Хадис
كِتَابُ الصَّيْدِ وَالذَّبَائِحِ

Аңшылық және мал сою кітабы

Сахих Мүслим, 36-кітап · 12 хадис · № 1239–1250

Мазмұны: 10 бап
  1. 1Жебемен аң аулау және жебе атқанда Алланың атын атау туралы
  2. 2Садақпен, сондай-ақ үйретілген және үйретілмеген итпен аң аулау туралы
  3. 3Ұшы үшкір таяқпен (миғрадпен) аң аулау және итті аңға жібергенде Алланың атын атау туралы
  4. 4Атқан аңы көзден таса болып, кейін оны тауып алған жағдай туралы
  5. 5Аңшылыққа және мал күзетуге арналған ит ұстауға рұқсат етілуі туралы
  6. 6Иттерді өлтіру туралы
  7. 7Ұсақ тасты саусақпен шертіп атуға тыйым салу
  8. 8Жануарларды байлап қойып, тірі нысана ретінде атуға тыйым салу
  9. 9Малды қинамай союды және пышақтың жүзін қайрауды бұйыру туралы
  10. 10Қанды ағызатын құралмен мал сою және мал сойғанда тіс пен тырнақты пайдалануға тыйым салу туралы
بَابٌ: الصَّيْدُ بِالسِّهَامِ وَالتَّسْمِيَةُ عِنْدَ الرَّمْيِ

1-бапЖебемен аң аулау және жебе атқанда Алланың атын атау туралы

1239
Мүслим, № 1239Риуаят етуші: Ади ибн Хатим (р.а.)

عَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “إِذَا أَرْسَلْتَ كَلْبَكَ فَاذْكُرِ اسْمَ اللَّهِ، فَإِنْ أَمْسَكَ عَلَيْكَ فَأَدْرَكْتَهُ حَيًّا فَاذْبَحْهُ، وَإِنْ أَدْرَكْتَهُ قَدْ قَتَلَ وَلَمْ يَأْكُلْ مِنْهُ، فَكُلْهُ، وَإِنْ وَجَدْتَ مَعَ كَلْبِكَ كَلْبًا غَيْرَهُ وَقَدْ قَتَلَ، فَلَا تَأْكُلْ، فَإِنَّكَ لَا تَدْرِي أَيُّهُمَا قَتَلَهُ، وَإِنْ رَمَيْتَ سَهْمَكَ، فَاذْكُرِ اسْمَ اللَّهِ، فَإِنْ غَابَ عَنْكَ يَوْمًا فَلَمْ تَجِدْ فِيهِ إِلَّا أَثَرَ سَهْمِكَ، فَكُلْ إِنْ شِئْتَ، وَإِنْ وَجَدْتَهُ غَرِيقًا فِي الْمَاءِ، فَلَا تَأْكُلْ”».

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатим (р.а.) былай деді: «Алла Елшісі (с.а.с.) маған: “Итіңді аңға жібергенде Алланың атын ата. Егер ол аңды сен үшін ұстап, сен оған тірі кезінде жетсең, оны бауызда. Ал егер жеткеніңде итің аңды өлтіріп қойған әрі одан жемеген болса, оны же. Егер итіңнің қасынан басқа бір итті көріп, аңды өлі күйінде тапсаң, оны жеме. Өйткені оны екі иттің қайсысы өлтіргенін білмейсің. Жебеңді атқанда да Алланың атын ата. Егер аң бір күн бойы көзіңнен таса болып, кейін оның денесінен өз жебеңнің ізінен басқа ештеңе таппасаң, қаласаң, оны же. Ал оны суға батып өлген күйінде тапсаң, жеме”, – деді» (1929/6).

بَابٌ: فِي الصَّيْدِ بِالْقَوْسِ وَالْكَلْبِ الْمُعَلَّمِ وَغَيْرِ الْمُعَلَّمِ

2-бапСадақпен, сондай-ақ үйретілген және үйретілмеген итпен аң аулау туралы

1240
Мүслим, № 1240Риуаят етуші: Әбу Сағлаба әл-Хушәни (р.а.)

