Хадис
كِتَابُ الْوَصَايَا وَالصَّدَقَةِ وَالنُّحْلِ وَالْعُمْرَى

Өсиет, садақа, сыйлық және өмір бойына мүлік сыйлау кітабы

Сахих Мүслим, 20-кітап · 13 хадис · № 981–993

Мазмұны: 7 бап
  1. 1Өсиет етіп қалдыратын мүлкі бар адамды өсиет қалдыруға ынталандыру туралы
  2. 2Мүліктің үштен бірін өсиет етіп қалдыру және осы мөлшерден аспау туралы
  3. 3Пайғамбардың (с.а.с.) Алланың Кітабын берік ұстануды өсиет етуі туралы
  4. 4Пайғамбардың (с.а.с.) мүшріктерді Араб түбегінен шығару және келген делегацияларға сый-сияпат көрсету жөніндегі өсиеті туралы
  5. 5Берген садақасын қайтарып алуға тыйым салу
  6. 6Балаларының кейбіріне ғана сыйлық беріп, өзгелеріне бермеген адам туралы
  7. 7Бір адамның екінші адамға өмір бойына мүлік сыйлауы туралы
بَابٌ: الْحَثُّ عَلَى الْوَصِيَّةِ لِمَنْ لَهُ مَا يُوصِي فِيهِ

1-бапӨсиет етіп қалдыратын мүлкі бар адамды өсиет қалдыруға ынталандыру туралы

981
Мүслим, № 981

عَنْ سَالِمٍ، عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، أَنَّهُ سَمِعَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مَا حَقُّ امْرِئٍ مُسْلِمٍ لَهُ شَيْءٌ يُوصِي فِيهِ يَبِيتُ ثَلَاثَ لَيَالٍ، إِلَّا وَوَصِيَّتُهُ عِنْدَهُ مَكْتُوبَةٌ». قَالَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «مَا مَرَّتْ عَلَيَّ لَيْلَةٌ مُنْذُ سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ ذَلِكَ إِلَّا وَعِنْدِي وَصِيَّتِي».

Қазақша аудармасы

Сәлимнің жеткізуінше, Ибн Омар (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естіген: «Өсиет етіп қалдыратын бір нәрсесі бар мұсылманның жазулы өсиеті өзінде болмай, үш түн өткізуге хақысы жоқ». Абдулла ибн Омар (р.а.): «Алла Елшісінің (с.а.с.) осы сөзін естігеннен бері өсиетім жанымда болмай, бірде-бір түн өткізген емеспін», – деген (1627/4).

بَابٌ: الْوَصِيَّةُ بِالثُّلُثِ لَا يُجَاوَزُ

2-бапМүліктің үштен бірін өсиет етіп қалдыру және осы мөлшерден аспау туралы

982
Мүслим, № 982

عَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «عَادَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ مِنْ وَجَعٍ أَشْفَيْتُ مِنْهُ عَلَى الْمَوْتِ، فَقُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، بَلَغَ بِي مِنَ الْوَجَعِ مَا تَرَى، وَأَنَا ذُو مَالٍ، وَلَا يَرِثُنِي إِلَّا ابْنَةٌ لِي وَاحِدَةٌ، أَفَأَتَصَدَّقُ بِثُلُثَيْ مَالِي؟” قَالَ: “لَا”. قَالَ: قُلْتُ: “أَفَأَتَصَدَّقُ بِشَطْرِهِ؟” قَالَ: “لَا، الثُّلُثُ، وَالثُّلُثُ كَثِيرٌ، إِنَّكَ أَنْ تَذَرَ وَرَثَتَكَ أَغْنِيَاءَ خَيْرٌ مِنْ أَنْ تَذَرَهُمْ عَالَةً يَتَكَفَّفُونَ النَّاسَ، وَلَسْتَ تُنْفِقُ نَفَقَةً تَبْتَغِي بِهَا وَجْهَ اللَّهِ تَعَالَى إِلَّا أُجِرْتَ بِهَا، حَتَّى اللُّقْمَةَ تَجْعَلُهَا فِي فِي امْرَأَتِكَ”. قَالَ: قُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، أُخَلَّفُ بَعْدَ أَصْحَابِي؟” قَالَ: “إِنَّكَ لَنْ تُخَلَّفَ فَتَعْمَلَ عَمَلًا تَبْتَغِي بِهِ وَجْهَ اللَّهِ تَعَالَى إِلَّا اِزْدَدْتَ بِهِ دَرَجَةً وَرِفْعَةً. وَلَعَلَّكَ تُخَلَّفُ حَتَّى يُنْفَعَ بِكَ أَقْوَامٌ، وَيُضَرَّ بِكَ آخَرُونَ. اللَّهُمَّ أَمْضِ لِأَصْحَابِي هِجْرَتَهُمْ وَلَا تَرُدَّهُمْ عَلَى أَعْقَابِهِمْ، لَكِنِ الْبَائِسُ سَعْدُ بْنُ خَوْلَةَ”». قَالَ: «رَثَى لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مِنْ أَنْ تُوُفِّيَ بِمَكَّةَ».

