Хадис

Муатта, № 5

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
1. Намаз уақыттары
бап
1. Намаз уақыттары
Нөмірі
№ 5 (кітап ішіндегі рет реті)
5
Муатта, 1-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің былай дегенін риуаят етті: «Кімде-кім күн шықпай тұрып таң намазының бір рәкағатына үлгерсе, таң намазын өз уақытында оқыған болады. Сондай-ақ кімде-кім күн батпай тұрып екінті намазының бір рәкағатына үлгерсе, екінті намазын өз уақытында оқыған болады1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақитус-салат», 9/28; Муслим, «Мәсәжид», 5/232. Әбус-Сағадат Ибн әл-Әсир былай дейді: «Намазға үлгеруге қатысты бұл үкім осы екі намазға ғана емес, барлық намазға қатысты. Соған қарамастан, осы екі уақыттың арнайы аталуының себебі мынада: бірі – күндізгі уақыттың басы, екіншісі – соңы. Намаз оқушы намазының бір бөлігін оқығаннан кейін күн шықса немесе батса, уақыт шығып, намазым бұзылды деп ойлауы мүмкін. Оның үстіне, күн шығып және батып жатқанда намаз оқуға тыйым салынған. Егер Пайғамбар (с.а.с.) екінті мен таң намазының бір рәкағатына үлгерген адамның намазы дұрыс болатынын айтпағанда, намаз оқушы осы екі уақыттың аяқталуымен намазым бұзылды деп ойлар еді. Алла елшісі мұндай жаңсақ түсінікке жол бермеу үшін осы екі уақытты арнайы атап түсіндірген». Бұл хадистен екі қорытынды шығады: 1. Уақыттың соңында бір рәкағаты ғана оқылған намаз тұтастай қаза емес, әдә, яғни өз уақытында оқылған намаз болып саналады. Нәуәуи ғұламалардың намазды әдейі осыншалықты тар уақытқа дейін кешіктіруге рұқсат бермегенін айтады. 2. Үзірлі адамның үзірі намаз уақыты аяқталарда бір рәкағат оқуға жететіндей уақыт қалғанда жойылса, сол уақыттың намазы оған міндет болады. Кейін оны қаза етіп өтеуі керек. Егер үзірі жалғасқанда, бұл намаз оған міндет болмас еді. Бұл мәселедегі ғұламалардың пікірлерін былай түйіндеуге болады: а) Ғұламалардың басым бөлігі бірінші тармақта айтылған пікірді ұстанады. ә) Бірқатар ғұламалар барлық рәкағат қаза болып саналады дейді. б) Кейбір ғұламалар уақыт ішінде оқылған бір рәкағатты әдә, ал қалған рәкағатты немесе рәкағаттарды қаза деп есептейді. в) Әбу Ханифаның пікірінше, екінші тармақта айтылғандай, бұл хадис үзірлі адамдардың жағдайын түсіндіреді. Мұнда сөз болып отырған үзірлер – ақыл-естен айырылу, талып қалу, хайыз, нифас және сол сияқтылар. Осындай үзірі бар адам одан намаз уақыты аяқталарда бір рәкағат оқуға жететіндей уақыт қалғанда арылса, сол уақыттың намазын қаза етіп өтеуі керек. Сондай-ақ Әбу Ханифа таң намазының бір рәкағаты уақыт ішінде, ал екінші рәкағаты күн шығып жатқанда оқылса, намаз бұзылады деп есептейді. Фиқһ әдіснамасындағы мына қағида да Әбу Ханифаның пікірін қуаттайды: толыққанды уақытта оқылуы парыз болған намазды мәкруһ уақытта оқуға болмайды. Бұдан бөлек, үзір намаз уақыты шықпай тұрып жойылса, сол уақыттың намазы міндет болады. Жоғарыда бір рәкағат деп көрсетілуі көпшіліктің пікіріне негізделген. Қараңыз: «әл-Мәнһәл».