Хадис
كِتَابُ الْحَيَّاتِ وَغَيْرِهَا

Жыландар және басқа жануарлар кітабы

Сахих Мүслим, 47-кітап · 9 хадис · № 1497–1505

Мазмұны: 8 бап
  1. 1Үйді мекендейтін жыландарды өлтіруге тыйым салу туралы
  2. 2Үйді мекендейтін жыландарға үш рет ескерту беру туралы
  3. 3Жыландарды өлтіру туралы
  4. 4Геккондарды (кесірткенің бір түрін) өлтіру туралы
  5. 5Құмырсқаларды өлтіру туралы
  6. 6Мысықты өлтіру туралы
  7. 7Тышқан және оның кейпі өзгертілген жаратылыс екені туралы
  8. 8Жануарларға су ішкізу туралы
بَابٌ: النَّهْيُ عَنْ قَتْلِ ذَوَاتِ الْبُيُوتِ

1-бапҮйді мекендейтін жыландарды өлтіруге тыйым салу туралы

1497
Мүслим, № 1497Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَأْمُرُ بِقَتْلِ الْكِلَابِ يَقُولُ: “اُقْتُلُوا الْحَيَّاتِ وَالْكِلَابَ، وَاقْتُلُوا ذَا الطُّفْيَتَيْنِ وَالْأَبْتَرَ، فَإِنَّهُمَا يَلْتَمِسَانِ الْبَصَرَ، وَيَسْتَسْقِطَانِ الْحَبَالَى”». قَالَ الزُّهْرِيُّ: «وَنُرَى ذَلِكَ مِنْ سُمَّيْهِمَا، وَاللَّهُ أَعْلَمُ». قَالَ سَالِمٌ: قَالَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ: «فَلَبِثْتُ لَا أَتْرُكُ حَيَّةً أَرَاهَا إِلَّا قَتَلْتُهَا، فَبَيْنَا أَنَا أُطَارِدُ حَيَّةً يَوْمًا مِنْ ذَوَاتِ الْبُيُوتِ، مَرَّ بِي زَيْدُ بْنُ الْخَطَّابِ (أَوْ أَبُو لُبَابَةَ)، وَأَنَا أُطَارِدُهَا، فَقَالَ: “مَهْلًا، يَا عَبْدَ اللَّهِ!” فَقُلْتُ: “إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَمَرَ بِقَتْلِهِنَّ”. قَالَ: “إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَدْ نَهَى عَنْ ذَوَاتِ الْبُيُوتِ”».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар: «Алла Елшісінің (с.а.с.) иттерді өлтіруге бұйырып: “Жыландар мен иттерді өлтіріңдер. Қос жолақты жылан мен құйрығы шолақ жыланды да өлтіріңдер. Өйткені бұл екеуі көздің нұрын жойып, жүкті әйелдердің құрсағындағы баланы түсіреді”, – дегенін естідім», – деді. Әз-Зуһри: «Біз мұны осы екі жыланның уынан деп ойлаймыз. Алла жақсы біледі», – деді. Сәлим Абдулла ибн Омардың былай дегенін жеткізді: «Содан кейін біраз уақыт бойы көрген жыланымның ешбірін өлтірмей қалдырмадым. Бір күні үй жыландарының бірін қуып жүргенімде, жанымнан Зәйд ибн әл-Хаттаб немесе Әбу Лүбәба өтіп бара жатты. Ол менің жыланды қуып жүргенімді көріп: “Асықпа, уа, Абдулла!” – деді. Мен: “Алла Елшісі (с.а.с.) оларды өлтіруге бұйырған”, – дедім. Ол: “Алла Елшісі (с.а.с.) үй жыландарын өлтіруге тыйым салған”, – деді» (2233/129).

