وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُحَدِّثُنَا عَنْ بَنِي إِسْرَائِيلَ حَتَّى يُصْبِحَ مَا يَقُومُ إِلَّا لِعُظْمِ صَلَاةٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) кейде таң атқанша Бәну Исраил жайындағы қиссаларды айтып отыратын. Парыз намазға тұрғанда ғана сөзін үзетін».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) Бәну Исраилдің ғибратты қиссаларын айтуға рұқсат берген. Олардың барлығы анық ақиқат деуге келмейді. Өйткені бастапқы дереккөзден Пайғамбарымызға (с.а.с.) дейінгі жеткізу тізбегі түгел сақталмаған. Кей қисса ойдан шығарылған болуы да мүмкін. Әйтсе де пайдасы басым болғандықтан айтуға рұқсат етілген болса керек. Ғалымдар бұдан өтірік айтуға рұқсат берілді деген қорытынды шығармауды ескертеді. Алла елшісі (с.а.с.) өтірікке жол бермеген. Тіпті оның өзіне телінген риуаяттарға да мұқият қарау керек. Бұл хадис Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Исраил қиссаларын кейде өзі ұзақ отырып айтқанын көрсетеді. Түсіндірмешілер әуелде кітап иелерінің кітаптарын оқуға тыйым салынғанын, кейін исламның үкімдері орнығып, бүлік қаупі сейілгенде ол тыйымның алынғанын осы хадистен аңғарады. Анық өтірік екені белгілі әңгімені айтуға қай кезде де рұқсат берілмеген.
- 1Әбу Дәуіт, Илм 11 (3663).