Хадис
كِتَابُ صِفَةِ النَّارِ

Тозақтың сипаты кітабы

Сахих Мүслим, 64-кітап · 12 хадис · № 1975–1986

Мазмұны: 10 бап
  1. 1Тозақтың тізгіндері туралы
  2. 2Жәһаннамның қатты ыстығы туралы
  3. 3Жәһаннам түбінің қаншалықты тереңде жатқаны туралы
  4. 4Тозақ тұрғындарының арасында азабы ең жеңіл болатын адам туралы
  5. 5Тозақ отының азапталушылар денесінің қай тұсына дейін жететіні туралы
  6. 6Тозаққа озбырлар, ал Жәннатқа әлсіздер кіреді
  7. 7Малды пұттарға бағыштап, еркіне жіберген адамның Тозақтағы азабы туралы
  8. 8Тозақтағы кәпірдің азу тісінің орасан зор болуы туралы
  9. 9Адамдарды азаптайтындардың азабы туралы
  10. 10Дүниеде рақатқа ең көп бөленген адамды Тозаққа, ал ең ауыр бейнет тартқан адамды Жәннатқа бір рет батырып алу туралы
بَابٌ: فِي ذِكْرِ أَزِمَّةِ النَّارِ

1-бапТозақтың тізгіндері туралы

1975
Мүслим, № 1975Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يُؤْتَى بِجَهَنَّمَ لَهَا سَبْعُونَ أَلْفَ زِمَامٍ، مَعَ كُلِّ زِمَامٍ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ يَجُرُّونَهَا».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Масғуд (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Жәһаннам жетпіс мың тізгіні бар күйінде әкелінеді. Оның әрбір тізгінінен жетпіс мың періште тартып келеді» (2842/29).

بَابٌ: فِي شِدَّةِ حَرِّ جَهَنَّمَ

2-бапЖәһаннамның қатты ыстығы туралы

1976
Мүслим, № 1976Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «نَارُكُمْ هَذِهِ الَّتِي يُوقِدُ ابْنُ آدَمَ جُزْءٌ مِنْ سَبْعِينَ جُزْءًا مِنْ حَرِّ جَهَنَّمَ». قَالُوا: «وَاللَّهِ، إِنْ كَانَتْ لَكَافِيَةً، يَا رَسُولَ اللَّهِ!» قَالَ: «فَإِنَّهَا فُضِّلَتْ عَلَيْهَا بِتِسْعَةٍ وَسِتِّينَ جُزْءًا، كُلُّهَا مِثْلُ حَرِّهَا».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Адам баласы жағатын сендердің мына оттарың – Жәһаннам ыстығының жетпістен бір бөлігі ғана». Олар: «Аллаға ант етеміз, уа, Алланың Елшісі! Осы оттың өзі-ақ жеткілікті еді ғой», – деді. Ол (с.а.с.): «Жәһаннам оты бұдан алпыс тоғыз бөлік артық етілген. Сол бөліктердің әрқайсысының ыстығы осы оттың ыстығындай», – деді (2843/30).

بَابٌ: فِي بُعْدِ مَقَرِّ جَهَنَّمَ

3-бапЖәһаннам түбінің қаншалықты тереңде жатқаны туралы

1977
Мүслим, № 1977Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ إِذْ سَمِعَ وَجْبَةً، فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «تَدْرُونَ مَا هَذَا؟» قَالَ: قُلْنَا: «اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ». قَالَ: «هَذَا حَجَرٌ رُمِيَ بِهِ فِي النَّارِ مُنْذُ سَبْعِينَ خَرِيفًا، فَهُوَ يَهْوِي فِي النَّارِ الْآنَ حَتَّى انْتَهَى إِلَى قَعْرِهَا».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деді: «Біз Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге болғанымызда, кенет қатты дүрсіл естілді. Пайғамбар (с.а.с.): “Мұның не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның Елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол (с.а.с.): “Бұл – жетпіс жыл бұрын Жәһаннамға тасталған тас. Ол осы уақыт бойы оттың ішінде құлдилап түсіп, дәл қазір оның түбіне жетті”, – деді» (2844/31).

بَابٌ: فِي أَهْوَنِ أَهْلِ النَّارِ عَذَابًا

4-бапТозақ тұрғындарының арасында азабы ең жеңіл болатын адам туралы

1978
Мүслим, № 1978Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир (р.а.)

عَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ أَهْوَنَ أَهْلِ النَّارِ عَذَابًا مَنْ لَهُ نَعْلَانِ وَشِرَاكَانِ مِنْ نَارٍ، يَغْلِي مِنْهُمَا دِمَاغُهُ كَمَا يَغْلِي الْمِرْجَلُ، مَا يَرَى أَنَّ أَحَدًا أَشَدُّ مِنْهُ عَذَابًا وَإِنَّهُ لَأَهْوَنُهُمْ عَذَابًا».

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәширдің (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Расында, Тозақ тұрғындарының ішіндегі азабы ең жеңіл адамның оттан жасалған екі кебісі мен екі бауы болады. Солардың ыстығынан оның миы қазан қайнағандай қайнайды. Ол өзінен де ауыр азап тартып жатқан біреу бар деп ойламайды. Алайда азабы ең жеңіл адам – сол адамның өзі» (213/364).

بَابٌ: مَا تَأْخُذُ النَّارُ مِنَ الْمُعَذَّبِينَ

5-бапТозақ отының азапталушылар денесінің қай тұсына дейін жететіні туралы

1979
Мүслим, № 1979Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб (р.а.)

عَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ نَبِيَّ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مِنْهُمْ مَنْ تَأْخُذُهُ النَّارُ إِلَى كَعْبَيْهِ، وَمِنْهُمْ مَنْ تَأْخُذُهُ النَّارُ إِلَى رُكْبَتَيْهِ، وَمِنْهُمْ مَنْ تَأْخُذُهُ النَّارُ إِلَى حُجْزَتِهِ، وَمِنْهُمْ مَنْ تَأْخُذُهُ النَّارُ إِلَى تَرْقُوَتِهِ».

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жүндубтың (р.а.) айтуынша, Пайғамбар (с.а.с.): «Олардың кейбірін от тобығына дейін, кейбірін тізесіне дейін, кейбірін беліне дейін, ал кейбірін бұғанасына дейін шарпиды», – деген (2845/33).

بَابٌ: النَّارُ يَدْخُلُهَا الْجَبَّارُونَ، وَالْجَنَّةُ يَدْخُلُهَا الضُّعَفَاءُ

6-бапТозаққа озбырлар, ал Жәннатқа әлсіздер кіреді

1980
Мүслим, № 1980Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «تَحَاجَّتِ الْجَنَّةُ وَالنَّارُ، فَقَالَتِ النَّارُ: “أُوثِرْتُ بِالْمُتَكَبِّرِينَ وَالْمُتَجَبِّرِينَ”. وَقَالَتِ الْجَنَّةُ: “فَمَا لِي لَا يَدْخُلُنِي إِلَّا ضُعَفَاءُ النَّاسِ وَسَقَطُهُمْ وَغِرَّتُهُمْ؟” فَقَالَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ لِلْجَنَّةِ: “إِنَّمَا أَنْتِ رَحْمَتِي، أَرْحَمُ بِكِ مَنْ أَشَاءُ مِنْ عِبَادِي”. وَقَالَ لِلنَّارِ: “إِنَّمَا أَنْتِ عَذَابِي، أُعَذِّبُ بِكِ مَنْ أَشَاءُ مِنْ عِبَادِي، وَلِكُلِّ وَاحِدَةٍ مِنْكُمَا مِلْؤُهَا”. فَأَمَّا النَّارُ فَلَا تَمْتَلِئُ حَتَّى يَضَعَ اللَّهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى رِجْلَهُ، تَقُولُ: “قَطْ قَطْ قَطْ”. فَهُنَالِكَ تَمْتَلِئُ وَيُزْوَى بَعْضُهَا إِلَى بَعْضٍ؛ فَلَا يَظْلِمُ اللَّهُ مِنْ خَلْقِهِ أَحَدًا، وَأَمَّا الْجَنَّةُ فَإِنَّ اللَّهَ يُنْشِئُ لَهَا خَلْقًا».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Жәннат пен Тозақ өзара таласты. Тозақ: “Маған тәкаппарлар мен озбырлар берілді”, – деді. Ал Жәннат: “Неліктен маған адамдардың әлсіздері, елеусіздері мен аңғалдары ғана кіреді?” – деді. Сонда Ұлы әрі аса мәртебелі Алла Жәннатқа: “Сен – Менің рақымымсың. Сен арқылы құлдарымның арасынан қалағаныма рақым етемін”, – деді. Ал Тозаққа: “Сен – Менің азабымсың. Сен арқылы құлдарымның арасынан қалағанымды азаптаймын. Екеуің де толасыңдар”, – деді. Ал Игілігі мол әрі аса Жоғары Алла аяғын қойғанға дейін Тозақ толмайды. Сонда ол: “Жетер, жетер, жетер!” – дейді. Сол кезде Тозақ толып, оның бір бөлігі екінші бөлігіне қарай жиырылады. Алла жаратқандарының ешқайсысына зұлымдық жасамайды. Алла Жәннат үшін жаңа жаратылыстар жаратады» (2846/36).

