Хадис

Кутуб ситтә, № 5918

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
955. Тілдің кесапаттары
Нөмірі
№ 5918 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 11
5918
Кутуб ситтә, № 5918 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ تَعَلَّمَ صَرْفَ الْكَلَامِ لِيَسْتَبِيَ بِهِ قُلُوبَ الرِّجَالِ لَمْ يَقْبَلِ اللَّهُ مِنْهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ صَرْفًا وَلَا عَدْلًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адамдардың жүрегін өзіне қарату үшін сөз қолдануды үйренген кісінің парызын да, нәпілін де Алла қиямет күні қабыл етпейді”, – деді».1

Түсіндірме

Хаттаби хадистегі «сарфул-кәләмді» қажеттен артық сөз деп түсіндірген. Сонда мағынасы «Кім адамдардың жүрегін өзіне тарту үшін қажеттен артық сөз үйренсе» болып шығады. «Сарф» сөзінің бұру, қолдану сияқты кең мағыналары да бар. Аятта ﴿صَرَفَ ٱللَّهُ قُلُوبَهُم﴾ «Алла да олардың жүрегін иманнан бұрып жібереді»2 деген тіркес кездеседі. «Сарраф» әлі күнге алтынды күміске, күмісті алтынға немесе бір ақшаны басқа валютаға айырбастаушыны білдіреді. «Тасарруф» та «сарфтың» күшейтілген қолданысы. Демек, «сарфул-кәләмді» «сөз қолдану» деп те түсінуге болады. Сонда хадистен жұрттың жүрегін баурау немесе тұтқындау үшін сөз қолдануды үйренуге тыйым салынғанын ұғамыз. Осы тұрғыдан бүгінгі үгіт пен жарнама секілді адам бойындағы әлсіздіктерді пайдалануға сүйенетін кәсіптерді, өнер мен күнкөріс салаларын дін тұрғысынан бағалау оңайырақ.

Хаттабидің түсіндірмесінің жалғасы да осы мағынаны қуаттайды. Ол былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сарфул-кәләмді мәкруһ санаған. Өйткені артық сөзге рия, жасандылық пен өтірік араласуы мүмкін. Мұны болдырмау үшін сөзді қажет мөлшерде айтып, артық қоспауға, адамның сырты ішіне, жасырын ұстанымы жария сөзіне сай болуына бұйырған». Бұл тыйымда үгіт пен жарнаманың жеке адамға, отбасына және қоғамға келтіретін зияны да ескерілген деуге болады.

Хадистегі екінші маңызды ұғым – لِيَسْتَبِيَ тұлғасындағы «истибә» сөзі. Ол дұшпанды тұтқынға алуды білдіретін «сәбй» түбірінен тараған. Сондықтан «жүректі баурау» орнына «жүректі тұтқындау» десек, түпкі мағынаға жақынырақ. Хадисте адам жүрегін тұтқындау үшін шешендік пен сөз шеберлігін пайдалануға тыйым салынған.

Жоғарыда келтірілген соңғы бірнеше хадис жарнама мәселесіне де тікелей қатысты.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб 94 (5006).
  2. 2Тәубе, 127.