عَنْ أَبِي ثَعْلَبَةَ الْخُشَنِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «أَتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، فَقُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا بِأَرْضِ قَوْمٍ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ نَأْكُلُ فِي آنِيَتِهِمْ، وَأَرْضِ صَيْدٍ أَصِيدُ بِقَوْسِي وَأَصِيدُ بِكَلْبِي الْمُعَلَّمِ أَوْ بِكَلْبِي الَّذِي لَيْسَ بِمُعَلَّمٍ، فَأَخْبِرْنِي بِالَّذِي يَحِلُّ لَنَا مِنْ ذَلِكَ؟” قَالَ: “أَمَّا مَا ذَكَرْتَ أَنَّكُمْ بِأَرْضِ قَوْمٍ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ تَأْكُلُونَ فِي آنِيَتِهِمْ، فَإِنْ وَجَدْتُمْ غَيْرَ آنِيَتِهِمْ، فَلَا تَأْكُلُوا فِيهَا، وَإِنْ لَمْ تَجِدُوا، فَاغْسِلُوهَا، ثُمَّ كُلُوا فِيهَا، وَأَمَّا مَا ذَكَرْتَ أَنَّكَ بِأَرْضِ صَيْدٍ، فَمَا أَصَبْتَ بِقَوْسِكَ، فَاذْكُرِ اسْمَ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ، ثُمَّ كُلْ، وَمَا أَصَبْتَ بِكَلْبِكَ الْمُعَلَّمِ، فَاذْكُرِ اسْمَ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ، ثُمَّ كُلْ، وَمَا أَصَبْتَ بِكَلْبِكَ الَّذِي لَيْسَ بِمُعَلَّمٍ، فَأَدْرَكْتَ ذَكَاتَهُ، فَكُلْ”».

Қазақша аудармасы

Әбу Сағлаба әл-Хушәни (р.а.) былай деген: «Мен Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Расулалла! Біз Кітап иелері тұратын өлкеде өмір сүреміз әрі олардың ыдыстарынан тамақтанамыз. Сондай-ақ аң-құсы мол өлкеде тұрамыз. Мен садағыммен де, үйретілген итіммен де, үйретілмеген итіммен де аң аулаймын. Осылардың қайсысы бізге халал екенін айтып беріңіз”, – дедім. Ол (с.а.с.): “Кітап иелері тұратын өлкеде өмір сүріп, олардың ыдыстарынан тамақтанатындарыңды айттың. Егер өзге ыдыс тапсаңдар, олардың ыдыстарынан тамақ ішпеңдер. Ал басқа ыдыс таппасаңдар, олардың ыдыстарын жуып, содан кейін солардан тамақтаныңдар. Аң-құсы мол өлкеде тұратыныңды да айттың. Садақпен аң аулағанда Ұлы әрі Құдіретті Алланың атын ата, содан кейін алған аңыңды же. Үйретілген итіңді аңға жібергенде де Ұлы әрі Құдіретті Алланың атын ата, содан кейін оның ұстаған аңын же. Ал үйретілмеген итіңмен алған аңға тірідей жетіп, оны бауыздап үлгерсең, же”, – деді» (1930/8).

بَابٌ: الصَّيْدُ بِالْمِعْرَاضِ وَالتَّسْمِيَةُ عِنْدَ إِرْسَالِ الْكَلْبِ

3-бапҰшы үшкір таяқпен (миғрадпен) аң аулау және итті аңға жібергенде Алланың атын атау туралы

1241
Мүслим, № 1241Риуаят етуші: Ади ибн Хатим (р.а.)

عَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْمِعْرَاضِ، فَقَالَ: “إِذَا أَصَابَ بِحَدِّهِ فَكُلْ، وَإِذَا أَصَابَ بِعَرْضِهِ فَقَتَلَ، فَإِنَّهُ وَقِيذٌ؛ فَلَا تَأْكُلْ”، وَسَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْكَلْبِ، فَقَالَ: “إِذَا أَرْسَلْتَ كَلْبَكَ وَذَكَرْتَ اسْمَ اللَّهِ، فَكُلْ، فَإِنْ أَكَلَ مِنْهُ فَلَا تَأْكُلْ، فَإِنَّهُ إِنَّمَا أَمْسَكَ عَلَى نَفْسِهِ”. قُلْتُ: “فَإِنْ وَجَدْتُ مَعَ كَلْبِي كَلْبًا آخَرَ، فَلَا أَدْرِي أَيُّهُمَا أَخَذَهُ؟” قَالَ: “فَلَا تَأْكُلْ، فَإِنَّمَا سَمَّيْتَ عَلَى كَلْبِكَ وَلَمْ تُسَمِّ عَلَى غَيْرِهِ”».