بَابٌ: عَذَابُ مَنْ سَيَّبَ السَّوَائِبَ فِي النَّارِ

7-бапМалды пұттарға бағыштап, еркіне жіберген адамның Тозақтағы азабы туралы

1981
Мүслим, № 1981

عَنِ ابْنِ شِهَابٍ قَالَ: سَمِعْتُ سَعِيدَ بْنَ الْمُسَيِّبِ يَقُولُ: «إِنَّ الْبَحِيرَةَ الَّتِي يُمْنَعُ دَرُّهَا لِلطَّوَاغِيتِ، فَلَا يَحْلُبُهَا أَحَدٌ مِنَ النَّاسِ، وَأَمَّا السَّائِبَةُ الَّتِي كَانُوا يُسَيِّبُونَهَا لِآلِهَتِهِمْ، فَلَا يُحْمَلُ عَلَيْهَا شَيْءٌ». وَقَالَ ابْنُ الْمُسَيِّبِ: قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «رَأَيْتُ عَمْرَو بْنَ عَامِرٍ الْخُزَاعِيَّ يَجُرُّ قُصْبَهُ فِي النَّارِ، وَكَانَ أَوَّلَ مَنْ سَيَّبَ السَّوَائِبَ».

Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб: «Мен Сағид ибн Мусайябтың: “Бахира – сүті пұттарға арналып, саууға тыйым салынған мал. Оны адамдардың ешқайсысы саумайтын. Ал сәиба – жалған құдайларына арнап еркіне жіберілетін мал. Оған ештеңе артылмайтын”, – дегенін естідім», – деді. Ибн Мусайяб тағы: «Әбу Һурайра Алла Елшісінің (с.а.с.): “Амр ибн Амир әл-Хузағидің Тозақта ішектерін сүйретіп жүргенін көрдім. Сәиба малдарын алғаш рет еркіне жіберген де сол еді”, – дегенін жеткізді», – деді (2856/51).

بَابٌ: عِظَمُ ضِرْسِ الْكَافِرِ فِي النَّارِ

8-бапТозақтағы кәпірдің азу тісінің орасан зор болуы туралы

1982
Мүслим, № 1982Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «ضِرْسُ الْكَافِرِ» (أَوْ: «نَابُ الْكَافِرِ»)، «مِثْلُ أُحُدٍ، وَغِلَظُ جِلْدِهِ مَسِيرَةُ ثَلَاثَةٍ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Кәпірдің азу тісі – немесе сүйір тісі – Ұхұд тауындай, ал терісінің қалыңдығы үш күндік жолдай болады» (2851/44).

1983
Мүслим, № 1983Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ يَرْفَعُهُ قَالَ: «مَا بَيْنَ مَنْكِبَيِ الْكَافِرِ فِي النَّارِ مَسِيرَةُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ لِلرَّاكِبِ الْمُسْرِعِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра бұл хадисті Пайғамбардан (с.а.с.) жеткізіп: «Тозақтағы кәпірдің екі иығының арасы шапшаң жүретін салт аттының үш күндік жолындай», – деді (2852/45).

