Хадис
كِتَابُ صِفَةِ الْقِيَامَةِ

Қияметтің сипаты кітабы

Сахих Мүслим, 62-кітап · 10 хадис · № 1946–1955

Мазмұны: 9 бап
  1. 1Қиямет күні Алланың жерді уысына алуы және «ал жеті қат аспан Оның шексіз құдіретімен шиыршықталып бүктелген күйде иелігінде болады.» деген аят туралы
  2. 2Қиямет күніндегі жердің сипаты туралы
  3. 3Әрбір пенде қандай күйде дүние салса, сол күйінде қайта тіріледі
  4. 4Адамдардың жасаған амалдарына қарай қайта тірілуі туралы
  5. 5Адамдардың жалаңаяқ, жалаңаш әрі сүндеттелмеген күйде жиналуы туралы
  6. 6Адамдардың бірнеше топқа бөлініп жиналуы туралы
  7. 7Қиямет күні кәпірдің бетімен жүргізіліп, жиналуы туралы
  8. 8Қиямет күні Күннің жаратылыстарға жақындауы туралы
  9. 9Қиямет күні тердің мол ағуы туралы
بَابٌ: يَقْبِضُ اللَّهُ الْأَرْضَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ﴿وَالسَّمَاوَاتُ مَطْوِيَّاتٌ بِيَمِينِهِ﴾

1-бапҚиямет күні Алланың жерді уысына алуы және «ал жеті қат аспан Оның шексіз құдіретімен шиыршықталып бүктелген күйде иелігінде болады.» деген аят туралы

1946
Мүслим, № 1946Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَطْوِي اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ السَّمَاوَاتِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، ثُمَّ يَأْخُذُهُنَّ بِيَدِهِ الْيُمْنَى، ثُمَّ يَقُولُ: “أَنَا الْمَلِكُ، أَيْنَ الْجَبَّارُونَ؟ أَيْنَ الْمُتَكَبِّرُونَ؟” ثُمَّ يَطْوِي الْأَرْضَ بِشِمَالِهِ، ثُمَّ يَقُولُ: “أَنَا الْمَلِكُ، أَيْنَ الْجَبَّارُونَ؟ أَيْنَ الْمُتَكَبِّرُونَ؟”»

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (Алла екеуіне де разы болсын) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін хабарлады: «Ұлы әрі аса мәртебелі Алла Қиямет күні аспандарды бүктеп, оларды оң қолына алады. Содан кейін: “Патша – Менмін! Қайда озбырлар? Қайда тәкаппарлар?” – дейді. Одан соң жерді сол қолымен бүктеп: “Патша – Менмін! Қайда озбырлар? Қайда тәкаппарлар?” – дейді» (2788/24).

بَابٌ: فِي صِفَةِ الْأَرْضِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

2-бапҚиямет күніндегі жердің сипаты туралы

1947
Мүслим, № 1947Риуаят етуші: Сәһл ибн Сағд (р.а.)

عَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يُحْشَرُ النَّاسُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ عَلَى أَرْضٍ بَيْضَاءَ عَفْرَاءَ، كَقُرْصَةِ النَّقِيِّ، لَيْسَ فِيهَا عَلَمٌ لِأَحَدٍ».

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд Алла Елшісінің (с.а.с.): «Қиямет күні адамдар ақшыл, қызғылт реңді, еленген таза ұннан жасалған күлшедей тегіс жерде жиналады. Онда ешкім танып-білер ешбір белгі болмайды», – дегенін жеткізді (2790/28).

بَابٌ: يُبْعَثُ كُلُّ عَبْدٍ عَلَى مَا مَاتَ عَلَيْهِ

3-бапӘрбір пенде қандай күйде дүние салса, сол күйінде қайта тіріледі

1948
Мүслим, № 1948Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرٍ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «يُبْعَثُ كُلُّ عَبْدٍ عَلَى مَا مَاتَ عَلَيْهِ».

Қазақша аудармасы

Жәбир: «Алла Елшісінің (с.а.с.): “Әрбір пенде қандай күйде қайтыс болса, сол күйінде қайта тіріледі”, – дегенін естідім», – деді (2878/83).

بَابٌ: الْبَعْثُ عَلَى الْأَعْمَالِ

4-бапАдамдардың жасаған амалдарына қарай қайта тірілуі туралы

1949
Мүслим, № 1949Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ، قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «إِذَا أَرَادَ اللَّهُ بِقَوْمٍ عَذَابًا، أَصَابَ الْعَذَابُ مَنْ كَانَ فِيهِمْ، ثُمَّ يُبْعَثُونَ عَلَى أَعْمَالِهِمْ».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Омар: «Алла Елшісінің (с.а.с.): “Алла бір қауымды азаптауды қаласа, сол қауымның арасында болғандардың бәріне азап тиеді. Содан кейін олар жасаған амалдарына қарай қайта тіріледі”, – дегенін естідім», – деді (2879/84).

