Хадис

Намаз уақыттары

Муатта, 1-кітап · 30 хадис · № 1–30

Мазмұны: 8 бап
  1. 1Намаз уақыттары
  2. 2Жұма намазының уақыты
  3. 3Парыз намаздың бір рәкағатына үлгеру
  4. 4«Күннің аууы және түннің қараңғылығы» деген аят тіркестерінің тәпсірі[^21]
  5. 5Намазды кешіктіргендер және өткізіп алғандар
  6. 6Ұйықтап қалып, намазды өткізіп алудың үкімі
  7. 7Қатты ыстықта намазды кешіктіру
  8. 8Сарымсақ иісімен мешітке кіруге және намазда ауызды бүркеп тұруға рұқсат етілмейтіні

1-бапНамаз уақыттары

1
Муатта, 1-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб әз-Зуһриден мынадай оқиға риуаят етіледі. Бір күні Омар ибн Абдулазиз екінті намазын кешіктіріп оқыды. Сол кезде оның құзырына кірген Уруә ибн Зүбәйр оған ескерту ретінде мына хадисті жеткізді: «Бір күні Куфада Мұғира ибн Шұғба1 екінті намазын кешіктірген еді. Оның жанына кірген Әбу Мәсғуд әл-Ансари: “Мұғира, мұны не үшін істедің? Есіңде жоқ па, бір күні Жәбірейіл келіп, бесін намазын оқыған еді. Одан кейін Алла елшісі де оқыды. Артынша Жәбірейіл екінті намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Кейін ақшам намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Содан соң құптан намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Кейін таң намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Содан кейін Жәбірейіл: ‘Саған осылар бұйырылды’, – деген еді”, – деді2».

Осыдан кейін Омар ибн Абдулазиз: «Уруә, айтып тұрған сөзіңді жақсылап ойлан. Алла елшісіне намаз уақыттарын білдірген Жәбірейіл ме еді?» – деп сұрады. Уруә: «Бәшир ибн Әбу Мәсғуд әкесінен осылай риуаят еткен», – деп жауап берді3.

  1. 1Ол кезде Мұғира ибн Шұғбаны әзірет Омар Куфаға уәли етіп тағайындаған еді.
  2. 2Яғни саған күн сайын осы бес уақытта намаз оқу бұйырылды. Басқа бір риуаятта Жәбірейіл: «Саған мұны жеткізу бұйырылды», – деген.
  3. 3Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/1; Муслим, «Мәсәжид», 5/166, 167.
2
Муатта, 1-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Уруә былай дейді: «Айша (р.а.) маған: “Алла елшісі (с.а.с.) екінті намазын күн сәулесі бөлмемнің қабырғасына әлі көтерілмей тұрған кезде оқитын1”, – деді2».

  1. 1Күн шыққанда оның сәулесі әуелі бөлменің еденіне түседі. Күн батыс көкжиекке қарай еңкейген сайын сәуле бөлменің қабырғасына көтеріледі. Айша анамыз бұл сөзінде Алла елшісінің (с.а.с.) екінті намазын уақытының басында оқығанын айтып отыр.
  2. 2Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/1; Муслим, «Мәсәжид», 5/167; Шәйбани, 3.
3
Муатта, 1-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар былай деп әңгімелейді: «Бір адам Алла елшісінің құзырына келіп, таң намазының уақытын сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) оған жауап бермеді. Ертеңіне таң намазын шапақ атқанда, ал келесі күні айнала ағарып, жарық түсе бастағанда оқыды1. Содан кейін: “Таң намазының уақытын сұраған кісі қайда?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Менмін, уа, Расулалла”, – дегенде, ол: “Таң намазының уақыты – осы екі мезгілдің арасы”, – деді2».