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатим (р.а.) былай деді: «Мен Алла Елшісінен (с.а.с.) ұшы үшкір миғрад таяғы жайында сұрадым. Ол (с.а.с.): “Егер ол аңға өткір ұшымен тисе, жей бер. Ал көлденеңінен тиіп өлтірсе, ол соққыдан өлген болып саналады. Сондықтан оны жеме”, – деді. Сондай-ақ Алла Елшісінен (с.а.с.) аңшы ит жайында сұрадым. Ол (с.а.с.): “Итіңді жібергенде Алланың атын атасаң, оның ұстаған аңын жей бер. Ал егер ит одан жесе, сен оны жеме. Өйткені ол аңды өзі үшін ұстаған”, – деді. Мен: “Егер өз итімнің жанынан басқа бір итті көрсем әрі аңды қайсысы ұстағанын білмесем ше?” – деп сұрадым. Ол (с.а.с.): “Онда жеме. Өйткені сен Алланың атын өз итіңді жібергенде ғана атадың, ал басқа итті жібергенде атамадың”, – деді» (1929/3).

بَابٌ: إِذَا غَابَ عَنْهُ الصَّيْدُ ثُمَّ وَجَدَهُ

4-бапАтқан аңы көзден таса болып, кейін оны тауып алған жағдай туралы

1242
Мүслим, № 1242Риуаят етуші: Әбу Сағлаба (р.а.)

عَنْ أَبِي ثَعْلَبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ فِي الَّذِي يُدْرِكُ صَيْدَهُ بَعْدَ ثَلَاثٍ: «فَكُلْهُ مَا لَمْ يُنْتِنْ».

Қазақша аудармасы

Әбу Сағлабаның (р.а.) жеткізуінше, Пайғамбар (с.а.с.) ауланған аңын үш күннен кейін тауып алған адам туралы: «Егер сасып кетпеген болса, оны жей бер», – деді (1931/10).

بَابٌ: إِبَاحَةُ اِقْتِنَاءِ كَلْبِ الصَّيْدِ وَالْمَاشِيَةِ

5-бапАңшылыққа және мал күзетуге арналған ит ұстауға рұқсат етілуі туралы

1243
Мүслим, № 1243Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ، قَالَ: «مَنِ اِقْتَنَى كَلْبًا إِلَّا كَلْبَ صَيْدٍ أَوْ مَاشِيَةٍ، نَقَصَ مِنْ أَجْرِهِ كُلَّ يَوْمٍ قِيرَاطَانِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.): «Кім аң аулайтын немесе мал күзететін иттен басқа ит ұстаса, оның сауабынан күн сайын екі қират кемиді», – дегенін жеткізген (1574/51).

1244
Мүслим, № 1244Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنِ اِتَّخَذَ كَلْبًا إِلَّا كَلْبَ مَاشِيَةٍ أَوْ صَيْدٍ أَوْ زَرْعٍ، اِنْتَقَصَ مِنْ أَجْرِهِ كُلَّ يَوْمٍ قِيرَاطٌ». قَالَ الزُّهْرِيُّ: «فَذُكِرَ لِابْنِ عُمَرَ قَوْلُ أَبِي هُرَيْرَةَ، فَقَالَ: “يَرْحَمُ اللَّهُ أَبَا هُرَيْرَةَ، كَانَ صَاحِبَ زَرْعٍ”».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла Елшісі (с.а.с.): “Кім мал күзетуге, аң аулауға немесе егін күзетуге арналған иттен басқа ит асыраса, оның сауабынан күн сайын бір қират кемиді”, – деді», – деп баяндаған. Әз-Зуһри: «Әбу Һурайраның бұл сөзі Ибн Омарға айтылғанда, ол: “Алла Әбу Һурайраны рақымына бөлесін! Оның егістігі бар еді”, – деді», – деген (1575/58).

بَابٌ: فِي قَتْلِ الْكِلَابِ

6-бапИттерді өлтіру туралы

1245
Мүслим, № 1245Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: «أَمَرَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِقَتْلِ الْكِلَابِ، حَتَّى إِنَّ الْمَرْأَةَ تَقْدَمُ مِنَ الْبَادِيَةِ بِكَلْبِهَا فَنَقْتُلُهُ، ثُمَّ نَهَى النَّبِيُّ ﷺ عَنْ قَتْلِهَا، وَقَالَ: “عَلَيْكُمْ بِالْأَسْوَدِ الْبَهِيمِ ذِي النُّقْطَتَيْنِ، فَإِنَّهُ شَيْطَانٌ”».