بَابٌ: إِيذَانُ الْعَوَامِرِ ثَلَاثًا

2-бапҮйді мекендейтін жыландарға үш рет ескерту беру туралы

1498
Мүслим, № 1498

عَنْ أَبِي السَّائِبِ، مَوْلَى هِشَامِ بْنِ زُهْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّهُ دَخَلَ عَلَى أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ فِي بَيْتِهِ، قَالَ: «فَوَجَدْتُهُ يُصَلِّي، فَجَلَسْتُ أَنْتَظِرُهُ حَتَّى يَقْضِيَ صَلَاتَهُ، فَسَمِعْتُ تَحْرِيكًا فِي عَرَاجِينَ فِي نَاحِيَةِ الْبَيْتِ، فَالْتَفَتُّ فَإِذَا حَيَّةٌ، فَوَثَبْتُ لِأَقْتُلَهَا، فَأَشَارَ إِلَيَّ أَنِ “اِجْلِسْ”. فَجَلَسْتُ، فَلَمَّا اِنْصَرَفَ أَشَارَ إِلَى بَيْتٍ فِي الدَّارِ، فَقَالَ: “أَتَرَى هَذَا الْبَيْتَ؟” فَقُلْتُ: “نَعَمْ”. قَالَ: “كَانَ فِيهِ فَتًى مِنَّا حَدِيثُ عَهْدٍ بِعُرْسٍ”. قَالَ: “فَخَرَجْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ إِلَى الْخَنْدَقِ، فَكَانَ ذَلِكَ الْفَتَى يَسْتَأْذِنُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ بِأَنْصَافِ النَّهَارِ، فَيَرْجِعُ إِلَى أَهْلِهِ، فَاسْتَأْذَنَهُ يَوْمًا، فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ‘خُذْ عَلَيْكَ سِلَاحَكَ، فَإِنِّي أَخْشَى عَلَيْكَ قُرَيْظَةَ’، فَأَخَذَ الرَّجُلُ سِلَاحَهُ، ثُمَّ رَجَعَ، فَإِذَا امْرَأَتُهُ بَيْنَ الْبَابَيْنِ قَائِمَةً، فَأَهْوَى إِلَيْهَا الرُّمْحَ لِيَطْعُنَهَا بِهِ (وَأَصَابَتْهُ غَيْرَةٌ)، فَقَالَتْ لَهُ: ‘اُكْفُفْ عَلَيْكَ رُمْحَكَ وَادْخُلِ الْبَيْتَ حَتَّى تَنْظُرَ مَا الَّذِي أَخْرَجَنِي’، فَدَخَلَ فَإِذَا بِحَيَّةٍ عَظِيمَةٍ مُنْطَوِيَةٍ عَلَى الْفِرَاشِ، فَأَهْوَى إِلَيْهَا بِالرُّمْحِ فَانْتَظَمَهَا بِهِ، ثُمَّ خَرَجَ فَرَكَزَهُ فِي الدَّارِ، فَاضْطَرَبَتْ عَلَيْهِ، فَمَا يُدْرَى أَيُّهُمَا كَانَ أَسْرَعَ مَوْتًا: الْحَيَّةُ أَمِ الْفَتَى؟” قَالَ: “فَجِئْنَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَذَكَرْنَا ذَلِكَ لَهُ وَقُلْنَا: ‘اُدْعُ اللَّهَ يُحْيِيهِ لَنَا’. فَقَالَ: ‘اِسْتَغْفِرُوا لِصَاحِبِكُمْ’. ثُمَّ قَالَ: ‘إِنَّ بِالْمَدِينَةِ جِنًّا قَدْ أَسْلَمُوا، فَإِذَا رَأَيْتُمْ مِنْهُمْ شَيْئًا، فَآذِنُوهُ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ، فَإِنْ بَدَا لَكُمْ بَعْدَ ذَلِكَ، فَاقْتُلُوهُ، فَإِنَّمَا هُوَ شَيْطَانٌ’”».

