وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: اسْتَأْذَنَ رَجُلٌ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: بِئْسَ أَخُو الْعَشِيرَةِ. فَلَمَّا دَخَلَ انْبَسَطَ إِلَيْهِ وَأَلَانَ لَهُ الْقَوْلَ. فَلَمَّا خَرَجَ قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، حِينَ سَمِعْتَ الرَّجُلَ قُلْتَ كَذَا وَكَذَا، ثُمَّ تَطَلَّقْتَ فِي وَجْهِهِ وَانْبَسَطْتَ إِلَيْهِ؟ فَقَالَ: يَا عَائِشَةُ، مَتَى عَهِدْتِنِي فَاحِشًا؟ إِنَّ مِنْ شَرِّ النَّاسِ عِنْدَ اللَّهِ تَعَالَى مَنْزِلَةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَنْ تَرَكَهُ النَّاسُ اتِّقَاءَ فُحْشِهِ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Айша (р.а.) жеткізеді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) кіруге рұқсат сұрады. Алла елшісі: “Руластардың неткен жаманы!” – деді. Ол кіргенде, ашық жүзбен қарсы алып, жылы сөйледі. Кісі кеткен соң: “Уа, Алла елшісі! Әлгі кісінің келгенін естігенде олай дедіңіз, ал кіргенде ашық жүзбен қарсы алдыңыз”, – дедім. Ол: “Уа, Айша, менің дөрекі сөйлегенімді қашан көрдің? Қиямет күні Алланың алдында орны ең нашар адамдардың бірі – жұрт дөрекілігінен сақтанып, бойын аулақ салған кісі”, – деді».1
Түсіндірме
1. Кей риуаяттарда Алла елшісіне (с.а.с.) келген кісі Ұяйна ибн Хисн ибн Хузайфа әл-Фазари екені айтылады. Оны «әл-Ахмақ әл-Мұтағ», яғни «жұрт бағынған ақымақ» деп атаған. Ұяйна бір қауымның басшысы еді. Кей түсіндірушілер Алла елшісі оның көңілін тауып, қауымын исламға тартудан үміт еткендіктен, жылы қарсы алған дейді.
2. Ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) бұл сөзі ғайбатқа жатпайтынын айтқан. Олар өзіне бейтаныс кісіден зиян тиюі мүмкін деп қауіптенген адамды сақтандыру үшін білгенін айтуды қажет санаған. Мұндай ескертудің мақсаты адал насихат болуы керек.
3. Құртуби былай дейді: «Хадис жамандығымен танылған, мысалы әділетсіз үкім шығаратын немесе жұртты бидғатқа шақыратын кісі жайында оның жаман қылығын айтуға болатынын білдіреді. Оның зиянынан сақтану үшін мұдараға рұқсат, бірақ ол мұдаханаға ұласпауға тиіс. Мұдара – діннің, дүниенің немесе екеуінің де игілігі үшін дүниелік игіліктен беру, мұның үкімі – мұбах. Мұдахана – дүниенің пайдасы үшін діннің талабын тәрк ету. Алла елшісі (с.а.с.) Ұяйнаға дүниелік ілтипат білдірді, оны жақсы қарсы алып, жылы сөйледі. Оны мақтаған жоқ. Ол туралы айтқаны рас, ал өзімен әдеппен қатынасты. Сөзі мен ісі өзара қайшы келген жоқ».
4. Ияд былай дейді: «Алла жақсы біледі, ол кезде Ұяйна әлі мұсылман болмаған болуы мүмкін. Сондықтан айтылған сөз ғайбатқа жатпайды. Немесе ол мұсылман болғанымен, иманы әлі бекімеген. Алла елшісі (с.а.с.) ішкі жайын білмегендер алданбасын, зиян көрмесін деп оны ескерткен. Шынында, Алла елшісі тірі кезде де, дүниеден озғаннан кейін де Ұяйнадан иманының әлсіздігін аңғартатын істер байқалды. Сондықтан Алла елшісінің ол туралы сөзі пайғамбарлығын көрсететін мұғжизаның бірі саналады. Ал келгенінде жылы сөйлеп қарсы алуы оның көңілін табуды көздеген».
5. Хадис мұдара қажет болған жағдайда кәпірлер мен пасықтардың жаман қылығы туралы ескертуге болатынын білдіреді.
- 1Бұхари, Әдәб 38; 48; Мүслим, Бирр 73 (2591); Муатта, Хуснул-Хулқ 4, (2, 903, 904); Әбу Дәуіт, Әдәб 6, (4791, 4792, 4793); Тирмизи, Бирр 59 (1997).