  1. 1Яғни таң намазының уақыты шапақ атқаннан кейін басталады да, оны күн шығуға таяғанға дейін оқуға болады деген сөз.
  2. 2Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Әнәстен жеткен нұсқасы мәусул түрде риуаят етілген. Нәсәи, «Әзан», 7/12.
4
Муатта, 1-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) таң намазын оқығаннан кейін, әйелдер жамылғыларына оранып, үйлеріне қайтатын. Ол кезде қараңғылықтан оларды ешкім тани алмайтын1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/37; Муслим, «Мәсәжид», 5/232. Айша анамыз таң намазының ерте оқылғанын айтып отыр. Алла елшісі (с.а.с.) таң намазын көбіне ерте, кейде кешірек оқитын. Имам Шафиғи (Алла оны рақымына алсын) оны ерте оқуды абзал санайды. Ал имам Әбу Ханифа жамағаттың көбеюі үшін айнала сәл ағарғанда оқуды ұсынады. Бұл хадистен Пайғамбар дәуірінде әйелдердің мешітке тұрақты барып тұрғаны аңғарылады.
5
Муатта, 1-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің былай дегенін риуаят етті: «Кімде-кім күн шықпай тұрып таң намазының бір рәкағатына үлгерсе, таң намазын өз уақытында оқыған болады. Сондай-ақ кімде-кім күн батпай тұрып екінті намазының бір рәкағатына үлгерсе, екінті намазын өз уақытында оқыған болады1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/28; Муслим, «Мәсәжид», 5/232. Әбус-Сағадат Ибн әл-Әсир былай дейді: «Намазға үлгеруге қатысты бұл үкім осы екі намазға ғана емес, барлық намазға қатысты. Соған қарамастан, осы екі уақыттың арнайы аталуының себебі мынада: бірі – күндізгі уақыттың басы, екіншісі – соңы. Намаз оқушы намазының бір бөлігін оқығаннан кейін күн шықса немесе батса, уақыт шығып, намазым бұзылды деп ойлауы мүмкін. Оның үстіне, күн шығып және батып жатқанда намаз оқуға тыйым салынған. Егер Пайғамбар (с.а.с.) екінті мен таң намазының бір рәкағатына үлгерген адамның намазы дұрыс болатынын айтпағанда, намаз оқушы осы екі уақыттың аяқталуымен намазым бұзылды деп ойлар еді. Алла елшісі мұндай жаңсақ түсінікке жол бермеу үшін осы екі уақытты арнайы атап түсіндірген». Бұл хадистен екі қорытынды шығады: 1. Уақыттың соңында бір рәкағаты ғана оқылған намаз тұтастай қаза емес, әдә, яғни өз уақытында оқылған намаз болып саналады. Нәуәуи ғұламалардың намазды әдейі осыншалықты тар уақытқа дейін кешіктіруге рұқсат бермегенін айтады. 2. Үзірлі адамның үзірі намаз уақыты аяқталарда бір рәкағат оқуға жететіндей уақыт қалғанда жойылса, сол уақыттың намазы оған міндет болады. Кейін оны қаза етіп өтеуі керек. Егер үзірі жалғасқанда, бұл намаз оған міндет болмас еді. Бұл мәселедегі ғұламалардың пікірлерін былай түйіндеуге болады: а) Ғұламалардың басым бөлігі бірінші тармақта айтылған пікірді ұстанады. ә) Бірқатар ғұламалар барлық рәкағат қаза болып саналады дейді. б) Кейбір ғұламалар уақыт ішінде оқылған бір рәкағатты әдә, ал қалған рәкағатты немесе рәкағаттарды қаза деп есептейді. в) Әбу Ханифаның пікірінше, екінші тармақта айтылғандай, бұл хадис үзірлі адамдардың жағдайын түсіндіреді. Мұнда сөз болып отырған үзірлер – ақыл-естен айырылу, талып қалу, хайыз, нифас және сол сияқтылар. Осындай үзірі бар адам одан намаз уақыты аяқталарда бір рәкағат оқуға жететіндей уақыт қалғанда арылса, сол уақыттың намазын қаза етіп өтеуі керек. Сондай-ақ Әбу Ханифа таң намазының бір рәкағаты уақыт ішінде, ал екінші рәкағаты күн шығып жатқанда оқылса, намаз бұзылады деп есептейді. Фиқһ әдіснамасындағы мына қағида да Әбу Ханифаның пікірін қуаттайды: толыққанды уақытта оқылуы парыз болған намазды мәкруһ уақытта оқуға болмайды. Бұдан бөлек, үзір намаз уақыты шықпай тұрып жойылса, сол уақыттың намазы міндет болады. Жоғарыда бір рәкағат деп көрсетілуі көпшіліктің пікіріне негізделген. Қараңыз: «әл-Мәнһәл».
6
Муатта, 1-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың азат еткен құлы Нәфиғ былай дейді: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) уәлилеріне: “Мен үшін сендердің ең маңызды міндеттерің – намаз. Кім оны үзбей, өз уақытында оқыса, дінін сақтаған болады. Ал кім намазына салғырт қараса, басқа міндеттеріне одан бетер салғырт қарайды”, – деп жазды».

