عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَرْفَعُهُ قَالَ: إِذَا أَصْبَحَ ابْنُ آدَمَ فَإِنَّ الْأَعْضَاءَ كُلَّهَا تُكَفِّرُ اللِّسَانَ فَتَقُولُ: اِتَّقِ اللَّهَ فِينَا، فَإِنَّمَا نَحْنُ بِكَ، إِنِ اسْتَقَمْتَ اسْتَقَمْنَا وَإِنِ اعْوَجَجْتَ اعْوَجَجْنَا. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізеді: «Адам баласы таң аттырғанда, дене мүшелерінің бәрі тілге бас иіп: “Біз үшін Алладан қорық! Біз саған бағынамыз. Сен түзелсең, біз де түзелеміз. Сен қисайсаң, біз де қисаямыз”, – дейді».1
Түсіндірме
Хадистегі «тәкфир» кішірейіп иілуді, басты төмен түсіруді білдіреді. Көбіне яһудилерде кездескен бұл ишара жолдасының алдында құрметпен бас июден тұрады. Ол рукуғқа жуық иілу саналады.
Дене мүшелерінің тілге сөйлеуін шын мәнінде солай болады деп те, хәл тілімен айтылған астарлы сөз деп те түсіндірген.
Хадис жақсылықта да, жамандықта да дене мүшелерінің тілге бағынатынын білдіреді. Кейбір түсіндірушілер басқа бір хадисті еске салып, былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Денеде бір түйір ет бар. Ол түзелсе, бүкіл дене түзеледі, бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліңдер, ол – жүрек”, – деген. Бұл екі хадистің арасы қайшы көрінуі мүмкін. Тіл – жүректің тәржімашысы, дененің сырттағы өкілі. Сондықтан бүкіл іс тілге телінгенде, ол ауыспалы мағынада айтылған».
- 1Тирмизи, Зуһд 61 (2409).