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай деді: «Қоштасу қажылығы кезінде өлім аузында қалардай қатты сырқаттанғанымда, Алла Елшісі (с.а.с.) көңілімді сұрап келді. Мен: “Уа, Расулалла! Көріп тұрғаныңыздай, дертім әбден меңдеп кетті. Мен дәулетті адаммын. Жалғыз қызымнан басқа мұрагерім жоқ. Мүлкімнің үштен екісін садақа етейін бе?” – дедім. Ол: “Жоқ”, – деді. Мен: “Онда жартысын садақа етейін бе?” – дедім. Ол: “Жоқ. Үштен бірін ғана. Үштен бірінің өзі де көп. Расында, мұрагерлеріңді ауқатты күйде қалдырғаның – оларды жұртқа қол жайып сұрайтын мұқтаж халде қалдырғаныңнан жақсы. Алланың разылығын көздеп жұмсаған әрбір қаражатың үшін сауап аласың. Тіпті әйеліңнің аузына салған бір түйір асың үшін де сауапқа кенелесің”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Серіктерімнен кейін осында қалып қоямын ба?” – дедім. Ол: “Сен өмірде қалып, Алланың разылығын көздеп қандай да бір амал жасасаң, сол арқылы дәрежең мен мәртебең арта түседі. Бәлкім, сен өмірде қалып, кейбір қауымдар сенің арқаңда пайда көрер, ал өзгелері зиян шегер. Уа, Алла! Сахабаларымның һижретін толық етіп, оларды кері қайтарма! Алайда бейшара Сағд ибн Хаула...” – деді». Сағд: «Алла Елшісі (с.а.с.) Сағд ибн Хауланың Меккеде қайтыс болғанына аяныш білдірген еді», – деді (1628/5).

983
Мүслим, № 983Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: «لَوْ أَنَّ النَّاسَ غَضُّوا مِنَ الثُّلُثِ إِلَى الرُّبُعِ، فَإِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: “الثُّلُثُ، وَالثُّلُثُ كَثِيرٌ”».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Адамдар өсиет ететін үлесін үштен бірден төрттен бірге дейін азайтса ғой! Өйткені Алла Елшісі (с.а.с.): “Үштен бір. Үштен бірдің өзі көп”, – деген», – деді (1629/10).

بَابٌ: وَصِيَّةُ النَّبِيِّ ﷺ بِكِتَابِ اللَّهِ

3-бапПайғамбардың (с.а.с.) Алланың Кітабын берік ұстануды өсиет етуі туралы

984
Мүслим, № 984

عَنْ طَلْحَةَ بْنِ مُصَرِّفٍ، قَالَ: «سَأَلْتُ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ أَبِي أَوْفَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: “هَلْ أَوْصَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ؟” فَقَالَ: “لَا”. قُلْتُ: “فَلِمَ كُتِبَ عَلَى الْمُسْلِمِينَ الْوَصِيَّةُ؟” (أَوْ “فَلِمَ أُمِرُوا بِالْوَصِيَّةِ؟”) قَالَ: “أَوْصَى بِكِتَابِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ”».

Қазақша аудармасы

Талха ибн Мусарриф былай деді: «Мен Абдулла ибн Әбу Ауфадан (р.а.): “Алла Елшісі (с.а.с.) өсиет қалдырды ма?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ”, – деді. Мен одан: “Онда мұсылмандарға өсиет ету неліктен міндеттелді?” – немесе: “Оларға өсиет ету неліктен бұйырылды?” – деп сұрадым. Ол: “Алла Тағаланың Кітабын ұстануды өсиет етті”, – деді» (1634/16).

