وَعَنْ سَلَمَةَ بْنِ نُعَيْمِ بْنِ مَسْعُودٍ الْأَشْجَعِيِّ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ لَهُمَا حِينَ قَرَأَ كِتَابَ مُسَيْلِمَةَ إِلَيْهِ: مَا تَقُولَانِ أَنْتُمَا؟ قَالَا: نَقُولُ كَمَا قَالَ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَوْلَا أَنَّ الرُّسُلَ لَا تُقْتَلُ لَضَرَبْتُ أَعْنَاقَكُمَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Сәләма ибн Нуғайм ибн Мәсғуд әл-Әшжағи әкесінен жеткізеді: «Мұсайлиманың өзіне жолдаған хатын оқығанда, Алла елшісінің (с.а.с.) екі елшіге: “Өздерің не дейсіңдер?” – дегенін естідім. Екеуі: “Оның айтқанын біз де айтамыз”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Елшілер өлтірілмейді деген қағида болмағанда, желкелеріңді қияр едім”, – деді».1
Түсіндірме
1. Бұл риуаятта Мұсайлиманың Алла елшісіне (с.а.с.) жазған хаты аталғанымен, мазмұны келтірілмеген. Басқа дереккөздерде хат былай берілген: «Алланың елшісі Мұсайлимадан Алланың елшісі Мұхаммедке.
Саған сәлем! Бұдан соң айтарым: бұл істе мен саған ортақпын. Жердің жартысы біздікі, жартысы Құрайыштікі. Бірақ Құрайыш қиянатшыл».
Алла елшісі (с.а.с.) бұл хатқа былай жауап берген:
«Рахман әрі Рахим Алланың атымен!
Алла елшісі Мұхаммедтен өтірікші Мұсайлимаға. Тура жолға ергендерге сәлем болсын! Бұдан соң айтарым: ﴿إِنَّ ٱلْأَرْضَ لِلَّهِ يُورِثُهَا مَن يَشَآءُ مِنْ عِبَادِهِۦ وَٱلْعَٰقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ﴾ “Шүбәсіз, жер беті бір Аллаға тиесілі. Ол оны құлдарының арасынан қалағанына нәсіп етеді. Ақырғы жеңіс тақуалардың еншісінде”».
Мұсайлима өзін Алланың елшісі санап, жердің жартысын талап еткен. Елшілері де осыған сенетінін айтқан. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) елшіге тиіспеу қағидасы болмағанда, оларды өлтірер едім деген.
2. Һижраның он бірінші жылындағы діннен шығу мен көтеріліске қосылған Тулайханы да атаған жөн. Ол Мұсайлима сияқты хат жазып, ортақ келісімге шақырған. Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін қарсы шыққандардың арасында Зут-Таж атанған Лақит ибн Мәлик, әл-Әшғас әл-Кинди, Үммі Зәмил бинт Үммі Қирфа мен Сәжах та бар. Тізімдегі соңғысы өзін әйел пайғамбар деп жариялаған. Әл-Әшғас әл-Кинди әл-Әсуад өлтірілгеннен кейін Йеменде, Зут-Таж Оманда, Үммі Зәмил Ғатафанда бас көтерген.
Бұл тақырыпты зерттеген Мұхаммед Хамидулла ойын былай түйіндейді: «Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с.) пен алғашқы халифа Әбу Бәкір оларға сабырмен, бірақ батыл қарсы тұрды. Қол жеткізген жеңістің арқасында ислам жойылып кетуден аман қалды. Осы илаһи қозғалыс үндеуін бүкіл әлемге жеткізетін жолға түсті».
- 1Әбу Дәуіт, Жиһад 166 (2761).