Содан кейін тағы былай деп жазды: «Бесін намазын бір нәрсенің көлеңкесі фәй-и зәуәлді1 есептемегенде бір шынтаққа жеткен кезден бастап, көлеңкелерің өз бойларыңмен бірдей болғанға дейін оқыңдар. Екінті намазын күн әлі биікте, жарығы ақ болып тұрған кезде оқыңдар. Намаздан кейін күн батқанға дейін атты адам екі не үш фарсах2 жүріп үлгеретіндей уақыт қалсын. Ақшам намазын күн батқанда оқыңдар. Құптан намазын қызыл шапақ, яғни ақшам шапағы3 жоғалған кезден бастап, түннің үштен біріне дейін оқыңдар4. Құптанды оқымай жатып қалғандардың көзіне ұйқы кірмесін. Құптанды оқымай жатып қалғандардың көзіне ұйқы кірмесін. Құптанды оқымай жатып қалғандардың көзіне ұйқы кірмесін. Таң намазын жұлдыздар әлі батпай, жарқырап тұрған кезде оқыңдар».

  1. 1Фәй-и зәуәл – күн тас төбеде тұрған кезде әлдебір денеден түсетін ең қысқа көлеңке. Бір шынтақ шамамен 60 сантиметрге тең.
  2. 2Бір фарсах – үш миль. Бір миль шамамен 1609 метрге тең.
  3. 3Шапақ, яғни ақшам шапағы немесе ғұруб – күн батқаннан кейін көкжиекте көрінетін қызыл реңк.
  4. 4Құптан намазын таң ағарғанға, яғни шынайы таң атқанға дейін оқуға болады. Алайда оны ұйқыға жатпай тұрып оқу – сүннет әрі абзал. Сондықтан әзірет Омар құптанды оқымай жатып қалғандарды сөгіп, оларға осылай теріс бата береді.
7
Муатта, 1-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Әбу Сүһәйл риуаят етеді: «Әзірет Омар (р.а.) Әбу Мұса әл-Әшғариге: “Бесін намазын күн тас төбеден ауған кезде, яғни зәуәл уақытынан кейін; екінтіні күн әлі жарқырап, сарғаймай тұрған шақта; ақшамды күн батқанда оқы. Құптанды ұйқыға жататын уақытқа дейін кешіктір. Таң намазын жұлдыздар әлі азаймай, жарқырап тұрған кезде оқы және онда Муфассал сүрелерінен екі сүре оқы1”, – деп жазды».

  1. 1Муфассал сүрелері – «Хужурат» сүресінен «Абәсә» сүресіне дейінгі сүрелер. «Бақарадан» «Тәубеге» дейінгілер «Тыуал», яғни ұзын сүрелер деп аталады. Ал «Тәкуирден» «Насқа» дейінгілер «Қисар», яғни қысқа сүрелер деп аталады.
8
Муатта, 1-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Уруә былай риуаят етеді: «Омар ибн әл-Хаттаб Әбу Мұса әл-Әшғариге: “Екінті намазын күн әлі аппақ болып жарқырап тұрған кезде, яғни атты адам ақшамға дейін үш фарсах жүріп үлгеретіндей уақыт барда оқы. Құптанды түннің үштен біріне дейін, тіпті түн ортасына дейін кешіктіруіңе болады. Алайда әсте ғапылдардан болып қалма”, – деп жазды».