985
Мүслим, № 985Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، قَالَتْ: «مَا تَرَكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ دِينَارًا، وَلَا دِرْهَمًا، وَلَا شَاةً، وَلَا بَعِيرًا، وَلَا أَوْصَى بِشَيْءٍ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.): «Алла Елшісі (с.а.с.) динар да, дирһам да, қой да, түйе де қалдырмады әрі еш нәрсені өсиет етіп те қалдырған жоқ», – деді (1635/18).

986
Мүслим, № 986

عَنِ الْأَسْوَدِ بْنِ يَزِيدَ، قَالَ: «ذَكَرُوا عِنْدَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، أَنَّ عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ وَصِيًّا، فَقَالَتْ: “مَتَى أَوْصَى إِلَيْهِ؟ فَقَدْ كُنْتُ مُسْنِدَتَهُ إِلَى صَدْرِي” (أَوْ قَالَتْ: “حَجْرِي”) “فَدَعَا بِالطَّسْتِ، فَلَقَدِ اِنْخَنَثَ فِي حَجْرِي، وَمَا شَعَرْتُ أَنَّهُ مَاتَ، فَمَتَى أَوْصَى إِلَيْهِ؟”»

Қазақша аудармасы

Әсуад ибн Язид (р.а.) былай деді: «Айшаның (р.а.) жанында: “Әли (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) өсиетін орындаушы болған”, – деген сөз айтылды. Сонда Айша (р.а.): “Алла Елшісі (с.а.с.) Әлиді қашан өзінің өсиетін орындаушы етіп тағайындап еді? Мен оны кеудеме – немесе тіземе – сүйеп отырған едім. Ол леген әкелуді сұрады да, тіземде жантая кетті. Мен оның қайтыс болғанын аңғармай да қалдым. Сонда ол Әлиді қашан өзінің өсиетін орындаушы етіп тағайындап еді?” – деді» (1636/19).

بَابٌ: وَصِيَّةُ النَّبِيِّ ﷺ بِإِخْرَاجِ الْمُشْرِكِينَ مِنْ جَزِيرَةِ الْعَرَبِ وَبِإِجَازَةِ الْوَفْدِ

4-бапПайғамбардың (с.а.с.) мүшріктерді Араб түбегінен шығару және келген делегацияларға сый-сияпат көрсету жөніндегі өсиеті туралы

987
Мүслим, № 987

عَنْ سَعِيدِ بْنِ جُبَيْرٍ، قَالَ: «قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: “يَوْمُ الْخَمِيسِ، وَمَا يَوْمُ الْخَمِيسِ!” ثُمَّ بَكَى حَتَّى بَلَّ دَمْعُهُ الْحَصَى، فَقُلْتُ: “يَا ابْنَ عَبَّاسٍ، وَمَا يَوْمُ الْخَمِيسِ؟” قَالَ: “اِشْتَدَّ بِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَجَعُهُ، فَقَالَ: ‘اِئْتُونِي أَكْتُبْ لَكُمْ كِتَابًا لَا تَضِلُّوا بَعْدِي’، فَتَنَازَعُوا وَمَا يَنْبَغِي عِنْدَ نَبِيٍّ تَنَازُعٌ، وَقَالُوا: ‘مَا شَأْنُهُ؟ أَهَجَرَ؟ اِسْتَفْهِمُوهُ’. قَالَ: ‘دَعُونِي، فَالَّذِي أَنَا فِيهِ خَيْرٌ، أُوصِيكُمْ بِثَلَاثٍ: أَخْرِجُوا الْمُشْرِكِينَ مِنْ جَزِيرَةِ الْعَرَبِ، وَأَجِيزُوا الْوَفْدَ بِنَحْوِ مَا كُنْتُ أُجِيزُهُمْ’”». قَالَ: «وَسَكَتَ عَنِ الثَّالِثَةِ، أَوْ قَالَهَا فَأُنْسِيتُهَا».

