Хадис

Кутуб ситтә, № 5894

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
954. Нәпсіге қатысты кеселдер туралы хадистер
Нөмірі
№ 5894 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 23
5894
Кутуб ситтә, № 5894 · тараудағы реті: 23

وَعَنْ أَبِي زُمَيْلٍ قَالَ: قُلْتُ لِابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَا شَيْءٌ أَجِدُهُ فِي صَدْرِي؟ فَقَالَ: مَا هُوَ؟ قُلْتُ: وَاللَّهِ مَا أَتَكَلَّمُ بِهِ. فَقَالَ لِي: أَشَيْءٌ مِنْ شَكٍّ؟ قَالَ وَضَحِكَ، ثُمَّ قَالَ: مَا نَجَا أَحَدٌ مِنْ ذَلِكَ حَتَّى أَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿فَإِنْ كُنْتَ فِي شَكٍّ مِمَّا أَنْزَلْنَا إِلَيْكَ فَاسْأَلِ الَّذِينَ يَقْرَءُونَ الْكِتَابَ مِنْ قَبْلِكَ﴾. قَالَ: فَقَالَ لِي: إِذَا وَجَدْتَ فِي نَفْسِكَ شَيْئًا فَقُلْ: ﴿هُوَ الْأَوَّلُ وَالْآخِرُ وَالظَّاهِرُ وَالْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ﴾. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зумәйл (рахимаһуллаһ) жеткізеді: «Бірде Ибн Аббастан (р.а.): “Көңілімде пайда болатын мына бір ойлар нені білдіреді?” – деп сұрадым. Ол: “Қандай ой?” – деді. Мен: “Алланың атымен ант етемін, оны айтуға аузым бармайды”, – дедім. Ол: “Күмән секілді бір нәрсе ме?” – деп күлді. Сосын былай деді: “Мұндай уәсуәсадан ешкім ада болмаған. Алла Тағала мына аятты түсірді: ﴿فَإِن كُنتَ فِى شَكٍّ مِّمَّآ أَنزَلْنَآ إِلَيْكَ فَسْـَٔلِ ٱلَّذِينَ يَقْرَءُونَ ٱلْكِتَٰبَ مِن قَبْلِكَ﴾ ‘Саған түсіргендерімізге қатысты қандай да бір күмәнің болса, өзіңнен бұрын иләһи кітап оқып жүргендерден сұра’1”. Ибн Аббас маған: “Көңіліңде сондай бір ой пайда болса: ﴿هُوَ ٱلْأَوَّلُ وَٱلْـَٔاخِرُ وَٱلظَّٰهِرُ وَٱلْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌ﴾ ‘Әууәл (ең әуелгі) де Өзі, Ахир (ең ақырғы) де Өзі, Заһир (ең айқын) да Өзі, Батин (ең жасырын) да Өзі. Ол барлық нәрсені толық білуші!’, – деп айт”, – деді».2

Түсіндірме

1. Соңғы екі хадис Әбу Дәуіттің жинағында «Уәсуәсаны қайтару» деген тарауда берілген. Мұнда мүмінге әр адамда кездесетін уәсуәсаның мәнін ұғындыру көзделген. Адамға кейде өз еркінен тыс күмәнді ой келеді. Оны көңілімен құптамаса, мұндай ой оған зиян келтірмейді. Иман мен әдепке қайшы ой мазаласа, саспай, иманды бекітіп, оның негіздерін еске салатын аяттарды оқыған жөн.

Ибн Аббастың уәсуәсә кезінде оқуға кеңес берген аяты Алла Тағаланың сипаттары туралы: ﴿هُوَ ٱلْأَوَّلُ وَٱلْـَٔاخِرُ وَٱلظَّٰهِرُ وَٱلْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌ﴾ «Әууәл (ең әуелгі) де Өзі, Ахир (ең ақырғы) де Өзі, Заһир (ең айқын) да Өзі, Батин (ең жасырын) да Өзі. Ол барлық нәрсені толық білуші!». Аяттың мағынасын былай түсінуге болады. Ол – Әууәл: өзінің бастауы жоқ, ал күллі болмыстың бастауы Оның ілімі мен құдіретіне тәуелді. Ол – Ахир: өзінің соңы жоқ, барлық жаратылыстың ақыры Оған барып тіреледі, бәрі Оған қайтады. Ол – Заһир: барлығы мен бірлігінің дәлелдері әр нәрседен анық көрінеді. Бүкіл жаратылыс сыртқы бейнесімен және шебер жаратылысымен Оның құдіретіне, өнеріне куәлік етеді. Ол – Батин: әр нәрсенің ішкі ақиқатын біледі. Әр нәрсенің ішкі сыры Оның құдіреті мен хикметіне куәлік етеді. Ол барлық нәрсені толық біледі.

2. Уәсуәсә жайында сұралғанда Ибн Аббас (р.а.) аятты оқып, Алла елшісіне (с.а.с.) де осындай ойлар келгенін, оны бекемдеу үшін сол аят түскенін аңғартқысы келген.

Тәпсіршілер аятта Алла елшісіне (с.а.с.) ме, әлде өзгелерге ме үн қатылғаны жайында әртүрлі пікір айтқан. Аят Алла елшісіне қарата айтылған дейтіндердің кейбірі: «Сөз сырттай Алла елшісіне бағытталғанымен, көзделгені – өзге адамдар. Бұған ұқсас мысалдар бар: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ ٱتَّقِ ٱللَّهَ وَلَا تُطِعِ ٱلْكَٰفِرِينَ وَٱلْمُنَٰفِقِينَ﴾ “Уа, ардақты Пайғамбар! Алладан лайықты түрде қорық әрі кәпірлер мен мұнафықтардың тілін алма!”3 немесе ﴿وَإِذْ قَالَ ٱللَّهُ يَٰعِيسَى ٱبْنَ مَرْيَمَ ءَأَنتَ قُلْتَ لِلنَّاسِ ٱتَّخِذُونِى وَأُمِّىَ إِلَٰهَيْنِ مِن دُونِ ٱللَّهِ﴾ “Һәм Алла: ‘Уа, Мәриямұлы Иса! Адамдарға ‘Алладан бөлек, мені және анамды да қос құдай тұтыңдар’ деп айтқан сен бе едің?!”4», – деген. Рази мұны түсіндіргенде, қазақтың «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегеніне сай келетін إِيَّاكِ أَعْنِي وَاسْمَعِي يَا جَارَةُ деген араб мәтелін мысалға алған.

Тәпсіршілер келтірген екінші пікір мынадай: «Мұхаммед (с.а.с.) – адам баласы. Сондықтан өзге адамдардағы сияқты, оның көңіліне де күмәнді ойлар мен ауыр толғаныстар келуі мүмкін. Мұндай уәсуәсаны дәйек келтіріп, дәлелді анықтау арқылы сейілтуге болады. Алла Тағала осы мақсатпен ара-тұра аят түсіріп, елшісінің бойындағы осындай уәсуәсаны сейілткен.

Талқыланып отырған хадистен Ибн Аббастың (р.а.) да осы пікірде болғаны аңғарылады».

Бұл мәселе бойынша айтылған түрлі көзқарастарды көрнекті тәпсірші Фахраддин Разидың тәпсірінен табуға болады.

  1. 1Юнус, 94.
  2. 2Әбу Дәуіт, Әдәб 118 (5110).
  3. 3Ahзаб, 1.
  4. 4Мәида, 116.