وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تُسَمُّوا الْعِنَبَ الْكَرْمَ، وَلَا تَقُولُوا: خَيْبَةَ الدَّهْرِ، فَإِنَّ اللَّهَ هُوَ الدَّهْرُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жүзімді ‘кәрм’ деп атамаңдар. ‘Құрығыр дәуір-ай!’ деп заманды тілдемеңдер. Өйткені дәуірдің иесі – Алла”, – деді».1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше хадисте сөз әдебін сақтап, тілге абай болуға шақырған. Мүмін күнделікті сөзінің өзіне мән береді. Бұрыннан жеткен немесе сәнге айналып, тілге енген кейбір сөз бен теңеу сенімге қайшы келіп, әдепке нұқсан келтіруі мүмкін. Мүмін осындай қолданысқа сақ болғаны жөн. Құранда: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَقُولُوا۟ رَٰعِنَا وَقُولُوا۟ ٱنظُرْنَا وَٱسْمَعُوا۟﴾ «Уа, иман келтіргендер! Пайғамбарға “рағина” деген екі ұшты сөзді айтпаңдар, оның орнына “унзурна” деп айтыңдар, әрі айтқанына құлақ асыңдар»2, – делінген. Тағы бір аятта: ﴿مِّنَ ٱلَّذِينَ هَادُوا۟ يُحَرِّفُونَ ٱلْكَلِمَ عَن مَّوَاضِعِهِۦ وَيَقُولُونَ سَمِعْنَا وَعَصَيْنَا وَٱسْمَعْ غَيْرَ مُسْمَعٍ وَرَٰعِنَا لَيًّۢا بِأَلْسِنَتِهِمْ وَطَعْنًا فِى ٱلدِّينِ وَلَوْ أَنَّهُمْ قَالُوا۟ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا وَٱسْمَعْ وَٱنظُرْنَا لَكَانَ خَيْرًا لَّهُمْ وَأَقْوَمَ﴾ «Яһудилердің арасында сөздің мағынасы мен қалыбын өзгертіп, кей сөздерді әдейі бұрмалап айтатындар бар. Олар: “естідік және бағынудан бас тарттық”, “бізді тыңда, сөз тыңдамағыр” және “рағина” деп айтады. Олар бұл сөздерді дінге тіл тигізіп, мазақтау пиғылымен әдейі бұрмалап айтады. Егер олар керісінше: “естідік әрі мойынсұндық”, “бізге құлақ асыңыз” және “бізге де көңіл бөлесіз бе?” деп айтса, өздері үшін әлдеқайда жақсы һәм дұрыс болар еді»3, – делінген.
2. Бұл хадисте жүзімді «кәрм» деп атауға және дәуірді тілдеуге тыйым салынған. Ғалымдар мұны былай түсіндіреді:
• Жаһилият дәуірінде арабтар «кәрм» сөзін жүзім мен жүзім сабағына да, одан жасалған шарапқа да қолданған. Сондықтан Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді екі мағынада да қолдануға тыйым салып, оның «жүзім» деген мағынасы бірте-бірте ұмытылғанын қалаған. Өйткені «кәрм» шарапты еске түсіріп, оған құмарлық оятуы, харамға итермелеуі мүмкін.
• Тіл мамандары «дәһірді» ғаламның әуелден ақырға дейін созылатын мерзімі деп түсіндірген. Жаһилият дәуірінде бар оқиға мен ауыртпалықты түн мен күннен тұратын дәуірге теліген. Бұған сенгендер екі топқа бөлінген. Бірі Аллаға сенбеген, дәуірден, оқиға өтетін түн мен күннен өзге ықпал иесін мойындамаған. Олар бүкіл жамандықты дәуірден көрген. «Дәһрия» аталған осы топтың ﴿وَمَا يُهْلِكُنَآ إِلَّا ٱلدَّهْرُ﴾ «Бізді тек замана ағымы ғана біржолата құртып, жоқ қылады»4 деген сөзі Құранда келтірілген. Екінші топ Жаратушыға сенгенімен, жамандықты Одан емес, дәуірден көріп, «Құрығыр дәуір-ай!» деп тілдеген.
Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) осы сенімді жойып, оған тыйым салғанын көрсетеді. Ғаламдағы барлық құбылысты Алла жаратады. Жамандықты дәуірге теліп, оны балағаттау қате. Мұндай сенім – ширктің бір түрі. Ислам жақсылық пен жамандықты Алла жаратады деп үйретеді. Жаһилият адамдары жамандықты дәуірге телу арқылы Алланы пәктегісі келген. Исламда жамандықты жарату кемшілік саналмайды. Кемшілік – жаман істі істеуде. Алла Тағала жақсылық тілегенге жақсылық, жамандық тілегенге жамандық жаратады. Адамның сынақ үшін жаратылғаны осы тұста еске түседі.
Хадистегі «Алла – дәуір» деген сөз бүкіл жаратылыс өмір сүретін уақытқа Алла билік жүргізетінін білдіреді. Дәуір Оның басқаруы мен иелігінде.