عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثَةٌ لَا يُكَلِّمُهُمْ اللَّهُ تَعَالَى يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَا يَنْظُرُ إِلَيْهِمْ وَلَا يُزَكِّيهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ: رَجُلٌ عَلَى فَضْلِ مَاءٍ بِفَلَاةٍ يَمْنَعُهُ ابْنَ السَّبِيلِ، يَقُولُ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَهُ: الْيَوْمَ أَمْنَعُكَ فَضْلِي كَمَا مَنَعْتَ فَضْلَ مَا لَمْ تَعْمَلْ يَدَاكَ، وَرَجُلٌ بَايَعَ رَجُلًا بِسِلْعَةٍ بَعْدَ الْعَصْرِ فَحَلَفَ لَهُ بِاللَّهِ تَعَالَى لَقَدْ أَخَذَهَا بِكَذَا وَكَذَا فَصَدَّقَهُ وَأَخَذَهَا وَهُوَ عَلَى غَيْرِ ذَلِكَ، وَرَجُلٌ بَايَعَ إِمَامًا لَا يُبَايِعُهُ إِلَّا لِدُنْيَا، فَإِنْ أَعْطَاهُ مِنْهَا مَا يُرِيدُ وَفَى لَهُ، وَإِنْ لَمْ يُعْطِهِ لَمْ يَفِ لَهُ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш адам бар, қиямет күні Алла олармен сөйлеспейді, оларға назар салмайды, оларды күнәларынан тазартпайды. Олар үшін жан қинайтын азап бар:
• Шөлде өзіне қажеттен артық суы бола тұра, жолаушыға бермеген кісі. Қиямет күні Алла оған: ‘Өз қолыңмен жасамаған нәрсенің артығын өзгеден аяғаныңдай, бүгін Мен де сені кеңшілігімнен қағамын’, – дейді.
• Екіндіден кейін сатып алушыға Алланың атымен ‘Мұны пәлен бағаға алдым’ деп өтірік ант етіп, оны сендіріп, тауарын сатқан кісі.
• Тек дүниелік пайда үшін имамға серт берген кісі. Қалаған дүниесін алса, сертінде тұрады, алмаса, сертінде тұрмайды”, – деді».1
Түсіндірме
1. Қиямет күні Алланың олармен сөйлеспеуі оларға разылығы мен кешірімін білдірмеуі деген сөз. Сол күні адамның ең мұқтаж болатыны – осы сөз. Мауқиф деп аталатын есеп алаңында ұзақ әрі ауыр күткеннен кейін кешірімді білдіретін иләһи үндеуден мақұрым қалудан асқан қасірет жоқ. Хадис адамды осындай қасіретке ұрындыратын басты үш себепті атайды. Келесі хадисте өзге себептер де айтылады.
Алла елшісі (с.а.с.) қиямет күні ауыр қасіретке ұрындыратын үш істі атаған. Көп адам мұндай істерді елеусіз көреді, өйткені олар жиі айтылатын үлкен күнәлар мен харамдардың қатарында аталмайды.
Хадис мүмінді мынадай ойға жетелейді: «Елеусіз көрінетін осы істердің салдары осындай болса, үлкен күнә жасап, қайта-қайта бұйырылған парызды орындамай жүрудің соңы не болмақ? Одан мәңгілік өмірімде қандай зиян шегемін?»
2. Алла елшісі (с.а.с.) назар аудартқан үш істің бірі – артық суды аяу. Бұхаридің бір риуаятында «жол бойында артық суы бола тұра, оны өзгеге бермеген кісі» деп мәні нақтыланады. Жолда, дала мен шөлде судың тіршілік үшін маңызы зор. Өзге жерден су табу мүмкін болмағандықтан, артығын мұқтаж жанға беру керек.
3. Өтірік ант кез келген уақытта харам. Онда хадисте неліктен екінді намазынан кейінгі уақыт аталған? Түсіндірмешілер бұл жайында бірнеше пікір айтқан. Әли әл-Қаридің жазуынша:
• Мұндай ауыр ант көбіне сол уақытта айтылады.
• Бұл – саудагердің пайда таппай, үйіне қайтуға ыңғайланатын шағы. Ол пайда табу үшін өтірік ант етуі мүмкін.
• Екіндіден кейінгі уақыттың қадірі жоғары. Қадірлі уақытта өтірік ант айту одан да ауыр, одан да жиіркенішті саналады. Алла елшісі (с.а.с.) үкім шығаратын жиындарын екінді намазынан кейін өткізген.
• Қасталани осыған жақын пікір айтады: «Хадис жалған антты екіндіден кейінгі уақытпен шектемейді. Ол көп кездесетін жағдайды меңзейді. Мұндай ант көбіне күн ұясына батып, адамдар ісін тезірек бітіріп, үйлеріне қайтуға асыққан кезде айтылады».
• Екінді уақытының арнайы аталуын күндізгі амалдар сол кезде Аллаға жеткізіледі деп түсіндірген ғалымдар да бар. Әр пікірдің де өзіндік негізі бар.
4. Хадистегі имам – халифа, яғни мемлекет басшысы. Оған бағыну және Алланың разылығы үшін серт беру керек. Серттен дүниелік не жеке пайда күтілмейді. Басшы әр адамға қалағанын бере алмайды. Пайда табу үшін ғана серт еткендер іздегенін алмаса, бағынудан бас тартады, соның салдарынан бірлік бұзылады. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылман қауымының ауызбіршілігіне нұқсан келтіретін осы іске назар аудартқан. Басшылық мәселесіне бұған дейін тоқталғандықтан, бұл жерде егжей-тегжейіне бармаймыз.
5. Хадистегі «тазкия» сөзін «күнәдан тазарту» деп аудардық. Кей ғалымдар оны «мақтау» деп түсініп, «Алла оларды мақтамайды» деп түсіндірген.
- 1Бұхари, Ширб 2, Хилял 12; Мүслим, Иман 173 (108); Әбу Дәуіт, Буйуғ 62, (3474, 3475); Нәсәи, Буйуғ 6, (7, 247).