Хадис

Кутуб ситтә, № 5847

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
953. Адамның әдебіне қатысты хадистер
Нөмірі
№ 5847 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
5847
Кутуб ситтә, № 5847 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنِ اسْتَعَاذَ بِاللَّهِ فَأَعِيذُوهُ، وَمَنْ سَأَلَ بِاللَّهِ فَأَعْطُوهُ، وَمَنْ دَعَاكُمْ فَأَجِيبُوهُ، وَمَنْ صَنَعَ إِلَيْكُمْ مَعْرُوفًا فَكَافِئُوهُ، فَإِنْ لَمْ تَجِدُوا مَا تُكَافِئُونَهُ فَادْعُوا لَهُ حَتَّى تَرَوْا أَنَّكُمْ قَدْ كَافَأْتُمُوهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім Алланың атымен пана сұраса, оған пана беріңдер. Кім Алланың атымен бір нәрсе сұраса, сұрағанын беріңдер. Кім шақырса, шақыруын қабыл алыңдар. Кім сендерге жақсылық жасаса, қарымтасын қайтарыңдар. Қайтаратын ештеңе таппасаңдар, қарымтасын өтедік деп көңілдерің орныққанша ол үшін дұға етіңдер”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте Алланың аты аталып, ізгі мақсатпен жасалған өтінішті орындауды бұйырады. Тиби пана сұрау жөніндегі сөзді былай түсіндіреді: «Біреу өздеріңнен не басқа біреуден зиян тимесін деп, “Алла үшін маған жамандық жасамаңдар”, – десе, өтінішін қабыл алыңдар. Алланың атын құрметтеп, оған зиян тигізбеңдер». Хадисті «Кім Аллаға сыйынып, Оның атымен өздеріңнен рақым тілеп пана сұраса» деп те ұғынуға болады. Тіліміздегі «Алла үшін», «Алла разылығы үшін» деген сөздермен айтылған өтінішке құлақ асып, Раббымыздың ұлы есімін құрметтеу бұйырылған. Оның атымен пана сұрағанға пана, садақа сұрағанға садақа беріледі. Алланың есімі мүміннің жүрегінде биік орын алуға тиіс. Өз дұғаларымыздың қабыл болуына да мұның қатысы бар.

2. Хадистегі екінші талап – шақыруды қабыл алу. Хадисте ол жалпы айтылған. Ғалымдар өзге хадистерді ескеріп, шақыруды қабыл алуға шариғи кедергі болмасын деген шарт қосқан. Мысалы, дастарқанға ішімдік қойылса, шақырған жерге бармауға болады.

3. Келесі талап – сөзбен де, іспен де жақсылық жасап, құрмет көрсеткен адамға мүмкіндігінше сондай жақсылықпен жауап беру. Бұл ﴿هَلْ جَزَآءُ ٱلْإِحْسَٰنِ إِلَّا ٱلْإِحْسَٰنُ﴾ «Иә, жақсылықтың қарымы дәл сондай жақсылық емей немене?!»2 және ﴿وَأَحْسِن كَمَآ أَحْسَنَ ٱللَّهُ إِلَيْكَ﴾ «Алланың өзіңе жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса!»3 деген аяттарда айтылып, көптеген хадисте қайталанған. Олардың бірқатарын жоғарыда келтірдік (№5780–5787).

4. Хадистің соңында Алла елшісі (с.а.с.) өзімізге жақсылық жасаған адамға дәл сондай қарымта қайтара алмасақ, ол үшін дұға ете беруді ұсынады. Бұл дұға жасаған жақсылығын өтедім деп көңіліміз орныққанша жалғасады.

مَنْ صُنِعَ إِلَيْهِ مَعْرُوفٌ فَقَالَ لِفَاعِلِهِ: جَزَاكَ اللَّهُ خَيْرًا، فَقَدْ أَبْلَغَ فِي الثَّنَاءِ.

Усама ибн Зәйдтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Өзіне жақсылық жасаған кісіге “Алла саған қайырлы қарымта берсін!” деген адам алғысын толық білдірген болады», – деген.4

Осы хадиске сүйенген кей ғалымдар адам өзіне жақсылық жасаған кісіге جَزَاكَ اللَّهُ خَيْرًا, яғни «Алла сені жақсылықпен жарылқасын!» десе, оның ақысы қанша үлкен болса да, өтеген болып саналады деген. Адам бұл сөзбен жақсылықтың қарымтасын қайтаруға шамасы жетпейтінін мойындап, дүние мен ақыреттегі қайтарымын ең жақсы Уәкіл – Аллаға тапсырады. Алла елшісінің мұны ең көркем мадақ деуі Алланың сол жақсылықты қайтарымсыз қалдырмайтынын білдіреді. Кейбір даналар: «Қайтарым жасауға қолың қысқа болса, алғыс пен дұғаға тілің ұзын болсын», – деген.

  1. 1Нәсәи, Зекет 72, (5, 82); Әбу Дәуіт, Зекет 38 (1672).
  2. 2Рахман, 60.
  3. 3Қасас, 77.
  4. 4Тирмизи, «Ізгілік және туыстық», №2035.