Қазақша аудармасы

Һишам ибн Зуһраның (р.а.) азат еткен құлы Әбу әс-Сәиб Әбу Сағид әл-Худридің үйіне кіргенін хабарлады. Әбу әс-Сәиб былай деді: «Әбу Сағидтің намаз оқып жатқанын көріп, намазын аяқтағанша күтіп отырдым. Сол кезде үйдің бір шетіндегі құрма шоқтарының сабақтары арасынан бір сыбдыр естідім. Бұрылып қарасам, жылан екен. Оны өлтіруге ұмтыла бергенімде, Әбу Сағид маған отыра тұр деп ишара жасады. Мен қайта отырдым. Ол намазын аяқтағаннан кейін ауладағы бір үйді көрсетіп: “Мына үйді көріп тұрсың ба?” – деді. Мен: “Иә”, – дедім. Ол: “Бұл үйде арамыздағы жаңа үйленген бір жас жігіт тұратын. Біз Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге Хандақ жорығына аттандық. Әлгі жігіт түс кезінде үйіне барып қайту үшін Алла Елшісінен (с.а.с.) рұқсат сұрап жүретін. Бір күні тағы да рұқсат сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.) оған: ‘Қаруыңды өзіңмен бірге ал. Өйткені саған Құрайза жақтан бір қауіп төнер ме деп қорқамын’, – деді. Жігіт қаруын алып, үйіне қайтты. Келсе, әйелі екі есіктің арасында тұр екен. Қызғанышы ұстап, әйелін шаншуға оқталып, найзасын кезенді. Сонда әйелі: ‘Найзаңды кейін тарт! Үйге кіріп, менің неге сыртқа шыққанымды көр’, – деді. Ол үйге кірсе, төсек үстінде ширатылып жатқан үлкен жыланды көрді. Найзасын сермеп, жыланды шаншып, денесінен өткізіп жіберді. Содан кейін сыртқа шығып, найзаны аулаға шаншып қойды. Жылан найзаның ұшында бұлқына бастады. Жылан мен жігіттің қайсысы бұрын өлгені белгісіз болып қалды. Біз Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп, болған жайды айттық та: ‘Алладан оны біз үшін қайта тірілтуін тілеп, дұға етіңізші’, – дедік. Ол (с.а.с.): ‘Жолдастарың үшін Алладан кешірім тілеңдер’, – деді. Содан кейін: ‘Расында, Мәдинада Исламды қабылдаған жындар бар. Солардың бірін көрсеңдер, оған үш күн бойы кетуін ескертіңдер. Егер содан кейін тағы көрінсе, оны өлтіріңдер. Өйткені ол – шайтан’, – деді”, – деген» (2236/139).

بَابٌ: قَتْلُ الْحَيَّاتِ

3-бапЖыландарды өлтіру туралы

1499
Мүслим, № 1499Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «كُنَّا مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فِي غَارٍ، وَقَدْ أُنْزِلَتْ عَلَيْهِ ﴿وَالْمُرْسَلَاتِ عُرْفًا﴾، فَنَحْنُ نَأْخُذُهَا مِنْ فِيهِ رَطْبَةً، إِذْ خَرَجَتْ عَلَيْنَا حَيَّةٌ، فَقَالَ: “اُقْتُلُوهَا”. فَابْتَدَرْنَاهَا لِنَقْتُلَهَا، فَسَبَقَتْنَا، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “وَقَاهَا اللَّهُ شَرَّكُمْ كَمَا وَقَاكُمْ شَرَّهَا”».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Масғуд (р.а.) былай деді: «Біз Пайғамбармен (с.а.с.) бірге бір үңгірде едік. Сол кезде оған ﴿وَالْمُرْسَلَاتِ عُرْفًا﴾ – “Бірінен кейін бірі жіберілген желдерге серт!” («Мурсәләт», 1) деп басталатын сүре жаңадан түсіп, біз оны Пайғамбардың өз аузынан тыңдап, үйреніп жатқан едік. Кенет алдымыздан бір жылан шыға келді. Пайғамбар (с.а.с.): “Оны өлтіріңдер”, – деді. Біз оны өлтірмек болып ұмтылдық, бірақ ол бізден бұрын қашып құтылды. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): “Алла сендерді оның зиянынан қорғағанындай, оны да сендердің зияндарыңнан қорғады”, – деді» (2234/137).

بَابٌ: فِي قَتْلِ الْأَوْزَاغِ

4-бапГеккондарды (кесірткенің бір түрін) өлтіру туралы

1500
Мүслим, № 1500

عَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ أَمَرَ بِقَتْلِ الْوَزَغِ وَسَمَّاهُ «فُوَيْسِقًا».

