وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَبْغَضُ النَّاسِ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى ثَلَاثَةٌ: مُلْحِدٌ فِي الْحَرَمِ، وَمُبْتَغٍ فِي الْإِسْلَامِ سُنَّةَ الْجَاهِلِيَّةِ، وَمُطَّلِبُ دَمِ امْرِئٍ بِغَيْرِ حَقٍّ لِيُهْرِيقَ دَمَهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла ең қатты жек көретін үш түрлі адам бар: Харам аймағында хақтан тайған кісі, исламға кіре тұра жаһилият әдетін іздеген кісі және біреудің қанын нақақ төккісі келіп, соның жолын іздеген кісі”, – деді».1
Түсіндірме
1. «Илхад» хақтан ауытқуды білдіреді. Бұл сөз үлкен күнәға да, кіші күнәға да қолданылады. Осы мағынаны алсақ, Харам аймағындағы кіші күнә Алла алдында өзге жерде жасалған үлкен күнәдан ауыр деген ұғым шығады. Ибн Хажар бұл түсінікті қиын санап, хадистегі «илхадпен» үлкен күнә меңзелген болуы керек деген.
2. «Исламда жаһилият әдетін іздеу» деген – бір кісідегі ақысын оның өзінен талап етудің орнына, баласынан, бауырынан немесе басқа туысынан алуға ұмтылу. Мұнымен жаһилият салтын жалғастырып, жаюды, қолданысқа енгізуді қалайтын кісілер де меңзелген делінеді. Жаһилият әдетіне сол дәуірдің барша салты мен іс жүзіндегі дағдысы кіреді.
3. Алланың қаһарына ұшырататын қан талабы – нақақ әрі шектен шыққан талап. «Нақақ» деген сөз оның заңды қысасқа жатпайтынын аңғартады.
- 1Бұхари, Дият 9.