بَابٌ: يُحْشَرُ النَّاسُ حُفَاةً عُرَاةً غُرْلًا

5-бапАдамдардың жалаңаяқ, жалаңаш әрі сүндеттелмеген күйде жиналуы туралы

1950
Мүслим, № 1950Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، قَالَتْ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «يُحْشَرُ النَّاسُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حُفَاةً عُرَاةً غُرْلًا». قُلْتُ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، النِّسَاءُ وَالرِّجَالُ جَمِيعًا يَنْظُرُ بَعْضُهُمْ إِلَى بَعْضٍ؟» قَالَتْ: قَالَ: «يَا عَائِشَةُ، الْأَمْرُ أَشَدُّ مِنْ أَنْ يَنْظُرَ بَعْضُهُمْ إِلَى بَعْضٍ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деді: «Алла Елшісінің (с.а.с.): “Қиямет күні адамдар жалаңаяқ, жалаңаш әрі сүндеттелмеген күйде жиналады”, – дегенін естідім. Мен: “Уа, Алланың Елшісі! Әйелдер мен ерлер бірге жиналып, бір-біріне қарай ма?” – деп сұрадым. Ол (с.а.с.): “Уа, Айша! Ол күнгі жағдайдың ауырлығы сондай – адамдардың бір-біріне қарауға мұршасы болмайды”, – деді» (2859/56).

بَابٌ: يُحْشَرُ النَّاسُ عَلَى طَرَائِقَ

6-бапАдамдардың бірнеше топқа бөлініп жиналуы туралы

1951
Мүслим, № 1951Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «يُحْشَرُ النَّاسُ عَلَى ثَلَاثِ طَرَائِقَ، رَاغِبِينَ رَاهِبِينَ؛ وَاثْنَانِ عَلَى بَعِيرٍ، وَثَلَاثَةٌ عَلَى بَعِيرٍ، وَأَرْبَعَةٌ عَلَى بَعِيرٍ، وَعَشَرَةٌ عَلَى بَعِيرٍ، وَتَحْشُرُ بَقِيَّتَهُمُ النَّارُ تَبِيتُ مَعَهُمْ حَيْثُ بَاتُوا، وَتَقِيلُ مَعَهُمْ حَيْثُ قَالُوا، وَتُصْبِحُ مَعَهُمْ حَيْثُ أَصْبَحُوا، وَتُمْسِي مَعَهُمْ حَيْثُ أَمْسَوْا».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Адамдар үш топ болып жиналады: бір тобы үміттеніп әрі қорыққан күйде келеді; енді бір тобы бір түйеге екеуден, үшеуден, төртеуден және он адамнан мінеді. Ал қалғандарын от айдап жинайды: олар түнеген жерде от та олармен бірге түнейді; түскі тынығуға тоқтаған жерінде олармен бірге тоқтайды; олар таңды қай жерде атырса, от та сол жерде болады; олар кешті қай жерде қарсы алса, от та сол жерде болады» (2861/59).

بَابٌ: حَشْرُ الْكَافِرِ عَلَى وَجْهِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

7-бапҚиямет күні кәпірдің бетімен жүргізіліп, жиналуы туралы

1952
Мүслим, № 1952Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ أَنَّ رَجُلًا قَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، كَيْفَ يُحْشَرُ الْكَافِرُ عَلَى وَجْهِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ؟» قَالَ: «أَلَيْسَ الَّذِي أَمْشَاهُ عَلَى رِجْلَيْهِ فِي الدُّنْيَا قَادِرًا عَلَى أَنْ يُمْشِيَهُ عَلَى وَجْهِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ؟» قَالَ قَتَادَةُ: «بَلَى، وَعِزَّةِ رَبِّنَا».

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик былай деді: «Бір адам: “Уа, Алланың Елшісі! Қиямет күні кәпір қалайша бетімен жүрген күйінде жиналады?” – деп сұрады. Ол (с.а.с.): “Оны дүниеде екі аяғымен жүргізген Алла Қиямет күні бетімен жүргізуге құдіретті емес пе?” – деді». Қатада: «Әлбетте! Раббымыздың ұлылығына ант етемін!» – деді (2806/54).