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдулла (р.а.) былай деген: «Алла Елшісі (с.а.с.) бізге иттерді өлтіруді бұйырды. Тіпті даладан итімен келген әйелдің итін де өлтіретінбіз. Кейін Пайғамбар (с.а.с.) иттерді өлтіруге тыйым салып: “Екі таңбасы бар қап-қара итті өлтіріңдер. Өйткені ол – шайтан”, – деді» (1572/47).

بَابٌ: النَّهْيُ عَنِ الْخَذْفِ

7-бапҰсақ тасты саусақпен шертіп атуға тыйым салу

1246
Мүслим, № 1246

عَنْ سَعِيدِ بْنِ جُبَيْرٍ، أَنَّ قَرِيبًا لِعَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ خَذَفَ، قَالَ: «فَنَهَاهُ، وَقَالَ: “إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَهَى عَنِ الْخَذْفِ، وَقَالَ: ‘إِنَّهَا لَا تَصِيدُ صَيْدًا، وَلَا تَنْكَأُ عَدُوًّا، لَكِنَّهَا تَكْسِرُ السِّنَّ، وَتَفْقَأُ الْعَيْنَ’”. قَالَ: فَعَادَ، فَقَالَ: “أُحَدِّثُكَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَهَى عَنْهُ، ثُمَّ تَخْذِفُ! لَا أُكَلِّمُكَ أَبَدًا”».

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жубәйр Абдулла ибн Мұғаффалдың (р.а.) бір туысының ұсақ тасты саусақпен шертіп атқанын жеткізді. Абдулла оны бұдан тыйып: «Алла Елшісі (с.а.с.) ұсақ тасты саусақпен шертіп атуға тыйым салған әрі: “Бұл тәсілмен аң ауланбайды да, жау жараланбайды. Ол тек тісті сындырып, көзді шығарады”, – деген», – деді. Әлгі адам кейін тағы да солай істеді. Сонда Абдулла: «Саған Алла Елшісінің (с.а.с.) бұған тыйым салғанын айтып отырмын, ал сен тағы да тас атып отырсың. Енді сенімен ешқашан сөйлеспеймін», – деді (1954/56).

بَابٌ: النَّهْيُ عَنْ صَيْدِ الْبَهَائِمِ

8-бапЖануарларды байлап қойып, тірі нысана ретінде атуға тыйым салу

1247
Мүслим, № 1247

عَنْ هِشَامِ بْنِ زَيْدِ بْنِ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ، قَالَ: «دَخَلْتُ مَعَ جَدِّي أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ دَارَ الْحَكَمِ بْنِ أَيُّوبَ، فَإِذَا قَوْمٌ قَدْ نَصَبُوا دَجَاجَةً يَرْمُونَهَا، قَالَ: فَقَالَ أَنَسٌ: “نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ تُصْبَرَ الْبَهَائِمُ”».

Қазақша аудармасы

Һишам ибн Зәйд ибн Әнәс ибн Мәлик былай деген: «Мен атам Әнәс ибн Мәликпен (р.а.) бірге Хакам ибн Әйюбтің үйіне кірдім. Қарасақ, бір топ адам тауықты байлап қойып, нысана етіп атып жатыр екен. Сонда Әнәс (р.а.): “Алла Елшісі (с.а.с.) жануарларды байлап қойып, нысана етуге тыйым салды”, – деді» (1956/58).

1248
Мүслим, № 1248

عَنْ سَعِيدِ بْنِ جُبَيْرٍ، قَالَ: «مَرَّ ابْنُ عُمَرَ بِفِتْيَانٍ مِنْ قُرَيْشٍ قَدْ نَصَبُوا طَيْرًا، وَهُمْ يَرْمُونَهُ، وَقَدْ جَعَلُوا لِصَاحِبِ الطَّيْرِ كُلَّ خَاطِئَةٍ مِنْ نَبْلِهِمْ، فَلَمَّا رَأَوُا ابْنَ عُمَرَ تَفَرَّقُوا، فَقَالَ ابْنُ عُمَرَ: “مَنْ فَعَلَ هَذَا؟ لَعَنَ اللَّهُ مَنْ فَعَلَ هَذَا! إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لَعَنَ مَنِ اِتَّخَذَ شَيْئًا فِيهِ الرُّوحُ غَرَضًا”».

