Хадис

Кутуб ситтә, № 5897

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
954. Нәпсіге қатысты кеселдер туралы хадистер
Нөмірі
№ 5897 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 26
5897
Кутуб ситтә, № 5897 · тараудағы реті: 26

وَعَنْ أَبِي قِلَابَةَ أَنَّ ثَابِتَ بْنَ الضَّحَّاكِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ حَلَفَ عَلَى يَمِينٍ بِمِلَّةٍ غَيْرِ الْإِسْلَامِ كَاذِبًا مُتَعَمِّدًا فَهُوَ كَمَا قَالَ، وَمَنْ قَتَلَ نَفْسَهُ بِشَيْءٍ عُذِّبَ بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، وَلَيْسَ عَلَى رَجُلٍ نَذْرٌ فِيمَا لَا يَمْلِكُ، وَلَعْنُ الْمُؤْمِنِ كَقَتْلِهِ، وَمَنْ رَمَى مُؤْمِنًا بِكُفْرٍ فَهُوَ كَقَتْلِهِ، وَمَنْ ذَبَحَ نَفْسَهُ بِشَيْءٍ ذُبِحَ بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، وَمَنِ ادَّعَى دَعْوَةً كَاذِبَةً لِيَسْتَكْثِرَ بِهَا لَمْ يَزِدْهُ اللَّهُ إِلَّا قِلَّةً. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَفِي رِوَايَةِ أَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ اخْتِصَارٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Қилаба жеткізеді: «Сәбит ибн әд-Даххактың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: “Кім біле тұра өтірік айтып, исламнан өзге дінмен ант етсе, ол өзі айтқанындай болады. Кім өз жанын немен қиған болса, қиямет күні сонымен азапталады. Өз иелігіндегі емес нәрсеге атаған нәзір міндеттелмейді. Мүмінге лағынет айту – оны өлтіргенмен тең. Мүмінді күпірлікпен айыптау да оны өлтіргенмен тең. Кім өз жанын бір нәрсемен бауыздап қиған болса, қиямет күні сонымен жазаланады. Кім дүниесін көбейтіп көрсету үшін өтірік мәлімдесе, Алла оның барын кеміте түседі”».1

Түсіндірме

1. Исламнан өзге дінмен ант етуге «Мына істі істесем, христиан болып кетейін» немесе «Христиандықтың ақысы үшін айтамын, мұны мен істемедім» тәрізді анттар жатады. Ант ету антқа арқау болған нәрсені ұлықтау болғандықтан, исламнан өзге дінмен ант етуге тыйым салынған. Алла елшісі (с.а.с.) басқа хадисте: «Кім “Мен исламнан бездім” десе, сөзіне қаралады. Мұны өтірік айтса, өзі айтқанындай болады. Ал шынын айтқан болса, исламға аман-сау оралмайды», – деген. Сондықтан ант өтірік болсын, шын болсын, өзін басқа дінге теліп ант етуге тыйым салынған. Бұл мәселе №5819–5835 хадистерде кеңінен қарастырылды.

2. Нәзір туралы жоғарыда айтылғандай (№5746), адамның өз иелігінде жоқ нәрсені нәзір етуі жарамсыз. Мысалы, «Мынаны істемесем, Алматы қаласы сенікі болсын» деген секілді.

3. «Лағынет» Алланың рақымынан алыстауды білдіреді. Мүмінге лағынет айту да, оны күпірлікпен айыптау да мүмінді өлтірумен тең ауыр іс саналған. Бұл қылық арадағы бар байланысты үзіп, жазылмас жара салады. Алла елшісі (с.а.с.) күпірлік айыбының жерде қалмайтынын, айыпталған адам кәпір болмаса, сөздің айтқан кісіге қайтатынын ескерткен. Мүміндер осы ескертуді ескеріп, бір-біріне мұндай сөз айтпауы керек.

4. Өз жанын қиюға тыйым салынған. Адам өз жанын немен қиған болса, ақыретте сонымен азапталатыны айтылған. Мұндай адамның иманы мен жаназа намазын оқудың рұқсаты жайында түрлі пікір бар. Бұл мәселе бұрын түсіндірілген.

  1. 1Бұхари, Әйман 7, Жанаиз 84, Әдеп 44, 73. Мүслим, Иман 176 (110). Тирмизи, Иман 16 (2638). Әбу Дәуіт, Әйман 9 (3257). Нәсәи, Әйман 7 (7, 5–6).