9
Муатта, 1-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Рафиғ Әбу Һурайрадан намаз уақыттарын сұрады. Сонда ол: «Айтып берейін: бесін намазын көлеңкең бойыңмен бірдей болғанда, екінтіні көлеңкең бойыңнан екі есе ұзарғанда, ақшамды күн батқанда, құптанды ақшам мен түннің үштен бірі аралығында, ал таң намазын қараңғылық әлі сейілмеген кезде оқы», – деді1.

  1. 1Әбу Ханифаның пікірінше, екінті намазының уақыты көлеңке адамның бойынан екі есе ұзарғанда басталады. Шәйбани, 1.
10
Муатта, 1-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Біз екінті намазын оқитынбыз. Жамағаттың кейбірі Амр ибн Ауф ұлдарының мекеніне барғанда, олардың екінті намазын енді ғана оқып жатқанын көретін1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/13; Муслим, 5/194. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 4. Амр ибн Ауф ұлдарының мекені Пайғамбар мешітінен екі мильдей, яғни төрт шақырымдай жерде еді. Имам Нәуәуи былай дейді: «Сахабалардан болған Амр ибн Ауф ұлдары егіндіктерінде немесе бақтарында жұмыс істейтін. Жұмыстарын аяқтаған соң жиналып, екінті намазын оқитын. Сондықтан намаздары кешігетін». Ханафи мәзһабында екінті намазын күн әлі аппақ болып жарқырап тұрған кезде сәл кешіктіріп оқу абзал саналады.
11
Муатта, 1-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Екінті намазын оқығаннан кейін Құбаға барған адам ол жерге жеткенде, күн әлі де биікте тұратын1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/13; Муслим, «Мәсәжид», 5/193; Шәйбани, 3. Құба Мәдинадан үш миль қашықтықта орналасқан.
12
Муатта, 1-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Табиғиндерден Қасым ибн Мұхаммед былай дейді: «Мен сахабаларға жолықтым. Олар бесін намазын ауа сәл салқындаған кезде оқитын».

2-бапЖұма намазының уақыты

13
Муатта, 1-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Әбу Сүһәйл әкесі Мәликтен риуаят етеді: «Жұма күні Ақил ибн Әби Талибтің киізі мешіттің батыс қабырғасының түбіне төселетін. Қабырғаның көлеңкесі киізді толық жапқанда, әзірет Омар келіп, жұма намазын оқытатын». Әбу Сүһәйлдің әкесі Мәлик сөзін былай жалғастырады: «Жұма намазынан кейін барып, түскі ұйқыға жататынбыз1».

  1. 1Шәйбани, 223. Ардақты сахабалар түнде аз ұйықтайтын, ал бесіннің ыстығында, намазға дейін аздап тынығып алатын. Бұл ұйқы «қайлула» деп аталады. Жұма күндері ғұсыл және өзге де тазалық істерімен айналысатындықтан, түскі ұйқыға намаздан кейін жататын.
14
Муатта, 1-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әбу Сәлиттің ұлы риуаят етеді: «Осман ибн Аффан (р.а.) жұма намазын Мәдинада, ал екінті намазын “Мәләл” деген жерде оқыды1». Имам Мәлик былай дейді: «Бұл жұма намазының зәуәлден кейін, уақыты кірісімен дереу оқылғанын әрі Мәләлге шапшаң жеткенін білдіреді».

  1. 1Мәләл Мәдинадан 17 миль қашықтықта орналасқан. Бұл хадис әзірет Османның жұма намазын кешіктірмей, өз уақытында оқығанын әрі Мәләлге өте шапшаң жеткенін білдіреді. Өзге күндері ыстықтың қаттылығынан бесін намазын сәл кешірек оқитын. Ал жұма намазын қай мезгілде, қай елде болса да, уақыты кірісімен оқу абзал.

3-бапПарыз намаздың бір рәкағатына үлгеру

15
Муатта, 1-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жамағатпен оқылған намаздың бір рәкағатына үлгерген адам жамағатқа үлгерген болады”, – деп айтты1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/29; Муслим, «Мәсәжид», 5/161.
16
Муатта, 1-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: «Егер имаммен бірге рукуғқа үлгермесең, сәждеге де, демек, сол рәкағатқа да үлгермеген боласың».