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққастың (р.а.) айтуынша, Пайғамбар (с.а.с.) геккон кесірткесін өлтіруді бұйырып, оны «кішкентай пасық» деп атаған (2238/144).

1501
Мүслим, № 1501Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ قَتَلَ وَزَغَةً فِي أَوَّلِ ضَرْبَةٍ فَلَهُ كَذَا وَكَذَا حَسَنَةً، وَمَنْ قَتَلَهَا فِي الضَّرْبَةِ الثَّانِيَةِ فَلَهُ كَذَا وَكَذَا حَسَنَةً لِدُونِ الْأُولَى، وَإِنْ قَتَلَهَا فِي الضَّرْبَةِ الثَّالِثَةِ فَلَهُ كَذَا وَكَذَا حَسَنَةً لِدُونِ الثَّانِيَةِ». وَفِي رِوَايَةٍ: «مَنْ قَتَلَ وَزَغًا فِي أَوَّلِ ضَرْبَةٍ كُتِبَتْ لَهُ مِائَةُ حَسَنَةٍ، وَفِي الثَّانِيَةِ دُونَ ذَلِكَ، وَفِي الثَّالِثَةِ دُونَ ذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.): «Кім гекконды алғашқы соққысымен өлтірсе, оған осынша сауап жазылады. Ал кім оны екінші соққысымен өлтірсе, оған алғашқысынан азырақ осынша сауап жазылады. Егер оны үшінші соққысымен өлтірсе, оған екіншісінен де азырақ осынша сауап жазылады», – деді. Басқа риуаятта: «Кім гекконды алғашқы соққысымен өлтірсе, оған жүз сауап жазылады. Екінші соққысымен өлтірсе, одан азырақ, ал үшінші соққысымен өлтірсе, одан да азырақ сауап жазылады», – делінген (2240/146, 147).

بَابٌ: فِي قَتْلِ النَّمْلِ

5-бапҚұмырсқаларды өлтіру туралы

1502
Мүслим, № 1502Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «نَزَلَ نَبِيٌّ مِنَ الْأَنْبِيَاءِ تَحْتَ شَجَرَةٍ، فَلَدَغَتْهُ نَمْلَةٌ، فَأَمَرَ بِجِهَازِهِ فَأُخْرِجَ مِنْ تَحْتِهَا، ثُمَّ أَمَرَ بِهَا فَأُحْرِقَتْ، فَأَوْحَى اللَّهُ إِلَيْهِ: “فَهَلَّا نَمْلَةً وَاحِدَةً؟”»

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Пайғамбар (с.а.с.) былай деді: «Пайғамбарлардың бірі бір ағаштың түбіне аялдады. Сонда оны бір құмырсқа шағып алды. Ол жүгін ағаштың түбінен алып кетуді бұйырды. Содан кейін сол жердегі құмырсқа илеуін өртетуді бұйырды. Сонда Алла оған: “Бір ғана құмырсқаны өлтірсең болмас па еді?” – деп уахи етті» (2241/149).

بَابٌ: فِي قَتْلِ الْهِرِّ

6-бапМысықты өлтіру туралы

1503
Мүслим, № 1503Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «عُذِّبَتِ اِمْرَأَةٌ فِي هِرَّةٍ سَجَنَتْهَا حَتَّى مَاتَتْ فَدَخَلَتْ فِيهَا النَّارَ، لَا هِيَ أَطْعَمَتْهَا وَسَقَتْهَا إِذْ حَبَسَتْهَا، وَلَا هِيَ تَرَكَتْهَا تَأْكُلُ مِنْ خَشَاشِ الْأَرْضِ».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Омардың (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: «Бір әйел мысықты қамап қойып, аштан өлтіргені үшін азапқа ұшырап, сол себепті Тозаққа түсті. Ол мысықты қамаған кезінде оны тамақтандырмады да, суармады әрі жердегі ұсақ жәндіктерден қоректенсін деп босатып та жібермеді» (2242/151).