بَابٌ: عَذَابُ الَّذِينَ يُعَذِّبُونَ النَّاسَ

9-бапАдамдарды азаптайтындардың азабы туралы

1984
Мүслим, № 1984Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «صِنْفَانِ مِنْ أَهْلِ النَّارِ لَمْ أَرَهُمَا: قَوْمٌ مَعَهُمْ سِيَاطٌ كَأَذْنَابِ الْبَقَرِ يَضْرِبُونَ بِهَا النَّاسَ، وَنِسَاءٌ كَاسِيَاتٌ عَارِيَاتٌ مُمِيلَاتٌ مَائِلَاتٌ، رُءُوسُهُنَّ كَأَسْنِمَةِ الْبُخْتِ الْمَائِلَةِ، لَا يَدْخُلْنَ الْجَنَّةَ، وَلَا يَجِدْنَ رِيحَهَا، وَإِنَّ رِيحَهَا لَيُوجَدُ مِنْ مَسِيرَةِ كَذَا وَكَذَا».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Тозақ иелерінің мен әлі көрмеген екі тобы бар: бірі – қолдарында сиырдың құйрығындай қамшылары бар, солармен адамдарды ұратын қауым; екіншісі – киінгенімен жалаңаш, өзгелерді де азғыратын әрі өздері де тура жолдан тайған әйелдер. Олардың бастары қисайған қос өркешті түйелердің өркештеріндей болады. Олар Жәннатқа кірмейді әрі оның хош иісін де сезбейді. Расында, Жәннаттың хош иісі пәлен-пәлен қашықтықтан сезіледі» (2128/125).

1985
Мүслим, № 1985Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «إِنْ طَالَتْ بِكَ مُدَّةٌ، أَوْشَكْتَ أَنْ تَرَى قَوْمًا يَغْدُونَ فِي سَخَطِ اللَّهِ، وَيَرُوحُونَ فِي لَعْنَتِهِ، فِي أَيْدِيهِمْ مِثْلُ أَذْنَابِ الْبَقَرِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра: «Алла Елшісінің (с.а.с.): “Егер ғұмырың ұзаққа созылса, таңертең Алланың қаһарына, кешке Оның лағынетіне ұшырайтын, қолдарында сиырдың құйрығындай нәрселері бар ондай адамдарды көп ұзамай көрерсің”, – дегенін естідім», – деді (2857/54).

بَابٌ: صَبْغُ أَنْعَمِ أَهْلِ الدُّنْيَا فِي النَّارِ وَصَبْغُ أَشَدِّهِمْ بُؤْسًا فِي الْجَنَّةِ

10-бапДүниеде рақатқа ең көп бөленген адамды Тозаққа, ал ең ауыр бейнет тартқан адамды Жәннатқа бір рет батырып алу туралы

1986
Мүслим, № 1986Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يُؤْتَى بِأَنْعَمِ أَهْلِ الدُّنْيَا مِنْ أَهْلِ النَّارِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، فَيُصْبَغُ فِي النَّارِ صَبْغَةً، ثُمَّ قَالَ: “يَا ابْنَ آدَمَ، هَلْ رَأَيْتَ خَيْرًا قَطُّ؟ هَلْ مَرَّ بِكَ نَعِيمٌ قَطُّ؟” فَيَقُولُ: “لَا، وَاللَّهِ، يَا رَبِّ”. وَيُؤْتَى بِأَشَدِّ النَّاسِ بُؤْسًا فِي الدُّنْيَا مِنْ أَهْلِ الْجَنَّةِ، فَيُصْبَغُ صَبْغَةً فِي الْجَنَّةِ، فَيُقَالُ لَهُ: “يَا ابْنَ آدَمَ، هَلْ رَأَيْتَ بُؤْسًا قَطُّ؟ هَلْ مَرَّ بِكَ شِدَّةٌ قَطُّ؟” فَيَقُولُ: “لَا، وَاللَّهِ، يَا رَبِّ، مَا مَرَّ بِي بُؤْسٌ قَطُّ، وَلَا رَأَيْتُ شِدَّةً قَطُّ”».

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик былай деді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Қиямет күні дүниеде ең рақат өмір сүрген тозақтық әкелініп, Тозаққа бір рет батырылып алынады. Содан кейін одан: ‘Уа, Адам баласы! Сен бұрын-соңды қандай да бір жақсылық көрдің бе? Басыңнан бір сәт болса да рақат өмір өтті ме?’ – деп сұрайды. Ол: ‘Жоқ, Аллаға ант етемін, уа, Раббым!’ – дейді. Содан кейін дүниеде адамдардың ішінде ең көп қасірет шеккен Жәннаттық әкелініп, Жәннатқа бір рет батырылып алынады. Одан: ‘Уа, Адам баласы! Сен бұрын-соңды қандай да бір қасірет көрдің бе? Басыңнан қандай да бір ауыртпалық өтті ме?’ – деп сұралады. Ол: ‘Жоқ, Аллаға ант етемін, уа, Раббым! Менің басымнан ешқашан қасірет өткен емес әрі ешқандай ауыртпалық көрген емеспін’, – дейді”, – деді» (2807/55).