17
Муатта, 1-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар мен Зәйд ибн Сәбит: «Кім имаммен бірге рукуғқа үлгерсе, сәждеге де, демек, сол рәкағатқа да үлгерген болады», – дейтін.

18
Муатта, 1-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра былай дейді: «Бір рәкағатқа үлгерген адам сәждеге, яғни намазға үлгерген болады. Ал “Фатиха” сүресін өткізіп алған адам көп қайырдан құр қалған болады».

4-бап«Күннің аууы және түннің қараңғылығы» деген аят тіркестерінің тәпсірі[^21]

19
Муатта, 1-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Күннің аууы – оның батысқа қарай еңкеюі».

20
Муатта, 1-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «“Күннің аууы” дегеніміз – көлеңкенің батыстан оңтүстікке қарай бұрылуы. Ал “түннің қараңғылығы” – түннің басталып, айналаны қараңғылықтың толық басуы1».

  1. 1Абдуллаһ (р.а.) бұл сөзінде «Исра» сүресінің 78-аятын меңзеп отыр. Бұл аятта бес уақыт намаз ишарамен білдірілген: күннің аууы бесін мен екінті намаздарына, қараңғылықтың басуы ақшам мен құптан намаздарына, ал «Құран әл-фәжр» таң намазына ишара етеді.

5-бапНамазды кешіктіргендер және өткізіп алғандар

21
Муатта, 1-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Екінті намазын өткізіп алған адам отбасы мен мал-мүлкінен айырылғандай болады», – деп айтты1.

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/14; Муслим, «Мәсәжид», 3/200; Шәйбани, 222.
22
Муатта, 1-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид риуаят етеді: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) екінті намазынан қайтып келе жатып, намазға келмеген бір кісіге жолығып: “Екінті намазына неге келмедің?” – деп сұрады. Әлгі адам келмеу себебін айтты. Сонда әзірет Омар: “Зиянға ұшырадың!” – деді».

Яхия былай дейді: «Имам Мәлик “Зиянға ұшырадың” деген сөзді былай түсіндіреді: “Әр нәрсенің өтемі де, шығыны да болады деген сөз бар”».

23
Муатта, 1-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Адам намазды өз уақытында да, уақыты өткеннен кейін де оқиды. Уақыты өтіп кеткен намазды өтеп оқудың өзі отбасы мүшелері мен мал-мүлкінен де артық әрі абзал. Яхияның айтуынша, имам Мәлик былай дейді: «Сапарда жүріп ұмытып, намазын кешіктірген адам уақыты шықпай тұрып үйіне жетсе, намазын толық оқиды. Ал уақыты шығып кеткеннен кейін жетсе, сапар намазы ретінде, яғни екі рәкағат етіп оқысын. Өйткені намазды қандай күйде қазаға қалдырса, сол күйде өтейді1».

Мәлик былай дейді: «Біздің өлкемізде, яғни Мәдинада халық пен ғұламалардың осылай істегенін көрдім». Мәлик тағы былай дейді: «Шапақ, яғни ақшам шапағы – батыс көкжиегіндегі қызыл реңк. Ақшамнан кейін батыста көрінетін осы қызыл реңк жоғалғанда, ақшам намазының уақыты шығып, құптан намазының уақыты кіреді».

  1. 1Яғни сапарда оқи алмаған төрт рәкағаттық намазын үйіне келгенде екі рәкағат етіп, ал үйінде қазаға қалдырған намазын сапарда төрт рәкағат етіп оқиды.
24
Муатта, 1-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Нәфиғ риуаят етеді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) талып, есінен айырылды. Есін жиғаннан кейін де намазын қаза етіп оқымады». Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, анығын Алла біледі, ол намаз уақытының бәрін ес-түссіз күйде өткізген. Әйтпесе, намаз уақыты шықпай тұрып есін жиған адам міндетті түрде намазын оқуы керек1».

  1. 1Әбу Ханифаның пікірінше, бір күн немесе одан аз уақыт ес-түссіз жатқан адам сол уақыт аралығында өткізіп алған намаздарын қаза етіп өтейді. Ал одан ұзақ уақыт ес-түссіз жатса, өткізіп алған намаздарын өтемейді. Бажи, «Мүнтәқа», 1-том, 24-бет.

6-бапҰйықтап қалып, намазды өткізіп алудың үкімі

25
Муатта, 1-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйяб риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар жеңісінен қайтып келе жатқанда, түнде жол жүрді. Түннің жарымынан көбі өткенде, аздап ұйықтап, тынығу үшін аялдады. Біләлға: “Ұйықтама, бізді таң намазына оят”, – деп тапсырды да, өзі ұйқыға кетті. Сахабалар да ұйықтады. Біләл біраз уақыт күткеннен кейін, таңға таяу түйесіне сүйенді де, көзі ілініп кетті. Күн шығып, беттеріне түскенге дейін Алла елшісі де (с.а.с.), Біләл да, сахабалар да оянбады.

Ардақты Елші кенет абдырап оянғанда, Біләл: “Уа, Расулалла! Сені ұйықтатқан Алла мені де ұйықтатты”, – деді. Содан Алла елшісі жолға шығуды бұйырды. Жауынгерлер түйелерін тұрғызып, жолға түсті. Біраз жүргеннен кейін Алла елшісі (с.а.с.) Біләлға бұйырды. Біләл қамат түсірді. Ардақты Елші жамағатқа таң намазын оқытты1. Намаздан кейін: “Намазын ұмытып оқи алмаған адам есіне түскен кезде оқысын. Өйткені Алла Тағала кітабында: ‘Мені еске алған кезде намазды оқы2’, – деп бұйырады”, – деді3».

  1. 1Алла елшісінің (с.а.с.) оянған бойда дереу намаз оқымай, біраз жер жүргеннен кейін оқуының екі себебі болуы мүмкін: а) Біләлдың (р.а.) азаны мен қаматын кейбір адамдар естімей, оянбай қалуы мүмкін. Бәрінің оянуын қамтамасыз ету үшін жолға шыққан болуы ықтимал. ә) Сол аңғарда ұйықтап қалуларына шайтан себеп болған. Шайтан бар аңғарды тастап, ол жоқ жерге бару үшін намазды бірден оқымай, біраз жүргеннен кейін оқыған. Алайда біз шайтанның қай жерде барын біле алмайтындықтан, намазымызды есімізге түскен жерде оқуымыз керек. Бажи, «Мүнтәқа», 1-том, 30-бет.
  2. 2«Таһа» сүресінің 14-аятындағы сөздердің бір аудармасы: «Мені еске алу үшін намаз оқы».
  3. 3Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Муслимнің «Мәсәжид» кітабында (5/309) мәусул түрде келтірілген. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 184.
26
Муатта, 1-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм риуаят етеді: «Алла елшісі бір түні Мекке жолында аялдады. Өздерін намазға оятуды Біләлға тапсырды да, ұйқыға кетті. Сахабалар да ұйықтады. Біраз уақыттан кейін Біләл да ұйықтап қалды. Олар күн шыққанда ғана оянды. Алла елшісі (с.а.с.) абыржып оянып, дереу көліктеріне мініп, сол аңғардан шығуды бұйырды да: “Бұл аңғарда шайтан бар”, – деді. Олар түйелері мен аттарына мініп, аңғардан өтті.

Аңғардан өткеннен кейін Алла елшісі (с.а.с.) көліктерінен түсіп, дәрет алуды бұйырды. Біләлға азан шақыруды немесе қамат түсіруді тапсырды. Алла елшісі намазды оқытты да, жамағатқа бұрылды. Олардың қорқынышы мен уайымын көріп: “Уа, халайық! Шүбәсіз, рухымызды Алла алды, яғни бізді Алла ұйықтатты. Қаласа, рухымызды бізге басқа бір уақытта қайтарып, ертерек оятар еді1. Араларыңнан кім ұйықтап қалып немесе ұмытып намазын оқи алмай қалса, оянған кезде сол намазын уақытында оқығанындай етіп оқысын”, – деді.