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жубәйр былай деді: «Ибн Омар бір құсты нысана етіп қойып, оған жебе атып жатқан құрайыштық жастардың жанынан өтті. Олар мүлт кеткен жебелерінің бәрін құстың иесіне беруге келіскен еді. Ибн Омарды көргенде, жан-жаққа тарап кетті. Сонда ол: “Мұны кім істеді? Мұны істеген адамға Алла лағынет етсін! Расында, Алла Елшісі (с.а.с.) жаны бар нәрсені нысана еткен адамға лағынет айтты”, – деді» (1958/59).

بَابٌ: الْأَمْرُ بِإِحْسَانِ الذَّبْحِ وَحَدِّ الشَّفْرَةِ

9-бапМалды қинамай союды және пышақтың жүзін қайрауды бұйыру туралы

1249
Мүслим, № 1249Риуаят етуші: Шәддад ибн Әус (р.а.)

عَنْ شَدَّادِ بْنِ أَوْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «ثِنْتَانِ حَفِظْتُهُمَا عَنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قَالَ: “إِنَّ اللَّهَ كَتَبَ الْإِحْسَانَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ، فَإِذَا قَتَلْتُمْ فَأَحْسِنُوا الْقِتْلَةَ، وَإِذَا ذَبَحْتُمْ فَأَحْسِنُوا الذَّبْحَ، وَلْيُحِدَّ أَحَدُكُمْ شَفْرَتَهُ، وَلْيُرِحْ ذَبِيحَتَهُ”».

Қазақша аудармасы

Шаддад ибн Аус (р.а.) былай деді: «Алла Елшісінен (с.а.с.) естіген екі нәрсені жадымда сақтадым. Ол (с.а.с.): “Расында, Алла әр істі жақсы атқаруды міндеттеді. Өлтірер болсаңдар, қинамай өлтіріңдер. Мал сояр болсаңдар, қинамай сойыңдар. Әркім пышағын өткірлеп, соятын малының азабын жеңілдетсін”, – деді» (1955/57).

بَابٌ: الذَّبْحُ بِمَا أَنْهَرَ الدَّمَ، وَالنَّهْيُ عَنِ السِّنِّ وَالظُّفُرِ

10-бапҚанды ағызатын құралмен мал сою және мал сойғанда тіс пен тырнақты пайдалануға тыйым салу туралы

1250
Мүслим, № 1250Риуаят етуші: Рафиғ ибн Хадиж (р.а.)

عَنْ رَافِعِ بْنِ خَدِيجٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «قُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا لَاقُو الْعَدُوِّ غَدًا، وَلَيْسَتْ مَعَنَا مُدًى”. قَالَ ﷺ: “أَعْجِلْ” (أَوْ: “أَرِنْ”) “مَا أَنْهَرَ الدَّمَ، وَذُكِرَ اسْمُ اللَّهِ، فَكُلْ، لَيْسَ السِّنَّ وَالظُّفُرَ، وَسَأُحَدِّثُكَ: أَمَّا السِّنُّ فَعَظْمٌ، وَأَمَّا الظُّفُرُ فَمُدَى الْحَبَشَةِ”. قَالَ: وَأَصَبْنَا نَهْبَ إِبِلٍ وَغَنَمٍ، فَنَدَّ مِنْهَا بَعِيرٌ، فَرَمَاهُ رَجُلٌ بِسَهْمٍ فَحَبَسَهُ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “إِنَّ لِهَذِهِ الْإِبِلِ أَوَابِدَ كَأَوَابِدِ الْوَحْشِ، فَإِذَا غَلَبَكُمْ مِنْهَا شَيْءٌ فَاصْنَعُوا بِهِ هَكَذَا”».

Қазақша аудармасы

Рафиғ ибн Хадиж (р.а.) былай деді: «Мен: “Уа, Расулалла! Біз ертең жаумен кездесеміз, бірақ жанымызда пышақтар жоқ”, – дедім. Ол (с.а.с.): “Асық!” – немесе: “Шапшаң қимылда!” – деді де: “Қанды ағызатын нәрсемен бауыздалып, Алланың аты аталған малды же. Бірақ тіс пен тырнақпен бауыздалған малды жеме. Мұның себебін саған түсіндірейін: тіс – сүйек, ал тырнақ – хабаштардың пышағы”, – деді. Біз түйелер мен қойларды олжаға түсірдік. Солардың арасынан бір түйе қашып кетті. Бір адам оны жебемен атып тоқтатты. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): “Расында, бұл түйелердің арасында жабайы аңдардай асаулары болады. Олардың біреуі сендерге бой бермей кетсе, осылай істеңдер”, – деді» (1968/20).