыз.