Хадис

Кутуб ситтә, № 5877

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
954. Нәпсіге қатысты кеселдер туралы хадистер
Нөмірі
№ 5877 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
5877
Кутуб ситтә, № 5877 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: ثَلَاثَةٌ أَنَا خَصْمُهُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ: رَجُلٌ أَعْطَى بِي ثُمَّ غَدَرَ، وَرَجُلٌ بَاعَ حُرًّا فَأَكَلَ ثَمَنَهُ، وَرَجُلٌ اسْتَأْجَرَ أَجِيرًا فَاسْتَوْفَى مِنْهُ وَلَمْ يُعْطِهِ أَجْرَهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла Тағала: ‘Қиямет күні үш адамға Өзім қарсы тұрамын. Олар – Менің атыммен серт беріп, кейін қиянат жасаған, азат адамды сатып, ақшасын жеген және жұмысшы жалдап, еңбегін толық пайдаланып, ақысын бермеген кісі’, – деді”, – деген».1

Түсіндірме

• Ибн әт-Тин: «Алла барлық залымға қарсы. Мұнда үш адамды ерекше атап, оларға қарсы тұруының қатал болатынын білдірген», – дейді. Біріншісі – Алланың атымен серт беріп, кейін сөзінен тайып, қиянат жасаған кісі. Екіншісі – азат адамды құл ретінде сатқан кісі. Түскен ақшаны тамаққа жұмсаса да, басқа қажетіне жаратса да үкім өзгермейді. «Жеу» сөзінің аталуы ақшаның ең әуелі асқа жұмсалуына байланысты. Әбу Дәуіттің бір риуаяты «Үш адам бар, олардың намазы қабыл болмайды» деп басталып, соның бірі «азат адамды құлға айналдырған кісі» делінеді. Мұһаллаб: «Азат адамды сатудың күнәсі ауыр. Мұсылмандар азаттықта тең. Азат кісіні сатқан адам оны Алла рұқсат еткен еркіндіктен айырып, Алла құтқарған қорлыққа қайта салады», – дейді. Ибн әл-Жаузи: «Азат адам да – Алланың құлы. Оған қиянат жасаған адам қарсы алдынан оның Иесін, яғни Алланы табады», – дейді.

• Түсіндірмешілер азат адамды сату мәселесін жан-жақты талдаған. Мұнда қарызға байланысты жайтты ғана сөз етеміз. Қарызын өтей алмағандардың ішінде өзін сатып, қарызын өтегендер болған. Басқаша айтқанда, борышкерлер қарызы үшін сатылған. Ибн Хазм азат адамды қарызы үшін сату кездесіп тұрғанын жазады. Бұл ﴿وَإِن كَانَ ذُو عُسْرَةٍ فَنَظِرَةٌ إِلَىٰ مَيْسَرَةٍ﴾ «Егер қарыз алған адам қиналып тұрса, жағдайы оңалғанша, оған мұрсат»2 деген аят түскенге дейін жалғасқан. Кей риуаятта табиғин Зуһра ибн Әуфаның бір азат кісіні қарызы үшін сатқаны айтылады. Имам Шафиғи азат адамды қандай жағдайда да сатуға тыйым салынғаны жөнінде үмбет бірауызды екенін жеткізген.

• Ислам ғалымдары адамды жұмысқа салып, еңбекақысын бермеуді азат адамды құлға айналдыруға теңеген. Азат адамды сату харам болғандай, адамды ақысыз жұмыс істету де харам.

  1. 1Бұхари, Буйуғ 106.
  2. 2«Бақара» 280.