بَابٌ: فِي الْفَأْرِ وَأَنَّهُ مُسِخَ

7-бапТышқан және оның кейпі өзгертілген жаратылыс екені туралы

1504
Мүслим, № 1504Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «فُقِدَتْ أُمَّةٌ مِنْ بَنِي إِسْرَائِيلَ، لَا يُدْرَى مَا فَعَلَتْ، وَلَا أُرَاهَا إِلَّا الْفَأْرَ، أَلَا تَرَوْنَهَا إِذَا وُضِعَ لَهَا أَلْبَانُ الْإِبِلِ لَمْ تَشْرَبْهُ، وَإِذَا وُضِعَ لَهَا أَلْبَانُ الشَّاءِ شَرِبَتْهُ؟» قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: «فَحَدَّثْتُ هَذَا الْحَدِيثَ كَعْبًا، فَقَالَ: “آنْتَ سَمِعْتَهُ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ؟” قُلْتُ: “نَعَمْ”. قَالَ ذَلِكَ مِرَارًا، قُلْتُ: “أَأَقْرَأُ التَّوْرَاةَ؟”» وَفِي رِوَايَةٍ: «أَفَأُنْزِلَتْ عَلَيَّ التَّوْرَاةُ؟»

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Исраил ұрпақтарынан бір қауым жоғалып кетті. Олардың не болғаны белгісіз. Меніңше, олар – осы тышқандардың өзі. Тышқанның алдына түйе сүтін қойсаңдар, ішпейді, ал қой сүтін қойсаңдар, ішеді. Мұны көрмейсіңдер ме?» Әбу Һурайра сөзін жалғастырып: «Осы хадисті Кәғбқа айтып бердім. Ол: “Мұны Алла Елшісінен (с.а.с.) өзің естідің бе?” – деп сұрады. Мен: “Иә”, – дедім. Ол осы сұрағын бірнеше рет қайталады. Сонда мен: “Мен Тәурат оқып жүрмін бе?” – дедім», – деген. Басқа риуаятта: «Ендеше, маған Тәурат түсірілген бе еді?» – делінген (2997/61).

بَابٌ: سَقْيُ الْبَهَائِمِ

8-бапЖануарларға су ішкізу туралы

1505
Мүслим, № 1505Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «بَيْنَمَا رَجُلٌ يَمْشِي بِطَرِيقٍ اِشْتَدَّ عَلَيْهِ الْعَطَشُ، فَوَجَدَ بِئْرًا، فَنَزَلَ فِيهَا فَشَرِبَ، ثُمَّ خَرَجَ فَإِذَا كَلْبٌ يَلْهَثُ يَأْكُلُ الثَّرَى مِنَ الْعَطَشِ، فَقَالَ الرَّجُلُ: “لَقَدْ بَلَغَ هَذَا الْكَلْبَ مِنَ الْعَطَشِ مِثْلُ الَّذِي كَانَ بَلَغَ مِنِّي”، فَنَزَلَ الْبِئْرَ فَمَلَأَ خُفَّهُ مَاءً، ثُمَّ أَمْسَكَهُ بِفِيهِ حَتَّى رَقِيَ، فَسَقَى الْكَلْبَ، فَشَكَرَ اللَّهُ لَهُ فَغَفَرَ لَهُ». قَالُوا: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّ لَنَا فِي هَذِهِ الْبَهَائِمِ لَأَجْرًا؟» فَقَالَ: «فِي كُلِّ كَبِدٍ رَطْبَةٍ أَجْرٌ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Бір адам жолда келе жатып қатты шөлдеді. Ол бір құдыққа кезігіп, ішіне түсіп су ішті. Құдықтан шыққан кезде, шөлден тілі салақтап, дымқыл топырақты жалап тұрған бір итті көрді. Сонда әлгі адам: “Бұл ит те мен секілді қатты шөлдеген екен”, – деді. Ол қайтадан құдыққа түсіп, мәсісін суға толтырды да, оны тістеп ұстап, жоғары көтерілді. Содан кейін итті суарды. Алла оның бұл ісіне разы болып, күнәсін кешірді». Адамдар: «Уа, Расулалла! Осы жануарларға жасаған жақсылығымыз үшін де бізге сауап беріле ме?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Бауыры дымқыл әрбір тіршілік иесіне жасалған жақсылық үшін сауап бар», – деді (2244/153).