Хадис

Кутуб ситтә, № 5962

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5962 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 28
5962
Кутуб ситтә, № 5962 · тараудағы реті: 28Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: تَدُورُ رَحَى الْإِسْلَامِ بِخَمْسٍ وَثَلَاثِينَ أَوْ سِتٍّ وَثَلَاثِينَ أَوْ سَبْعٍ وَثَلَاثِينَ، فَإِنْ يَهْلِكُوا فَسَبِيلُ مَنْ هَلَكَ، وَإِنْ يَقُمْ لَهُمْ دِينُهُمْ يَقُمْ لَهُمْ سَبْعِينَ عَامًا، قُلْتُ: مِمَّا بَقِيَ أَوْ مِمَّا مَضَى؟ قَالَ: مِمَّا مَضَى. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Исламның диірмені отыз бес, отыз алты немесе отыз жеті жыл айналады. Егер құрдымға кетсе, бұрын құрдымға кеткендердің жолына түседі. Діндері берік қалса, ол жетпіс жыл сақталады”, – деді. Мен: “Осы жетпіс жыл өткен мерзімнен кейін бастала ма, әлде өткен мерзім де соған кіре ме?” – деп сұрадым. Ол: “Өткен мерзім соған кіреді”, – деді».1

Түсіндірме

Хадиске бірнеше жорамал жасалған. Ибн әл-Әсир «Жамиғул-усулда» оның мәнін былай түсіндіреді: «Ислам әуелде тура бағытпен жүріп, залымдар тудыратын бүліктен аман болады. Осы күй отыз бес жылға созылады. Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді дүние салуына бес-алты жыл қалғанда айтқан болса керек. Оған тура жолдағы халифалардың отыз жылын қосқанда, хадисте айтылған отыз бес жыл шығады. Егер отыз бес жыл һижреттен бастап есептелсе, ол мысырлық көтерілісшілердің Османның (р.а.) үйін қоршаған кезіне сәйкес келеді. Отыз алты жыл Жамал оқиғасына, отыз жеті жыл Сыффин оқиғасына сай келеді».

Хаттаби «жетпіс жыл сақталады» деген сөзді Омаядтар билігінің мерзімі деп түсіндіреді. Одан кейін билік Аббас әулетіне өткен. Биліктің Омаядтар қолына біржола көшуі мен Хорасанда Аббас әулеті жақтастарының үндеу көтеруі арасында жетпіс жыл өткен. Бұл жорамал алдыңғы түсіндірмеге үйлеспейтіндіктен, күмән тудырады.

Түрбүшти осы сынмен келісіп, былай түсіндіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл сандармен Омаядтар мен өзге әулеттердің билігін емес, үмбеттің басшыларға бағынған, худуд жазалары мен шариғат үкімдерін орындаған мерзімін меңзеген. Ол мерзім һижреттен басталады. Сахабаларға осы қалыптың отыз бес, отыз алты немесе отыз жеті жыл жалғасатынын, кейін араларында дау туып, бірлікке сызат түсетінін алдын ала білдірген. Құрдымға кетсе, бұрынғылардың жолымен кететінін, ал қайтадан бойсұнып, ақиқатты қорғаса, жақсы күйін жетпіс жыл сақтай алатынын айтқан».

  1. 1Әбу Дәуіт, Фитән 1 (4254).