وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا سَمِعْتُمْ نُبَاحَ الْكِلَابِ وَنَهِيقَ الْحَمِيرِ بِاللَّيْلِ فَتَعَوَّذُوا بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ فَإِنَّهُمْ يَرَوْنَ مَا لَا تَرَوْنَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Жабир (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Түнде иттердің үргенін немесе есектердің ақырғанын естісеңдер, олардан Аллаға сиыныңдар. Өйткені олар сендер көрмегенді көреді”».
Түсіндірме
Бұл екі хадисте кейбір жануарлардың даусын естігенде не істеу керегі айтылады.
1) Әтештің бір ерекшелігі – әсіресе түнде белгілі бір мезгілде айнымай шақырады. Күн сайын таң алдында және таң атқан соң жүйелі түрде шақырады. Түннің ұзарып-қысқаруы оның осы дағдысын өзгертпейді. Шафиғилер таң намазының уақытын анықтағанда әтештің шақыруына сүйенуге болады деп үкім берген. Басқа бір риуаятта: «Әтешті сөкпеңдер. Өйткені ол намазға шақырады», – делінген.
Алла елшісі (с.а.с.) әтештің үнемі белгілі уақытта шақыруы кездейсоқ емес екенін, мұның Алланың қалауымен әрі періштенің ескертуімен болатынын білдірген. Әтеш періштені көргенде шақырса, сол мезетте дұға еткен адамның тілегіне періште «әмин» деуі мүмкін. Мұндай дұғаның қабыл болу ықтималы да жоғары. Адам сонымен бірге кешірім тілегеніне әрі ықыласына періштелерді куә ете алады. Осыны түсіндірген Қазы Ияд: «Бұл хадиске сүйеніп, ізгі кісілердің қасында іштей дұға етіп, береке тілеуді мұстахаб санаған», – дейді. Халими әтешті сөгуге тыйым салған хадистен «адамға пайдасы тиетін нәрсені сөкпеу, оны құрметтеу керек» деген тұжырым шығарған. Даууди: «Әтештен бес қасиет үйренуге болады: дауыстың әуезділігі, таңсәріде тұру, қызғаныш, жомарттық және жұптасуға құштарлық», – деген.
2) Ит үріп, есек ақырған кезде шайтанның жамандығынан Аллаға сиыну керегі айтылған. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, күнә жасалған жерде Алланың қаһары төнетінін, сондықтан соны көрген адамның «Ағузу билләһ» деуі мұстахаб екенін айтқан.
Күнделікті тіршілігін құлдық әдебіне сай өткізгісі келген адам айналасындағы әрбір көріністі Алланы еске алуға себеп етеді. Әтеш шақырса, Алладан жақсылық тілейді. Есек ақырып, ит үрсе, шайтаннан сақта деп Аллаға сиынады. Басқа хадистерде жұлдыз аққанда, жел соққанда және осы тәрізді өзге жағдайларда айтылатын зікірлер де көрсетілген.