وَعَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ ذَنْبٍ أَجْدَرُ أَنْ يُعَجِّلَ اللَّهُ تَعَالَى لِصَاحِبِهِ الْعُقُوبَةَ فِي الدُّنْيَا، مَعَ مَا يَدَّخِرُ لَهُ فِي الْآخِرَةِ، مِثْلُ الْبَغْيِ وَقَطِيعَةِ الرَّحِمِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Бәкра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Зұлымдық жасау мен туыстық байланысты үзуден өткен, Алла Тағала ақыреттегі жазасымен қоса осы дүниеде де жазасын тезірек беруге лайық күнә жоқ”, – деді».1
Түсіндірме
Хадисте жазасы осы дүниеде кешікпей келуге ең лайық екі күнә аталған.
1) Бағи. Бұл сөз зұлымдық пен әділетсіздіктің әр түрін қамтиды. Билеушіге қарсы бас көтеру мен тәкаппарлық мағынасында да қолданылады.
2) Қатғур-рахм. Бұл – туыстық байланысты үзу, туысқа, жақынға, дос пен көршіге қатысты міндеттерді атқармау. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – ата-ана алдындағы міндет. Хадистегі жалпы сөз осының бәрін қамтиды.
Хадисте бұл екі күнәнің жазасы тез келетінін, осы дүниедегі жаза ақыреттегі жазаның өтемі бола алмайтынын атап айтқан.
- 1Әбу Дәуіт, Әдәб 51 (4902); Тирмизи, Қиямет-қайым 58 (2513).