وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ تَحَلَّمَ بِحُلْمٍ لَمْ يَرَهُ كُلِّفَ أَنْ يَعْقِدَ بَيْنَ شَعِيرَتَيْنِ، وَلَنْ يَفْعَلَ، وَمَنِ اسْتَمَعَ إِلَى حَدِيثِ قَوْمٍ وَهُمْ لَهُ كَارِهُونَ صُبَّ فِي أُذُنَيْهِ الْآنُكُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ صَوَّرَ صُورَةً عُذِّبَ وَكُلِّفَ أَنْ يَنْفُخَ فِيهَا الرُّوحَ، وَلَيْسَ بِنَافِخٍ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім көрмеген түсін көрдім десе, оған екі арпа дәнін бір-біріне түю міндеттеледі, бірақ ол мұны істей алмайды. Кім тыңдағанын қаламайтын адамдардың әңгімесіне құлақ түрсе, қиямет күні екі құлағына балқыған қорғасын құйылады. Кім сурет салса, азапқа ұшырайды. Оған сол суретке жан бітіру міндеттеледі, бірақ ол жан бітіре алмайды”, – деді».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте дін тыйым салған істерге барған кісілердің азабының ауыр әрі ұзақ болатынын мысалдармен аңғартқан.
• Көрмеген түсті көргендей етіп айтып, өтірік айтуға болмайды. Мұндай істің ақыреттегі жазасы ауыр. Екі арпа дәнін бір-біріне түю міндеттелетіні осыны білдіреді. Бұл орындалмайтын іс, сондықтан оны орындай алмаған сайын азап жалғаса береді.
• Әңгімесін естігенін қаламайтын адамдардың сөзіне құлақ түруге болмайды. Бұл тыйымды елемей, қызығушылықпен өзгелердің әңгімесін жасырын тыңдаған кісі қиямет күні ауыр азапқа ұшырайды.
• Тірі жанның бейнесін жасауға болмайды. Мұны жасаған кісіге өз мүсініне немесе суретіне жан бітіру секілді орындай алмайтын міндет жүктеледі. Ол мұны орындай алмаған сайын азап шегеді. Сурет мәселесін бұған дейін кеңінен қарастырғандықтан, мұнда қайталамаймыз.
- 1Бұхари, Табир 45; Әбу Дәуіт, Әдәб 96 (5024); Тирмизи, Руя 8 (2284).