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жубәйр былай деді: «Ибн Аббас (р.а.): “Бейсенбі күні! Бейсенбі күні қандай күн еді!” – деді де, көз жасы қиыршық тастарды сулағанша жылады. Мен: “Уа, Ибн Аббас! Бейсенбі күні не болды?” – деп сұрадым. Ол: “Алла Елшісінің (с.а.с.) дерті қатты күшейді. Сонда ол: ‘Маған жазу құралдарын әкеліңдер, сендерге менен кейін адаспайтындай бір жазба жазып берейін’, – деді. Олар өзара таласа бастады. Пайғамбардың алдында таласу лайық емес еді. Олар: ‘Оған не болды? Сандырақтап кетті ме? Өзінен анықтап сұраңдар’, – деді. Сонда ол (с.а.с.): ‘Мені жайыма қалдырыңдар. Менің қазіргі күйім қайырлырақ. Сендерге үш нәрсені өсиет етемін: мүшріктерді Араб түбегінен шығарыңдар және келген делегацияларға мен сый-сияпат көрсеткендей сый көрсетіңдер’, – деді”, – деп баяндады». Сағид: «Ибн Аббас үшіншісін айтпай үнсіз қалды немесе оны айтты, бірақ мен ұмытып қалдым», – деді (1637/20).

بَابٌ: النَّهْيُ أَنْ يَعُودَ فِي الصَّدَقَةِ

5-бапБерген садақасын қайтарып алуға тыйым салу

988
Мүслим, № 988Риуаят етуші: Омар (р.а.)

عَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «حَمَلْتُ عَلَى فَرَسٍ عَتِيقٍ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، فَأَضَاعَهُ صَاحِبُهُ، فَظَنَنْتُ أَنَّهُ بَائِعُهُ بِرُخْصٍ، فَسَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ ذَلِكَ، فَقَالَ: “لَا تَبْتَعْهُ، وَلَا تَعُدْ فِي صَدَقَتِكَ، فَإِنَّ الْعَائِدَ فِي صَدَقَتِهِ كَالْكَلْبِ يَقِيءُ ثُمَّ يَعُودُ فِي قَيْئِهِ”».

Қазақша аудармасы

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай деді: «Мен Алла жолында бір адамға асыл тұқымды ат бердім. Алайда оны алған адам атқа дұрыс күтім жасамады. Мен ол атты арзанға сататын шығар деп ойлап, бұл туралы Алла Елшісінен (с.а.с.) сұрадым. Сонда ол (с.а.с.): “Оны сатып алма және берген садақаңды қайтарып алма. Өйткені берген садақасын қайтарып алушы құсып, кейін өз құсығына қайта оралған ит тәрізді”, – деді» (1620/1).

989
Мүслим, № 989Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، عَنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «الْعَائِدُ فِي هِبَتِهِ كَالْكَلْبِ يَقِيءُ، ثُمَّ يَعُودُ فِي قَيْئِهِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.): «Берген сыйын қайтарып алатын адам құсып, кейін өз құсығына қайта оралған ит секілді», – дегенін жеткізді (1622/8).

بَابٌ: مَنْ نَحَلَ بَعْضَ وَلَدِهِ دُونَ سَائِرِ بَنِيهِ

6-бапБалаларының кейбіріне ғана сыйлық беріп, өзгелеріне бермеген адам туралы

990
Мүслим, № 990Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир (р.а.)

عَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: «تَصَدَّقَ عَلَيَّ أَبِي بِبَعْضِ مَالِهِ، فَقَالَتْ أُمِّي عَمْرَةُ بِنْتُ رَوَاحَةَ: “لَا أَرْضَى حَتَّى تُشْهِدَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ”، فَانْطَلَقَ أَبِي إِلَى النَّبِيِّ ﷺ لِيُشْهِدَهُ عَلَى صَدَقَتِي، فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “أَفَعَلْتَ هَذَا بِوَلَدِكَ كُلِّهِمْ؟” قَالَ: “لَا”. قَالَ: “اِتَّقُوا اللَّهَ، وَاعْدِلُوا فِي أَوْلَادِكُمْ”، فَرَجَعَ أَبِي، فَرَدَّ تِلْكَ الصَّدَقَةَ».

