Хадис

Кутуб ситтә, № 5916

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
955. Тілдің кесапаттары
Нөмірі
№ 5916 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
5916
Кутуб ситтә, № 5916 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Үммі Хабиба (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ حَبِيبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كُلُّ كَلَامِ اِبْنِ آدَمَ عَلَيْهِ لَا لَهُ، إِلَّا أَمْرٌ بِمَعْرُوفٍ، أَوْ نَهْيٌ عَنْ مُنْكَرٍ، أَوْ ذِكْرُ اللَّهِ تَعَالَى. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Хабиба (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю және Алла Тағаланы еске алудан өзге сөздердің бәрі адам баласының өзіне зиян”, – деді».1

Түсіндірме

Әли әл-Қари былай дейді: «Хадистің тура мағынасында жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю және Алланы еске алудан өзге сөздің бәрі адамға зиян, мұбах сөзге де орын жоқ болып көрінеді. Мұны жөнсіз сөзден қатаң сақтандыру деп түсінген дұрыс. Мұбах сөздің ақыретте пайда бермейтіні анық. Тағы бір түсінік бойынша, жоғарыда аталған және соларға ұқсас сөздерден өзгенің бәрі адамға өкініш әкеледі. Осы мағынадағы өзге хадистер де мұны қуаттайды». Хадис мына аятпен сабақтас болуы мүмкін: ﴿لَّا خَيْرَ فِى كَثِيرٍ مِّن نَّجْوَىٰهُمْ إِلَّا مَنْ أَمَرَ بِصَدَقَةٍ أَوْ مَعْرُوفٍ أَوْ إِصْلَٰحٍۭ بَيْنَ ٱلنَّاسِ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ ٱبْتِغَآءَ مَرْضَاتِ ٱللَّهِ فَسَوْفَ نُؤْتِيهِ أَجْرًا عَظِيمًا﴾ «Олардың оңаша күңкілдескен құпия жиындарының көбінде қайыр жоқ. Алайда мұқтаждарға садақа беруді, ізгілікті, жақсылық жасауды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың оңаша кеңес құрғанының жөні бөлек. Кімде-кім мұны Алланың разылығына бөленуді қалап істесе, оны зор сауапқа бөлейміз»2.

Аяттар мен хадистерде айтылған қайырлы сөзден өзге әңгіменің адамға пайдасы жоқ. Хадисте үш жағдайдың арнайы аталуы олардың маңызын көрсетеді әрі басқа мұбах сөзде сақ болуға шақырады. Ғалымдардың айтуынша, мұбах сөз күнәға жеткізбесе де, ақыретте пайда бермейді. Қалыпты әңгіме мұбах болғанымен, оның ғайбатқа, өсекке немесе артық сөзге ұласу қаупі бар. Бұл басқа мұбах істерге де тән. Сондықтан Алла елшісі (с.а.с.) Алланың разылығына сай, ақыретке пайдасы тиетін өмір жолын көрсете отырып, мүміндерді сөзге барынша сақ болуға шақырған.

  1. 1Тирмизи, Зуһд 63 (2414).
  2. 2Ниса, 114.