Содан кейін Әбу Бәкірге бұрылып: “Біләл намаз оқып тұрған еді. Шайтан келіп, оны жатқызды да, бесік жырымен ұйықтатылған баладай ұйықтатты”, – деді. Кейін ардақты Пайғамбар Біләлды шақырды. Біләл Алла елшісіне оның бұған дейін Әбу Бәкірге хабарлаған оқиғасын дәлме-дәл баяндап бергенде, Әбу Бәкір: “Расында, сенің Алланың елшісі екеніңе куәлік етемін”, – деді2».

  1. 1Алла елшісі бұл сөзінде мына аятты меңзейді: «Алла адамдардың жанын өлер кезінде, ал өлмегендердің жанын ұйықтаған кезінде алады. Өліміне үкім еткендерінің жанын алып қалады да, өзгелерін белгілі бір мерзімге дейін қайтарады. Ой жүгіртетін адамдар үшін мұнда, сөзсіз, ғибраттар бар» («Зүмәр» сүресі, 42-аят). Ұйқының «кіші өлім» деп аталуының себебі де осы.
  2. 2«Муатта» кітабын жеткізушілердің барлығы бұл хадистің мурсәл екеніне бірауыздан келіскен.

7-бапҚатты ыстықта намазды кешіктіру

27
Муатта, 1-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ыстықтың қатты болуы – тозақтың лебінен. Ыстық күшейгенде намазды аздап кешіктіріп, ауа сәл салқындаған кезде оқыңдар”, – деді де, сөзін былай жалғастырды: “Тозақ Раббысына: ‘Уа, Раббым! От-жалыным бірін-бірі жалмап барады’, – деп шағымданды. Сонда Раббысы оған жылына екі рет тыныстауға рұқсат берді: бір тынысы – жазда, бір тынысы – қыста1”».

  1. 1Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Әбу Омардың айтуынша, имам Мәлик пен өзгелердің бірнеше жолмен риуаят еткен муттасыл хадистері оны қуаттайды. «Ыстықтың қатты болуы – тозақтың лебінен» деген сөз өте қатты ыстықты астарлап білдіреді. Пайғамбар дәуірінде мешіттің көп бөлігінің үсті ашық еді. Намазды да қызған құмның үстінде оқитын. Бұған көлеңкенің өзінде 40–50 градусқа жететін Хижаздың ыстығын қоссақ, күн тас төбеде тұрғанда бесін намазын оқу қаншалықты қиын болғанын түсінеміз. Осындай кезде бесін намазын аздап кешіктіру, мәкруһ уақытқа қалдырмау шартымен, мұстахаб саналады.
28
Муатта, 1-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ыстық қатты болғанда бесін намазын аздап кешіктіріп, салқын уақытта оқыңдар. Өйткені ыстықтың қатты болуы – тозақтың лебінен”, – деп бұйырды. Содан кейін мына хадисті айтты: “Тозақ Раббысына шағымданды. Сонда Ол оған жылына екі рет тыныстауға рұқсат берді: бір тынысы – қыста, бір тынысы – жазда1”».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/9; Муслим, «Мәсәжид», 5/180, 185; Шәйбани, 183.
29
Муатта, 1-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Өте қатты ыстықта намазды аздап кешіктіріңдер. Өйткені ыстықтың қатты болуы – тозақтың лебінен”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/9; Муслим, «Мәсәжид», 5/180.

8-бапСарымсақ иісімен мешітке кіруге және намазда ауызды бүркеп тұруға рұқсат етілмейтіні

30
Муатта, 1-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйябтан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Осы өсімдікті, яғни сарымсақты жеген адам мешіттерімізге кіріп, бізді сарымсақ иісімен мазаламасын”, – деп бұйырды». Имам Мәлик Абдуррахманнан риуаят етеді: «Сәлим ибн Абдуллаһ намазда аузын орамалмен жауып тұрған адамды көрсе, сол орамалды жұлқи тартып алып, аузын ашып қоятын1».

  1. 1Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Муслим оны «Мәсәжид» кітабында (5/71) муттасыл түрде риуаят еткен.