Хадис

Кутуб ситтә, № 5969

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5969 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 35
5969
Кутуб ситтә, № 5969 · тараудағы реті: 35Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يُوشِكُ إِنْ طَالَتْ بِكَ مُدَّةٌ أَنْ تَرَى قَوْمًا فِي أَيْدِيهِمْ مِثْلُ أَذْنَابِ الْبَقَرِ يَغْدُونَ فِي غَضَبِ اللَّهِ وَيَرُوحُونَ فِي سَخَطِ اللَّهِ، وَقَالَ: صِنْفَانِ مِنْ أَهْلِ النَّارِ، وَلَمْ أَرَهُمَا قَوْمٌ مَعَهُمْ سِيَاطٌ كَأَذْنَابِ الْبَقَرِ يَضْرِبُونَ بِهَا النَّاسَ، وَنِسَاءٌ كَاسِيَاتٌ عَارِيَاتٌ مَائِلَاتٌ مُمِيلَاتٌ رُؤُوسُهُنَّ كَأَسْنِمَةِ الْبُخْتِ الْمَائِلَةِ، لَا يَدْخُلْنَ الْجَنَّةَ، وَلَا يَرِحْنَ رِيحَهَا، وَإِنَّ رِيحَهَا لَتُوجَدُ مِنْ مَسِيرَةِ كَذَا وَكَذَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Ғұмырың жетсе, көп ұзамай қолдарына сиырдың құйрығындай нәрсе ұстаған адамдарды көресің. Олар Алланың қаһарымен таң атырып, Оның наразылығымен кеш батырады”».

Басқа риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Тозақ иелерінің екі тобын әлі көрген жоқпын. Бірі – сиырдың құйрығындай қамшымен адамдарды ұратындар. Екіншісі – киінсе де жалаңаш, өздері тура жолдан тайып, өзгелерді де тайдыратын әйелдер. Бастары түйенің қисайған өркешіндей. Олар жәннатқа кірмейді, оның иісін де сезбейді. Ал жәннаттың иісі соншалық алыс жерден сезіледі».1

Түсіндірме

1. «Тәйсирде» екі бөлек риуаят бір хадис болып берілген. Біз оларды екі абзацқа бөліп бердік. Екі хадисті де Әбу Һурайра жеткізген, бірақ Мүслим кітабында оларды бөлек келтірген. Екінші абзацтағы хадис «Жәннат кітабында» бұрын, №52 болып, бірінші абзацтағысы одан кейін, №53 болып берілген. Бұл – Мүслимдегі сирек қайталанатын хадистердің бірі.

2. Ғалымдар бұл хадистерді Алла елшісінің (с.а.с.) ғайыптан хабар берген мұғжизаларына жатқызған. Өйткені онда хабарланған жайлар біршама уақыттан кейін орын ала бастаған.

Сиырдың құйрығына ұқсатылған нәрсе сақшылардың қамшысы немесе тоқпағы деп түсіндірілген. Алла елшісінен (с.а.с.) біраз уақыт өткен соң, әсіресе Омаядтар дәуірінде жұртқа тізе батырған басшылар аз болмаған. Олар кейде ұрып-соғумен шектелмей, дарға асуға дейін барған. Имам Мәлик, Ахмад ибн Ханбал, Имам Ағзам секілді белгілі тұлғалар да бұдан шет қалмаған. Алла елшісі (с.а.с.) халыққа зәбір көрсеткендердің ертелі-кеш Алланың қаһары мен наразылығына ұшырайтынын білдіріп, олардың осы қылығын айыптаған.

3. «Касият» – киінген, «арият» – жалаңаш әйелдер деген сөз. Хадистегі «киінсе де жалаңаш әйелдер» деген тіркесті ғалымдар бірнеше түрде түсіндірген:

• Алланың нығметіне бөленсе де, шүкіршіліктен жұрдай, яғни нығметке шүкір етпейтін әйелдер.

• Әйелдігін көрсетіп, жұрт назарын аудару үшін денесінің бір жерін жауып, екінші жерін ашып жүретін әйелдер.

• Денесі көрініп тұратындай жұқа киім киетін әйелдер.

Осы түсіндірмелердің бәрін орынды деуге болады. Исламдағы жамылғы талаптарына қайшы киім осы хадисте меңзеледі. Жамылғы ұғымы киім киюмен шектелмей, оны қалай киюді де қамтиды.

• Киім белгіленген жерлерді толық жабуы керек. Қол, аяқ пен беттен басқа жер ашық қалмауы тиіс.

• Киім дене бітімін айқындайтындай тар болмауы керек. Тар киім киген адам «киінген жалаңаш» үкіміне жатады. Батыс сәніне ергендердің осындай халге түсетін кезі бар.

• Киімнен дене көрінбеуі керек. Өте жұқа, ішін көрсететін киім кигендер де «киінген жалаңаш» үкіміне жатады.

• Хадистерде мақтан үшін, жұрттың назарын аудару мақсатымен киілетін киімге де тыйым салынған. Ислам киімді денені жабу үшін киюді бұйырғанымен, қазір көп ортада оны ел назарын өзіне аудару үшін киеді. Мұндай киім де «киінген жалаңаш» үкіміне кіреді.

4. «Маилат» сөзі сөздікте «иілген, еліктегіш әйелдер» дегенді білдіреді. Ғалымдар оны Алла көрсеткен жолдан тайып, теріс бағытқа бейім әйелдер деп түсінген. Кейбірі оңды-солды теңселіп, қисая жүретін әйелдерді меңзейді деген. «Мумилат» – өзгелердің де ойын бұзып, жолдан тайдыратын әйелдер.

5. «Бастары түйенің өркешіндей әйелдер» деген сөз бүгінгі күнге де қатысты айтылғандай көрінеді. Шашын өркештей шошайтып немесе жалбыратып қоятын түрлі үлгілерді қазір жиі көреміз. Мүмін әйел киімінде де, шаш үлгісінде де осы хадистерде көрсетілген шектен шықпай, жәннаттың иісінен мақұрым қалудан сақтанғаны жөн.

  1. 1Мүслим, жәннат 53 (2857), 52 (2128).