بَابٌ: دُنُوُّ الشَّمْسِ مِنَ الْخَلْقِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

8-бапҚиямет күні Күннің жаратылыстарға жақындауы туралы

1953
Мүслим, № 1953

عَنْ سُلَيْمِ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: حَدَّثَنِي الْمِقْدَادُ بْنُ الْأَسْوَدِ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «تُدْنَى الشَّمْسُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنَ الْخَلْقِ، حَتَّى تَكُونَ مِنْهُمْ كَمِقْدَارِ مِيلٍ». (قَالَ سُلَيْمُ بْنُ عَامِرٍ: «فَوَاللَّهِ، مَا أَدْرِي مَا يَعْنِي بِالْمِيلِ: أَمَسَافَةَ الْأَرْضِ أَمِ الْمِيلَ الَّذِي تُكْحَلُ بِهِ الْعَيْنُ؟») قَالَ: «فَيَكُونُ النَّاسُ عَلَى قَدْرِ أَعْمَالِهِمْ فِي الْعَرَقِ، فَمِنْهُمْ مَنْ يَكُونُ إِلَى كَعْبَيْهِ، وَمِنْهُمْ مَنْ يَكُونُ إِلَى رُكْبَتَيْهِ، وَمِنْهُمْ مَنْ يَكُونُ إِلَى حَقْوَيْهِ، وَمِنْهُمْ مَنْ يُلْجِمُهُ الْعَرَقُ إِلْجَامًا». قَالَ: وَأَشَارَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِيَدِهِ إِلَى فِيهِ.

Қазақша аудармасы

Сүләйм ибн Амир (р.а.) былай деді: «Миқдад ибн әл-Асуад маған: “Алла Елшісінің (с.а.с.): ‘Қиямет күні Күн жаратылыстарға жақындатылып, олардан бір миль шамасындай қашықтықта болады’, – дегенін естідім”, – деп баяндады». Сүләйм ибн Амир: «Аллаға ант етемін, “миль” дегенде арақашықтық өлшемін айтты ма, әлде көзге сүрме жағатын таяқшаны меңзеді ме – білмеймін», – деді. Алла Елшісі (с.а.с.) сөзін жалғастырып: «Адамдар істеген амалдарына қарай терге батады: кейбірінің тері тобығына дейін, кейбірінікі тізесіне дейін, енді бірінікі беліне дейін жетеді, ал кейбірін тер аузына дейін тұмшалайды», – деді. Миқдад: «Осыны айтқанда Алла Елшісі (с.а.с.) қолымен аузын көрсетті», – деді (2864/62).

بَابٌ: فِي كَثْرَةِ الْعَرَقِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

9-бапҚиямет күні тердің мол ағуы туралы

1954
Мүслим, № 1954Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِنَّ الْعَرَقَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَيَذْهَبُ فِي الْأَرْضِ سَبْعِينَ بَاعًا، وَإِنَّهُ لَيَبْلُغُ إِلَى أَفْوَاهِ النَّاسِ أَوْ إِلَى آذَانِهِمْ»؛ يَشُكُّ ثَوْرٌ أَيَّهُمَا قَالَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Қиямет күні адамдардың тері жерге жетпіс құлашқа дейін сіңіп, олардың ауыздарына немесе құлақтарына дейін жетеді». Риуаятшы Сәур «ауыздарына» және «құлақтарына» деген екі сөздің қайсысы айтылғанына күмәнданған (2863/61).

1955
Мүслим, № 1955Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «يَقُولُ اللَّهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى لِأَهْوَنِ أَهْلِ النَّارِ عَذَابًا: “لَوْ كَانَتْ لَكَ الدُّنْيَا وَمَا فِيهَا، أَكُنْتَ مُفْتَدِيًا بِهَا؟” فَيَقُولُ: “نَعَمْ”. فَيَقُولُ: “قَدْ أَرَدْتُ مِنْكَ أَهْوَنَ مِنْ هَذَا وَأَنْتَ فِي صُلْبِ آدَمَ: أَنْ لَا تُشْرِكَ”» (أَحْسِبُهُ قَالَ: «وَلَا أُدْخِلَكَ النَّارَ»)، «“فَأَبَيْتَ إِلَّا الشِّرْكَ”».

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Игілігі мол әрі аса Жоғары Алла Тозақ тұрғындарының ішіндегі азабы ең жеңіл адамға: “Егер бүкіл дүние мен ондағының бәрі сенікі болса, өзіңді құтқару үшін соның бәрін өтемге берер ме едің?” – дейді. Ол: “Иә”, – дейді. Сонда Алла: “Сен Адамның белінде болған кезіңде-ақ Мен сенен бұдан да жеңіл нәрсені – Маған серік қоспауыңды талап еткен едім. Алайда сен серік қосудан басқаға көнбедің”, – дейді». Риуаятшы: «Меніңше, ол “Маған серік қоспауыңды” дегеннен кейін “Әрі сені Тозаққа кіргізбейтін едім” деген сөзді де айтты», – деп қосты (2805/51).