Хадис

Кутуб ситтә, № 5919

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
955. Тілдің кесапаттары
Нөмірі
№ 5919 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
5919
Кутуб ситтә, № 5919 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَلَكَ الْمُتَنَطِّعُونَ، قَالَهَا ثَلَاثًا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Шектен шыққандар құрдымға ұшырады!” – деп үш рет қайталады».1

Түсіндірме

«Мүтәңаттиғ» шектен тыс тереңдеген кісіні білдіреді. Ибн әл-Әсир бұл сөз өңештен шыққан дауысқа қатысты айтылатын, таңдай деген мағынадағы «нитағтан» шыққанын көрсетеді. Кейін ол сөзде де, істе де шектен тыс тереңдеуді білдіретін болған.

Мүнауи бұл сөздің қолданысы кең екенін айта келе, хадисте әсем сөзбен жұрттың жүрегін байлап алуға тырысқандар меңзелгенін айтқан. Ол Нәуәуидің мына сөзін келтіреді: «Хадис қарапайым халыққа сөйлегенде өзін қинап, сөзді қиыннан қиыстырудың, терең ой айтуға тыраштанудың мәкруһ екенін білдіреді».

Мүнауи кейбір ғалымдардың «мүтәңаттиғты» өзіне қатысы жоқ істерде шектен шығатын адам деп түсіндіргенін жеткізеді. Енді бірі қиын мәселелерді қазбалап, бірінің артынан бірін сұрайтын кісіні меңзеген деген. Көп сұрақтан тыйған хадистердің тақырыбында осы мағынаны негізге алып, сөзді «сұрақпен қажайтындар» деп аударған едік. Өзге ғалымдар оны құлшылықта шариғат шегінен асып, шайтанның азғыруына ергендер деп те түсінген.

  1. 1Мүслим, Илм 7 (2670); Әбу Дәуіт, Сүннет 6 (4609).