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) былай деді: «Әкем маған мал-мүлкінің бір бөлігін сыйға берді. Сонда анам Амра бинт Рауаха: “Алла Елшісін (с.а.с.) куә етпейінше, бұған разы болмаймын”, – деді. Сөйтіп, әкем маған берген сыйына Пайғамбарды (с.а.с.) куә ету үшін оған барды. Алла Елшісі (с.а.с.) одан: “Барлық балаларыңа да осылай жасадың ба?” – деп сұрады. Әкем: “Жоқ”, – деді. Сонда ол (с.а.с.): “Алладан қорқыңдар әрі балаларыңа әділ болыңдар”, – деді. Содан кейін әкем қайтып келіп, сол сыйын қайтарып алды» (1623/13).

991
Мүслим, № 991Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир (р.а.)

عَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ، قَالَ: «اِنْطَلَقَ بِي أَبِي يَحْمِلُنِي إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، اِشْهَدْ أَنِّي قَدْ نَحَلْتُ النُّعْمَانَ كَذَا وَكَذَا مِنْ مَالِي”. فَقَالَ: “أَكُلَّ بَنِيكَ قَدْ نَحَلْتَ مِثْلَ مَا نَحَلْتَ النُّعْمَانَ؟” قَالَ: “لَا”. قَالَ: “فَأَشْهِدْ عَلَى هَذَا غَيْرِي”. ثُمَّ قَالَ: “أَيَسُرُّكَ أَنْ يَكُونُوا إِلَيْكَ فِي الْبِرِّ سَوَاءً؟” قَالَ: “بَلَى”. قَالَ: “فَلَا إِذًا”».

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) былай деді: «Әкем мені көтеріп, Алла Елшісінің (с.а.с.) алдына апарды да: “Уа, Расулалла! Мал-мүлкімнен пәлендей нәрсені Нұғманға сыйлағаныма куә болыңыз”, – деді. Ол: “Барлық ұлдарыңа да Нұғманға сыйлағаныңдай сый бердің бе?” – деп сұрады. Әкем: “Жоқ”, – деді. Сонда ол: “Бұған менен басқа біреуді куә ет”, – деді. Содан кейін: “Олардың бәрінің саған бірдей жақсылық жасағаны сені қуанта ма?” – деп сұрады. Әкем: “Әрине”, – деді. Сонда ол: “Олай болса, бұлай істеме”, – деді» (1623/17).

بَابٌ: فِي الرَّجُلِ يُعْمِرُ رَجُلًا عُمْرَى

7-бапБір адамның екінші адамға өмір бойына мүлік сыйлауы туралы

992
Мүслим, № 992Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «أَيُّمَا رَجُلٍ أَعْمَرَ رَجُلًا عُمْرَى لَهُ وَلِعَقِبِهِ، فَقَالَ: “قَدْ أَعْطَيْتُكَهَا وَعَقِبَكَ مَا بَقِيَ مِنْكُمْ أَحَدٌ”، فَإِنَّهَا لِمَنْ أُعْطِيَهَا وَعَقِبِهِ، وَإِنَّهَا لَا تَرْجِعُ إِلَى صَاحِبِهَا، مِنْ أَجْلِ أَنَّهُ أَعْطَى عَطَاءً وَقَعَتْ فِيهِ الْمَوَارِيثُ».

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Кім біреуге: “Сендердің бірің тірі болғанға дейін мұны саған әрі ұрпағыңа бердім”, – деп өмірлік сый берсе, ол мүлік сыйды алған адамға және оның ұрпағына тиесілі болады әрі бұрынғы иесіне қайтып бармайды. Өйткені ол мұрагерлік үкімдері жүретін сый берген» (1625/22).

993
Мүслим, № 993Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «أَمْسِكُوا عَلَيْكُمْ أَمْوَالَكُمْ، وَلَا تُفْسِدُوهَا، فَإِنَّهُ مَنْ أَعْمَرَ عُمْرَى فَهِيَ لِلَّذِي أُعْمِرَهَا حَيًّا وَمَيِّتًا، وَلِعَقِبِهِ».

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдулла (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Мал-мүліктеріңді өздеріңде ұстап, оларды зая етпеңдер. Өйткені кімде-кім біреуге мүлкін өмірлік сый ретінде берсе, ол мүлік сыйды алған адамға көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де, сондай-ақ оның ұрпақтарына да тиесілі болады» (1625/26).