Хадис

Кутуб ситтә, № 5983

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5983 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 49
5983
Кутуб ситтә, № 5983 · тараудағы реті: 49Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Көп адам қадірін білмей, зая жіберетін екі нығмет бар. Олар – денсаулық пен бос уақыт”».1

Түсіндірме

Ибн Баттал былай дейді: «Хадистің мағынасы мынадай. Адамның дені сау болып, еш нәрсеге мұқтаж болмаса, соның қадірін білмей босаңсуы мүмкін. Мұндай жағдайда алданып қалмауға күш салу керек. Алдану – Алланың берген нығметіне шүкір етпеу. Шүкір дегеніміз – Алланың әмірін орындап, тыйымынан тыйылу. Мұны тәрк еткендер алданған болады. Алла елшісі (с.а.с.) “адамдардың көбі” дегенде, дүние алдауынан аман қалғандардың аздығын меңзеген».

Ибн әл-Жаузи былай дейді: «Кейде адамның дені сау, бірақ күнкөріс қамымен қолы босамай, бейқамдыққа салынбайды. Кейде қолы бос, бірақ денсаулығы жоқ. Екі нығметі де болып, сонда да жалқауланған адам ұтылған. Бұл дүние – ақыреттің егістігі. Мұнда не ексең, ақыретте соны орасың. Бос уақыты мен денсаулығын Аллаға бойсұнуға жұмсаған адам табысқа жетеді. Екеуін де Аллаға қарсы келуге жұмсаған адам алданып, ұтылады (مَغْبُونٌ). Өйткені бос уақытты күнделікті шаруа, денсаулықты ауру алады».

Тиби былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мұсылманды саудагерге ұқсатқан. Саудагер қолындағы тауарын бүлдірмей сатып, пайда тапқысы келеді. Сатып алушы іздейді. Мақсатына жету үшін оған адалдық пен ептілік керек. Осы мысалда саудагердің тауары – бос уақыт пен денсаулық. Адам иман келтіріп, нәпсісімен және дін дұшпандарымен күресу арқылы Алламен сауда жасасқандай болып, дүние мен ақыретте пайдаға кенеледі. Ұлы Жаратушының сөзі осыны нұсқайды: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ هَلْ أَدُلُّكُمْ عَلَىٰ تِجَٰرَةٍ تُنجِيكُم مِّنْ عَذَابٍ أَلِيمٍ ۝ تُؤْمِنُونَ بِٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَتُجَٰهِدُونَ فِى سَبِيلِ ٱللَّهِ بِأَمْوَٰلِكُمْ وَأَنفُسِكُمْ ذَٰلِكُمْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ﴾ “Уа, иман келтіргендер! Сендерді жан төзгісіз азаптан құтқаратын өте табысты кәсіпті көрсетейін бе?! Аллаға һәм Расулына лайықты түрде иман келтіріп, Алла жолында мал-пұлдарыңды да, жандарыңды да аямай күресесіңдер! Расында, біле білсеңер, солай істегендерің өздерің үшін қайырлы болмақ”2. Адам қолындағы тауарынан да, табысынан да айырылып қалмау үшін нәпсі мен шайтанға ермеуі керек. Хадистегі “Екі нығметте адамдардың көбі алданады” деген сөз Алла Тағаланың ﴿وَقَلِيلٌ مِّنْ عِبَادِىَ ٱلشَّكُورُ﴾ “Құлдарымның арасында шүкіршілдер неткен аз еді!”3 деген сөзіне ұқсайды. Хадистегі “көп” сөзі аяттағы “аз” сөзімен бір жайтты білдіреді».

Әбу Бәкір ибн әл-Араби былай дейді: «Алланың құлдарына әуелде берген нығметі не болғаны жайында ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Бірі “иман”, екіншісі “өмір”, тағы бірі “денсаулық” деген.

Осы үшеуінің біріншісі дұрыс. Өйткені иман – шын мәніндегі нығмет. Өмір мен денсаулық осы дүниеге тән, мәңгілік емес. Алайда олар иманмен бірге болса, нығмет саналады. Дәл осы жерде көп адам ұтылып, табысынан түгел немесе ішінара айырылады. Нәпсінің жетегінен шықпай, құмарлықтың соңына еріп, Алланың шегінен асып, құлшылығын тәрк еткен адам алданған. Істер шаруасы жоқ, қолы бос адам да сондай күйге түсуі мүмкін. Өйткені қолы бос емес адам арзан, пайдасыз нәрсеге мойын бұра алмайды. Бос жүру адамды құрдымға итермелейді».

  1. 1Бұхари, Риқақ 1; Тирмизи, Зуһд 1 (2305).
  2. 2Саф сүресі, 10-11-аяттар.
  3. 3Сәбә сүресі, 13-аят.